• Мәдениет
  • 19 Мамыр, 2016

ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН АНА ТІЛІМІЗ

Айжан Қожа-Ахмет

1993 жылы туған, әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетін бітірген. Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты.

Уақыт әсері адамның сөйлеп жүрген тіліне де тиеді. Тілдегі кейбір сөздерге түрлі себептермен балама (синоним) сөз пайда болғанда, бұрынғы сөз бірте-бірте қолданыстан шығып қалады. Мұндай ескірген сөздер әдетте өткен замандар туралы шығармаларда ғана қолданылып, оған түсініктеме беріледі. Мағынасы түсініксіз бола тұра кейбір көнерген сөздердің әлі де қолданыста болуының себебі – жаңа синонимімен қосарлана, қос сөз түрінде айтылуынан.  Бір сыңарының  немесе екі сыңарының  да мағынасы көмескі я мүлде ұмытылған қос сөздер жайын қазақ тілінің мамандары зерттеп, өз пікірлерін айтып келеді. 

Жеке айтылғанда мағынасы қазіргі жұртшылыққа түсініксіз сөздер тіліміздегі фразеологиялық (тұрақты сөз тіркестері) сөздерде де кездеседі. Мысалы, «міз бақпайды», «тілі мірдің оғындай», «үр жаңа», «суқаны сүймеді», «беті аймандай болды»  сөз тіркестеріндегі қарайтылған сөздерді ел түсінсе де түбіне үңілмейді. Санамызда белгілі бір тұрақты мағынаға ие болып қалыптасып қалғандықтан,  тіркес түрінде қолдана береміз. Ал кейбір: «сөз саптады», «ортан қолдай», «судай жаңа», «арасынан қыл өтпес дос (қылдай дос)», «шіріген бай», т.б. сияқты,  шын мәнінде  түсініксіз сөзі бар фразеологизмдерге, тіптен, өзімізге түсінікті мағыналар беріп қойғанбыз. Бұған көз жеткізу үшін І.Кеңесбаевтің «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінен» (қысқаша І.К.) бірнеше мысалды талдап көрелік. 

1. СӨЗ САПТАДЫ 
І.К.: Сөз саптады Жүйелі сөйледі; Сөз саптауы (саптасы) Айтар ойы, емеуріні деген мағынада.
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (ҚТТС): САП – пышақ, балта, қамшы, т.б. құралдардың қолға ұстайтын жері. САПТА І Белгілі бір құралға сап жасау; ІІ Сөз саптады – сөз құрастырды, сөз айтты. 
Ал «Көне түрк сөздігінде» (ДТС): SAB - слово, речь: табғаш бодұн сабы сүчіг, ағызы йымшақ ерміш (табғаш халқының сөзі тәтті, асыл заттары жұмсақ келеді) (Көлтегін «кіші жазуының 5-жолы); SAB ID (сөз ет, сөз айт) - сообщать, говорить: sab ança idmis – он так сказал (Тоныкүк еск. 9-жол)- деген мысалдар келтірілген.
Ертеде «сөз» – саб делінсе, ал  «сап, саптау» оған омоним болмаған. ДТС-да: SAРручка, рукоятка делініп, М.Қашқаридан: «Оғлан іші іш болмас, оғлақ мүңзі сап болмас» (Баланың ісі іс болмас, лақтың мүйізі сап болмас), ал SAРLА (сапта) сөзіне: «Ер қылыш саплады», – деген мысалдар берілген.
     Сонымен, шын мәнінде, «сөз саптады» фразеологизмінің мағынасы  «сөз сөйледі» (саб саблады) деген екі синоним сөздерден тұрады екен.
2. ОРТАН  ҚОЛДАЙ 
І.К.  Ортан қолдай - Мына деген мықты, жарамды. Көлігін, жылы шанасын, жол азығын, қос аттарын шетінен ортан қолдай қып сайлап алды (М.Әуезов); Ортан қолдай төрт ұлы болды – шетінен қасқыр (Б.Майлин). 
Анатомиялық мүше ретінде екі қол – оң қол мен сол қол болатыны белгілі, ал «ортан қол» деген не?
«Тұңғыс-манжұр сөздерінің түсіндірме сөздігінде» (ТМС): 
ГОЛО  бревно (бөрене)
Эвен, Орок тілдерінде гол, голо – 1. дрова, дерево, бревно; 2. основные бревна-поленья в костре», - делінген.
Міне, осы, от жаққанда негізгі, ортадағы ағаш та ғол, ғоло аталуынан бұл сөз «ортадағы, орталық» деген мағынаға да ие болғанын көреміз. Ендеше қазақ тіліндегі «ортан қолдай» деген сөз тіркесі «ортаңғы ағаштай» дегенді білдіреді. Тіліміздегі «қолағаш» сөзі де ағаш  екен.
3. СУДАЙ ЖАҢА 
І.К. Судай (су) жаңа «Жап-жаңа; Ұсталмаған, жұмсалмаған соны нәрсе атаулының бәріне қолданылады» делінген. (І.К. «Сөздігінде» фразеологизмді құраған сөздердің этимологиясы емес, жалпылама мағынасы ғана түсіндірілгенін көреміз).
Қ. Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабында Ж.Бабалықов: «Су жаңа – ағын су әр сәт сайын бір сызық үстінен жаңарып өтіп жатады. Су табиғатының сәт сайын жаңа ағысын өткізіп, сол сәттің үздіксіз қайталануы «су жаңа» сөзін тудырған», – депті.
Көне түркі тілінде «су-есән» (су-есен) қос сөзі бар. ДТС-да  SU қытай сөзі екені айтылып «ожить, воскреснуть» – деп түсіндіріледі. Бұл қазақшада «жаңғырған», «жаңарған», «қайта қалпына келген» дегенге саяды. І.К. мұны «жап-жаңа» қайталама қос сөзімен түсіндірсе, шын мәнінде, бұл қытайдың «су» (жаңғырған, жаңарған) және онымен синоним қазақтың «жаңа» сөзінен тұратын қосарлама қос сөзі болмақ. Алайда қытайдың «су» сөзін қазақ тіліндегі «су» деп ойлап, екі синоним сөзден тұратын «су-жаңа» қос сөзін «судай жаңа» фразеологизміне айналдырып алыппыз.   
            
4. ТЕЛЕГЕЙ ТЕҢІЗ 
І.К. Телегей теңіз Көп, мол деген мағынада.Жетім-жесір, қарып-қасердің телегей теңіз жасын көрерім қалды ма? (М.Әуезов).
Көне түркі ескерткішінде «талуй-өгүз» қос сөзіндегі талуй, талай сыңарын қазірде үлкен, кең, даладай, далиған сияқты сын есім сөздер ретінде қолданудан тілімізде «телегей теңіз» тұрақты тіркесі жасалған. Қос сөз түрінде қазірде қолданыста жоқ. Ал  «Ұйғырдың заң құжаттары» (Usр) көне ескерткішіндегі «талуй-өгүз» қос сөзін  ДТС «океан-море» деп, жеке жазылған «талай, талуй» сөзін де «океан, море» деп аударған. Көлтегін «кіші» жазуында: ilgәru santun jaziqa tegi sulәdim taluiqa kiçig tegmadim (Ілгері, Шантун жазығына дейін шеруледім, теңізге кішкене тимедім (жетпедім)» – делінген. «Оғыз-намадағы»: «Мұнда Етіл мүрән дегән бір талай бар ерді» сөйлемінен «талай» сөзі мол суға, үлкен өзенге де қатысты қолданылатынын көреміз. Монғол тілінде бұл сөз «далай» деп айтылады. Қазақтың «даладай кең, далиған» сөздері осы «талай,  талуй, далай» түбірінен болса керек. Ендеше «телегей теңіз» фразеологизміне айналдырып алғанымыз теңіз-өзен, мұхит-теңіз деген мағыналас сөздерден тұратын қосарлама  қос сөз екен.

5. ҚЫЛ ӨТПЕС ДОС
І.К. Қыл өтпейді; Араларынан қыл өтпейді. Балдай тату, ынтымағы бір, достығы берік» - деп түсіндірілген. 
Алайда мағынасын қысқа айтсақ – «достық». «Араларынан қыл өтпес дос» деп те айтылады. Неге «ине өтпес, ауа өтпес», т.б. деп айтылмайды деген сұрақ туады. 
Сөйтсек бұл фразеологизмдегі  «қыл» сөзі қазақша емес, мағынасы  «дос, жолдас» дегенді білдіретін араб тіліндегі «хыл» сөзі екен. ДТС: ХІL (aраб. ) друг, сподвижник, помощник», - деп түсіндіреді. Сондай-ақ XIL QOLDAS  қос сөзі болғаны көрсетіліп, Ж.Баласағұннан: turup barsa evka xilin qoldasin / өzi birlә jetursa asin (тұрып барса үйге хылын-жолдасын өзімен бірге жеткерсе асын)» мысалы келтірілген.
ҚТТС-да: ҚЫЛ Жалдың, құйрықтың жіңішке әрі ұзын бір талы. Қылдай бөлді – бірдей етіп, тепе-тең бөлді; Қылдан тайды – жаңсақ кетті, жаңылды.
Меніңше бұл арада да арабтың «хыл» (дос) сөзі қолданылып, Қылдай бөлді – достарша (әділетті) бөлісті; Қылдан тайды – достықтан тайды, айныды» деген мағынада айтылса керек.

6. ОТТАМАЙ ОТЫР!
І.К. Оттамай отыр! кейіс сөз. Не болса соны соғып сөйлемей отыр!
Бүгінде көпшілік осы фразеологизмді кейіс сөз ретінде білгенімен сөз түбірінің мағынасы ұмытыла бастаған.
ҚТТС: ОТ І. Қызуы аса күшті алаулаған жалын; ОТ ІІМалға азық боларлық шөп.
Тіліміздегі «отты-сулы» (от-суы) қос сөзіндегі бірінші сыңарды қазіргі жұрт «жанатын от» деп түсінеді. Ал «оты мен суы мол», «малды отқа жібер» десек түсінуі неғайбыл. 
ДТС: ОТ трава, зелень: Атқа от бергіл – дай лошади травы; От өнді – трава выросла; ОТЛА пастись: Ат отлады – лошадь паслась – деп, М.Қашқари «Сөздігінен» бірнеше мысал келтірген.  Ендеше, қазіргі тіліміздегі «Оттама! Оттапсың!, Оттамай отыр!» – деген кейіс сөздер «мал сияқты шөпті жепсің» (бекер сөйлейсің) дегенге саяды. «Отты-сулы», «от-суы» қос сөзі қазіргі тілмен айтқанда  «шөпті-сулы», «шөбі мен суы мол» дегенді білдіреді екен.

7. ШІРІГЕН БАЙ 
Бұл фразеологизм І.Кеңесбаев «Сөздігінде» жоқ. Алайда қазақ тілінде қолданыста бар тұрақты сөз тіркесі. 
ҚТТС: ШІРІ  1. Іру, бұзылу; 2. Ауысп. Құру, жойылу, өлу; 3. Ауысп. Мыңғырған; Шіріген жұмыртқа – шетке шыққан, ата-анадан, елден шыққан (бала); ШІРІГІШ Бүлінгіш; ШІРІК 1. Шірінді, шіріген; 2. Ез, былжыр, намыссыз, т.б.
Байқағанымыздай, «шірік, шіріген» сөзі негізінен жағымсыз құбылысты білдіреді де, тек бір-ақ рет ауыспалы мағынада мыңғырған байлықты білдіруге де қолданылады екен. Бір сөздің осылайша, жағымсыз әрі жағымды нәрсені де білдіруі қисынға келе ме? 
Көне түрк жазба ескерткішіне жататын «Ұйғыр әрпімен жазылған буддалық мағынадағы құжаттарда» «шірішті-байағұт» деген қос сөзі бар. Оны ДТС: «ШІРІШТІ – санскрит сөзі (шірешт йа), мағынасы «богатые, зажиточные» деп түсіндірген. Көне түрк тіліндегі қос сөздің екінші сыңары «байағұт» қазіргі тілімізде «баяуыт» делінеді, «бай-баяуыт» қос сөзі де бар. Ендеше  «шіріген бай» фразеологизмінің бірінші сөзі қазақтың «шіріген» сөзі емес, санскриттік «шірішті» (бай, ауқатты) сөзі екен.

1376 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы