• Мәдениет
  • 27 Қараша, 2015

Ел жадындағы «Айгүл»

«Айгүл» - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының жанынан құрылған вокалды-аспаптық халық ансамблі. 1968 жылы вокалды-аспаптық квартет түрінде құрылған. 1959 жылы Қыздар институтында музыка факультеті ашылды. Ал 1968-1970 жылдары еліміздің мәдени өмірінде елеулі жаңалықтар болғаны белгілі. Көптеген оқу орындарында музыкалық топтар құрылып, бұл жаңалық Қыздар университетіне де жетті. Сонда өнерден құралақан емес «ЖенПи» студенттері «неге бізге де музыкалық топ құрмасқа?» деп толғаныпты. Осылайша «Айгүл» вокалды-инструменталдық тобы өмірге келді.

Қазақстан жастарының жетекшісі болған Өзбекәлі Жәнібеков ансамбль репертуарымен танысып, алғашқы квартетке ат қою керек екенін алға тартады. Сол тұста бұл квартеттің орындауында «Алақай», «Сатушы қыз», «Студенттердің қоштасу әні» сынды Ескендір Хасанғалиевтің және Әсет Бейсеуовтің әндері шырқалып жүрген еді. Осындай әсем әндерге көңілі толған Өзбекәлі ағамыз «өзі айдай жарқырап, гүлдей жайнаса, нұр үстіне нұр болмас па?» деп өнер ұжымын «Айгүл» атандырған екен. Ансамбль 5-наурыз күні Жамбыл атындағы филармонияда 8-наурыз мерекесіне арналған кеште дебюттік концерт қояды. Сол кеште көрермендерге тамаша концерт ұсынған квартетті халық жылы қабылдайды. Сонымен 1968 жылдың 8-наурызы «Айгүл» ансамблінің дүниеге келген күні болып, тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды. Кейіннен Марат Хамитұлының жетекшілігімен «Айгүл» вокалдық-аспаптық ансамблі болып қайта жанданды. Репертуарынан қазақтың халық әндері, басқа ұлттардың ән-билері орын алды. 1975 жылы «Айгүлге» халық ансамблі құрметті атағы берілді. «Айгүл» гастрольдік сапармен бұрынғы одақтас республикаларды, шет елдерден Польшаны (1970), Югославияны (1973), Моңғолияны (1977), Германияны (1978), Францияны (1972) және Жапонияны (1976) аралады. «Айгүл» Лейпциг қаласында өткен Халықаралық жәрмеңкеге (1979), 22-Олимпиада ойындарының (1980, Мәскеу қ.) мәдени бағдарламасына, Конго халық республикасында өткен Қазақстан күндеріне (1982) қатысты. Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты (1978). Әр жылдары ансамбльдің көркемдік жетекшілері М.Балтабаев, Ж.Тұяқбаевтар болды. Репертуарларында қазақтың халық әндері, басқа этностардың ән билері болды. Кезінде ансамбль гастрольдік сапармен бұрынғы одақтас республикаларды да аралады. 
Бүгінде «Айгүл» ансамблін білмейтін адам кемде-кем. «Тек қана қыздар» деп ән шырқайтын гүлдей жайнаған көркем қыздардың бейнесі «Айгүлдің» аты аталса болды көз алдымызға келері анық. Өткен жылы  Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 70 жылдық мерейтойына тартуы ретінде білім ошағының «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің «Қазақтың ару қыздары» атты ән жинағы жарық көрді. Оған ансамбль репертуарындағы қазақ композиторларының 9 әні кірген. Олар: «Қазақтың ару қыздары» (әні: А.Бексұлтан, сөзі: И.Иса), «Үшқоңыр» (әні: А.Қоразбаев, сөзі: Н.Назарбаев), «Тек қана қыздар» (әні: М.Балтабаев, сөзі: Т.Молдағалиев), «Ардақты Ұстаз» (әні: Г.Өмірбаева, сөзі: С.Тойлыбаев), «Толағай» (әні мен сөзі І.Жақанов), «Су тасушы қыз» (әні: Б.Байқадамов, сөзі: Н.Шәкенов), «Жетісу» (сөзі: Н.Әлімқұлов, әні: С. Кәрімбаев), «Өз елім» (әні: Н.Тілендиев, сөзі: Қ.Мырзалиев) әндерімен қатар, Нұртуғанның «Қанеки, тілім сөйлеші» атты термесі.1
Осы сәттен «Айгүлдің» шығармашылық шарықтауы мен жер-жерге гастрольдері басталды. Осы уақытта елімізде жаңадан ансамбльдер пайда болды. «Дос-Мұқасан», «Гүлдер», Қызылордада «Сыр сұлуы», «Нұргүл», Оралда «Жайық қызы», «Қара көз», Талдықорғанда «Жетісу», Жамбылда «Алатау» және тағы басқа мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бүгінде ансамбльдің алғашқы мүшелері Сақыпжамал Ұзақбаева –педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Галина Қарамолдаева, Ағайша Исағұлова – профессор, әнші-композитор, Дина Ерғалиева, Гүлнәр Бегалиева, Меңсұлу Ысқақова – ғылым кандидаттары. Ал Марфуға Жүнісова – халыққа білім беру саласының үздігі. Ең бастысы, әрқайсысы ардақты ана, аяулы жар болу бақытынан да құр қалған жоқ. «Айгүлдің» құрамы әр төрт жыл сайын ауысып отырады. Алдыңғылар соңына ізбасарлар дайындайды. 
-Болашақ ұстаз, жар, ана болғандықтан да қыздар оқу бітірген соң тұрмысқа шығады. Жұмыс бабымен жан-жаққа тарап кетеді ғой. Сондықтан да жаңа құрамды жасақтап алу да оңай шаруа емес. Мәселен, биылғы оқу жылының басында кастинг жариялап, топ-топ өнерпаздардың ішінен 7 қызды таңдап алдым. Ал, ректорымыз Динар Нөкетаева оларға қазақы оюлармен безендірілген үш түрлі киімді арнайы тапсырыспен тіктіріп берді. Сондай-ақ институттың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Зәуреш Қуандыққызының тікелей қамқорлық сипаттағы араласуымен ансамбльге қажетті жаңа аппаратуралар, микрофондар алдық. Дәл қазір бір ғана қиыншылық бар, ол – кабинет мәселесі. Бізге берілген №309 бөлмеде кейде сабақ болып жатады,-дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ибрагим Дәрібаев. 
Айтса айтқандай, біз барған дүйсенбілік кеште де бөлме босамағандықтан репетиция біраз кешеуілдеп басталған еді.  Сабақтарынан кейін тамақтарын ішіп, әр жатахқанадан келген қыздар бірден бөлме бұрышында жиналып, жабулы тұрған аспаптарын қолдарына алды. Өз орындарына жайғасып алған соң ғана музыкалық құрылғылардың құлақ күйлері келтіріліп, сиқырлы әуен біртіндеп қалықтай бастады. Алдымен бірнеше эстрадалық әндерден жинақталған папури орындалды. Сәлден соң Дәрібаевтар ансамблінің репертуарындағы «Сендерге әрдайым орын бар» дейтін ән құйқылжыды. Алма-кезек әсем әуендер біразға дейін шарықтап барып сәл үзіліс жарияланған тұста қыздармен жеке-жеке танысуға мүмкіндік туды. Олардың барлығы дерлік оңтүстік өңірдің перзенттері екен. Клавиште отыратын Мәдина Сеңгербекова және гитарада ойнайтын Назерке Боранбай мен Меруерт Құрақбайлар Өнер және мәдениет факультетінің мәдени тынығу жұмысын ұйымдастыру мамандығының бірінші курс студенттері болып шықты. Бас гитарадағы Ақерке Сайлыбай мен домбырада ойнайтын Маржан Ұзақ жоғарыда аталған факультеттің музыкалық білім беру мамандығы бойынша дәріс алуда. Ал, барабаншы Ләззат Ақмырзаева институттың педагогика және психология факультетінде оқиды.  Жеке дауыстағы әнші Сымбат Абдали болса қазақ әдебиеті және әлем тілдері факультетінде ағылшын тілін игеруге талаптануда. Негізгі оқуларынан тыс, қолдары босаған кезде қыздар түрлі мәдени шараларға қатысу үшін өнерлерін шыңдайды. Бір ғажабы қыздардың бәрі шеттерінен әнші. Сондай-ақ бүгінгі топ құрамындағы қыздардың аспаптарды меңгеру шеберлігі де, айтар әндері мен киім кию үлгілері де қазіргі заманға сай. Бүгінгі таңда «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің жаңа құрамы халықтың ықыласына бөлену үшін және халықаралық деңгейде өнер көрсету үшін талаптануда.  
Олай болса, өз өнерімен әнсүйер қауымның ғана емес, тіпті шетел жұртшылығының да әу бастан көзайымына айналған «Айгүл» халық ансамблінің өнеріне біз де кең өріс тілейміз. 

Салтанат ҚАЖЫКЕН

746 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы