• Мәдениет
  • 13 Қыркүйек, 2016

Асыл дінім – қасиетім

Гүлмира Байдарбекова,
қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі

Оян, қазақ, өз дініңді ұмытпа!
Дініңді сен ардақтағын, құнтта!
Көз алдыңда тура  жолың тұрғанда,
Қателесіп жаман жолмен былықпа!

                                                               М.Дулатұлы

Адам баласының болмысы өте жұмбақ. Өмір атты аласапыран тіршілікте басынан сан қилы тағдыр соқпақтарын өткереді. Жақсылықтың дәмін татса, кеудесі нұрға тола шаттанады. Жаманшылыққа тап болса, жаны күйзеліп, көкірегі қарс айырылады. Айналасының барлығын қараңғылық басқандай күй кешіп, жарыққа шығар жол іздей бастайды. Сол кезде санасында  пайда болған сәуле оны алға жетелейді. Ол сәуле- Жаратушы Аллаға, оның құдіретіне деген риясыз сенім. Пендесі болып жатқан жақсылық та, жамандық та тек Алланың қалауы екендігін түйсінеді. Адам баласы Жаратушыдан әрбір болған істің қайырын сұрап, келер күнді жақсылықпен жарылқауын тілейді. Сөйтіп шын мұсылман құдіреті күшті Алланың қалауымен  болып жатқан әрбір іске терең түсіністік танытып, салиқалы сабыр қылады. Аллаға шүкір! Бұл- бүгінгі мұсылманның бейнесі. Бұл-  ел тәуелсіздігімен бірге қайта оралған ділді діттеген, дінді діңгек еткен, жүрегіне иман ұялаған қазақтың, исі мұсылманның тұлғасы.Кешегі кеңестік империя кезіндегі ислам дінінің аяққа тапталғаны соншалықты одан кейінгі бірнеше ұрпақтың  Алланың барлығына, бірлігіне сенбей имансыз күй кешуіне әкеп соқты. Жетпіс жыл бойы Кеңестер Одағының құрамында болған қазақ елі  отаршыл пиғылдағы саясаттың салдарынан ұлттық құндылықтарынан қол үзіп, ата діннен аластаған еді.Ел ішінде атеистік тәрбие кең етек алды. Молдалар қудаланып, мешіттер мал қораға айналды. Жүрегіне берік сенім ұялаған үлкен кісілер «діншіл» деген айыпталудан қорқып ел көзінше намаз оқымай, тасада ғибадат етуге мәжбүр болды. Алланың атын ауызға алуға тыйым салынды. Мәселен, кеңес үкіметі кезінде Әліппе кіріспесіне үнемі жазылатын Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» өлеңіндегі «Бір Аллаға сыйынып...» деген алғашқы тармағы әдейі алынып тасталды. Осындай сұрқия саясаттың салдарынан ұлттық болмысы бұлыңғыр, жүрегінде иманы жоқ жастар «Тағдырды өзіміз жасаймыз, болашақтың кілті –әрқайсысымыздың қолымызда» деп тек өзіне ғана сенетін ұрпақ қалыптасты.  Тығырыққа тірелген туған еліме Тәңірдің өзі Тәуелсіздікті сыйға берді.Кейде маған  Кеңестер одағы тұсындағы имансыздықтың салқын салдарынан дендеген дерттің жарасы күні бүгінге дейін жазылмағандай сезіледі. Үлкенді сыйламайтын кіші, ерін қадірлемейтін әйел, жолы сұйық ұл, жартылай жалаңаш киінетін қыздарды көргенде қатты қынжыламын. Қазақ халқының ұлы ойшылы  А.Құнанбаевтың «Адам баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деген ұлағатты сөзі бар.Замандастарымыздың бойынан көретін жағымсыз қылықтардың көбеюіне әрқайсымыз бейжай  қарамауымыз керек. Абайша «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екенін алдымен өзіміз терең ұғынып, сосын басқа мұсылман бауырларымыздың санасына сіңіре алсақ Алланың нұры жауар еді. Өйткені ислам діні- ақ пен қараның ара жігін анық ажыратып,  адал  жолды нұсқаған асыл дін. Ислам діні- мұсылманның жүрегінен орын алып, оны харам істермен кірлетпей таза сақтауға үйрететін ізгі дін. Ислам діні жаманшылықтан тыйылмаған жанның барар жері  тозақ екенін ескертетін хақ дін.Ислам діні- таудай күнәсі болса да тәубеге келсе күнә атаулысын кешіретін өте мейірімді, құдіретті дін.Хазреті Әли «Радиаллаһуанһ» сүресінде айтқандай: «Дін- адамдарды мәңгілік бақытқа жетелейтін, Аллаһу да Алла тарапынан көрсетілген жол».
Дін- бейне бір тұңғиық терең теңіз. Ислам дінінде Алла нұсқаған шариғатты бұрмаламай орындаушылар сол теңіздің мөлдір суына шомылып, күнәдан тазарып, су түбінде жатқан гауһар тастарды тергендей қанағат тауып, жаны жайланады. Алайда бүгінде  ислам дінінің тұңғиық теңізінде адасып, басқа бағытқа бет түзеген мұсылмандар көбейіп кетті.Қазақсан Республикасының территориясында 250-ге жуық шетел миссионерлері  жұмыс жасайды екен. Олардың ішінде исламды немесе басқа дінді жамылып, өзінің жеке басының материалдық, саяси, басқа да мақсаттарына  жетуге тырысатындар бар. Мұндай ұйымдардың жақтаушылары өздерінің қатарларына үгіт қағаздарын,  ақша,  кейде есірткі тарата отырып ,жастарды  сол ұйымға тартады.Жат пиғылды мұндай экстремистік ұйымдар жастардың санасын улайды.Экстремизм діндегі жеңілдеткен үкімдерді ауырлатып  айтып, халыққа түймедейді түйедей етіп көрсетіп бағады. Сол ағымдардың алдауына, азғыруына көніп, солардың қармағына ілінген қаракөз бауырларымызды ойлағанда, өзекке өрт түскендей өкінішті сезесің. Қаншама қандас бауырларымыз діни сауатсыздықтың салдарынан  осы теріс пиғылды адамдардың қолшоқпары болып, солардың жыртысын жыртып, сойылын соғып жүр.Осы діни ұйымдардың қай-қайсысын алсаңыз да негізгі мақсаты теракт  ұйымдастыру,  мемлекеттік төңкеріс жасау , террористер дайындау, халифат құру.Осындай арам ниетті ұйымдар кейбір мемлекеттерде мыңдаған адамның өмірін қиюға себепкер болып отыр. Әсіресе Сирия жеріндегі болып жатқан қанды оқиғаларды жатқызуымызға болады. Ел тыныштығын сақтау, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету- әрбір азаматтың міндеті. Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында айтылғандай, «Ұлттық қауіпсіздік Тәуелсіз мемлекетіміздің өмір сүруінің басты кепілдігі, оны қорғау- әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы».. Елбасы өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында: «Екі нәрседен- діни дүмшелік пен фанатизмнен сақтану керек» деп атап кеткен болатын. ҚР-ның  Ата Заңының  5-бабында діни ұйымдар мен діндер жөнінде былай делінген: «Мақсаты- конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, республиканың біртұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиянын тигізуге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, қауымдастық және туыстық араздықты таратуға, сонымен бірге заңмен қарастырылмаған әскери құрамалар құруға бағытталған қоғамдық ұйымдарды құруға, әрекет етуіне тыйым салынады».
Күллі мақұлық өзгерер, Алла өзгермес,
Әһли кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес,-деп Абай толғағандай, адамгершілікті, ізгілікті жаңғырту жолында санамыз сан-саққа сергелдең болмай, ниетіміз ақ, иманымыз мықты ,ойымыз орнықты болу керек.Рух кемелденуі үшін адам ибалы, қоғам иманды болу керек. Алла барлығымыздың бойымызға иман, елімізге амандық, жерімізге тыыныштықты нәсіп еткей.

 

 

 

498 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы