• Руханият
  • 01 Қазан, 2012

Мемлекеттік тілде іс қағаздарын қолданудың теориялық, практикалық маңызы

Кенжегүл Мақанқызы

Қазақ тілі – қазақ мемлекетінің тілі. Тіл – айтулы қазынамыз, тіл – айрықша құралымыз, қарым-қатынасымыз бен түсіністігіміздің кепілі дегенімізбен, осы тілді қолданудағы бірізділіктің сақталмауынан да кейбір ағаттықтардың туылып қалуы даусыз. Мемлекетіміздің мәртебесін биіктетіп тұрған – туған тіліміз. Онсыз мемлекет – мемлекет болмайды, халық – халық болып қалыптаса алмайды. Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай әрі таза тіл – қазақ тілі. Біздің тілімізде кәусар бұлақтың үні де, шапшаң шаруалардың сыры да бар. Еліміздің әуендете тарқатқан ғұмырдеректерге толы әсем әндерінде қазақтың танымынан сыр шертетін, бүкіл өмірлік қағидаларын қалыпқа салатын тың деректер бар. Абай Хакім айтқандай, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» десек, кез-келген сәбидің туылуымен бірге шариғатпен сабақтаса қандай да бір ырым-жоралғылардың орындалуымен қатар, күн сайын бір-бір жаңа құжаттың толтырылып отыруы кәміл. Яғни әрбір адамның туылғанынан–өлгенге дейінгі аралықта қандай да бір іс құжаттарының жүргізілуі – оның өмірінен дерекнамалық қызмет атқарады. Оған мұқият, ыждаһатты болуымыз керек.  Басқаша айтқанда, әрбір адам баласының өмірімен қатарласа жүретін іс қағаздары – ғұмырдерегіміздің жазбаша көрінісі, оны байыпсыз толтыруға болмайды. Адамға ат қоюдың өзі антропонимия ғылымының зерттеу нысаны, тікелей айналысатын кәсібі болса, құжаттарды толтырудағы бірізділікті сақтау да, мұқияттылық пен сауаттылық та лексикология, фразеология, синтаксис пен морфологияның қамтитын мәселелері. Қазіргі таңда ұлттық дағдарыстың түсініксіз сырларын бағамдауымызбен байланысты, арнайы жүргізілуі тиіс іс құжаттарының мәтіні зерделеніп, арнайы пән ретінде оқытылуға бет алғанын білеміз. Осы орайда қазақ іс қағаздарының мәтіндері зеределеніп, бірнеше оқу құралының жарық көргені мәлім. Олар: Дүйсембекова Л. «Іс қағаздарын қазақша жүргізу». Оқу құралы. «Ана тілі ЖШС» Алматы, 2001; Алдашева А., Ахметжанова З., Қадашева Қ., Сүлейменова Э. «Ресми іс қағаздары». «Сөздік-Словарь», Алматы, 2002; Салагаев В., Шалабай Б. «Іс қағаздарын жүргізу. Составление деловых бумаг». Алматы, «Раритет», 2002;  Жақыпов М.Қ., Сапарбекова Ә.Ә. «Іс қағаздарында жиі қолданылатын сөз тіркестері. Словосочетания, часто употребляемые в делопроизводстве». Әдістемелік құрал. Астана, 2000; Жақып Ә. «Іс жүргізу. Делопроизводство». «Фолиант» баспасы, Астана, 2000; Қазақстан Республикасы мемлекеттік ұйымдарында құжаттау мен құжаттаманы басқарудың тұрпатты ережелері. Типовые правила документирования и управления документацией в государственных организациях Республики Казахстан. Астана, 2003; В.И. Скала, Б.В. Скала, Н.В. Скала. Қазақстан Республикасында іс қағаздарын жүргізу (мемлекеттік және ресми тілдерде іс қағаздарын жүргізудің үлгілері). Делопроизводство в Республике Казахстан (с образцами формуляров на государственном и официальном языках). «LEM»,  Алматы, 2001; Хазимова Ә. «Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу», «Ол-Жас» баспасы, Алматы, 2004; Қазақ тілі. Ресми қарым-қатынас, іс қағаздары тілі /А.Алдашева, З.Ахметжанова, Қадашева, Э.Сүлейменова/. – Алматы: Рауан, 2000; Ресми-іскери қарым-қатынас тіркесімдер сөздігі /А.Алдашева, З.Ахметжанова, Қадашева, Э.Сүлейменова/. – Алматы: Рауан, 2000 және т.б.

Сонымен бірге іс құжаттарын түгендеуде басшылыққа алынатын нормативтік құқықтық негіз қалыптасқан: 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының № 151 «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы; 1998 жылғы 14 тамыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 769 «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» Қаулысы; 1998  жылғы 24 қазандағы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының № 17-457-Р бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде іс жүргізу жөнінде нұсқау»; 2001 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 168 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде іс жүргізу жөнінде нұсқау»; 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңы және оған енгізілген толықтырулар мен өзгерістер; т.т.

Іс қағаздарын жүргізу процесі, тарихи ақпараттарға жүгінген кезде көне дәуірлерден бастау алғанын көреміз, яғни, онда қаулы-қарарлар да, бұйрықтар да, жарлықтар да еркін түрде, саналы, мақсатты, байыппен, /бұл өз кезегінде қазақ халқының ментальды қасиеттерін көрсетеді/ қандай да бір мәселенің оңды шешілуін көздеп жазылған болса, оның /нәтижеге ие/ көрінісі – бүгінгі заманға жеткен тарихи ахуалымыздың бірізденуінен байқалады.

Мемлекет мемлекет болып қалыптасқаннан бері іс қағаздары жүргізіледі десек, қателеспейміз, өйткені, мемлекеттілік құрылмай тұрып, іс қағаздары жүргізілмейді, /шындығында, зиялысы болмаған қоғам ғана іс қағаздарына мұқтаж емес,/ зиялысы бар қоғам – мемлекеттілігі бар қоғам. Осы күнде зиялы деп – мемлекет деңгейінде ойлай алатын, қоғамдық мәселелерді шешуге қабілетті адамдарды айтамыз... Қазақта ондай адамдар аз болмаған. Тіпті, ел зиялысының, оқымысты ғалымдардың бір-бірімен өзара жазысқан хаттары да іс қағаздарына саналады. Ал, мұрағат жүзіндегі шаң басқан деректерге жүгініп, сараптау жүргізген ғалымдарымыз бұл елдің Қазақ хандығы құрылмай тұрып-ақ, өз менталитетімен, өзінің дербестігімен ерекшеленгенін, елді-мекеннің өзінің де қазақ жерлері болғандығын дәлелдеген. Сонымен қатар күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің дәлелі болып отырған әндерімізге, жыр-толғамдарымыз бен өлең шеберлерінің сөздеріне жүгінсек, тарихи мекенімізді дәріптейтін түйдектерді көптеп кезіктіреміз...

Абзал даланың ақиық ақындары сөз еткендей, санамыздың жарасқандығын, қасиеттеріміздің бірлескендігін бір ғана әнұранымыздан табамыз... Байтақ далада егін егіп, көсіле думандатқан халықтың тынысы мен тіршілігінің айғағы. Гүлі болып егілген қазақтың, жыры болып төгілген қазақтың жанын құрайтын, тәнін құрайтын, топырағына тәнті ететін – ұлттық болмысы бар. Олар сол ұлтының болмысы жоқ жерде өмір сүре алмақ емес, ол – маңызсыздыққа ұрындырады. Тіршілік – мәнімен, маңызымен жасай бермек. Тірліктің маңызы мен мәнін айқындайтын іс қағаздарын қазіргі уақытта өлең өнерімен, жазба әдебиетімізбен, тарихи дереккөздерімізбен бірге қарастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Яғни, тірліктегі сабақтастықтың дәлелін де, қай уақиғаның қай орында, қашан өткені жайлы ақпаратты да осыдан аламыз... Яғни, дереккөзіміз сараптамадан өткеннен кейін барып, тарихымыздың беймәлім қырларын анықтап отырса, бүгінгі құжаттарымыздың жүргізілуіндегі бірізділікті сақтаудың да келешек тарихымызды қалыптастырудағы мәні зор. Айғақталмай қалмайтын /дерегі өшкен, көнерген, ұмытылған/  дереккөздерді біз тергеу амалдары арқылы айқындасақ, күнделікті құжаттар тізімдемесінде бар деректерді біз өмірқазынамыздан саналатын шежіремізге қосуымызға болады. Логикалық ой сараптау арқылы да ұрпақтың өресі өседі, өрісі кеңейеді, тарихын таниды... Тарихымызда күнделікті өтіп жатқан оқиғаларды «шежіреміз» деп атасақ, қазіргі «зайырлы» қоғамымызда «мұндайларды» айқындайтын іс қағаздарымызға салғырт болуға болмайды. Қандай да бір іс құжатының дұрыс жүргізілмеуі, өтірік жүргізілуі, қателерге толы болуы да – мемлекетіміздің «беделіне» қаншама нұқсан келтіріп, ата-бабаларымыздан «жалғасқан» шежіреміздің құнын кетіреді /шатасуларға, сол арқылы негізсіздіктерге, ойша сараптауға немесе болған істің анық-қанығын білуге кедергі келтіреді, мұнан өз кезегінде сенімсіздіктер, алдау, бұрмалау, бұра тарту пайда болады да, ұрпақтар арасындағы шиеленісті қатынастарды күшейте береді.../.

Біз, қазақ халқы ешқашан тәуелді болған емеспіз, керісінше, еліміздің ардақтылары, беткеұстар азаматтары елін, жерін жаудан қорғау жолында күресіп, жанын қиып та келген.

Қазақ жазуының алғашқы үлгілері сонау ерте замандардан сыр шертетін ескерткіштерден мәлім болғанын ұғынсақ, одан бергі замандарда да, ұлы ғұламаларымыз табиғат тану, ғылым тану, ел тану, қоғам тану, өнер тану, физика, математика, химия, поэтика, астрономия, синоптика, логистика, дін тану, тіл тану, әдебиет дамыту саласындағы молынан мәлімет беретін еңбектерді мұра етсе, сол заманның түсінік, пайғамдарына сәйкес алғашқы қағаздардың үлгілерін сол заманның бектері мен билері, ханзадалары қалыптастырған. Бұл – түркі халықтарына ортақ мұра. Ал, кейінгі замандарда қазақ қарпін ретке келтіріп, өз әліпбиіміздегі  сөздер мен сөйлем мүшелерін түгендеген сара саңлақтарымыз қазақ әдебиеті мен тілінің үлесіне зор салмақты шығармаларды тастап кетті. Олардың барлығы да бір басына бірнеше кәсіптің машығын түйістіріп, әрі ғалым, әрі публицист, әрі ақын, әрі аудармашы, әрі мәдениет, қоғам қайраткері болған. Сыпсың сөз бен сайқал саясатты ұстанбаған. Салиқалы сананы салмақты сөздермен толтырудың мән-маңызы осында.

Қазақ зиялы халық. Оны өңдеудің қажеті жоқ. Кез-келген көзі ашық азаматтарымыз бен азаматшаларымыз өз ойынан орайы келгенде сөз саптап, көзге түссе, біз (қазақ халқы) мұны лайықтап, халық адамы деп санап, биік мәртебеге жеткергеніміз анық. Қазақтың кең даласын жайлаған халқымыздың біртуар азаматтарының есімдері ел аузында сақталып, ауыздан ауызға таралып, бай ауыз әдебиетіміздің негізін құрап келген.

Қазақ – жазба әдебиеті бар халық. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ, әрқайсымыз мектеп жасынан қолымызға алған кітаптардан, оқулықтар мен ақпарат көздері беттерінен танысқанымыздай, қазақта жыршылар көп, әдебиет мамандары көп, тіл зерттеуші ғалымдарымыз бар, өскелең ұрпақтың аузынан да екі шумақ өлеңді қиналмай аламыз. Қазіргі сөз қолданудағы сөзуарлығымызға келсек, бүгінгі күні теледидар арқылы тамашалап жүрген, бәріміз қол соғып, қошемет көрсеткен, «жанымызбен» болысқан, жанкүйерлік танытқан «шешендеріміз» бен дүлдүлдерімізді атап айтуға болады. Тіл-көзден сақтасын, қазақ сөз саптауға келгенде, көзі ашық, көкірегі ояу, сара саңлақтарымызға кенде болған халық емес, керісінше, айтулы ақиқаттың өзінде тұрғанындай, күнделікті өмір тәртібінің өзінде де дәстүрді ұлық тұтқан, бір ауыз «өлең» тыңдамаса, таңдайы «құрғайтын» қазақ екенін дәлелдеп жүр. Ешбір ерсі қарым-қатынасқа бармайтын, етегі ашылмаған қазақ!

Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, іс қағаздарының ресми қарым-қатынастарға негізделетінін білеміз. Тура айтқанда, елдің мәселесін шешудегі, қоғамдық қатынастардың реттілігін сақтаудағы басты құндылықтардың бірінен саналатын іс құжаттарының бәрі де үйде, түзде, немесе әдепсіз жерлерде емес, құзыретті органдар мен мәдени мекемелерде жасалатыны сөзсіз. Қазақ – әдепті халық. Әдебінен аспағаны соншалық  – «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, Шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без», – деп келген, қыздарын да, ұлдарын да, «бос сөзділіктен», «бос мақтаннан», «бос күлкіден», «бос ұйқыдан» тыйып келген халық. Отарлаушылық кезеңнің «санасын» қоспағанда, қазақтың күн тәртібінің өзі «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, Ерте тұрған еркектің ырысы артық» болған, өте пысық әрі шапшаң халық.

Қазақ тілін меңгеру – қазақ тілінің сөз байлығын меңгеру. Яғни, қазақ тілінің сөз байлығын жалаң түрде меңгеру емес, ұлттық дүниетанымымызбен ұштастыра отырып зерделеу. Бұл арада қазақ сөздерін жаттап алып емес, оның терең мәнеріне бойлап оқыту маңызды. Сөз байыбына барған адам ғана «ондағы» құндылықтарды ұғады. Яғни, мектеп бағдарламасынан бастап-ақ, қазақ ұғымындағы төл түсініктерімізді қамту, қазақ тұрмысындағы қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарымен таныстыра отырып, ұлттық этнографиямыздың қыр-сырын меңгерту – қазақ зиялыларының қалыптасуына бірден-бір мүмкіндік беретін даңғыл жол. Қазіргі уақытта мұндай іс-шаралардың да қолға алынғаны белгілі. Тек жеделдету, құлашын кеңінен жаю мәселесі – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл салада – телебағдарламалар арқылы ұлттық тілдің насихатталуы, телеолимпиадалардың ұйымдастырылуы, қазақ әдебиетін айшықтайтын бағдарламалардың іске қосылуы – оңды қадам. Осымен бірге қазақ ғалымдары мектеп бағдарламасындағы оқулыққа да қазақ тілінің дүниетанымын айғақтайтын материалдарды қосып отырғаны – санамыздың жаңаруына, жаңғыруына себепші болар жақсы қадам. Тек ниет керек. Яғни, қазақ тілді бағдарамалардың барлығында да қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі байырғы сөздердің қатары сап түзесе, бейнелі оралымдары қайтып оралса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда Ж. Аймауытұлының «Бала өз тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды» деген сөзін бәріміз де құп аламыз. Ал, айшықты тіліміздің қадір-қасиетін ұғындырып, өмірін сарп еткен ғұламаларымыздың дайын түйіндеріне жүгінсек, «Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы» (Ж.Аймауытұлы), «Тіл-адам жанының тілмашы» (М.Жұмабаев), «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» (Х.Досмұхамедұлы), «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» (А. Байтұрсынұлы) екенін мойындаймыз. Елдің, ұлттың болмысының өзі негізгі кезекте тілден, тіл тазалығынан тұрады /адамзат баласы өзі солай жаратылған/, оның сақталуына, басты назарда болуына, күнделікті тыныс-тіршілігіміздегі өз функциясын қалыпты атқаруына жағдай туғызуымыз керек. Мұның өзі басқа тілдегі құжаттарды аудармалаумен келмейді, мысалы, орыс тілінде (өзге тілде) ресімделген құжаттарды «аударып» қана отыра беру – ұлттық сананы қалыптастырмайды, жалтақтыққа ұрындырады, өз орайы келгенде сөз саптай білмеуге, орысша (өзге тілдегі) түсініктердің қалыптасуына әкеледі, себебі, сіз орыс (өзге тілдегі) мәтіндерін оқып отырып, орыс тілді (өзге тілдегі) конструкцияларды зерделеуге мәжбүр боласыз... Ал, қазақ тілді іс құжаттарын жүргізу – қазақ тілінде ойлаумен келеді. «Жеті жұрттың тілін біл, Жеті түрлі білім біл» деп кеткен қазақ ата-бабамыз өзге ұлттардың білімімен де сусындауды насихат еткен, бірақ, бұл өз кезегінде, ана тілін меңгергеннен кейін барып жүзеге асырылуы тиіс, себебі, сананы қалыптастыратын – тіл, оны меңгермей тұрып, өзге тілдердің дерегіне ден қою – орашолақтыққа ұрындырады. Айтылмыш тілдің мәнерін білу – адам баласы көзін ашқаннан бері көрген тілінде сөйлеумен келеді. Ал, аударма теориясы дегеннің өзі кез-келген бір семинарларға өзге ұлт өкілдерінің қатысуы кезінде белгілі бір мәтінді аударып түсіндіру арқылы немесе синхронды аударма қағидалары арқылы барып, қағазға түскен мәлімет. Қазіргі таңдағы қазақ мемлекетінің іс қағаздарын орыс тілінде жүргізуіміз – сан ғасырлық сананың дағдарыста қалып қоюының нәтижесі екені түсінікті. Елге пана бола алған ғалымдарымыздың сөзінің, ана болған туған тіліміздің аясында мемлекеттік бағдарламаларымызды жүргізе білу – өскелең ұрпақтың өміріне енген оңды қадам екеніне кәміл сенеміз!

Бүгінгі таңда қазақ тілі заңмен қабылданған мемлекеттік тіл. Оны дамытудың алғышарттарының өзі Кеңес одағының тұсында айқындала бастағанын білеміз, мұның өзі сол кездегі қазақ тілінде сөйлеуші қауымның үлес салмағының көп болуынан. Қазіргі кезеңде қазақ тілін қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында түрлі тіл фестивальдері, ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, мектептер мен балабақшаларда да қазақ тілін дамытудың мәселесі жөнге келіп жатқаны мәлім. Қазақ ғалымдары тарапынан жасалған зерттеу, зерделеу жұмыстары, қорғалған диссертациялар, шығарылған оқулықтардың өзі де қазақ қоғамына қосылған сүбелі үлес, ал тіл зерттеуші ғалымдарымыздың өзі қазақ тілді қоғамның тәрбиешісі, белді мүшесі дей аламыз. Іс қағаздарын еркін түрде жүргізіп кете алу үшін қазақ тілінің лексикасын, морфонологиясын, фонетикалық жүйесін, синтаксистік құрылымын еркін меңгеру жеткілікті. Осыны еркін меңгерген адамдар ғана өзара ақпарат алмасуда іскерлікті қалыптастыра алады, іс жүзінде құжат дайындауда қиыншылықтарға ұрынбайды. Өз түбірімен, өз тұлғасымен сөздерді орынды қолдану, мәнерлі жұмсай білу, ойдағыны қиналмай төгіп айтып тастау – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі қолданысымыз. Яғни, мұны қалыпқа келтіруде отбасылық қарым-қатынастағы тіл түзулігін сақтау, мектеп бағдарламалары материалдарындағы тілді дамыту, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сөз қолданудағы бірізділікті сақтау қажет. Осы арқылы бұқараның санасы түзеліп, оңтайлы ой ойлай алады, өз мемлекетінің мәселелерін өзі шешеді. Руханиятымыздың қайнар көзінен саналатын бабалар тілінің шұбарлануынан түзілген келеңсіздіктерді жою – келешек ұрпағымыздың еншісіндегі абыроймен атқарылатын шаруа. Қазақтың тілінде сөйлеудің, қазақтың тілінде сөз саптаудың, қазақтың тілінде іс жүргізудің теориялық пән арқылы оқытылуы да, практикалық жағынан қолданысқа келуінің өзі де күнделікті күн тәртібінен түспейтін мәселелердің нақты шешімін табуға жәрдемдесеріне иманымыз мол. Тек, сананы сан ғасырлық күстен аршу керек! Іске сәт!

703 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы