• Мәдениет
  • 21 Желтоқсан, 2015

Жаратылысы бөлек – «Жат»

Әбдімәлік Жүршібай

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы Кинотану мамандығының 3-курс студенті.

Ермек Тұрсынов танымал кинотуындылардың авторы болып саналады.Оның көпке ұсынылған фильмдері пәлсафалық тынысымен ерекшеленеді.Бас кейіпкерлері қаталдықпен іштей күрес жүргізуге қауқарлы.Сондықтан режиссер бас қаһарманның ішкі психологизміне терең үңіледі.Бұл режиссердің өз фильміндегі шоқтығы биік жарқын қолтаңбасы іспеттес. «Келін» болсын, «Шал» болсын өз кезектерінде қоршаған ортадағы «тұрақсыздықпен» күрес жүргізеді.Тұрақсыз деп отырғанымыз өзгерген өмірін қалпына келтіруге тырысу. «Жат» тарихи драмасы режиссер фильмографиясының ішінде шоқтығы биік кино туынды. Жақында ғана жарық көрген көркем фильм жаңа деңгейдегі бас қаһарманның пайда болуына себепкер болып отыр.Себебі ондағы бас кейіпкер Ілияс бейнесі ешқандай фильмде кездеспеген жарқын образ болып саналады. 

Тарихи фильм түсіру айтарлықтай оңай шаруа емес.Себебі, кез келген тарихи фильм өткен қоғамның бейнесін фактілерге сүйеніп, нақты әрі шынайы көрсетуі тиіс.Қоғам көрінісі мен сол ортадағы өмір сүрген адамдардың іс қимылы мен әрекетін байланыстыра көрсету шеберліктің белгісі. «Жат» фильміндегі уақыт Сталиндік саяси ұжымдастыру, репрессия,ашаршылық,Ұлы Отан соғысы секілді қасіретті кезеңдермен қамтылған.Туындыда қамтылған тарихи оқиғалар кезек-кезек жалғастық тауып, көркемдік деңгейде үйлесім құрады. Бас кейіпкер қоғамда болған өзгерістердің арқасында ер жетіп, сана қалыптастырады. Экрандағы Ілиястің ішкі болмыстық бейнесі сыртқы фактурасына қарағанда әсерлі әрі шынайы шыққан. Қасіреттің дәмін ерте татқан бала айналасында орын алып жатқан жайттармен танысып, хабардар болуға асықпайды.Оның бар амал мақсаты өзіне жақын адамдарға көмек көрсету ғана.Кейіпкер еркін жан.Ол ешкімге әрі еш нәрсеге тәуелді емес.Фильмдегі бас кейіпкер бейнесінің ерекшелігі осында. Ол адамзат заңымен емес, табиғат заңымен өмір сүреді. Осындай нақты әрі көркем бояулар фильм ажарын ашқандай. «Жат» фильмі жалпы жұмбақ тынысымен, күрделі кеңістігімен, терең ойлылығымен есте қалары сөзсіз. Киноның мағынасы мен нақты идеясын ұғынып түсіну үшін сыртқы құрылымына зер салып бақылау аздық етеді.Сондықтан фильмнің ішкі құрылымы мен ішкі пәлсапалық ойды аса ұқыптылықпен санаға түйген дұрыс. Себебі кино туындының өзіндік идеясы азапты жылдарды астарлы жеткізе білуімен, тың серпілісті өнер лебін талғампаз көрермен назарына ұсына білуінде. Расында бас кейіпкер Ілияс сырт көзге жағымсыз қаһарман болып көрінуі мүмкін.Өйткені қоғамнан алшақтап кеткен кейіпкер жабайы адамның прототипіне еніп отыр. Режиссер оның қоғамнан алшақ, өз тылсым әлемінде қалыптасқанын радионы қоса алмау, қуат күші таусылып қалса жаңасын сатып алу секілді кішігірім детальдар арқылы да көрсете білді. Сауаты жоқ болғанымен оның сауаттылығы табиғаттың сырын адами тұрғыда ұғынуы деп түсінеміз. Кейіпкерге табиғат басты ұстаз.Табиғаттың туабітті перзенті саналатын Ілияс көркемфильмнің күретамыры іспетті. Оның жанашыры да, сүйеніші де, жұбанышы да, қуанышы да табиғат ана. Фильм финалына дейін барлық кейіпкерлер ақылды, тек Ілияс қана сауатсыз ақымақ көрінеді.Режиссер фильмнің финалында осы түсінікті бір ғана кадрмен жоққа шығарады. Ілияс мына өмірден кетер алдында зиялы адамдарша тұлғалы пішінде, костюм-шалбар киініп көз жұмады. Кино сырын түсінер, қатпарына үңілер жан болса осы бір эпизодтың өзінен Тұрсыновтық тылсым ұғымдарға сапар шегер еді. Таптауырындылықтан қашып, табиғат заңына бой ұрып, қоғамда өз жолын қалыптастыруға тырысатын талай тұлғаның қадіріне жетпеген замана ақиқатын бейнелеген сынды әсер қалдырады. Дәл осы эпизод фильмнің нүктесін қойып отыр.Режиссердың терең мағынаны бір ғана көрініспен көрсетуі аса шеберлік пен ішкі ойдың тереңдігін талап етеді.Бас кейіпкердің жабайылықтан жаңа бейнеге ауысып көз жұмуы ол бүгінгі болашақтың көрінісі іспеттес.
Жанр жағынан фильм тарихи кино қатарына жатады.Осы жанрға сәйкес элементтер де кездеседі.Алайда режиссер тарихи фильм жанрының заңдылықтарына іштей қарсылық танытады.Тарихқа қарағанда ол кейіпкердің ішкі және сыртқы бейнесін көптеп көрсетуді көздеген. Көп тарихи фильмдер кейіпкерлері қоғамдағы тарихи оқиғамен негізделген мінезді тепе-тең ұстайды. Ал «Жатта» мүлдем басқаша .Тарихи оқиға тек жанамаланып қана көрсетіліп,кейіпкер бейнесі терең зерттеліп, зерделеніп сипат табады. Ілиястың өмірінен алынған кинотуындыда драма жанрының не болмаса биографиялық жанрдың элементтері бар.
Операторлық жұмыстың жетістіктерін айтып өткен жөн шығар. Себебі режиссердің айтпақ ойын өзгертпестен экранда көрсете білу өте жауапты іс болып саналады.Пландар мен ракурстардың жүйелілігінің арқасында әдемі көз тартар көріністер аз болған жоқ.Табиғаттың әсемдігін, тоз-тозы шыққан ауыл көріністерін ойдағыдай көрсете білді. Әсіресе фильм басындағы жас Ілияс арқар аулап жүргендегі камераның жылдам жылжуы өте сәтті шықаны сөзсіз, әрі есте сақталатындай көрініс деуге негіз табылады.Расында операторлық жұмыс ол фильмнің мағынасының сырттай ашылуына ықпал жасайтын маңызды фактор.Тоз-тозы шыққан ауылдың көрінісін нақыштаған эпизоттар алдымен фильмнің мағынасының ашылуына жұмыс жасаған.Камераның баяу жылжуынан көрермен бойына қатал заман әлеміне еніп кеткендей әсер алады. 
Жалпы Ермек Тұрсыновтың фильмдеріндегі кейіпкерлер табиғатқа жақын болады.Тек табиғаттың заңына ғана бағынады.Сонысымен ол өзіндік нақышын қалыптастыра білді. «Шал» және «Жат» фильмі осы сөзіме дәйек бола алады.Табиғат заңы адам заңына қарағанда тұрақты әрі қатал. Режиссердің өмірлік ұстанымы мен көзқарасы кез келген фильмінде анық аңғарылады. Өнерге шынайы баға беру әр адамның рухани парызы. Киносыншысы болу үшін киноға өз деңгейінде болмаса да, ішкі түйсік пен талғамға сүйеніп тұжырым жасауды «жөн» деп білемін. Сыншы ретінде баға бере алмасақ, бізден мың есе әділ, зерделі «уақыт» дейтін ұлы сыншы күндердің күнінде сарапқа салып, табиғи талдау жасайтынын ұмытпағанымыз ләзім.

471 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы