• Айтарым бар...
  • 29 Маусым, 2016

Үштұғырлы тіл – уақыт талабы

Нұрлан ҚҰМАР,журналист. 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын. Одан бөлек, Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететіндігін атап өткен еді. Дегенмен, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда. 

  «Тіл - ақылдың өлшемі, ұлттың жаны», деген қағидалы сөз бар. Яғни, елдің елдігін де, бірлігін де айқындайтын тіл екені белгілі.  Үш тұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын бірнеше тілді меңгерген  халық өзінің коммуникациялық және ақыл-ой қабілетін кеңейтіп отырған.
Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілетті болуға ұмтылудағы бірінші баспалдағы.
Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін азамат өз елінде де, шетелде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
   Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. 
Тіл –ұлттың жаны. Ұлттың ұлт болып қалуының басты тірегі де оның ана тілінің қолданысымен тығыз байланысты екені даусыз. Тілді құрметтеудің қажеттігін: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте», деп қазақ поэзиясының ерекше құбылысына айналған Қадыр Мырза Әлі өз жырына арқау етті емес пе? Ана тілін құрметтейтін шын жанашырлардың жадында Қадыр ақынның осынау жыр шумағы жүруі қажет. Десек те, әлі де қазақ тілін жетік меңгеруді қажетсіне бермейтіндер табылады. Мемлекеттік тілді білмейтіндер әрине, әуелі мектепте, кейін жоғары оқу орындарында орысша білім алғанын, тіл үйренуге орта болмағанын алға тартатын шығар. Шындығына келсек  ондайлар мемлекеттік тілді меңгерудің қаншалықты маңызды екеніне мән бермейтін секілді.

 

 

 

 

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы