• Айтарым бар...
  • 19 Маусым, 2015

Ұлылардың көз жасы

Әке – Дюма хақында бала – Дюма : «Бір күні әкемді гүл бағындағы сүйікті скамейкасында отырған жерінен көрдім. Еңкейген күйі  қос алақанымен бетін басып қатты егіліп жылап отыр екен.  Жүгіріп қасына бардым.
–  Әке, қымбатты әкетайым, сізге не болды? Неге жылайсың?

– Мен мүсәпір де қайырымды Портосты аяймын! (Портос – «Үш ноян» романының кейіпкері. –  Ж.А.) Оның иығына тұтас жартас құлады , соған ол  шыдас беруі тиіс. Құдай –ай,  бұл қандай ауыр!» депті. 
Ал Гёте бір күні хатшысынан:  «Мен о дүниеге аттанғанда немістер не дер еді?» – деп, сұраса керек. Хатшы әрине қатты қайғырады дейді. – «Тіпті олай емес, – депті  Гёте. – Олар ұлы адамның  өктем ауыртпалығынан құтылдық деп бір жеңілдеп қалады».  «...Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады. «Сізге не болған ?» – дейді, достары үрейленіп. «Немене сіздер ештеңе білмейсіздер ме ?» – дейді Бальзак. «Құдай ақы, жоқ тезірек айтыңызшы!», «Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой» депті Бальзак!» «Горио әкей»  романының соңғы нүктесін қойғаннан соң  35  жастағы  Оноре де Бальзак  осылайша еңіреп- есеңгіреп,  делқұлы күйге түсіпті. 
М. Әуезовтың «Абай жолын» жазғанда да, жазғаннан кейін де бастан кешкен жан азабы Бальзактан асып түспесе кем түспеген. Әсіресе Әуезов коммунистік идеологияның тепкісінен қатты шаршап, егіледі. «Көп жандарды аяздай қарыған сол ызғар борандатып, қайта түтей бастауы алаңдаушылығын күшейтті. Содан да жанталаса еңбектеніп, соның жосықсыз айыптауларынан құтылғысы келді. Осы кезде өмірдің жұлқулары еркін еңбек, еркін ой көсілістеріне тежеу, тосқауыл қойғандай дағдарысқа түсірді» (Т. Әкімов). Соған қарамастан жаны жаралана жүріп, кемеңгер Әуезов қазақ халқын өлмес асыл мұра – «Абай жолы» дәуірнамасымен әлемдік аренаға алып шықты! 
    Саналы ғұмыры кеңес империясының төрт құбыласы түгел, «қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған» заманында өткен «Адамзаттың Айтматовы»:«Ақ кемені» жазғанда мен  жыладым. Әдебиет – қашанда трагедия, –деді ол, – біз оқушыға ащыны және қасіретті айтқан сайын, тіпті одан да бетер сұмдық дүниелерді жазып безіндіреміз. Біздің тірлігіміз–   оқырман үшін  бәрін жүректен өткізіп, жан кешу». – деді»(Д. Быков.) Міне, күрмеуі тор-бау, күрделі  зор талап! Уақыт талабы! Сан  қырлы, сан сырлы шығармашылық тағдырлар. Рас, бәрін бір қалыпқа салуға да, өлшеп- пішуге де болмас. Осы ретте  уақыт талабын ойласақ, тәуелсіз еліміздің тәубелі төл әдебиеті  хақында санаң сан- саққа жүгіреді..
Турасына көшейік, бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды, Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің балпаңдар  жаза алды ма? Жаза алмаса, неге жаза алмай жүр?  Бальзак әдебиетке түреннен жол салды,  біз сала алмадық, неге?  Бальзактың біздің қазақтан, қазақ жазушысынан несі артық? -  дейсің кей сәтте, пенделікке салынып. Дарыны мен қарымы (қарыны десеңіз де)жағынан қай қазақ одан кем еді?! Ол көрген құқайды, ол көрген шығармашылық мехнатты қазақ көрмеді ме?.  Бальзак «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүрді дейсіз бе?. Керісінше, Бальзак ысқырып тұрған әбжыландар заманында, дүрбелеңдер мен дүрдеараздар дендеген, дүмпулер мен күнкілдер, жаңару мен жанығу кезеңінде өмір сүрген. 1789 жылы Француз төңкерісі қара халықтың жігерін құм қылған алып Бурбондар әулетін, абсолюттік монархия-ны тақтан құлатты. Бальзак шыр етіп дүниеге келген жылы Напалеон Бонопарт   Франция билігінің ұшар басына шыққан.  «Семсермен ойыңа келгеннің бәрін істеуге болады, тек оған отыруға болмайды» деген император төрткіл дүниені бағындырып, билеп төстегісі келді.Бірақ арманына жете алмады.
Ұлтымыздың небір жазармандары сырты жұтынып тұрған, тоққарын,  том -том бордақы  кітаптарын  шығарып жатыр. Шығара берсін дерсіз –ау. Олардың « Кітап жазу қиын емес.  Бір ай, бір жылда талай дастан, талай  роман жазып тастау түкке деп тұрмайды» дегенін де көрдік. Биліктің, беделділердің қолымен жиын ұйымдастырып, оқымай-ақ таныстырады, мақтатады, таратқызады.  Ізінше айрықша  құрмет, қошамет, сый –сияпат жасатады.
Оқушы қауым өз еркімен  оқып, тұшынып,   мойындау керек -ау деген ойына кіріп те шықпайды. Себебі, бәрі де жан қинамай жазылған жазбалар.  Олар қағазға (мониторға) көз жасы тамбағандар.  Көркем әдебиетті еріккеннің ермегі, қызыққанның көрмегіне айналдырғандар.Ашпай тұрып-ақ  жәдігөй көңілге алданып , өз өтірігіне, өз жазғанына өзін сендіргендер.
Жүрекке жетпей тұрса да, жылтыр, жалған сөзге жанарымыз  шынымен-ақ жасаурай ма, өзі?!


Жанұзақ Аязбеков,
Қостанай

 

26 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала Бірліктің барар жері – Мәңгілік ел
Келесі мақала Пара алу арсыздардың ісі

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

момын

14 Тамыз, 2020

Бәрі жөн. Бүгінде жан қинамай көпірте жазып,оқырманнан мойындау күтетін жазармандар кеуде соғуда.Зорлап мойындатқысы келетіндер бар.Биліктің күшімен.

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы