• Айтарым бар...
  • 21 Желтоқсан, 2012

Зекет беру – ұлық ғибадат

Зекет – Ислам дінінде намаздан кейін орын алатын бес парыздың бірі. Ол – мал-мүліктің қырықтан бірін алатын салық. Бұл парызды Аллаһ Тағала дәулетті мұсылман адамдарға міндеттеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Зекет бермегеннің намазы да қабыл емес» деген. Өйткені  ол Құранның жиырма жеті жерінде намазбен қатар қайталанған. Зекет хижраның  екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууал айында парыз етілген. Көптеген аяттар мен хадистерде зекетін берген мүміндерге ақырет күні Алланың мол сый-сияпат жасайтындығы жөнінде айтылған. Осыдан-ақ зекеттің орны мол сауаптармен толтырылатындығын байқаймыз. Зекет берудегі басты мақсат өзіне берілген толайым нығметті пенденің сезінуі, әрі соған шүкіршілік етуі. Зекет – әртүрлі апаттар мен оқыс оқиғалардан пәле жаладан, ауру-сырқаудан сақтайды. Сонымен қатар, мүмінді өзімшілдік пен сараңдықтан, дүниеқоңыздықтан іштарлық пен қызғаншақтықтан айықтырып, қолы ашық жомарттыққа, кішіпейілдікке, мейірімділікке тәрбиелейді.

Зекет – жағдайы нашар адамдардың аяққа тұрып кетуіне, өмірден түңілмей әрі қарай тіршілік етуіне жәрдемдесуді қамтамасыз ететін ғибадат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Мол мүліктеріңді зекет берумен сақтаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жалаға дұға жасаумен дайын болыңдар» деген. Дәулетті мұсылманның еңбек ете алмайтын мүсәпірлер мен қайыршыларға, қарызын өтей алмай жүрген қарыздар адамға, қаражатқа мұқтаж жолаушыға, Алла жолында күрескен жауынгерге, жетімдер үйі мен кемтарларды асырайтын қайырымдылық қорларға, халықтың игіліне салынатын құрылыстар мен ауруханаларға зекет бергені абзал болмақ. Сондақ-ақ зекетті беретін адам мұсылман болуы, азат болуы, нисап мөлшері болуы, өзгеге қарыз болмауы қажет. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен бірнеше сахих хадисте төрт-түлік малдан зекет берудің парыз екендігі айтылған. Сонымен қатар, алтын-күмістен, сауда-саттық заттарынан, егістік пен бау-бақшадан алынған өнімдерден де зекет беріледі. Алла тағала Құранда: «Әй, мүміндер! Табыстарының және сендер үшін жерден шығарған нәрселерімнің жақсылырынан тиісті орынға жұмсаңдар» деген. Бұл аятта табыстарың деп сауда заттары мен егіс өнімдерінің зекеті меңзеліп тұр. Демек, саудамен, жеке кәсіппен айналысатын адамдарға зекет беру – парыз.

Зекеттің хикметі, яғни пайдасы: мұсылман өзін жәдігөйліктен, дүниеқоңыздықтан аулақ болуға үйретеді.  Зекет берген кісі мүсәпірлер мен қайыршыларға жағдайларын жақсартуға септігін тигізсе риза болады. Зекет адамдарды сүйіспеншілікке тәрбиелейді.

Сондай-ақ байлыққа мастанып, тек «өзім,өзім» деп қара басынның қамын ойлайтын жандарға жомарттықтың кілтін ашып, тура жүрер жол көрсетеді.  Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кірмейді» деген. Бұл туралы Құран Кәрімде «Қазыналарыңды Аллаһ жолынан аямаңдар (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Аллаһ шын дос тұтады («Бақара» сүресі, 195-аят), – делінген. Әр нағымет өзіне сай шүкір талап етеді. Ілімнің шүкірі –оны басқаға үйретумен, дене мүшеміздің шүкірі – ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты, байлық нағыметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, Зекет беру арқылы жүзеге асады. Зекет берілсе бай адам мал-мүлкінің кірінен, кедейлер алдындағы борышынан тазарады.Зекетті бергеннен кейін міндетсіну немесе ренжітіп, кемсітіп беру, сондай-ақ мақтан үшін беру Зекеттің қайыр-сауабына зая кетіреді. Зекет – қоғамдағы кедей-кепшіктердің орташа өмір сүрулеріне ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.

Зекет – хадисте айтылғандай, байдың мейрімділік жағалауы мен кедейдің құрмет жағалауын жалғайтын илләһи көпірі іспетті. Зекет - құлды бұл дүние мен ақыретте бақытқа жетелейді. Раббысына жақындатып иманын арттырып, мол сауапқа кенелтеді. Сөзімді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) төмендегі хадисімен қорытындылап, түйіндесем деймін. Әбу һурайрдан (р.а.) жеткен хадисті «Күн сайын таңертең Алланың құлдары ұйқысынан енді оянып жатқанда көктен екі періште түседі. Бірі: «Уа, Аллаһ Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр»,– десе, екіншісі: «Уа, Жаратқам ием! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр деп дұға жасайды», – делінген. Егер шын жүрегімен, пәк пейілімен осы хадисті түсінген жамағат болса, нұр үстіне нұр болмақ. Алла Тағаланың бізге берген мал-мүлік дүниесін харамға емес, жақса адамдарға және шариғат үкімдеріне сәйкес ысырапсыз жұмсайық.

Күлән Жетпісова,

«Қызылту» орта мектебінің 11-сынып оқушысы.

Шиелі ауданы,

Қызылорда облысы

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы