• Руханият
  • 21 Желтоқсан, 2012

Үйренушіден үйретушіге айналамыз

ҚР Үкіметі ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңеспен бірлесіп:

–        «Мемлекеттік жоспар саясаты туралы» ҚР Заңына жас маманның мәртебесін құқықтық айқындау, оның ең төменгі әлеуметтік пакеті және басқа да мәселелер бойынша енгізу туралы заңды қарастырсын;

–        2012 жылдың соңына дейін жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың нақты шараларын әзірленсін.

Н. Ә.Назарбаев

Жастар саясаты. Аясы ауқымды, мағынасы мәнді ұғым. Егер тереңінен үңілсек, бүгінгі аға буынның ертеңгі арқасүйері жастар. Сайып келгенде жастардың бойындағы белсенділік, бастамашылдық – болашақ өсуіміздің, өркендеуіміздің нақты бағдарламасы іспетті. Иә, ел келешегінің айқын айнасы болатын жосықты бағдарлама. Бұл орайда, көптен бері көкейімізде пісіп-жетілген ойларымызды ортаға салсақ деп едік.

Жалпы, қазіргі қазақ жастарының елішілік қоғамдық-саяси үдерістерден қалыспай, қордаланған проблемалардың түйіншегін тарқатуда өзіндік ой-пікірлерін білдіріп отыруы белгілі бір дәрежеде дәстүрге айналып отыр. Жөн-ақ дейміз. Елбасымыз атап өткендей, қазіргі Қазақстан, әлемдік саяси сахнаға көрермен көзімен қарайтын үйренуші елден өсіп, енді үйретуші ел деңгейіне жетті. Бұл бұлжымайтын байлам. Сол сияқты осы жиырма жылда жастардың да санасы өсті, ойы серпілді, ортаға деген деген көзқарасы өзгерді. Бірақ «бес саусақ бірдей емес». Жастарды ортақ идеяға ұйытып, ұлт мүддесін ұлықтау жолында жұмылған жұдырық қылатын ауызбіршілік, тоқтамды талқы жетпей жатқандай көрінеді кейде. Мысалға, әзіргі күнгі ресми дерек бойынша еліміздің әртарапында 50-ге жуық ірілі-ұсақты жастар ұйымдары бар екен. Солардың ішіндегі қаншамасы Қазақ деген халықтың беделі үшін жұмыс жасап жатыр? Жастар ұйымдарының бірқатар дербес болса, дүйім бір  ұлттың мұраты жолында қандай қызмет етуде? Жалпы, осыншама жастар ұйымдарының арасынан атына сай іс атқарып, жұмыс жасап жүргендері бар ма екен? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ жасырмай айтатын, «қаны сорғалап тұрған» ащы ақиқат бар.  Қазіргі жастар ұйымдарының дерлігі өзара билік және оппозиция атты керағар ұғымдарға бөлініп алғаны жасырын емес. Сөйтеді де бір-бірлерін сын садағына алады. Әркім өз ақиқатын алға тартып, «шындығына» шаң жуытпай қорғайды, ал қарсы ой айтқан тарапты қаралағанда алдарына жан салмайды.  Міне, сөйтіп жүргенде, елдік мәселе екі оттың ортасында қалады. Ол ғана емес, бұдан бүгінгі жастардың ең басқы бағытына айналуы тиіс – жастар мәселесі жапа шегіп отыр. Келісетін боларсыздар, оқырман қауым. Еларалық қордалаған көп мәселенің шешілмеуінің бір ұшығы да осыда жатқан сияқты.

Иә, арамызда ел серкесі боларлық жастар жетіп артылады. Бірақ  сөзіміздің басында айтқандай, солардың басын біртұтастырып, ой-пікірлерін ең алдымен ел, тіл, діл мүддесі үшін бір арнаға тоғыстырған маңызды.  Бәлкім, бұл ойымызды да теріс түсінетіндер табылып жатар. Сондықтан тарқатып айтып кетелік. Мысалға, саясатта әлеуметтану деген ұғым бар. Бұл ұғым – әрбір адамның бала жасынан өз ортасын, Отанын танып-біліп өсуі керек дегенге саяды. Яғни әрбір бүлдіршін өз отбасында ғана «бір атаның баласы» болып қана қалмауы керек. Баланы бесіктен белі шығып,  оқу орнын аяқтағанға дейінгі кезеңде бір мақсатқа жұмылдыру идеясы арқылы тұлға ретінде қалыптастыруға болады. Біздің айтпағымыз да осы. «Үлкен көш» – жаһандану жолында  бір сәт бойыңды бос ұстасаң  бүгінің болбыр, болашағың баянсыз болмақ. Сондықтан қазақ жастары алғы міндет ретінде Тәуелсіздік идеологиясын насихаттайтындай несібелі жолмен жүргені дұрыс-ақ.

Мұны біз емес, Елбасымыз Н. Назарбаев әрдайым баса айтып келеді. Егер Елбасымыздың әрбір Жолдауын мұқият тыңдар болсақ, онда жүктелген міндеттер ең алдымен жастарға жүктелген жауапкершілік екенін аңғарар едік. Президентіміздің айтуынша, мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты лайықты тұлға ретінде болашақ қазақстандықты тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан қазіргі аға буын «қызыл қоғамның» шарпуына шыланбаған, коммунистиік идеологиямен уланбаған Тәуелсіз Қазақстанның жастарына айрықша үміт артады. Елдің ертеңі жастардеп қарайды. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінін нұрландырып, ертеңін гүлдендіретін ұлағатты ұрпақ деп біледі. «Шын мәніндегі бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл туралы аға ұрпақ жастық жылдарда армандай алмайтын. Бүгінгі күн – талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және олардың жүзеге асыруға ерік-жігері жететін адамдардың уақыты. Мемлекет жастар үшін барлық жағдайды жасап отырса, одан артық қандай бақыт бар. «Жастық, жалынды шақ – бұл тамаша нәрсе; ал оны рәсуа ету қылмыс», – деген екен атақты Бернард Шоу. Қарап отырсақ, осы бір ұлы тұлғаның пәтуалы пікірінің астарында теңіздей толқыған, бүгін де, ертең де бұлжымай тұратын тұжырым бар. Бұл – «жас болсаң күш-қуатыңды аямай еңбек ет, сонда ғана алға қойған арманыңа қол жеткізесің» деген қалпы бұзылмаған қағида. Осы ретте Елбасымыздың жастарға жауапкершілік артқан ағалық қамқорлығы, әрдайым алға итермелейтін игілікті істері еске түседі. Жастар ұйымы туралы сөз еткенде аузымызға алдымен бүгінде бас партиямыз «Нұр Отан» ХДП-пен бірге көшелі жұмыс жасап отырған «Жас Отан» Жастар қанаты оралады.  Әзіргі күні «Жас Отанның» жолын қуып,  жасыл желектей жайқалып келе жатқан жастар ұйымдары қаншама. Бұл тұрғыда Тәуелсіздік идеологиясын жастар арасында кеңінен насихаттап отырған бірден-бір тұлға Елбасымыз дер едік. Мысалға, былтырғы жылы Мемлекет басшымыздың тікелей мұрындық болуымен елімізде тұңғыш реті біртұтас «Жас Ұлан» бірегей жастар қозғалысы мен «Жас Қыран» атты жаңа балалар ұйымы құрылды. Өз басым, Елбасымыздың тарапынан құрылып жатқан жастар ұйымдарының барлығы еліміздің болашағына салынған сапалы инвестиция деп білемін.

Өткенде ғана Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғырту» тақырыбында болып өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз, еліміздің әлі балаң мемлекет екендігін, әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30-ға да жетпегенін, еліміздің келешекке серпінді самғауында өзінің жастардан үлкен үміт күтетінін айта келіп, Үкіметтің алдына үделі алты міндет жүктеген еді. Соларды санамалай кетсек, биылғы жылдың қараша айының басында Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы жасалады. Біздіңше, бұл жобаға еліміздің бетке ұстар жастар ұйымдары, ойы озық, пікірі озат жастары көптеп атсалысуы керек. Елбасымыз сонымен қатар, жылдың соңына дейін мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша түбегейлі жаңартуды, үшіншіден, Білім және ғылым министрлігінің қанатының астынан Жастар саясаты жөніндегі комитет, ал облыстарда тиісті басқармалар құруды, төртіншіден жастар үшін жаңа әлеуметтік лифтілер қалыптастыру қажеттігін, бұл тұрғыда жүйелі кесте әзірлеудің керектігін қадап айтқан болатын. «Бесіншіден, – деген болатын сол жолы Елбасымыз, – жастар арасындағы үрдістерге терең зерттеулер жүргізу қажет. Білім және ғылым министрлігіне Гумилев атындағы Еуразия университеті жанынан «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы мәселені ойластыруды тапсырамын. Алтыншыдан, «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын күшейте түсу қажет. «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратына «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі іс-қимыл стратегиясын әзірлеп, бекітуді тапсырамын».

Президентіміздің жастар саясатын жетілдірудегі Үкімет алдына қойған тапсырмаларына қарап –ақ алдағы уақытта ауқымды да заманауи жұмыстар жасалатынын аңғарамыз. Бұл жастар мәселесі әрдайым Елбасы назарында екендігінің айғағы. Екіншіден, жастарға тән проблемаларды шешуде нақты қадам жасалынып жатқанының, жасала беретіндігінің көрінісі іспеттес.

Н. Назарбаев Қазақстан жастарын халықаралық проблемаларға атсалысуға да белгілі бір дәредеже бейімдеп келеді. Бұған Шанхай ынтымақтастық ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесі анық дәлел. 2009 жылдан бастап белсенді жұмыс жасап келе жатқан бұл ұйымға мүше мемлекеттердің жастары қарым-қатынасты дамытып, білім беру саласы, мәдени, ақпараттық салаларда біраз қомақты іс-шараларды жүзеге асырып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуда. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің соңғы үш басқосуы да Қазақстан жерінде өтті. Былтыр Қазақстан жастары осы кеңеске төрағалық етіп, тоқтамды пікір айтты.

Сөзіміздің, тобықтай түйінін айтар болсақ, жастар саясатын жетілдіруде Елбасымыз үлкен рөл атқарып отыр. Бастысы, еліміздегі екпінді жастардың тың пікірлері мен нақты ұсыныстары Президентіміз көтерген келелі мәселелерімен ұштасып, іргелі іс атқара берсе екен дейміз.

Айдар Қырықбайұлы,

«Алматы» Әлеуметтік – кәсіпкерлік

корпорациясы» Ұлттық» АҚ – ның Баспасөз хатшысы

323 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы