• Мәдениет
  • 26 Наурыз, 2015

Жаны таза адам сахнада жарқырап көрінеді

Ажарлым Бақытжанова,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық
драма театрының актрисасы:

«Үркердің» анықтамасы

Ажарлым Мағзұмқызы Бақытжанова – 1987 жылы Жамбыл облысында өнерлі отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Мағзұм және Шалқия Бақытжановтар Ақтөбе қаласының Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында бірі – режиссер, бірі – актриса болып қызмет істейді. Ажарлым мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң, 2006 жылы Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне «артист» мамандығына оқуға түседі. Кейін 2009 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білімін жалғастырып, «музыкалық артист» мамандығын тәмамдаған. Бүгінде еліміздің бас театрының сахнасында «Таңсұлу» спектакліндегі Таңсұлу, «Жүз  жылдық махаббатта» Зылиха, «Сыған серенадасында» Сағыныш, «Қыз мұңында» Қарагөз, «Бейбарыс сұлтанда» Пұлжетпес рольдерінде ойнап, көрермен көзайымына айналып келеді. А.Мағзұмқызы бала кезінен ән салғанды ұнатады. Дәстүрлі әндерді шебер орындайтын жас актриса Республикалық «Корей әндерінің фестивалінде» 1-орынды иеленген.

 

–Ажарлым, өнерлі отбасында дүниеге келіпсің:  әкең – актер әрі режиссер, анаң актриса екен. Сенің де осы ортадан табылуыңа отбасының әсері болды ма?
–Ата-анасы ертелі-кеш жұмыста жүретін кішкентай бүлдіршіндер әдетте балабақшада, ата-әжесінің қолында жүріп өседі ғой, ал мен бақша дегеннің не екенін білмедім. Менің балабақшам – театр болды. Ата-анамның етегіне оратыла жүріп, театр-да өстім. Өнерге қызығушылығым да осы кезден басталса керек. Оқтауды, тарақты ұстап алып, ән айтып ойнайтын әр баланың қылығы маған да жат болмады. Шамасы, бұл өнер маған қанмен келді. Әкем бүгінде Ақтөбе облыстық театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі. Алайда 9 сыныпта «актриса боламын» деп нақты шешім қабылдағанша, өнерді таңдаймын деп еш ойламадым. Ал балалық шақта қам-қарекетсіз ойым шашыраңқы жүргенде әскери адам болатыныма сенетін едім. Әке-шешеміз ешқашан біздің таңдауымызға таласып, «сен ана оқу орнына бар», «сен мынаған бар» деп өз ойын күштеп таңған емес. Маған келгенде осы үрдісті бірінші рет бұзып, ақыл тоқтатып, мамандық таңдайтын сәтке жақындағанда ғана анам: «Мүмкін өнер жағын, театр төңірегін көрерсің? Актриса болсаң, жаман болмас еді» дегендей алғаш рет өз ойын білдірді. Үйдегі бес баланың кенжесі болып, еркелеп өскен мен шынында да сын сағатында тұрғандай қатты қобалжыдым. Менен өзгесі өнерге қызықпады, өмірдің басқа соқпағына түсіп, өз жолын тауып кетті. Кенже болып әке-шешемнің жанында көбірек жүрген мен өнерді құп көрдім. Бұл заңды да болатын.
–М.Әуезов театрының ең жас әрі сұлу актрисаларының бірі өзіңсің. Өзің секілді бүгінгі күнгі замандастарыңа қандай мінездеме берер едің? Ой-санасы, білім-білігі, өмір сүру салты жөнінде түйген ойың бар ма? Олардың өнерде жүрген жас-тардан айырмашылығы қандай?
–Өнер әлеміндегі жастардың жаны өте терең, көзқарасы да басқаша болады деп ойлаймын. Өйткені өнер адамы аса сезімтал болады. Өмірге жеңіл-желпі қарай алмайды, рухани бай келеді. Әрине, ой-пікірі еркіндеу болып келеді, ондай еркіндік, ондай мінез болмаса, өнер тумайды да ғой. Қоғамдағы жастардың көзқарасының бәрі бұлай емес. Бәрін де айыптай сөйлеуден аулақпын, бірақ кейбіреуі бұл ғасыр, бұл кезеңде өмір сүрмейтіндей, еш нәрсемен ісі жоқ, шектеулі вакуумда өзімен-өзі тіршілік етіп жүргендей сезіледі. Көпшілігін еш нәрсе қызықтырмайды да. Салғырт. Ал жас адам олай болуға тиіс емес. Ол үнемі адам ретінде де, маман ретінде де өсудің, дамудың, толысудың жолында еңбектенуі керек.
–Әкемтеатрдың төбесінен ұлылар рухы төніп, ізін басқан ұлдары мен қыздарын қолдап, көтермелеп тұрады, ескі сүрлеуден адастырмайды дейтін үлкендердің айтқанын әр жерде естіп жүреміз. Өзің осы ұлы мектептің асқақ рухын сезесің бе?
–Рас, біздің М.Әуезов театрының аурасы бөлек, оны табалдырығынан аттай бере сезесің. Өз басым сырқаттанып, әлде басқа себеппен жұмысқа бір күн келе алмай қалсам, аласұрып, театрды аңсап кетемін. Асанәлі Әшімұлы, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Төлеубек Аралбаев, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Баян Имашева, Бақыт Жанғалиева секілді бүгінгі күні театрда еңбек етіп жүрген жасы үлкен ағаларымыз бен апайларымыздың әңгімесі арқылы осы қара шаңырақтың уығын өз қолымен шаншып, керегесін керіп кеткен коррифей аталарымыздың аманаты мен рухын шын сезінгендей боламыз. Сол әңгіменің бәрін естіп, көкейге түйген соң өзімізше елестетеміз. «Болмасам да, ұқсасам екен» деген ой билейді. Біздің театрдың қалыптасқан мектебі, тәлім-тәрбиесі бар деп жатады. Ол рас. Аға буын, орта буын, жас буын бар және үлкендері кішісіне «сен өйту керексің», «ал, сен бүйт» деп үйретпейді. Ағаларымыз бен апаларымыз жүріс-тұрысы, өзін ұстау, сөйлеу мәдениетімен сол жазылмаған қағиданы бізге сіңіріп, қалыптастырады. «Ұлық болсаң, кішік бол» дейді ғой, кісіліктерін кекірейген көкірек мінезбен емес, керісінше, кішіпейілдігімен, көркем мінезімен көрсетеді. Бізге деген көңілінің таза екенін содан байқаймыз. Олар бұл мінезді өздерінен үлкен аға буыннан үйренді. Осы сабақтастық жүйе боп бекіген. Мектеп деген – осы.
–Өзің жыр, терме айтады екенсің. Бұл өнер бойыңа қалай сіңді?
–Біз «музыкалы драма актері» деген мамандық бойынша бітіріп шықтық. Академияда Есмұхан Обаев ағаның сабағында әнді фортепияноның сүйемелдеуімен орындайтын едік. Домбыраны жай өзіммен өзім оңаша қалғанда, ермек етіп тыңқылдатып шерткенім болмаса, қосылып ән, жыр айтып көрмегем. «Таңсұлу» спектаклінде бас-ты рольді ойнайтын кезде режиссер ұзын-сонар жыр мәтінін қолыма ұстатты. «Жатта!» «Білмеймін, жасай алмаймын» десең, Алма апайдың бір қасиеті «жасайсың!» дейді, бітті. Ол орындалуы керек. Қалай жасайсың, ол сенің шаруаң. Қиналғанның көкесін сонда көрдім: ән айтсам, домбыра тарта алмаймын, домбыра тартсам, ән айта алмаймын. Екеуінің басын қоса алмай-ақ қойдым. Ес кетті, жан шықты дегенде, екеуін қабыстырдым-ау әйтеуір. Сөйтіп спектакльге ән айтып, терме шашып шықтым. Жетігенде ойнауды да осы Таңсұлу болып жүріп үйрендім. «Таңсұлу» спектаклінен кейін ұлттық аспаптарға, ескілік жыр-термеге қызығушылығым оянды. Ал ән айтатынымды ата-анам мен 11 сыныпта оқып жүргенде бір-ақ біліп, таң қалған.
–Театр мен көрермен арасындағы байланыс функциясы бұрынғыдай деп ойлайсың ба – «театр – тәрбие құралы, оның гуманистік ролі – осы» деген пікірмен келісесің бе? Өнер мұраты не?
1.Театр – рухани азық мектебі. 2. Теа-трдан көрермен әдемілік көруі үшін келуі керек. 3. Адам өзін көруі үшін келуі керек. Осының қай-қайсысы да өз мәнін әлі күнге жоғалта қойған жоқ. Рухани ләззат алмаса, театрға келудің керегі не? Эстетикалық тәрбиесі болмаса, театр деген ғимаратты тұрғызып қажеті қанша? Бөліп-жарудың еш қажеті жоқ, театр мұраты осы айтылғанның бәрінің басын біріктіреді. Ғашық адамға «не үшін сүйесің?» десе, жауабын білмейді ғой. «Көзі үшін», «мінезі үшін», «ақылы үшін» демей ме? Спектакльден әркім өзі не іздейді, соны алады. Сахна киелі дейді, рас. «Жақсы адамнан жақсы актер шығады» деп ұстазымыз Есмұхан аға қайталап айтудан жалықпайтын. Рухани бай, жаны таза адам сахнадан жарқырап көрінеді. Театр ол – мешіт. Қара шаңырақтың табалдырығын аттағаннан бастап сахнаға тапырақтап, қалай болса, солай шыға салған емеспін. Міндетті түрде «бісімілләмды» айтып, жүрек орнықтырып барып шығамын.
–    Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан – Айгүл Аханбайқызы

 

719 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы