• Айтарым бар...
  • 13 Қыркүйек, 2016

Бірлік – менің таңдауым

Назым Жақаева 
 11-сынып оқушысы

Мен өзімнің туған жеріммен мақтанамын: оның әлемде тоғызыншы орын алатын кең байтақ даласын айтып шаттанамын.Мен оның зеңгір көкпен таласқан тауларымен мақтанамын.Мен оның айдын шалқар көлдерімен,ну ормандарымен мақтанамын.
Мен Астана сынды әсемдігімен әлемді тамсандыра бастаған елордаммен мақтанамын

Мен елінің келешегіне көрегендікпен көз тастай отырып, дамудың айқын бағытын ұстанған Елбасыммен мақтанамын. Өкінішке орай,   қазіргі  кезде  дүние  жүзіндегі   көптеген  мемлекеттерде ұлтаралық  қақтығыстар орын алуда. Ал мен елімде мекен ететін сансыз ұлттардың  мамыражай   тіршілік  етіп жат-қанымен  мақтанамын. Теледидардан естіген әртүрлі жаңалықтардан әлемнің  түкпір-түкпірінде ұлтаралық қақтығыстарды көріп,өз елімдегі    алаңсыз тіршілікке шүкіршілік  айтамын. Қазақстан – көп ұлтты   мемлекет.  Бейбітшілік пен достастықта,татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің түрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер,украиндер мен кәрістер, тағы басқа ұлттар еңбектенуде.Мен соңғы жүз жылда Қазақстан жеріне әр түрлі халықтар қоныс тепкеніне жиі ойланамын.Олардың тағдырын,өмір тарихын тыңдағанда менің елім одан сайын маған жақындай түседі, оны жақсырақ түсіне бас-таймын. Адамзат баласының татулығына ұмтылу әр халықтың қанында бар,әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған. Бұл қазақ жерінің жомарттығынан, осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып,пейілін кеңге салатын қазақ халқының мінезінен жаралған. Осында тұрушылардың барлығы қазақ халқының тілін, тарихы мен салт-дәстүрін білуі керек. Қазақстанда тұратын барлық халықтың татулығы мен бірлігінің мәні осында.Ол байырғы, көркем Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі.Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы.
Адам туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады деп ойлаймын. Мен қандай бақыттымын,өйткені сен барсың – менің Қазақстаным! Мен үшін Отан – ең қасиетті сезім.  Бұл жан сезімі! Сенің әрқашан оймен болса да оралғың келетін Жердің рухани бұрышы.Мен оның шексіз болғанын,  және үлкен Отаным татулықта болғанын қалаймын.Мен әрқашанда Қазақстанда тұратын адамдарға жанымның жылуын, жүрегімнің отын сыйлауға дайынмын.
Мен өз Қазақстанымды қалай жақсы көремін? Мен өз Отанымды қалай мақтан тұтпаймын? Ол мені өз құшағына алады, әрдайым жылулық сыйлайды. Менің елімнің жері кең байтақ, онда тұратын тұрғындарының көңілдері жайдары. Өзім қазақ болып жаралғаныма қуанамын, өйткені менің елімнің тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы өте бай.Мектепте қазақ әдебиеті пәнін оқығанда, өз ұлтыңның қыры мен сырын жете танисың.Мектеп ішінде қазақ тілі мен қатар орыс тілін де оқимыз.Бұл тілді біз басқа мемлекеттің балалары сияқты шетел тілі деп алмаймыз, ол –біздің екінші тіліміз сияқты.Мен өзім орыс халқының әдебиетін халқымның әдебиетімен тең қоямын, өйткені біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы орыс әдебиетін оқып, сол әдебиеттен аударған шығармалары көп.Сол себепті мен де Пушкиннің еңбектері мен мысалшы Крыловтың еңбектерін жақсы көремін.
Жалпылап айтқанда, менің мемлекетімнің шекарасы ешқашан шектеліп,заңымыздың ешқашан ұлт өкілдеріне қайшылық келтірмегенін біз білеміз. «Сыйласаң - сыйлы боларсың» деген мақал бар.Қай ұлт өкілі болмасын сен сыйлай білсең,ол да сені солай сыйлайды да, құрметтейді.Ұлттар арасында достық болса, бейбітшілік болады. 1941 жылы неміс басқыншылары біздің елді басып аламыз дегенде,біздің елдердің ішіне орналасқан әр түрлі ұлт өкілдері бірігіп, елімізге бейбітшілік алып берді емес пе?! Әдебиетте Б.Бұлқышевтің «Шығыс ұлына хат» деген еңбегінде  әр ұлттың өкілдерінің ой-арманы беріледі. Соны оқығанда, мен қызығып, таңқалып, тамсанған болатынмын. Ол рас, егер осындай жолдастық, бірлік болмағанда, біз қазір мынандай өмірді сүрмес едік. Ол кісілерге айтар алғысым шексіз.Біз білмейтін талай елдердің соғыстарын, террорлық істерді көргенде шошисың. Бізде бейбітшілік болғанға қуанасың, оның бәрі – Елбасымыздың саясатының арқасы.Тәуелсіз мемлекетімізді уақыт талабына сай ақыл мен терең парасатпен басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевты қалай мадақтаса да жарасады. Көп халықтың арасында «ши» шығармай, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы болып, дер кезінде республикадағы Ассамблея жұмысын жандандырып, әрбір ұлттың тілін, әдет-ғұрпын насихаттауға мүмкіндік жасалуын қадағалап келеді.
Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады. Ертеде ел басқарған данышпан ақылды адам ұрпақтарына осындай  өсиет қалдырған екен.Данышпан адам баласына «Сындыр» деп бір шыбықты береді.Бала біреуін сындырады.Екеуін береді, сындырады, үшеуін зорға дегенде сындырады.Төртеу бергенде сындыра алмайды.Сонда данышпан баласынан «Не ұқтың?» деп сұрайды. Бала «Бәрің бірігіп өмір сүріңдер деген өсиет шығар» дейді. «Дұрыс! Егер адамдар бірге өмір сүрсе,барлық қиындықты жеңуге болады, тірлік етуге болады» деп түсіндірген екен данышпан адам. Ел арасында жиі айтылатын осынау тағылымды аңызды Қазақстан халқы терең түйсінетінін олардың жарасымды тіршілігінен байқауға болады.
  Елімізде жүзі басқа жүрегі бір, түрі басқа тілегі бір әр ұлт өкілдерінің басын біріктіретін, олардың мақсат – мүдделерін тоғыстыратын Қазақстан Халықтары Ассамблеясы бар екенін де білемін.Біздің қазақ ұлтының құқығы заңмен қалай сақталса, басқа ұлттардың да құқықтары солай сақталады.Ассамблея кеңесінің мүшелері жетекшілік ететін республикалық, аймақтық және қалалық Ұлттық мәдени орталықтар жұмыс істейді. Әзірбайжан, грек, қытай, ингуш, неміс, шешен, поляк, т.б. халықтардың ұлттық мәдени орталықтарының жексенбілік мектептері бар.Ассамблея әлемдегі ең танымал, беделді ұйымдармен тығыз іскерлік байланыс-тар орнатқан.
  Байлықтың  ең  үлкені –  халықтар  достығы. Қазақстанда әр түрлі ұлт өкілдері тұрады, бәрі де бір ұлттың балаларындай, барлығы да бір-бірімен тең құқықта қарым-қатынас жасай алады, бірдей еңбек етеді.Олардың арман тілектері де бірдей, өйткені бәрінің де жүрегі туған өз Отаны –Қазақстан деп соғады. «Бірлік бар жерде –тірлік бар» дейді біздің халық.Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек.Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі.Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
  Қазіргі таңдағы бейбіт тірлігіміз ұзағынан болғай.Ең бастысы – көп ұлт мекен еткен қазақ жерінің киелі топырағы,қойнауындағы қазынасы құндылығын айқара ашқан әрбір сәбидің бойында «Туған жер – Отаным» деген қасиетті ұран ана сүтімен бойына таралып,әке үнімен қайраттанып,білім нәрімен толысып жатса,жер, ел қадірін бағалау ойы мен санасының төрінен орын алып, ар-намысының алдында жауапты болып, ер- жетіп жатса ел келешегінің кемел екендігіне кім күмән келтірер? Көп ұлтты жеріміз, көп тілеулі көпшіліктің біртұтас мақсаты мен арманы жүзеге асып жатса ел мерейі емес пе?! Себебі,елімізде ең бастысы –ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай ізгі іс болсын басталуына  қолдау жасалып жатқандығы, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланып жатыр.Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсысымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысайық.

 

 

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы