• Айтарым бар...
  • 20 Мамыр, 2016

Мемлекеттік тілді білу – парызың

   Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деген ескерту айтқан болатын. Сондай-ақ Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететіндігін атап өткен еді. Алайда, «Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда..

  «Тіл - ақылдың өлшемі, ұлттың жаны», деген қағидалы сөзі бар. Яғни, елдің елдігін де, бірлігін де айқындайтын тіл екені белгілі.  Үш тұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған.

Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілетті болуға ұмтылудағы бірінші баспалдағы.

Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін азамат өз елінде де, шетелде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.

   Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. 

Тіл – ұлттың жаны. Ұлттың ұлт болып қалуының басты тірегі де оның ана тілінің қолданысымен тығыз байланысты екені даусыз. Тілді құрметтеудің қажеттігін: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте», деп қазақ поэзиясының ерекше құбылысына айналған Қадыр Мырза Әлі өз жырына арқау етті емес пе?! Ана тілін шын құрметтейтін жанашырлардың жадында Қадыр ақынның осынау жыр шумағы жүруі қажет. Бүгінгі таңның өзінде де қазақ тілін жетік меңгеруді қажетсіне бермейтіндер табылады. Мемлекеттік тілді білмейтіндер, әрине, әуелі мектепте, кейін жоғары оқу орындарында орысша білім алғанын, тіл үйренуге орта болмағанын алға тартатын шығар. Ондайлар мемлекеттік тілді меңгерудің қаншалықты маңызды екеніне мән бермейтін секілді.

    Бұдан бөлек қазір сорақы аудармалар көбейді. «Шаш ал десе, бас алудың» еріксіз куәсі боласың. Оны қала көшелеріндегі құбыжық жарнамалардан айқын аңғара аласыз. Бірде  «Орманды орттен сактандыру» деген жарнамаға көзім түскенде, күлерімді де, жыларымды да білмедім. Оны жазғандар қазақ әліппесінде «ө» және «қ» деген әріп барын білмегендері ме?» деп ызаландым.

   Қаза берсең, түйткіл көп. Шай қорабындағы мына бір ескертуді оқып көріңізші. «Сузгі – пакеттің 1-2-ін шыны немесе эмаль ыдысқа салып, 2000 мл. (1 стақан) ыстық су құяды да, бетін жауып, 15 минот бойы тұндырып қояды. Тамақтан кейін күніне 3-4 рет дүркін жылы күйінде 0,5-1 стақаннан қабылдау керек». Ал не түсіндіңіз? Орысшасына үңілсең, түсінікті, әріп қатесі тұрмақ, синтаксистік қате таба алмадым. Ал мемлекеттік тілде қате өріп тұр. «Уфаковано фирмой «Пассим ТФ» дегенді «Пассим» фирмасы буып-түйіді» деп аударыпты. Атам қазақ киім-кешек сынды заттарды буып-түймеуші ме еді?..

   Айта берсек, қате көп-ақ. «Қазақстан бидайын іріктелген әйгілі арақ» деген жазуды көргенде тіпті шошыдым. «Әйгілі» деп қазекем араққа қатысты айтпаған. Дарыны дара дарабоздарын, абыздарын, тарланы мен қырандарын солай атаған.

   Қазақстанның көне астанасында «Өлік жуу» деген сөзге қарап жұртшылық аң-таң. Сөйтсе бұл «Көлік жуу» деген сөздің қазақшасы екен. 

   Өз елінің тілін, ділін, ата ғұрпын, дәстүрін, салтын, қазақтың мінезін, мәдениетін білмеген адам, қалайша өз ұлты жайлы шығармалар, жүректі селт еткізер жыр-дастандар жаза алады. Қазақ болғанын өзіне ар санайтын қандастарымыз қаншама?! Қанша жерден тырысса да олар бәрібір ағылшын, неміс, испан бола алмайтыны айдан анық.

   Жетпіс жыл Кеңес өкіметінің қарамағында өмір сүріп, зиялы адамдарымыздан айрылып, өз ана тілімізде отбасымызбен қазақша сөйлей алмайтындай жағдайға душар болдық. Ол кезде ауылдан келген жастар Жоғары оқу орнына түскенде, оқитын пәндерінің бәрі орыс тілінде болғандықтан, алғашқы кезде қатты қиналып, кейін орыс тілін мүмкіндігінше меңгеретін. Ол кезде – бірнеше жерден жоғары оқу орнын бітірсең де, орыс тілін білмесең, сені білімсіз «мәңгүрт» санатында санайтын. Сол кезде: «Қашан ана тілімізде сайрайтын заман болар екен?» - деп армандайтынбыз. Құдайға шүкір, еліміз Тәуелсіздігін алды. Қазір бәрі еркін. Қазақстанның кез келген азаматы қай тілде сөйлесе өзі біледі. Бірақ, бір әттегені жұмысқа көбінесе ағылшын, орыс, қытай, испан тілін білгендерді алады. Ал мемлекеттік тілді білетіндерге мән бермейді. Сонда бұл қалай болғаны? Өз елімізде өзіміздің тіліміздің дамуына тосқауыл қойғанымыз ба?! Үштұғырлы тіл дегенімізбен   де оның әлі де мәселелері жетерлік. Қазақтың жас жеткіншектерінде ағылшын тілінен бөлек қытай тіліне деген де бір құмарлық бар. Болашақта аудиториясы екі миллиардқа жуық қытай тілі төртінші тілімізге айналып кетпесіне кім кепіл?! Бұдан бөлек елімізде түрлі тілде оқытатын курстар көбейіп кетті. Тіпті, испан тіліне деген қызығушылық та күннен-күнге артып келеді.

   Тіл – рухани азаттығымыздың алтын діңгегі. Сондықтан оның тазалығын сақтап, қастерлей білгеніміз абзал.  Мемлекеттік тілде әрбір қазақстандық білуі тиіс. Бұл – біздің парызымыз.  

                                                                                                                          Нұрлан ҚҰМАР

484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы