• Мәдениет
  • 26 Мамыр, 2015

Жарнамадағы тіл мәдениеті

Бүгінде тіл мәселесіндегі түйткілдердің бірі – ол жар­на­мадағы тіл сауаттылығы. Жарнамалардағы тілбұзарлық мемлекеттік тілге өз зиянын тигізіп отырғанын айтпасқа болмас. Не істеу керек? Қандай шараларды қолға алу керек? Осы сауалды арқау еткен келелі жиын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен Алматы әкімдігінде өтті.

Өзекті мәселеге пікір білдіріп, ой қозғау үшін жиынға тіл мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері, тілжанашырлары қатысып, дөңгелек үстел басында жарнама тіліндегі кемшіліктерді талқыға салды.

Алматы қаласы Тілдерді дамыту мұрағаттар және құжаттама  басқармасының басшысы Мамай Ахетов күн тәртібіндегі мәселеге орай басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол жарнаманы заң арқылы реттеу, жарнама берушінің мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру және т.б. мәселелерге байланысты өз пікірін білдірді. «Мэлс Ержанов» жеке қорының директоры, өнертанушы Земфира Ержанова бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамадағы орфоэпиялық, стилистикалық қателерден мысалдар келтіріп, өзекті пікірлерін ортаға салды. Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтілеу іс-қағаздары мен жарнаманың барлығы алдымен мемлекеттік тілде жүргізілу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар мемлекеттік тілде жазылатын жарнаманың сауаттылы­ғы­на көңіл бөлу қажеттігін айтты. Жиынға қатысқан Алматы қалалық Тілдерді дамыту бас­қар­масы басшысының орынбасары Жаңабай Қайсенов, А.Байтұрсын­ұлы атын­дағы Тіл білімі ­институ­ты оно­мас­тика бөлімінің меңгеру­ші­сі, фи­лология ғылымының док­торы Қыз­дар­хан Рысберген, Алматы қаласы Әділет департаментінің бас маманы  Нұралы Шахабаев жар­намадағы тілге бай­ланысты өздерін толғандырған мә­селелердің заң жүзінде шешілу жол­дарына назар аударды.

Нұрлан Құмар

488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы