• Қоғам
  • 15 Наурыз, 2016

Мешін деген не?

Серік Әбікенұлы

Алматы облысында туған. Әл-Фараби  атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «31», «Алматы» теле-арналарында жауапты қызымет атқарған. Бүгінде «Парасат» журналының бас редакторы. 

Мешін жылы есіктен кірген сайын маймылдың суретін көшіре басып, бір-бірімізді құттықтап жатамыз... Осы мешін деген не? Бір-екі жерден адамның азғыны дегенді оқыдым. Іздеп көріп едім мандыған еш дерек таппадым. Ал дәл осы ой маза бермей маған телефон шалған, кешірек пост жазған Дәулетхан Жиенқұлов бауырымның нұсқасы ұнады. Ол әкесі, шежіре қарт, марқұм Қыдырбай айтқан «мешін деген балық еді, қазіргілер маймыл деп кетті ғой. Жылсанақ алты арам, алты адалдан есептеледі» » деген бір ауыз сөзді жадында сақтап қалыпты. Рас! Қой, жылқы, сиыр, қоян, тауық-адал, тышқан, жылан, ұлу, доңыз, ит, барыс –арам. Оған мешінді қоссақ арам жетеу болады. Адалдықты арамдыққа бастыру қазақы түсінікке жат. Балық десек тепе-теңдік сақталады. Осы бағытта ізденіп едім бірнеше қызық мәліметке жолықтым. Қытай-Моңғол шекарасында Мечин-Ула деген тау бар екен. Ол Қарлы Таг, Баркол –Таг қыраттарымен ұласып жатыр. Таныс сөздер емес пе, Қарлы тау, Баркөл тауы?! Ал Мечин деген атау тау қойнауы толған жылтыр кристалл күнге керемет шағылысатындықтан қойылған болуы керек. Мешін деп моңғолдар Үркерді (шоқжұлдыз) айтады екен. Сонда бұл Мечин –Улуың бізше Ұлы Үркер тауы боп шыға келеді. Ең қызығы сол шоқжұлдыздың суретіне қарасаң пішіні балыққа келеді. Бұл тек сәйкестік пе? Мешін сөзі бізге моңғолдан келуі мүмкін бе?Мешін Мүмкін... 
Екінші мысал, антикалық әдебиетте көкке тіреу болған Атлант пен Плейонадан туған 7 –Нимфа-қыз жайлы аңыз бар. Плейона - Океан (Мұхит) титанның үш мың қызының бірі. Нимфалар - сылдыраған бұлақтың, сарқыраған өзеннің, самал желдің адами образы. Тағы да алдымыздан суға қатысты ұғым шығады. Сол қыздарды Орион қуалап, өлтірмек болады. Мұхиттың үрім-бұтағы құтқара алмаған қыздарды Зевс әке –шешелерімен бірге жұлдызға айналдырады... Осы тұста өз әкемнен естіген Үркердің сұлу қызы жайлы аңыз еске түсті. «Жеті қарақшы Үшарқарды (Үркер) ұстап алса, оның қос жүйрігін тартып алады да,Үркердің сұлу қызын қуып жетеді» дейтін оңашалау үш жұлдызды көрсетіп. Антикалық әдебиетпен салыстырсақ, Үшарқар қыздардың соңында кетіп бара жатқан Атлант пен Плейона және сіңілілерінен сәл қалып қойған Алкиона. Әкем «Қарақшылар Үшарқарды ұстаса ақырзаман болады» дейтін. Демек, қуғыншыдан аспанға қашқан қыз (дар) жайлы аңыз қазақта да бар. Үркерді қатты қадірлеген қазақ орта ғасырларда моңғолдан мешін деп қабылдаулары мүмкін бе, оның көзге қанаты жайылған балықтай көрінетін пішініне қарап «балық» деулері мүмкін бе? Оның үстіне қазақтың жайсыздау келетін жылды «тас мешін» дейтіні бар. 19-20 жылдардағы, 32-33 жылдардағы ашаршылықтар осы «тас мешінде» болған... Жүндес маймылға қарағанда денесі жылмағай, қолға қатты балық «тас» дегенге келіңкірейтін іспетті. Бұған қоса «Қазақстанның кей өңірлерінде су кенесін мешін деп атайды» деп жазылып тұр Викепедияда. Тағы да су жәндігі?! Ал мешіннің маймыл болуы соңғы бір ғасырда «год объезянының» қатты жарнамалануынан болса керек... Соны аударып маймыл деп кеткенбіз. Сіздер не дейсіздер?
Айнұр Катұбекова:  -Иə, атам қонақтарын шығарып салып дастархан басында балалары мен немерелері ғана қалғанда(40 шақты адам)) қисса -дастандарды жатқа айтатын, өсиет - өнегесін айта отыратын, жиғанынан түйгені көп жан еді. Мешін жылы балық жылы дегенді білдіреді деп айтқаны есімде. 
Қуандық  Шамахайұлы: -Киіз туыр-лықты монғолдар да мешін жылын «Мичин жил» дейді. Көне монғол тіліндегі «мичин» сөзі жұлдыз дегенді білдіреді. Көпше түрде «мичид» деп қазір де қолданады. Мал шаруашылығымен айналысқан көшпенділерге расында, маймылдың не қатысы бар? 
Абылай Мауданов:  - Ойларыңызбен келісуге болады. Бір анығы, маймыл жылы деген жоқ. Тас мешін деген табиғаттың циклі, араға мүшел салып қиыншылық соғатын болғасын айтқан деп ойлаймын. Маймыл сөзі жазба əдебиетте Крыловтан аударылған өлеңдерде қолданыла бастады ғой. Сонда Абай, Ахаңдар Маймылға Мешін сөзін синоним ретінде пайдаланды ма екен? Менің ойыма түспей тұр. Бұған дейін Мешін маймылдан басқа мақұлық болуы мүмкін-ау деген мүлде миыма келмепті.
Акбөпе Жиенқұлова: -Мешіннің маймыл емес, балық екенін марқұм Қыдырбай əкем үнемі айтып отырушы еді. Балалықпен ол кезде аса мəн бермептік қой, енді өзіміз балаларымызға айтатын кезімізде осы Мешін жылы мені де қатты ойлантып жүр еді. Өте құнды тақырып көтеріліп отыр. Зерттеліп, анықталып, мешіннің су жануары екені дəлелденсе марқұм Қыдырбай əкемнің рухы риза болар еді...
Мақсат Әділханов: -Өте дұрыс назар аударғансыз, Секе. Бала кезімізде біздің ауылдың қариялары да мешін деген балық дейтін еді. 
Бұрынбай Болатбек:  -Қисынды пікір. Аталарымыздан алты арам, алты адал дегенді естіп ек. Бірақ , ескермейтін енжарлығымыз бар ғой. 
Балғын Әділбаева: -Әкем: «Мешін деген суда жүретін жылтырақ қоңыз тектес жəндік»,-деп отыратын.
Тоқтарәлі Таңжарық: -Бала кезімізден мешінді балық деп айтатын үлкендер! Балық жылы құтты жыл деп отырушы еді. Жанды да балық үлкен дегенді де қосатын. 
Ағажай Алтайтегі: -Серік аға, тың да тамаша дүние. Әрі қисынды. Қазақта балыққа қатысты көп дүние бар. Ал маймылдың жайы мұндарға ғана қызық әрі сүйкімді болса керек. Жаңағы мешін балық деген әңгімені бұрындары Алтайдың шалдары оқта-текте айтып отыратын... 
Асхат Асан: -Менің атам да мешінді балық тектес су жануары дейтін... 

 

800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы