• Cұхбаттар
  • 27 Қазан, 2015

Музыка – сұлулық пен сезім үйлесімін жеткізудің тәсілі

Қазір біздің концерт залдарымызда жаңа туындылармен қатар бағзы дәуір сазына деген ықылас ерекше өсіп келеді. Бұл әрине, барлық кезде осылай болды деп айта алмаймыз. Кезінде бүкіл ескі атаулыға қарсы өре түрегелу, оны мойындамау, менсінбеу, түсінбеу, байыбына бармау, бетінен қалқу деген сияқты үрдістер өрбіп, тіпті қазақтың дәстүрлі музыка өнері жойылып кетуге шақ қалған тұстар да болды. Бір кезде тіпті «ескі музыкадан еш пайда жоқ» деген пікірлер де болған. Мысалы, батыста немістің ұлы композиторы Иоганн Бахтың кейбір партитуралары саудагерлерге орама қағаз ретінде сатылған екен. Ал кейіннен ескі музыкалық шығармаларды орындау музыка мәдениетінің бөлінбес бөлшегіне айналды. 
Материалдық емес мәдениет түрі болғандықтан, музыка өнері орындалған кезде ғана өмір сүреді, әсер етеді, бағаланады. Яғни, музыканың өмір сүруі үшін оны орындау, іске асыру қажет. Ал музыкалық өнер туындысын іске асыратын ең басты құрал –  музыкалық аспаптар. Тарихта музыкалық аспаптардың сандаған түрлері белгілі, оның ішінде ежелгі музыкалық аспаптардың алатын орны ерекше. Көне музыканы орындау көне музыкалық аспаптармен тығыз байланысты. Олай болса, Ықылас Дүкенұлы атындағы халықтық музыка аспаптары музейінің ғылым бөлімінің меңгерушісі Абзал Арықбаев пен ғылыми қызметкер Мақсат Медеубек қазақ халқының бүгінгі күнге жеткен саз өнерінің ішінде өзіндік орны бар ұрмалы аспаптар, олардың жай-күйі туралы пікірлерімен бөліседі. 

- Ұлттық музыкалық аспаптар  музейде әйнектің ар жағында көрсетуге қойып қойған тарихи жәдігер ғана емес, ең алдымен бағзы заманның материалдық және рухани ескерткіші, көненің көзі, ұлттық дүниетанымның бір бөлшегі ретінде мәдени-рухани құндылық қатарына кіреді. Ал осы музыкалық  аспаптардың әрқайсының өз тарихы бар. Ұрмалы аспаптардың пайда болу тарихына көз салсақ, оларды бақсылықпен байланыстырамыз. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіздер.

Мақсат: Қазақтың музыкалық аспаптары негізінен бес түрге бөлінеді: ішекті, ыспалы, ұрмалы, үрмелі және тілшелі. Соның ішінде ұрмалы аспаптар қатарына дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, қол дабыл, қос дүңкілдек, сақпан, асатаяқ кіреді. Ғалымдардың пікірі бойынша, адамзат тарихында ең алғаш осы ұрмалы аспаптар пайда болған. Оның бір дәлелі, мұндай аспаптар әлем халықтарының барлығында дерлік бар.
Абзал: Жалпы ұрмалы аспаптардың тарихын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде, яғни сонау алғашқы қауымдық құрылыс тұсында адамдар ұрмалы аспаптардың көмегімен аңдарды үркітетін болған. Оның ішінде даңғыра, шартылдауық, зырылдауық деген аспаптар бар. Ең басты мақсаты – аңды үркіту, шулы дыбыстар шығару. Кейіннен адамзат қоғамы дамып, жетілген сайын бұл аспаптар да қолданыс аясын өзгертті. Түркі халықтарының тарихынан белгілі тәңіршілдік, шаманизм кезеңінде бұл аспаптар әртүрлі наным-сенімдерге байланысты бақсылық рәсімдерде қолданылатын басты атрибутқа айналды. Мысалы, даңғыра аспабын бақсылар көп қолданған, ол ағаштан жасалып, бетіне ешкінің, бұғының немесе түйенің терісі тартылады. Қазіргі кезде ол алтай, хакас, моңғол елдерінде бақсылық мақсатта әлі де көп қолданылады. Өкінішке орай, Қазақстан жерінде бұл дәстүр ұмыт қалған. Даңғыра тәріздес шулы аспаптар қатарына қоңырау, асатаяқты жатқызамыз. Бұл аспаптарды да бақсылар қолданған. Олар негізінен бақсылық рәсім кезінде жындарды үркіту, аруақтарды шақыру, адамды  ерекше медитациялық күйге түсіру қызметін атқарған. Кейіннен бұл аспаптардың кейбіреуі, мысалы қоңырау баланы бесікке бөлеу кезінде қолданылған. Яғни, өмірдегі күнделікті тұрмыс-тіршілікте өз орнын тапқан. image001
    Ұрмалы аспаптар тарихының үшінші кезеңі – жыр-дастандарды сүйемелдеу және жаугершілік заман. Әскери жорықтарда бүкіл әскерді бағыттап, басқару үшін дабыл, шыңдауыл, қос дүңкілдек, дудыға аспаптарын қолданған. Мысалы, қазір Ықылас атындағы халық аспаптары музейінде диаметрі 1 метрден 3 метрге дейін жететін жорық дабылдары бар. Олар майдан даласында белгі беруге арналған. Олардың дауысы 5-6 шақырымға жетеді. Ол кезде қазіргідей арнайы құралдар  жоқ, сол себепті әскерді шегіндіру немесе алға жіберу үшін музыкалық аспаптардың дыбысын қолданған. Ұрмалы аспаптардың өзіндік бір ырғағы, ритмі болады. Сол арқылы әскердің дислокациясын өзгертіп отырған. Әрбір әскер қосынында осындай аспаптар болған. Яғни, ұрмалы аспаптар әуел баста музыкалық аспап ретінде шыққан жоқ. Жоғарыда айтқандай, бұл аспаптар аңшылық кезеңі, бақсылық-тәңіршілдік кезеңі, әскери жорық кезеңдерінен өтті. Ал 4-ші кезең бұл қазіргі музыкалық аспап ретінде қолданыс табуы. Яғни, қазіргі фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерде дауылпаз, тайтұяқ, зырылдауық, шартылдауық, дүңкілдек, шыңдауыл сияқты ұрмалы аспаптар қолданылады. 
- Жаугершіліктен кейінгі кезеңдегі ұрмалы аспаптардың эволюциясы – дамуы, түрленуі, өзгеруі, заманға бейімделуі қалай жүрді?  
    Абзал: Ұрмалы аспаптар 18-19 ғасырларға қарай тарихи себептерге байланыс-ты сирей бастады. Бұған орыстың империялық саясаты да өз үлесін қосты. Әсіресе, қазақ халқында бұл аспаптар жойылуға шақ қалды. Тек 1970-80 жылдары Ықылас атындағы халық аспаптар музейі ашылған кезде көптеген реконструкциялық, реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, ұрмалы аспаптардың көпшілігі қайта жаңғыртылды. Бұл әрине, ең алдымен өнертанушы Болат Сарыбаевтың үлкен еңбегі. Айта кететін бір жайт, қазақ халқында кең таралған, алты мың жылдық тарихы бар домбыра аспабының өзі көп өзгерістерге ұшырап, өзінің түпнұсқа қалпын жоғалтқан. Оның жасалу технологиясы да өзгерді, мысалы домбыраның ішегі қазір басқа материалдан жасалады. Қобыз болса сол қалпында бүгінге жетіп отыр. Қылқобыз да бақсылар қолданатын, батырлар жырын сүйемелдейтін аспап. Империялық отарлық кезеңде осы аспаптар қатты қудалауға ұшырады. Сондай-ақ ислам діні қазақ даласына таралған 9-ғасырлардан бас-тап ұрмалы аспаптар бақсылық, тәңіршілдік, шаманизм белгісі ретінде ислам дініне қайшы деген сипатта жойылуға бет алды. Сол себепті бұл аспаптардың  түпнұсқасы бізге жеткен жоқ, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Біздің музейдегі ұрмалы аспаптар көптеген зерттеулер нәтижесінде жаңғыртылып, жаңадан жасалған. Бұл аспаптар түпнұсқа қалпында хакас, алтай, тыва, қырғыз елдерінде сақталған. Кезінде Болат Сарыбаев осы аспаптарды жаңғыртып, үлкен коллекция жасап, оркестрге қосты. Ал қазіргі таңда бұл аспаптардың бәрі қолданыста және қазақтың өнерін танытуға үлес қосуда.
- Бүгінде заманауи музыка өнері, орындаушылық құбылысы шарықтап дамуда және оның түрлері мен стильдері де сан алуан. Ал ұлы мәдениеттің сарқыншағы іспетті ұрмалы аспаптардағы кәсіби орындаушылықтың пайда болуы және өрістеуі қандай деңгейде және  қазіргі Қазақстанда ұрмалы аспаптарда кәсіби орындаушылар бар ма?
Мақсат: Қазіргі таңда ұрмалы аспаптарда кәсіби орындаушылықтың деңгейі, әрине көтеріліп келеді. Фольклорлық-этнографиялық «Сазген сазы», «Әлқисса», «Сарын» сияқты ансамбльдер бұл музыкалық аспаптарды барынша қолданады. Мысалы, біздің «Тұран» этнофольклорлық тобы орындайтын Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйіне қойылған композицияға ұрмалы аспаптарды қостық. Жалпы, адам баласының жан дүниесіне ең жақыны – осы ұрмалы аспаптар. Өйткені, ойнау кезінде ырғағын тез тауып, өзіңе бейімдеп алуға болады.  
Жалпы  қазақ  халқында  жеке орындаушылар болмаса ешқашан арнайы оркестр болмаған. Ансамбль, оркестр – кеңес дәуірінде пайда болған ұжымдар. Осы кезеңнен бастап ұрмалы музыкалық аспаптар өзінің функциясын өзгертіп, музыкалық сүйемелдеуші, ырғақ беруші аспап ретінде қолданысқа енді. 
- Ұрмалы музыкалық аспаптар туралы сөз қозғағанда, оларды орындаудың стиліне, мәнеріне, арнайы техникалық әдістеріне назар аудармау мүмкін емес. Ал аспапты жасау, таңдау, оның сапасы бұдан кем түспейтін мәселе. Осы аспаптар біздің заманымызға сол қалпында жетті ме?
Мақсат: Мұнда даңғыра, дауылпаздың пішіні де, жасалу материалы да көне қалпында келіп жеткен. Ұрмалы аспаптарды ағаштан ойып, иіп, терімен қаптап жасайды. Даңғыраға кейде ешкінің терісі, үлкенірек болса сиыр, түйе малдарының, бұғының терісі тартылады. Біздің музейде бұл аспаптардың бәрі бар.  Олардың көпшілігі бақсының аспаптары, Алтай, Хакас өңірінен келген даңғыралар. Біз бұған дейін соларға тапсырыс беріп жасатып келдік, енді-енді біздің шеберлеріміз үйреніп жасауға кірісті. Дегенмен, ұрмалы аспаптар танымалдығы жағынан домбыра мен қобызға жете қоймайды, өйткені бұл осы аспаптардың ерекшелігіне байланысты. Ұрмалы аспаптар негізінен оркестрдегі қосымша аспап ретінде қолданылады. 
Абзал: Ұрмалы аспаптарды жасайтын шеберлер баршылық, негізінен бұл аспаптарды  «Шертер» ЖШС жасап шығаруда. Осы Ықылас атындағы халық аспаптары музейі «Шертер» фирмасымен тығыз байланыста. Сондағы шеберлермен кеңесіп, осы аспаптардың жасалу технологиясын қайтадан жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ал жасалатын материалдар бұрынғыша – ағаш, тері, металл. Әрине, жаңа технологияны қолдану қажет, бірақ материалы мен түрін сақтау маңызды.
- Қазақстандағы ұрмалы аспаптардың білім беру  саласындағы жағдайы қалай?
Абзал: Өкінішке орай, Қазақстанда музыкалық оқу орындарында осы аспаптарға арналған пән де, сабақ та жоқ. Ұрмалы аспаптарда ойнауды үйрететін кәсіби мамандар мүлде жоқ.  Мен өзім Мақсат Жүсіпәлі деген мультиинструменталистен үйрендім, ол ұлттық аспаптардың барлығында дерлік ойнай алатын Қазақстандағы деңгейі ең жоғары музыкант. Ол кісі «Отырар сазы», «Әлқисса» ансамбльдерінде ойнаған. Мақсат аға кезінде ұрмалы аспаптарда ойнайтын жалғыз маман болған, сондай-ақ осы аспаптарды зерттеуге көп үлес қосқан кәсіби музыкант. Ал Қазақстанда ұрмалы аспаптарда ойнайтын кәсіби музыкант дайындайтын оқу орны жоқ. 
- Ұрмалы аспаптарды кәсіби деңгейде одан әрі жетілдіру үшін не істеу керек, келешегі қандай?
Абзал: Ұрмалы аспаптарды одан әрі жетілдіру жайы туралы айтсақ, біріншіден, білім беру орындарында осы аспаптарды қолданысқа енгізу керек. Ең болмағанда, факультативтік сабақтар жүргізілсе. Бұл тек кәсіби музыкалық оқу орындарына ғана қатысты емес, сонымен бірге кез-келген білім мекемесінде, мейлі ол медициналық, техникалық оқу орны болсын, қосымша сабақтарда музыкалық аспапта ойнауды үйрету керек. Мысалы, Корея, Жапония елдерінде бүлдіршіндерге міндетті түрде қандай да бір музыкалық аспапта ойнауды үйретеді. Бұл ұлттық мәдениетке баулумен бірге музыкаға жақын болып өскен баланың жан таза болатынына мән беруден туған үрдіс. Бұл көбінесе үрлемелі және ұрмалы аспаптарға қатысты. Өйткені, үрлемелі аспапта ойнау адамның өкпе қызметі, тыныс алуы үшін пайдалы, сондай-ақ өкпе, кеңірдек ауруларының алдын алады. 
Екіншіден, әрбір адамның өз ырғағы болады, сол арқылы жүйке жүйесі, координация бір жүйеге келеді. Онымен қоса, шығармашылық қиялы дамиды. Сондықтан корейлер мен жапондар осы екі аспапты бірдей оқу үдерісінде қолданады. Шет елдерде гастрольдік сапарларда байқайтынымыз, неше түрлі мамандық иелері, финансист, банкир азаматтар кем дегенде бір музыкалық аспапта ойнай біледі. Бізде де осы үрдісті қолға алу қажет.
Мысалы, қазір «Көкіл» мектебі Абдулхамит Райымбергеновтің басшылығымен ұлттық аспапта, оның ішінде домбырада ойнап үйренудің жаңа технологиясын қолдануда. Осы «шәкірт-ұстаз» технологиясымен бала 45 минуттың ішінде домбырада ойнап кетеді. 
Мақсат: Бәлкім, «Drum Line” тәрізді тек ұрмалы аспаптардан құралған топ құру керек шығар. 
-  Көне дәуір аспаптары жаңа мыңжылдық тыңдаушыларына әсер ете ала ма?
Абзал: Қазір жаһандану заманында  шетелдің музыкасы жаулап алды деген алаңдаушылықтар басым, дегенмен бұл үрдістерден қашпау керек. Музыка бір орында тұрмайды, ол үнемі дамып, өзгеріп отырады, әрбір музыканың өз кезеңі болады. Қазақтың ұлттық музыкасы ешқашан ұмытылмайды. Бұл әрбір қазақтың бойына генетикалық жолмен берілетін нәрсе. Кейде шетелде өмір сүріп жатқан, ана тілін, тарихын білмейтін қазақтардың өзі қобызды, ұрмалы аспаптарды тыңдаған кезде денелері түршігіп, өзімізді 8-9 ғасырларда жүргендей сезіндік деп айтып жатады. Яғни, бұл өнер ешқашан жоғалмайды, ұмытылмайды. 
Жаппай келіп жатқан бұқаралық мәдениет үлгілеріне қарсы тұра алатын да осы ұлттық музыка. Бірақ ол үшін баланың құрсақтағы кезеңінен бастау керек. Қазақтың ұлттық музыкасын,  классиканы тыңдау керек. Жалпы классикалық музыка адамды сабырлылыққа үйретеді, жан-жақты болуға ықпал етеді.  Ал қазақтың музыкасы ең алдымен философиялық музыка болып табылады, бұл – бір, ал екіншіден, ол – патриотизм. Байқасаңыз, әр ұлттың музыкасы сол халықтың ұлттық менталитетіне сәйкес келеді, мысалы татардың музыкасы негізінен көңілді, биге жақын, өмірге құштарлыққа толы. Қазақ музыкасында терең ой басым, жауынгерлік рухқа толы. Бұл халқымыздың тарихына да байланысты болса керек. Айталық, Махамбеттің, Құрманғазының күйлері адамға рух береді, жігерін жаниды. 
- Музыкадағы орындаушылық өнері арқылы «жақсы талғам» қалыптастыруға болады. Олай болса, сіздер насихаттап жүрген ұлттық музыка қазіргі жастардың музыкалық қабылдауын өзгертуге қабылетті ме? 
Мақсат: Музыканың өз тілі бар, оны кәдімгі сөздермен жеткізу қиын. Оны тек аспаптарда ойнау арқылы сезінуге, ұғынуға, бойлауға болады. Ал көне музыканы түсініп қабылдау ондағы бүкіл сезімдердің бояуы мен ойлардың реңктерін сол аспаптарда бере білуге байланыс-ты. Жалпы әр адамның музыкалық талғамы бала кезден қалыптасады. Жастардың талғамын өсіру үшін бала кезден дәстүрлі музыканы тыңдатса, ұлттық оркестрдің концерттеріне, музейлерге жүйелі түрде барып тұрса, әрине ол бала қазақ музыкасына ерекше көзқараспен қарайды. Бізде бір теріс түсінік бар, ол қандай да бір әнші немесе топ өз елімізде көтеріле алмай жүріп, Еуропадан жүлде алып келсе ғана оған ерекше ықылас танытып, мойындайды. 
Дегенмен, кәзір ұлттық аспаптарға қызығушылық танытып жүргендер көп. Өзіміз де шәкірт тәрбиелеп жүрміз. Кез-келген жастағы адамдар, студенттер, қызметкерлер тілек білдіріп, үйренгісі келеді. 
- Ал осы аспаптарды тарихи шығу тегіне, мақсатына қарай пайдаланып жүрген адамдар бүгінгі күні бар ма екен?
Абзал:  Ұрмалы аспаптарды бақсылық мақсатта пайдаланып жүрген адамдар кездеседі. Бір белгілі халық емшісі өз рәсімдеріне даңғыраны, сылдырмақты қолданады. Міне, осындай сонау заманнан келе жатқан дәстүрді жалғастырып жүрген бақсы-балгерлер әлі де бар. Мұндағы ең бастысы – дәстүрді сақтау. Бұл ана тіл мен мәдениет сияқты ұлт болып қалу үшін қажет ең басты құндылықтар.
Мақсат: Табиғи дыбыстардың адамға емдік қасиеті де бар екені дәлелденген. Айталық, бақсылар  адам емдеген кезде трансқа кіріп, осы аспаптардың дыбыс күшін қолданған. Асатаяқ та, сылдырмақ та бақсылардың аспабы. Нарқобыздың тиегін алып тастап, ұрмалы аспап ретінде пайдаланған. Шыңдауыл батырдың дулығасына ұқсайды, оны мойынға іліп алады. Шартылдауық, сақпан деген аспаптарды аңшылықта, сондай-ақ ауыл шаруашылығында құстарды үркіту үшін де пайдаланған. 
- Қазіргі кезде аса дамыған, әмбебап музыкалық аспаптар бар, олар кез-келген аспаптың орнын баса алады. Көне музыкалық аспаптардың заманауи аспаптардан айырмашылықтары жайлы айтып кетсек. 
Мақсат:  Дыбыстар арқылы көркем бейне туғызу, оны тыңдарманның көз алдына келтіру әр музыкант үшін арман, оған қол жеткізу оңай емес. Мұндағы ең маңыздысы – сол заманауи аспап көне музыкалық туындының дыбыстық ерекшелігін, бояуын, тембрін беруі тиіс. Алайда қазіргі заманауи аспаптар көне дәуірлердің сазын толығымен бере алмайды. Көне аспаптардың қазіргі заманғы аналогтары оларға ілесе алмайды, сондықтан оларды қайта жаңғыртудан дұрыс жол жоқ. Біз қазір қазақтың сонау ежелгі тамырлары бастау алатын дәуірлерге бет бұруға мүмкіндік алдық, кез-келген тарихи дәуірдегі музыкалық стильдерге назар аударамыз. Көне музыканы түпнұсқалық орындау үшін міндетті түрде сол заманның түпнұсқа аспаптарын немесе олардың дәл көшірмесін қолдану қажет, сондай-ақ оларда ойнау техникасын сақтамай болмайды. Бірақ, әрине,  дәл сол 2000-3000 жыл бұрынғыдай дәстүрде орындау мүмкін емес. 
- Ғылыми қызметпен қатар ұлттық музыканы насихаттаумен айналысып жүргендеріңіз белгілі. Осы бағыттағы жеке шығармашылықтарыңыз жөнінде білсек. 
Мақсат: «Тұран» этнофольклорлық тобының мүшесі ретінде дәстүрлі музыканы заманауи түрде халыққа ұсыну ісіне үлес қосып жүрміз. Біздің мақсатымыз көне өнерді насихаттау арқылы жастарды ұлттық өнерге бұру, көзқарасын өзгерту, патриоттық сезімдерін ояту. Осы тұрғыда біз көптеген жаңалықтар енгіздік. Мысалы, даңғыра аспабының өзгеше формаларын тауып, қолданудамыз. Асатаяқтың бір түрі – көптаяқты жасадық. Сол сияқты шартылдауық, дабыл, дауылпаз аспаптарын ел ішінде жаңаша түрде насихаттап жүрміз. Жалпы бүгінгі таңда мәдениетті, өнерді насихаттау дұрыс жолға қойылып келеді, шет елдерге гастрольдік сапарларға шығамыз, елдегі концерттерімізге де халық көп келеді. Тыңдаушыларымыздың 80%-ы жастар. Осы күнге дейін «Тұран» тобының екі күйтабағы шықты. Ең бастысы, ұлттық музыканың ырғағын бұзбай, дыбысын, бояуын өзгертпей, заманауи түрде орындау қажет деп санаймыз. 
Абзал: Ұрмалы аспапта ойнаумен қоса көмеймен қайыру өнерін жаңғыртып жүрмін, бұл сонау сақ пен түркі заманынан бері келе жатқан ән айту дәстүрі. Өкінішке орай, біздің халқымызда көмеймен айту шамалы ұмытылып, кенже қалған өнер. Кәзіргі Қызылорда облысында, Қармақшы өңірінде көп кездеседі. Көмеймен қайыру да көне замандағы тәңіршілдікпен байланысты ұғым. Түркілер әлемді үш бөлікке бөледі: жер асты, жер үсті және аспан – Көк Тәңірі. Көмейден осы үш әлемнің дыбысы бірдей шығып, үйлесім табады: қарқыра, көмей, күркіреу. Ең жоғарғысы – күркіреу (аспан), төменгісі – қарқыра (жер асты) , ал ортасында – көмей, яғни адам. Көптеген эпикалық жыр-дастандар көмей арқылы орындалған (Абзал осы дыбыстарды көмеймен қайыруды көрсетті).
- Ұлттық музыканы, аспаптарды таныту, дәріптеу, насихаттау жағы көңіл көншітерлік пе?
Абзал: Ұрмалы аспаптарда ойнауды әлемге таныту деңгейі өте жақсы. Фольклорлық ансамбльдердің барлығында бұл аспаптар қолданылады. Түрлі деңгейдегі этнофестивальдерге қатысамыз, осы өнерді дамытуға талпынысымыз жоғары. Әсіресе, Еуропа елдерінде гастрольдік сапарға барғанда біздің аспаптарға, ұлттық музыкаға үлкен қызығушылықпен таңырқай қарайды. 
Ұрмалы аспаптарды насихаттау, оны қолдау мәселесіне келетін болсақ, әзірге бұл өнер тек жекелеген адамдардың энтузиазмы арқылы өрістеп отыр, мемлекет тарапынан қолдау аз. Дегенмен, нақты жобалар ұсынып, мемлекет тарапынан бөлінетін гранттарды ұтып алуға болады. Барлық мәселе адамның өзінде, өз қабылетін іске асыруында, көрсетуінде жатыр деп білеміз.
- Музыканттар өздерінің дүниетанымын, көзқарасын өзі орындайтын аспапқа қарай қалыптастыратыны бар. Сіздердің қазақтың дәстүрлі өнерін лайықты жалғастырып жүргеніңіздің өзі отаншыл азамат екендеріңіздің бір көрінісі.
Мақсат: Адам ақпаратты түрлі жолмен алады. Музыка  да адамға бір нәрсені, жай нәрсе емес, сұлулық пен сезім үйлесімін жеткізудің тәсілі. Кез-келген нәрсені жақсы жасау үшін оны сүю, бар ынтаңмен берілу, нәтижесінен рахат алу қажет. Бұл әсіресе музыка өнеріне ерекше қатысы бар, өйткені музыка – рухани дүние.
Музыканттың табысқа жету оның дарынына, қабылетіне, еңбекқорлығына, табандылығына, өз ісіне берілгендігіне тікелей байланысты екенін білеміз, оның шығармашылық қиялы ұшқыр боған сайын алдынан кездескен қиыншылықтарға төтеп беру қасиеті күшейіп, бұл оған дем береді, қалайда көздеген мақсатына жетуге ұмтылады. 
Абзал: Саз ырғағын бүкіл жан-жүйеңмен сезініп, бір сәт тән ырқынан босап шығу, кеңістікте қалықтату саз өнерінің ғажап құбылысы. Ал осы тыңдаушылардың музыканы сезінуі, әсерленуі орындаушыға тікелей байланысты. Егер орындаушы музыкамен тұтасып, саз сиқырының тұңғиығына бойлата білсе ғана ол нағыз орындаушы.
- Көне де жаңа музыканы насихаттау жағы қалай қалыптасуда? Арнайы фестивальдер, концерттер ұйымдастырыла ма?
Абзал: Концерттер, музыкалық фестивальдер – музыканың өмір сүруінің бірден бір кепілі. Ұлттық музыканы орындаушылар да қазіргі заманғы қазақстандық мәдениеттің бір бөлшегі. Үнемі шығармашылық ізденісте болу, тың жолдарды табу бәсекеден қалмауға көмектеседі. Әйтпесе бір орында тұрып қалу артқа кету деген сөз. Әсіресе, көне саз аспаптарымен айналыса жүріп, ежелгі музыка өнерінің тарихына бойлау, заманауи талаптармен үйлестіру арқылы түпнұсқа аспаптардың ерекшелігі мен қасиетін жеткізу – біздің басты міндетіміз. 
Ықылас атындағы халық аспаптары музейі тарапынан балабақша, мектеп, колледж сияқты түрлі оқу орындарында дәріс-концерттер ұйымдастырылады, мұнда әр аспаптың жеке дыбысы, олардың үндестігін көрсетуге басты назар аударылады.
Мақсат: Жалпы музыка ескі не жаңа деп бөлінбейді, тек жақсы немесе нашар музыка ғана бар. Қазір эстрадалық жеңіл-желпі әуендер көбейгенмен де, бұл уақытша құбылыс. Тек нағыз таза өнер ғана мәңгілік, ешқашан ескірмейді, жаңғыра  береді. 
Немістер Моцарттың музыкасына қандай ұқыптылықпен қараса, біздің ұлттық мұрамызға да сондай көзқарас қажет. 
- Иә, бардың берекесін келтіріп, жоқтың ізін індетіп зерттейтін зерделі жастар, оны қолданысқа енгізіп, қазіргі ұрпақтың санасына құятын, немқұрайдылықты жойып, рух-жігерді оятатын зерек ұландар барда қазақ өнері ешқашан өлмейді. Салмақты да салиқалы әңгімелеріңіз үшін алғыс айтамыз. Қазақтың дәстүрлі өнерінің әлеуетін таныту жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілейміз.

Әңгімелескен 
Дина Имамбаева

706 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы