• Қоғам
  • 29 Мамыр, 2015

ДЕНСАУЛЫҚ – ЗОР БАЙЛЫҚ

Денсаулығы мықты адамның мың арманы болса, науқас жанның денім сау болса екен дейтін бір ғана арманы бар. Сол көрермен арманына жол тапқан «Дауа» телеемханасы медицинаның бүгінгі мүмкіндіктерінен көрініс береді. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу – ел стратегиясының маңызды тетігі. Әйел денсаулығы мен қайсар азаматтарымыздың денінің саулығы біз үшін маңызды.

    Бағдарламаның әр саны көрермен сұрауы бойынша түрлі ауру түріне арналады. Соған сәйкес еліміздің білікті дәрігерлері кеңес береді. Біздің мақсат – дәрігер мен көрермен арасындағы дәнекерлікті жоғалтпау. Бүгінгі медицина жаңалықтарынан хабардар етіп, жаңа инновациялық құрылғылардың артықшылығын көрсету. Редакциямызға күніне бірнеше хаттар келіп түседі. Барлығы да дертіне – шипа, жанына – дауа іздейтіндерден. Ауруынан құлан таза айыққысы келетін кішкентай бүлдіршіндерімізден бастап, ана болып бесік тербетсем, әлемге мейірім төксем, немерелерімнің қызығын ұзағынан қызықтасам дейтін әжелерімізге дейін көгілдір жәшіктің ар жағында бізге тілеулес. Олар артқан сенім – біздің ұжым қанаты. Телекөрермендерімізге пайдалы, тың ақпарат беріп әр бағдарламада бір жаңалықты көрсетуге тырысамыз. Соның бірі жақында ғана түсірілген «Онкологиялық қызметтің жаңа жетістіктері». Бағдарламаның бұл санында онкоқызметті арттырудың мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері жайында айтылды. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында бұл қызметтің жеткен жетістіктері көп. Алдына мақсат еткен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен өлім-жітімді азайту көрсеткішіне де қол жеткізіп үлгерді. Қазіргі кезде қатерлі ісікті емдеудің бірнеше әдістері бар. «Тrubeam» аппараты – медицинаның жаңа мүмкіндігіне айналған заманауи құрылғы. Жаңалық! Бұл сәулелендіру құрылғысын Қазақстан Орта Азия елдері арасында бірінші болып іске қосты. Мамандардың айтуынша, «Тrubeam» аппараты қатерлі ісікті жоғары деңгейде емдеуге қауқарлы. Осы айтылған сәулемен емдеу негізінде айыққан Арайлым есімді бүлдіршініміз келді. Ол өз денсаулығын сеніп тапсырған дәрігерлеріне алғысын білдіріп, олардың біліктілігіне, бүгінгі медицинаның деңгейіне қуанатынын жеткізді. Еліміздің ертеңі болар бүгінгі ұрпаққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей-ақ болсын қуаныш сыйлай алсақ – біздің мақсаттың орындалғаны. Денсаулық – адам баласының зор байлығы. Олсыз кең дүние – тар дүниеге айналады.

Ал Ақмола облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметіне келсек, ол  негізінен 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өңірімізде жүзеге асыру, тұрғындар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, дене белсенділігін арттыру, ұтымды тамақтану, жұқпалы аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарының үйлестірушісі болып  табылады. Елбасының  әр жылғы дәстүрлі халыққа  арналған Жолдауларында  «Профилактикалық медицина – аурулардың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті» деп айтады.  Яғни, салауатты ұрпақпен ғана қуатты Қазақстанға айналарымыз сөзсіз.

Скрининг – бұл ерте сатыда ауруларды және қауіп-қатер факторларын анықтау үшін белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық медициналық тексерілуден өткізу, аурушаңдықты ерте анықтау, дер кезінде емдеу және алдын алу мақсатында дәрігердің адам денсаулығын ұдайы бақылауға алып, осылайша емдеудің тиімділігін арттыру және асқынулардың алдын алу. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл бағытта мемлекеттен қаражат бөлініп 2011 жылдан бастап жұмыс жүруде. Қазіргі таңдағы әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына еніп тұрған қан айналымы аурулары, көз аурулары, оның ішінде глаукома (суқараңғылық) және қант диабеті ауруларын болдырмау және ерте сатысында анықтау мақсатында 25, 30, 35, 40, 42, 44 жастағыларды және сол сияқты 65 жасқа дейінгі адамдарды профилактикалық тексеруден өткізу. Оған қоса аурулардың ішінде сүт безі, тоқ және тік ішек, өңеш, асқазан, қуық асты безі, бауыр қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында 50, 52, 54, 56 және сол сияқты 60, 70 жастағы адамдарға және жатыр мойны қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтау мақсатында 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жастағы әйелдерді тексеру қаралған. Скрининг барысында адамды ауру деп анықтамағанымен, түрлі ауруларға бейімділік факторлары анықталса, міндетті түрде аурудың алдын алу үшін емхана ішінде арнайы  денсаулық мектептерінде сауықтыру шаралары жүргізіледі.

                                                                                       Нұрлан ҚҰМАР

543 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы