• Мәдениет
  • 27 Сәуір, 2015

«Ромеоны ойнарда қатты қобалжыдым»

-    Мерей, өзіңді оқырман қауымға таныстырып өтсең. Қай жердің тумасысың?
-     Мен, Алматы облысының Балпық би кентінде дүниеге келдім. Үйдің еркесі де, серкесі де, ұлы мен қызы да өзім. Балалық шағым сол өңірде өтті, кейін Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектепті 9-сыныпта тәмамдап, Талдықорған қаласындағы Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің хорға дирижерлік ету мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Колледжді қызыл дипломға бітіріп, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білімімді жалғастыруға мүмкіндік алдым. Музыкалық театр актеры мамандығы бойынша Есмұхан Несіпбайұлы Обаев ағамыздың тобына түсіп, Алма Кәкішева, Баян Қажынабиева сынды ұстаздардың алдынан өттім. «Сахна тілінен» екі жыл Асия Малимова апайымыз, екі жыл Ерлан Біләл ағамыз дәріс берді. Қазіргі таңда қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында қызмет істеп жатырмын.

Мерей1
-    Театрға алғаш келген кезің, алғашқы жұмыс күнің есіңде ме? Өнер ұжымы сені қалай қабылдады?
-    Мұндай үлкен ұжымға алғаш келген күнім ерекше есімде қалды. 2013 жыл, тамылжыған тамыздың бірінші күні болатын. Бірге білім алған досым Ғалым Оспанов екеуміз бір-біріміздің қолымыздан ұстап алғанбыз, көзіміз шарасынан шығып кетейін деп тұрған күйде кіші залға еніп, жайғасқанымыз сол еді, «Мұнда әркімнің өз орны бар, біреудің орнына отырып қоймаңдар!» деген ескерту алып үлгердік. Барлық актер, актрисалар жайғасып болып, директор кіргеннен кейін бос орындардың біріне отырдық. Еркін Тілеуқұлұлы «Жиналысты жақсы жаңалықпен бастаймыз. Қатарымызға екі жас актер қосылмақ» деп бізді сахнаға шақырды. Біз, актерлердің қошеметіне құрмет білдіріп, өзімізді таныстырдық. Сол сәтте қобалжығаннан қатты дірілдеп, айтарға сөз таппай қалғанымды жасырмаймын. Жиналыс біте сала бізді қойылымға дайындыққа жібергенін айта кету керек. Алғаш рет елге белгілі, халықтың сүйікті әртістерінің алдында қолыма берілген мәтінді оқу керек болды. Парақты ұстаған күйде, көзімнің қиығымен маңайыма қарасам бәрі маған қарап отырған секілді, одан сайын қобалжып, қолым мәтінмен бірге дірілдеп ежіктедім де қалдым. Сосын актер ағам Еркебұлан Дайыровтың: «Әй, сен біздің абыройымызды түсірдің ғой, дұрыстап оқы!»,-дегені есімде сақталып қалыпты. Театрдағы ағайлар мен апайларымыз өкшемізді басатын жастар келді деп бетімізден қақпай, белімізді буды десем болады. Үйде ерке өскен мені мұндағылар да еркелетті, ауылдағы ата-анамды сағындырмай жүргені де актерлердің жылы көзқарасы деп білемін.
-    Осы тұста мынадай сұрақ туады. Сахна саңлақтары, атақты актерлер, бүгінгі аға буын өкілдері «жастарға сын айтудан қалдық, тіпті, қорқамыз» деп жүр. Өзің сынға қалай қарайсың?
-    Оны қабылдау әркімнің тәрбиесіне байланысты шығар. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген, егер сын орнымен айтылса оны неге жақсы қабылдап, одан нәтиже шығармасқа?  Өзіме сын айтылса, сол бойынша жұмыс жасап, роліме дайындықты күшейтіп, кемшін тұстарын түзетемін. Сын айтылған, айтылып та жүр, алдағы уақытта да айтылғаны дұрыс деп есептеймін. Ал, айтылмаса менде  алаңдаушылық туады. Бұл рольге мен келмеймін бе, нашар ойнап, көңіліме келер деп айтпай жүр ме екен деп іштей ойланатыным бар. Егер айтылса, демек, процесс бар, алға ұмтылуға септігін тигізеді. Сырттан көрген аға-апаларымыз «жақсы болса екен» деп өз ойларын айтып жатса да құба-құп.

Мерей
-    Алғашқы ролің У.Шекспирдің Ромеосы ма?
-    Жоқ, менің үлкен сахнаға, қалың көрермен алдына алғаш алып шыққан ролім – «Қазақтардағы» Тұлымды сарбаз бейнесі. Ол да мен үшін есте қалатын күн болды. Алдында, дайындық кезінде Тұңғышбай аға спектакль басталысымен өзім ғана отырамын, сен келіп сөзіңді айтасың деді. Сөйтіп, кешкісін Батырбек ағаның орнына мен кіріп, сахнаға атып шықсам адам кө-ө-өп. Ортада Тұңғышбай аға, оны қоршаған кіл мықты актерлер. Ағаға қарадым да: «Хан Ием!»-дедім. Ол кісі: «Иә, жүгің ауыр екен, ақыры бастаған екенсің айт, не болды?!»-деп, маған бір қарады. Жақындай бергенімде Бекжан ағаммен көздеріміз айқасып қалғаны сол еді, қобалжыдым да қалдым. Бәрінің маған қарап күлкісі келіп тұр. Қолдарым мен екі тізем дірілдеп кеткен. Әйтеуір, сасқалақтап болсын рольді алып шықтым. Өзім қатты қорықтым, бірақ әріптестеріме күлкі сыйладым.
-    Ромео ролі ұсынылғанда қандай сезімде болдың?     
-    Мойныма ауыр жүк артылғандай болды. Дулыға ағамыз сомдаған, марқұм Шалқар ағамыз ойнап кеткен Ромеоны алып шыға алам ба деп қатты қобалжығаным рас. «Тәуекел түбі – жел қайық» деп шығайын дегенімде Еркін Тілеуқұлұлы ағамыздың бір ауыз тілегі қанат бітірді. Қойылым алдында сасқалақтап тұрғанымды байқаса керек: «Мерей, сен де, сенің алдыңда бұл рольді ойнағандар да адамдар. Олардан кем тұсың жоқ. Қанеки, алға!»-деп сенім артты. Дайындығыма көмектескен, жалпы рольді алып шығуымда еңбегі зор сол спектакльдің режиссерінің ассистенті, өзімнің ұстазым Алма Кәкішеваға алғысымды білдіремін. Кейіннен кіріп жатқанымды ескеріп Салтанат Бақаева да дайындалайық деп маған уақытын арнады. Мен оның артынан жүгірудің орнына ол мені іздеді деуге болады. Сондай-ақ, жас та болса үлкен рольді алды деп маған әріптестерім жұдырықтай жұмылып  көмектесті.
-    Ал, өмірден өз «Джульеттаңды» таптың ба?
-    Жоқ. Әлі кездестіре алмай жүрмін...
-    Болашақ әйеліңнің қандай мамандық иесі болғанын қалайсың?
-    Мамандығы маңызды емес. Жүрегінде иманы болса одан асқан асыл қасиет жоқ деп білемін.
-    Сен ойнайтын «Ромео мен Джульетта» да, «Жүз жылдық махаббат» та, тіпті, «Отелло» да – трагедия. Болашақта комедия-дан көре аламыз ба?
-    Менің түсінігімде актер роль талғамауы керек. Нағыз актер кез келген рольді ырқына көндіре алады. Басқаша айтқанда сахна ойыны иленетін қамыр секілді болуы тиіс, яғни, сегіз қырлы бір сырлы, трагедияда да, драмада да, комедияда да ойнай алатын маман болуы қажет. Келешекте комедиялық рольдер ұсынылып жатса бас тартпаймын.
-    Актерлік өнеріңнен басқа қандай қырларың бар?
-    Әлі күнге дейін сүйіп ойнайтын футболға өте жақынмын. Бала күнімнен доптың соңынан жүгіріп, бес жыл аудан құрамасының қақпашысы болғанмын. Содан қолымды сындырып, анамнан «Доп қуалаған тозады, мұныңды қой» деген сөзді естіп, аяқдоппен қимай-қимай қоштастым. Сонымен бірге заң мен саясат саласына қатты қызығамын. Тіпті, тоғызыншы сыныпқа дейін өзімді «заңгермін» деп елестететінмін. Заң колледжіне түсіп, прокурор болғым келетін. Дегенмен, ақырында іштегі өнер бәрін жеңіп, сахнадан бір-ақ шықтым.
-    Соңғы таңдауыңа ата-анаң қарсы болмады ма?
-    Еш қарсылық білдірмеді. Әкемнің ән айтатын тұсы бар, марқұм апам да (әжесі) әншілікке біртабан жақын болатын. Солардан дарыған талант шығар, сан түрлі ой соңында өнерге алып келді.
-    Мектептегі кездеріңмен бөліссең...Қандай оқушы болдың?
-    Жарытып оқыдым деп айта алмаймын . Бесінші сыныпқа дейін математикадан ғана «төртке» оқып, кейін жоғары сыныптарда үлгерімім түсіп кетті.
-    Шығармашылығыңды қалай шыңдайсың? Немен айналысып жүрсің?
-    Бос уақытымда кітап оқимын. Театрға келгеніме бір жарым жыл болды, осы аралықта би мен хорға, вокалға үзбей қатысудамыз, жаңа спектакльдерде ойнап жатырмыз. Тіпті, көпшілік сахнасында жүрсек те шығармашылық жағынан шыңдалуды байқайды екенсің. Үлкен, тәжірибелі актерлеріміздің деңгейіне жету үшін театрдағы күнделікті репитициялар алға қарай дамуымызға өз септігін тигізіп отыр.
-    Көшеден халық танып, «Мынау Ромео емес пе?» деп жатпай ма?
-    Әзірге ешкім танып, олай деп көрмепті.
-    Телевизия мен кинодан көріну ойда бар ма?
-    Әрине, кино мен телевизия саласында қызмет істеу ойда жоқ емес. Бірақ, негізгі кәсібім театр актері болғандықтан, өзімді алдымен осы сахна саласында қалыптастырып алғым келеді. Әр нәрсенің басын шалмай, алдымен бір қызметті толық меңгеріп алып, өз-өзіме сенімді болғым келеді. Одан кейінгісін Құдай қаласа көре жатармыз.
-    Көрермен қошеметін алғаш көрген сәтіңді есіңе түсірші. Қандай сезімде болдың?
-    Көзге жас тығылып, еркек болғаннан кейін ешкімге көрсетпедім. «Қазақтар» қойылымының соңында халыққа құрметімді көрсетіп, иілуге шыққанымда құдды бір өзім басты рольді ойнағандай, көрермен маған ғана қошемет көрсетіп жатқандай сезіндім.
-    Әлеуметтік желілерде отырасың ба?
-    Көп отырмаймын. Оның өзінде «Инстаграмда» ғана тіркелулімін. Теледидар қарауға уақыт болмағандықтан ақпарат тарататын сайттарды ғана оқып, соңғы жаңалықтармен, әсіресе, саяси жаңалықтармен танысып отырамын.
-    Сұқбатыңа рахмет! Алда биік-биік белестерден көріне беруіңе тілектеспін.

 

Әңгімелескен
Ермұрат Назарұлы

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы