• Айтарым бар...
  • 13 Қыркүйек, 2016

Әліпби туралы бірер сөз

Сәуле Оразбай 

1975 жылы Алматы облысы Каскелен ауданында туған.  1994-1998 жылдары Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде оқыған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің магистратура бөлімін тәмамдаған. Астана қаласында тұрады. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде қызмет етеді. 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бері өз әліпбиін латынға көшіру туралы сөз қозғап жүр. Кейбіреулер қолдап, өз пікірлерін білдірсе, кейбіреулер қалыс қалып отыр. Осы күрделі мәселеге атүсті қарамай жан-жақты талқылап барып, шешім қабылдау керек.Қазіргі қолданыстағы кириллица қазақ тарихындағы төртінші әліпби. Бабаларымыздың өздері қолданысқа енгізген, пайда болғанына екі жарым мың жылдан астам уақыт болған байырғы түркі әліпбиінен басқасының бәрі, қазаққа күштеп енгізілгені баршаға мәлім. Бұл тарихи жағдайдың әсерінен болған әрекет. Араб жазуын қазақ даласына ислам таратушы арабтар әкелді. Латын және кириллицаны Кеңес уақытында енгізді. 
Халықтың әліпбиін өзгерту сол халықтың ана тілін білмеуіне, рухани есеңгіретуге, халықтық болмысынан айыруға, мәңгүрт халыққа айналдыруға әкеп соқтырды. Осы туралы Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы айтқан. Осындай әрекеттердің тамыры тереңге бойлап, ана тілімізді жоғалтып ала жаздағанымыз да бар. Одан арылу да оңайға түсіп тұрған жоқ. Ана тіліміз туралы заң шығарсақ та әлі де ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Бірінші орысша жазып, орысша айтып, содан кейін ғана мемлекеттік тілге жүгінеміз. Өзіміздің жерімізде,  өз Отанымызда  өз ана тіліміз екінші деңгейде қалып тұр. Мәтінді аудару кезінде мәтіннің түпнұсқадағы мағынасы жоғалып жатады.
Әліпбиді ауыстыру өте күрделі. Мәселені шешу былай тұрсын, қазақтар әлі күнге дейін өзінің аты-жөнін қазақша жазуда ортақ пікірге келе алмай отыр. «Алдыңғы дөңгелек қайда барса, соңғы дөңгелек солай барады» деген сөз бар. Ел ардақтылары есептелетін белгілі тұлғалар тегін «ОВ», «ЕВ» деп орысша жазудан танбай келе жатыр, аты-жөндерін орыс халқының өкілдері сияқты жазып жүрген қазақтар қаншама! Жалпы, әліпбиді ауыстырайық деушілер тарапынан небір ойлар айтылды, әлі де айтылуда. Яғни, басқа әліпбиді енгізуге, атап айтқанда оқулықтарды сол жазудың әріптерімен басып шығаруға, ол әліпбиді пайдаланып сабақ бере алатын мұғалімдерді дайындауға, сол әліпби әріптерімен қазақша жазылған компьютерлік бағдарламаларды дайындауға арналған нақты жоспар және оны іске асыратын мамандар мен ақшалай қаражат қажет.Әліпбиді өзгерту, жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқан баладай мемлекетке үлкен ауыртпалық әкеледі. Нарыққа енді-енді бой үйрете бастаған елге «басқа әліпбиге көшейік» деп айту, буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей. Әліпбиді өзгерту мәселесі мемлекетте тұратын бүкіл халықтың саналық деңгейде бір мәмілеге келуін қажет етеді.
Әліпбиді ауыстыру мәселесі болашақтың еншісінде. Ерте ме, кеш пе осы мәселеге бүкілхалықтық деңгей жағдайында жауап беруге тура келеді. Сондықтан осы мәселеге дайындықты бүгінгі күннен бастау керек. Қазақ тәуелсіз мемлекеті бар жеке ұлт. Әлем тарихында өзіндік орны бар халық. Өз ата-бабаларымыздың бізге мұра етіп қалдырған, төл әліпбиімізге көшуге дайындалу жұмыстарын кешіктірмей, мемлекеттік деңгейде жүргізу керек. Осы бір күрделі жұмысты іске асыру барысында еврей ұлтының байырғы жазуы ивритті қалпына келтірген тәжірибесімен танысып, солардың тәжірибесін қолданған жөн сияқты. Сондай-ақ асығыстық жасамай, төл әліпбиімізге көшуді бастайтын мезгілді анықтап алу қажет. Алдымен мемлекеттік деңгейде бабаларымыздың байырғы жазуын бүкіл халыққа танымал ету мақсатында іс-шаралар жоспарын жасап, оны іске асыру қажет.Содан кейін сол әліпби негізінде сабақ бере алатын оқытушыларды және басқа да мамандарды дайындау, өзіміздің төл әліпбиіміз негізінде мектеп оқулықтары мен басқа да басылымдарды басып шығаруды жолға қою керек. 

 

392 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы