• Cұхбаттар
  • 06 Қыркүйек, 2012

«Жылы сөз аурудың кілтін табады»

Әскербек Жармағамбетұлы,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

–        Жалпы елімізде медицина саласы қалай дамуда?

–        Қазір бізде бәрі  салыстырмалы түрде ғой. Кеңес өкіметі кезінде барлығы тепе-тең болатын. Дәрігер маманы белгілі бір жоспармен дайындалды. Мейлі, ол Ленинградта болсын, мейлі, Мәскеуде болсын бәрінде ортақ бағдарлама болатын.  Диапозоны кең болды. Ал қазір көп жағдайда шетелдің тәжірибелеріне  сүйеніп жатырмыз. Кейбір жері келіспейді, кейбір жері жетіспейді десем болады. Егеменді ел болғаннан кейін өзіндік бағдарламамыз болуы қажет. Міне, осы жағынан ақсап тұрмыз. Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен  350 мың нәресте дүниеге келеді. Оның үштен бірі ерте шетінеп кетеді, не жиі аурады, не кеміс туады. Қазақ атамның «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзі бар. Бесіктегі баланың қамын, яғни болашақ ананың қамын ойлау керек. Менің жаңа туған нәрестелердің бет-әлпетіндегі қоянжырықты зерттегеніме, міне,  40 жылдан асты. Елімізде  іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығымен туылған балалар саны күннен-күнге өсуде. Халық арасында ондай белгілерді «қоянжырық» және «қасқыр ауыз» деп атайтыны аян.  Қоянжырық – туа біткен кемшілік. Ол үстіңгі ерінді бір жерінен немесе екі   жерінен бөліп тұрады. Қазіргі медицинада қоянжырықты баланың сан етінен ет кесіп, тері жапсырып емдеу тәжірибесі қалыптасқан.

–        Қоянжырық қайдан пайда болады?

–        Іштей туа біткен ерін,  қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жырағының адамдардың әлеуметтік ахуалына, баланың ата-анасының жұмыс орнына, тұқым қуалаушылыққа байланысты пайда болады. Дегенмен, тұқым қуалаушылық  15-20 пайызды құрайды. Ал қалғаны қолдан жасалынып отыр. Әйелдің  жүктілік кезінде  көңіл-күйі өзгергіш келеді, сәл нәрсеге ренжиді, болмашы нәрсеге балаша қуанады. Екіқабат кезінде әйел адам жиі ашуланшақ, тіпті сіркесі су көтермейтін жағдай да кездеседі. Қазір көп жас отбасылардың әлеуметтік жағдайы төмен. Үй мәселесі, қаражат тапшылығы  дегендей. Көңіл-күйінің жоқтығы бала денсаулығына кесірін тигізеді. Сондай-ақ бүгінде әйелдердің көбі жұмыс істейді, отбасындағы тірлігі және бар. Аяғы ауыр әйелге дұрыс күтім қажет.  Құрсақтағы баланың қалыпты жетілуі үшін 5-12 аптаның ішінде болашақ анаға жағдай жасау керек. Ал елімізде  7 айдан кейін ғана жүкті әйел демалысқа шыға алады. 7 айда  құрсақтағы баланың болары болып, бояуы сіңіп болады. Мен осы мәселе бойынша жоба дайындап, президенттік аппаратқа, үкімет басындағы сенаторларға дейін хат жолдадым. Былтыр күзде хатқа жауап қайтарып, бұл жоба қызықты екендігін атап өтіп, ойланамыз, деді. Әйтсе де «баяғы жартас бір жартас». Мемлекет тарапынан осы мәселе әлі дұрыс қаралмай жатыр. Егер де қазірден бастап осы жоба  іс жүзіне асырылса, бес жылдың көлемінде кеміс туған балалардың саны 50 пайызға азаяр еді. Болашақ анаға  моральдық әрі материалдық қолдау көрсету – бәріміздің парызымыз.

–        Бүгінде дәрігерлікті таңдағандардың қадірі бар ма?

– Бес  саусақ бірдей емес қой. Біреу өз мамандығын қадірлейді.  Енді біреулер –   жеңілдің астымен, ауырдың үстімен оқиды,  бітіреді. Қолына қағазын алғаннан кейін де немқұрайлы, тиіп-қашып  жұмыс істейді.

Әсіресе, бұл жағдай қазіргі жастарда қатты белең алып кетті. Ақылы оқу деген тағы бар.  Меніңше, кінә екі жақтан болуы мүмкін. Бір жағынан, ата-аналардың кінәсі. Баланың неге ынтасы бар екеніне қарамай, «сен оқы, жоғары білім ал, дәрігер, судья , прокурор бол» деп қыспақтайды. Мүмкін, баланың жоғары білімді қажет етпейтін мамандықты – ағаш кесуге, темір кесуге  икемі бар шығар. Әлбетте, әрбір  ата-ана өз  баласының биікте тұрғанын қалайды. Десек те мамандығына үш қайнаса  сорпасы қосылмайтын дәрігерлер де  кездеседі.  Біздің атымызға кір келтіретіндер де солар. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген осы. Өзінің халқы үшін  62 тамыры дұрыс соқпайтындарға ақ желең жамылуға болмайды.

Көп жағдайда науқастар 50-ге дейін сап-сау едім, 50-ден кейін аурумын деп жатады. Оның бәрі өз денсаулығына немқұрайлы қарағанның кесірі. Адамның саулығы – Алланың аманаты. Адам өз денсаулығына күтіммен қараса 130 жылға дейін өмір сүре алады.  Әрине, кәрілік келеді. Бірақ ауру мен кәрілік екі түрлі.

«Жақсы сөз — жарым ырыс». Дәрігер, ең алдымен, ауру адамды ықыласпен тыңдай білуі, жылы сөзімен үміттендіре білуі тиіс. Дәрігердің тарапынан титімдей болса да жылу  әкелуі керек. Жылы сөздің өзі аурудың кілтін табады. Бүгінде қатерлі ісіктен де емделіп жатқандар бар.

–        Жұмыстың жеңілі жоқ. Дегенмен, жауапкершілігі мол осы саланы таңдағаңызға өкінбейсіз бе?

–         Жоқ, ешқашан да өкінген емеспін. Екі жылдан кейін дәрігерлікпен айналысып келе жатқаныма  50 жыл толады. Осы  уақыт аралығында мен Гиппократ антын бұзған емеспін. Қанша кісі алдымнан өтеді,  қол ұшымды беріп, көмегімді аяған емеспін. Бұл –мақтаныш емес, тек өз мамандығыма шын берілгенмін деп айта аламын.

–        Сіз сондай-ақ ғылыми жұмыстармен айналысасыз...

–        Иә, Кеңес өкіметі кезінде қорғадым.  Ол кезде кандидаттық атақты қорғау қияметтің қияметі еді ғой. Мәскеуге барып қорғайтынбыз. Мен қорғаған кандидаттық пен докторлықтың арасы 20 жыл. Докторлық қорғау  үшін  20 жыл бойы материал жинап, іздендім. Сонымен қатар С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәріс беремін. Шәкірттеріме айтар ең алғашқы сөзім – мамандығына адал бол! Дәрігерлік – екіжүзділікті сүймейтін мамандық.

–        Әңгімеңізге рахмет деймін.

Сұхбаттасқан

Жұлдыз Рысмаханова

399 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы