• Шежіре
  • 26 Сәуір, 2016

«Фотожурналист шеберлігі» пәні

«Фотожурналистика шеберлігі» атты пән, нақтырақ айтқанда Абдраим Асылхан ағай 227-кабинетте өткен әрбір сағат сайын,  қалаған нәтижеге жету үшін алуан түрлі жағдайларда икемдеуге қажетті фотоаппарат қызметтері туралы мәліметтермен таныстырып келеді. 

«Бұның барлығы не үшін керек, әрбір екінші адам фотоаппаратты қолдана алады»,-деп әлдебіреу айтуы мүмкін, мүлде олай емес! Шауып бара жатқан сымбатты жылқыны құлазыған қазақ даласының кеңістігімен жылдамдығы біртұтас болып үйлесіп тұрғандай етіп түсіріп көріңізші. Егер сіз әлі, осы күнге дейін, тек шүріппені басу жеткілікті деп санасаңыз, ұшып бара жатқан оқты немесе су шашырауын түсіре алмайсыз деп толық айта аламын. Ашық және жабық диафрагма, сезімталдылық- ISO , қысқа және ұзақ ұсталым-бұның барлығы фотоаппарат қызметтеріне тиесілі түсініктер. Енді біз, осы пәнді зерттеген студенттер, керекті нысанды түсіруден бұрын жан-жақтағы кеңістікке назар аудара отырып, әр ұсақ бөлшекке, жарыққа көңіл бөліп болғанның өзінде, бірден шүріппені баса салмай, фотоаппараттың диафрагмасын, ұсталымын ауыстырып, былай айтқанда дұрыс арнаға бағыттап  икемдей бастаймыз.  Және қазір, шыны керек, бірдеменің жанынан өтіп бара жатқанда бірден: -«Қолымда дәл қазір фотоаппарат жоқ болғаны өкінішті, осыны суретке түсіріп алушы едім»  деген ой туады. 
«Фотожурналист шеберлігі» пәні, өз кезегінде, фотоаппараттың қызметтерінен бөлек, тамашалап тұрған көріністің ерекшелігіне, бөлшектеріне зейін салуды үйретті. Әдетте адам назарынан тыс қалатын нәрселерді, бастысы ептеп, әдемі түрде көрсете алу да, өз кезегінде шеберлік болып танылады. 
Әрқашан тура көз алдымыздағы, бірақ кейде біз назар аудармайтын, өз еншісінде көптеген тамашаны сақтаған ғажайып дүниені  суретшілер өз туындыларында бізге ашып көрсетеді. Дәл солай фотожурналист те өз жұмысында адамдар үшін көп жаңалықты, өзгешелікті ашып көрсете алады. Қазір біз зертханалық жұмыс уақытында оқу орнымыздың дәліздеріне серуенге шығып тұрамыз, бұл жай қыдырып қайтуға емес, біздің объектив үшін «олжа» табу мақсатында. Егер сіз фотоаппаратты ұстап, айналадағы адамдар, жануарлардан көз алмай мұқият бақылап тұрған студентті байқасаңыз, оның көңілін бұрмаңыз, яғни, бұл деген, арамыздағы біреудің түсірілген жұмыстар архивіне тағы бір еліктіргіш суретті қоспақ ойы бар.

Лаура ШҰҒАТАЕВА,
2- курс студенті.

 

439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы