• Руханият
  • 06 Қыркүйек, 2012

АЛБА-ЖҰЛБА КІТАПША

Жатақханада  студенттердің алба-жұлба болған бір кішкентай қара кітапшаны таласып оқып жатқанын байқадым. Кейбіреулері ішіндегісін жатқа да соғады. Қызық. Бұл кім болды екен?   Әйтүп-бүйтіп ана кітапшаны бір күнге әрең дегенде сұрап алдым. Аштым. Оқыдым. Таңқалатын түгі де жоқ. Қарапайым өлеңдер. Қарапайым қазақша сөздер.

Үйге жеткесін басынан бастап дұрыстап қарадым. Жыр жинақтың атауы  «Туалеттегі туынды». Авторы – Аслан Қаженов. Мұқабасында бұдан басқа түк  жоқ. Екінші, үшінші беттері де осы сынды баспаның анықтамалары. Ал төртінші бетін көрейік. Бұл жерде өлең. Атауы – «Жоқтықты жоқтау».

Бала кезде шүкірлікті қорған ғып,

Несібемді жібермедім қолдан көп.

Жыламадым әкетті деп шанамды,

Өйткені, менде болған жоқ.

Бала кезде қанағатқа болғам құп,

Ешқашанда көрінбедім сор жан боп.

Жыламадым бермеді деп добымды,

Өйткені, менде болған жоқ.

Бала кезден өмір жайлы толғандық,

Қанағаттың құшағына қонғам көп.

Жыламадым әкетті деп шаңғымды,

Өйткені, менде болған жоқ.

Кіл осындай жағдайларға жақын ек,

Сонда да мен айтпаймын еш лағынет.

Жылатпаған, жылайтұғын кездерде

Жоқтығыма  рахмет!

Ал бұған таңданатын несі бар? Бұл сынды өлеңдердің миллиондаған түрі бар емес пе? Құдайға шүкір, қазақта ақын көп. Ім-м-м... Одан кейін «Ұрыспашы ана», «Сериял қарамашы, ата!», «Кондуктор қыз» деп кете береді. Бірақ  маған ең қызық болып көрінгені «Атаңанәлет, Алматы!» деген өлеңі. Тақырыбы жақсы екен. Енді мазмұнына үңілейік.

Жүргенменен ел деп жырын шұбатып,

Үлгермеген елің әлі ұнатып,

Ей, Алматы, білесің бе сен кеше

Бір ақынды қарсы алдың жылатып.

Мен бір ақын, ту Батыстан торлап жол

Алғаш рет құшағыңа қонған сол.

Келген кезде жыламауға болмады,

Келгенді сен жылататын болған соң.

Жылап жүрдім жоғын біліп амалдың,

Сен көрсеткен тірліктерің жаман-ды:

Танымайтын қалаңменен қаңғыттың,

Қаңғып жүріп танып алдым қалаңды.

Ей, Алматы, мынау ісің жат бірақ,

Қос жанарым поезд жаққа аптығад.

Түскенімше қатты келгім кеп еді,

Түскеннен соң кеткім келді қаттырақ.

Ең алғашқы келгенімде түйреп кеп,

Көрсеткенің батып жатты сүйекке.

Мен ішімнен көрдім талай күйініп,

Мен ішіңде көрген талай күйіктен.

Ей, Алматы, қалай енді жайлығам?

Осыларды ойлап қатты қайғырам.

Бағын іздеп келгендердің барлығын

Бағындырып қоясың ба қайғыға?

Жылатуға құмар болып кіл мені,

Жасап жаттың басыңа не кіргенін.

Бір байғұстың келгендігін білдің де,

Бір ақынның келгендігін білмедің.

Ей, Алматы, бекер бұлай қинайсың,

(Ерегісіп өлең жазам шимайсыз)

Әлі менің жырларыма ғашық боп,

Әлі мені жіберуге қимайсың.

Оқу бітіп, мәшһүр болар шын атым,

Үлгергенде елің мені ұнатып.

Ей, Алматы, білесің бе сені де

Бір ақынның кететінін жылатып?!

Бұнысы кішкене қызықты екен. Иә, бірдеңе бар. Бір өзгешілік. Осыдан бастап өлеңдерін қызығушылықпен оқи бастадым. «Қайыршыға қызығам», «Сағыз», «Туған күннің өлген күні», «Өсек жайлы өсек»... Осыларды оқи бастадым да, бағанағы студенттердің неліктен соншалық қызығушылықпен оқып жүргендерін түсіндім. Бұл алба-жұлба болған кітапша – автордың алба-жұлба болған тағдыры. Жаңадан үлкен қалаға студент болып келіп жатқан баланың тағдыры, әрине, жаңадан үлкен қалаға студент болып келіп жатқан балалар үшін қызықты. Себебі олардың ортақ нәрселері көп. Анадай эмоционалды сөздер, кереметтей ұйқастар, жаңалық дейтіндей тіркестер болмай-ақ қойсын. Қарапайым тірлікті қарапайым тілмен жеткізгеннің өзі – қарапайым нәрсе емес. Сондықтан осындай кішкентай қарапайым қара кітапшадан алған әсерімді қағазға түсіруді жөн көрдім.

Маржан Серікжан

754 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы