• Қоғам
  • 12 Қазан, 2015

Инновациялық экономиканың дамуы – жарқын болашақ кепілі

Алматы облысында инновациялық жоба аясында көптеген кәсіпорындар, зауыттар ашылды. Бұл кәсіпорнының ашылуы Алматы облысының ауыл шаруашылығын дамытып, халықтың жұмысқа тартылуына өз септігін тигізді. 

Панфилов ауданында «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің қуаттылығын арттыру бойынша инновациялық жоба Индустрияландыру картасына енгізіліп, бұл өз кезегінде құрылыстың жаңа кезеңіне жол салды. Өндірістің жаңа желісінің арқасында елімізде сапасы жағынан шетелдік өндірушілер өнімімен бәсекелесе алатын экологиялық таза өнім шығарылып, тұтастай алғанда, осы бір маңызды дақылды дамытуға ден қою мақсатты түрде жүзеге асырылып жатыр.

Таяуда  Алматы облысындағы Жаркент крахмал-сірне зауытында жүгері дәнін кептіретін жаңа зауыт кешені іске қосылды. Биылғы  жылы аудан диқаншылары 25,4 мың гектардан астам алқапқа түрлі сұрыпты жүгері өсірді. Өңірде еліміздің бірнеше өңірлерін қамтамасыз ететін жүгерінің «Дала аруы» элиталық сұрыпы да мол егілді. Орақ түскен алқаптағы жүгерінің «Тұлпар» атты түрінің гектарынан орта есеппен 10 тоннадан собықты жүгері жиналды.

Қазір осы Панфилов ауданындағы жүгері егу алаңы 25 412 гектар жерді құраса, оның 21,5 мың гектарындағы жүгері дақылы қарқынды технология бойынша өсіріледі. Кластер қалыптастырудың ерекше алғышар­ты ескеріліп, Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған осы кәсіпорын крахмал, сірне, глютен, жүгері майы секілді жоғары сапалы ауылшаруашылық өнім түрлерін шығарады. Бұл өнімдерге қағаз, мұнай өнеркәсібіндегі, нан-тоқаш, кондитерлік, сыра өндіру, тоқыма, фрамацевтика өндірісімен, сонымен қатар құс шаруашылығымен айналысатын отандық және шетелдік компаниялардың сұранысы күн санап арта түсуде. 

Зауыт жұмысының барынша қарқын алып, нақты нәтижелер бере бастағаны аңғарылады. Отандық өндірушіні қолдау мақсатында кәсіпорын жергілікті шаруалардан килограмына 30 теңгеден шамамен 25 мың тонна жүгері сатып алды. Айта кету қажет, кейбір шаруалар өнім бағасының көтерілуін күтіп, сатып алушы ұсынысынан бас тартады, сөйтіп, уақытты өткізіп алады. Ал бос кеткен уақыт өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне игі әсерін тигізе қоймасы белгілі. Мәселен, толық тазарудан өткен дайын дақылды Қазақстанға Украинадан килограмына 23 теңгеден жеткізуге мүмкіндік болса да, зауыт әрдайым шикізатты жергілікті өнім өндірушілерден сатып алады. Бұл өз өнімдеріміздің ысырап болуына жол бермеу, отандық өндірушілерді қолдап, қолғабыс ету мақсатында пайда болғаны сөзсіз.

Алматы облысындағы  Шеңгелді ауылында орналасқан «Бәйтерек АгроСервисінің»  холдингінің қарамағындағы ауыл­шаруа­шылық мақсатындағы жері­нің жалпы көлемі – 420 гектарды құрайды. Оның ішінде суғармалы жер – 240, жайылым жер – 171 гектар жер, қалған 9 гектар жер аумағында әртүрлі ауылшаруашылық нысандары орналасқан. ЖШС өкілінің айтуынша, 40 га жер теліміне картоптың германиялық «Solana» сұрыпы, 50 гектар жерге ірі пияздың отандық «Манас» сұрыпы отырғызылған. Үстіміздегі жылы кәсіпорынға 1 миллион 915 мың теңге субсидия бөлінген.

Ал алматы облысындағы «Nur Agro» агрофирмасы», «ТЖН мен К» және «Қанат» холдингінің өнімдері Алматы қаласында жоғары сұранысқа ие, сондай-ақ өнімдері Ресей, Түркіменстан, Әзірбайжан және Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталуда. Холдинг құрамындағы ЖШС тамшылап суғару жүйесіне Ресейде және Израильде шығарылған құрылғыларды пайдаланылады. Мұнда суғаруға қажетті суды үнемдеп қана қоймай оны тиімді пайдалану үшін арнайы насостар, фильтрлер мен өзге де су құрылғылары сатып алған. Себебі насостың орнатылуынан кейін биылғы жылы шаруалар су тапшылығын сезінген жоқ. Бұл жұмыстың тиімді ұйым­дастырылып отырғандығын дә­лел­дейді.

Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында да бірнеше зауыт бой көтерді.  Сүт өнімдерін шығаратын «Амиран» серіктестігі балаларға арналған сүт және сүт тағамдарын шығарумен айналысады. 2010 жылдың аяғында іске қосылды. 87 адам қызмет істейтін  өндіріс орны  балаларға арналған тағам түрлерін шығарады. Зауыт тұтынушыларға сүт өнімдерінің 11 түрін ұсынып отыр. Атап айтқанда, балалар тағамына арналған сүт, 6 айдан асқан балаларға арналған сүзбе-паста, 1 жасқа толған балаларға арналған сүзбе, қышқыл сүт қоспасы,т.б. өнімдер бар. Технологиялық қондырғыларды венгриялық компаниядан алдық. Ол Еуропадағы озық техника санатына жатады. Сол арқылы  балаларға арналған  сүт өнімдерін  шығаруға мүмкіндігі мол. Шығарылатын өнім сапасы жоғары. Сүт фермасында жиналған сүт  өңдеу зауытына жіберіледі. 3 жылда іргелі кәсіпорынға айналған серіктестікте жылына 1500 тонна балаларға арналған тағамдар шығарылады.

Бүгінгі таңда «Амиран» серіктестігі серпінді даму үстінде. Үдемелі экономикалық бағдарламаны байыпты іске асыру арқылы компания отандық нарықта өзінің тұрақты  тұтынушысын тапты. Талғар ауданында орналасқан серіктестік иелегінде 2 мың гектарға жуық жер бар. Екі жыл ішінде мұнда сүт фермасы салынды. Биыл көктем айында Канада елінен 700 бас ірі қара әкелінді.

Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округіндегі «Фреш Фуд Қазақстан» ЖШС-нің жеміс-жидек сақтау қоймасы австралиялық технологиямен салынған. Ғимарат құрылымы мен ондағы орнатылған германиялық жоғары технологиялы құрал-жабдықтар жергілікті дәстүрлі жеміс-жидектерді, сонымен қатар сырттан әкелінген экзотикалық жеміс-жидектер өнімдерін жыл бойы сақтауға мүмкіндік береді.

Басты ерекшелігі – компания жеміс-жидек өнімдерін ұзақ уақыт сақтау жүйесінің арқасында көкөністер мен жеміс-жидектерді жыл маусымына қарамастан өткізуге мүмкіндігі бар. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Фреш Фуд Қазақстан» ЖШС-нің инвестициялық салымы 68,6 миллион теңге сомаға субсидияланды.

«Фреш Фуд Қазақстанның» бұл теңдессіз интенсивті алма бағы болып саналады. Мекеме Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылдық округінде орналасқан. Бақтың қазіргі алаңы 45 гектар, болашақта 60 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Бүгінгі күні бақта 127 000 алма, алмұрт, шие көшеттері отырғызылған. 2013 жылдың жазында құлпынайдың жаңа бес сорты тәжірибе ретінде отырғызылды. Тамшылатып суару жүйесі қолданылатын бақ еуропалық жаңа технологиямен жабдықталған. Шаруашылығын жүргізу барысында алдыңғы қатарлы аграрлық технология  қолданылады. Ал алманың іріктелген арнаулы сорттары отырғызылғаннан кейінгі келесі жылда өнім алуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы 400 тоннаға жуық алма өткізу жоспарланған.  

Осылайша Алматы маңында азық-түлік өнімдері пен мал шаруашылығын қалыптастыру ісінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Нұрлан ҚҰМАР

 

 

 

460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы