• Айтарым бар...
  • 19 Маусым, 2015

Пара алу арсыздардың ісі

Қоғам мен адам бір-бірімен тығыз байланысты. Қоғам жоқ жерде адамның өмір сүруі мүмкін емес. Қоғамдағы асқынып бара жатырған дерттің бірі – пара алу. Пара беру де көбеймесе азаймай отырғандығын жоққа шығара алмаймыз. Алдындағы санымызда ҰБТ-да балды ақшаға сатып алатындардың бар екендігін жазған болатынбыз. Біз қазір балаларға мектеп жасынан бастап пара беруді үйретіп жатырған секілдіміз. Балалардың бәрі ақшаға сеніп кеткен, ҰБТ-дан ақшамен өтемін ғой деп ойлайды көбісі. Мұғалімдерімізде пара алуға дағдыланып алған. Әрине бәрі емес, дегенмен ондайлар бар.

Оларға мемлекет істеген қызметтеріне сай ай сайын жалақысын төлеп отыр емес пе?! Ақшаны әр адам маңдай терімен еңбектеніп табу керек. Әлде осыны мақтаулы мамандық иелері саналатын мұғалімдеріміз білмейді ме?! Қарап тұрсаңыз солардың бәрі ақыл тоқтатқан жандар. Істеген істері дұрыс адамның істейтіні емес. Қарап тұрып күйініп кетесіз. Жеңіл жолмен келген лас ақша абырой әкелмейді. Пара алу соның ішінде оқушылар мен студенттерден ақша алу барып тұрған ең сорақы іс. Жол ақылары өздеріне жетпей, үйден жіберген ақшамен әзер күнелтіп жүрген аш студенттерді тонағанда не пайда таппақ? Пара алу – мәдениетті түрде тонау. Өз басым осындай анықтама берер едім. Кейбір университеттерде сынақ кітапшасының арасына ақша қыстырмаса жақсы баға қоймайтын оқытушылар бар екен. Олардың өздерінің ставкілері болады екен. Мысалы бес деген баға алу үшін сұрақтарға жауап берумен қатар екі мың теңгені ебін тауып беруіңіз керек. Өйтпеген жағдайда көрген күніңіз қараң. Кімнің төмен баға алғысы келеді. Шәкіртақылары не киіміне, не тамағына жетпейтін байғұс студенттер кафелер мен ресторандарда официант, ыдыс жуу-шы, бармен болып жұмыс істеуге мәжбүр. Өлмеудің амалы. Не дегенмен тірлік істеу керек. Бір айға дейін оларға ақшаны кім береді? Ақша дегенің аспаннан жаумайды ғой. Кейде студенттер қауымын аяп кетесің. Оларды бейресми түрде – «мәдениетті қайыршылар» дейді. Орынды пікір. Бәріне көнгіш халық. Әр студенттен әлгіндей ақша алғанда оқытушылар байымай кімдер байысын. Санасына берсін деуден әрі аса алмайтынымыз тағы бар. Құрсыншы бұл дертті жою мүмкін емес қой дейміз. Осы қазақты «құрсыншы» құртады. Қашанғы бәріне көз жұма қарай береміз. Елімізде пара алу мен пара беруге қарсы заң бар. Бірақ көпшілігі ол заңға пысқырып та қарап жатқан жоқ. «Бармақ басты, көз қысты» әлі де болса бар. Бәрінің көздегені қолдан келсе қоныштан басып қалу. «Бал ұстаған бармағын жалайдының» кері. Өз қызметтерін асыра пайдаланып ақшаға кенелуді қалайды. Ең бастысы қалталарын қалыңдатса болғаны. Басқа адам ол ақшаны қалай тауып жатқандығына бастарын да ауыртпайды. Жоғары жақта миллиондап, тіпті миллиардтап жеп, шетел асып кеткендер бар. Оның бәрі мемлекеттің ақшасы. Ал мемлекеттің ақшасы сіз бен біз секілді қарапайым адамдардың төлеген салығынан құралатынын естен шығармайық. Осының бәріне мемлекетіміз шарасыз. Қолдан келер қайран жоқ. Қазіргі таңда еден жуушының да артында мықты тірегі бар. Олар да осы жұмысқа ақшаның күшімен кіреді екен. Бір мекеменің кіші қызметкерін әңгімеге тартқанда осындай әңгіменің шетін шығарды. Оны айтқан кісіні атауды жөн деп таппадық. Біреу үшін біреуді күстаналаудың бізге қажеті жоқ. «Айтпаса сөздің атасы өледі». Мұндай жағдайлар орын ала беретін болса алдағы санда шындықты өкіртіп тұрып жазатын боламыз. Бірақ мұндай жағдай орын алмайтын шығар деп ойлаймыз. Кімнің баспасөз бетіне шығып масқара болғысы келеді. Университеттегі жағдайды айттық. Енді мемлекеттік мекемелердегі жағдайға тоқталсақ. Мемлекеттік мекемелердің бірі – аурухана. Онда адамдар ауырған жерін қаратуға, еміне шипа табу үшін барады. Ауыра көрмеңіз. Ауыра қалсаңыз дәрігерге қаралып шығудың өзі қияметқайым. Бітпейтін құжаттармен жүріп ит сілікпеңіз шығады. Әрі-беріден соң өзіңіз шаршайсыз. Анализ тапсыру үшін кезек, қан қысымыңызды өлшету үшін кезек, тағы бір нәрсе үшін кезек. Әйтеуір бітпейтін кезектер. Дәрігерге жеткенше жүйкеңіз жұқарып бітеді. Кей медбикелер кезексіз өткізу үшін аздап ақша алатын көрінеді. Бірақ параның аз, көбі болмайды. Қандай мөлшерде ақша алсын, ол – пара болып есептеледі. Уақыттарын сарп еткісі келмейтін жандар пара беруге мәжбүр. Өйткені қазір ешкімнің артық уақыты жоқ. Нарық заманы сіздің жайбасарлығыңызды күтпейді. Заман күн сайын өзгеріп жатыр. Жұмыр жерде ғұмыр кешкен әр пенде заманның ағымынан қалмай өмір сүруге тырысады. Сол үшін талпынады. Тазалыққа жауап беретін сан-эпидстанция қызметкерлері де пара алуға үйір. Жұмыстарында шикілік бар әр мекеме оларға параны айтқызбай береді. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей оңай олжаны кім жаман көрсін. Бір жыртығымды болсын жамап алармын деген жаман ниетпен ұсынған ақшаны қалталарына сүңгітіп жібереді. Пара алатын тағы бір мамандық иелерінің бірі – Маи қызметкерлері. Бұны екінің бірі біледі. Олар ақшаны ала таяқтың артында тұрып, жүргізушілерден ананы бір, мынаны бір сылтаулатып алады. Маи дегенің қазір екінші құдай. Тоқтатқан машинасынан бірнәрсе алып қалмаса ішкендері ас болмайды. Жүргізушілер де оларды жаман үйретіп болған. Тоқтата қалса ақша қыстыруды әдетке айналдырған. Олардың құныққаны соншалық параны ашық түрде сұрауға көшкен. Атам қазақ: «Ашыққаннан құныққан жаман» демеп пе еді? Бұл сөзді олар естен шығарған. Білсе де үйреншікті тірлігін жасауға әдеттеніп кеткен. Сөзіміз құр шықпау үшін бірнеше адамның пікірін біліп, сұрақ қойған болатынбыз. Ескерте кететін жайт сұхбат алып, пікір білдірген адамдардың аты-жөндерін өзгертіп беріп отырмыз. Бұл жағдай қайталана берсе, аты-жөндерімен шығарудан да тайынбаймыз. Пара алған адамның да аты-жөнін жариялайтын боламыз.

1. Еркінбек Айбарұлы, 
І курс студенті:
- Мен М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-нің филология факультетінің студентімін. Сұрағыңызға келер болсам елімізде пара алу және пара беру фактілері бар. Бұны жасыра алмаймыз. Өз басым пара беріп көрген емеспін. Университетімізде пара алу фактісі болғанын естімеппін. Болмай-ақ та қойсын. Егер менен пара сұрайтын болса, тиісті орындарға хабарласамын.

2. Гүлмира Маратқызы, 
ІІ курс студенті:
- Мен ақылы оқу бөлімінде білім алып жатырмын. Оқу орнымды айтпай-ақ қояйын. Менен экзамен уақытында пара сұрағандар болды. Сұрағанда тіке келіп сұрамайды, әрине.
Группаның старостасына осындай ақша жинаңдар деп айтады. Жақсы баға алу үшін амалсыздан жинап береміз. Жұмысқа тұрарда дипломдағы бағаға да қарайды ғой. Соны біліп алған ұстаздардың бір бөлігі пара алатынын жасыра алмаймын. Бұл жақсы іс емес қой не дегенмен.

3. Берік Абилов, 
такси жүргізушісі:
- Сұрағың өте орынды, інім. Пара алатындар жетіп артылады. Бұл ұлт болып күресетін іс. Өз басым Май қызметкеріне екі рет пара бердім, жасырып қайтейін. Әрине көп емес, бірақ пара болып есептеледі ғой. Машинамның фарын жақпағаным үшін, екіншісі жылдамдықты шамадан тыс асырғаным үшін ақша төледім. Маи қызметкерінің өзі жағдайды тым әріге апармай-ақ қояйын. Осындай ақша бер деді. Қазір ережелерді бұзбауға тырысып жүрмін.

4. Жамила Есімова, 
қала тұрғыны:
- Жұмысқа тұру үшін дәрігердің рұқсаты керек дегесін құжаттарды құнттауға кірістім. Әлгі құжаттарды рәсімдеу үшін пәленбай дәрігерге кіріп, мөр қойдыруым керек. Онымен жүрсем биыл бітпейтін түрі бар. Аурухананың бір қызметкерімен сөйлесіп көріп едім, аздаған ақша берсең істеп беремін дегенді айтты. Сөйтіп оны ризалап, тиісті құжатқа оңай қол жеткіздім. Бұндай қадамға мен амалымның жоқтығынан бардым. Тезірек жұмысқа тұруым керек болды. Қазіргі кезде өмір сүрудің өзі қиындап кетті ғой. Енді пара бермеймін ғой деп ойлаймын.

Сұхбаттасып, әңгімелескен адамдарымыз осылай дейді. Осындай жайттарды өз құлағыммен естіп, жағамды ұстадым. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген заман әлі де болса кете қоймапты. Болашақта еліміз парақорлар еліне айналмасын деңіз. Ондайдың бетін аулақ қылсын. Құдай сқтасын!

 

 

image001

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысының тумасы.

Әртүрлі ғылыми конференция мен

байқаулардың жүлдегері. Журналымыздың тұрақты оқырманы.

 

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы