• Cұхбаттар
  • 19 Ақпан, 2015

«Байлықты дәулетпен, билікпен өлшеп көрген емеспін»

Бекжан Тұрыс – актер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

-    Ойнаған рөлдеріңіздің ұзын-саны қанша?
-    Эпизоды бар, ойнаған рөлдерім бар 50–ден асып, 60-қа жетіп қалды-ау.
-    Бұл аз ба, көп пе?
-    Көп деп те, аз деп те айта алмаймын. Бір адамға жеткілікті. Менің жасымдағы адамға болатын шығар деймін.  
-    Жаныңызға жақын образды атасаңыз.
-    Маған осы сұрақ көп қойылады. Менің жанымнан туғаннан кейін барлық образ менің жаныма жақын. Ұйқысыз өткен түндерім бар, ұйқысыраған күндерім бар, барлық рөлге бар күш-жігерімді салып дайындаламын. Сомдаған рөлдерімнің ешқайсысын бөліп-жарып көрген емеспін. Мүмкін, көрермен «Бекжанның мына рөлі жақсы шықты»  деп айтар, өзім айта алмаймын. 


-    Сіз жатырқаған немесе Сізді жатырқаған образдар болды ма?
-    Менің кәсібім осы емес пе?! Ешқандай рөлді жатырқамаймын. Мен тек берілген жұмысты жауапкершілікпен атқаратын адаммын. Әрине, әр образды тудырудың өзіндік қиындығы бар. Еңбектенген адам қандай болмасын образды шығарады. Биікке жетудің мақсаты да сол: талап пен еңбек. Осы екеуі арқылы бәрін жеңуге болады. 
-    Арнайы сізге жазылған пьесалар бар ма?
-    Арнайы маған жазылған пьесалар жоқ.
-    Неге үнемі қарт бейнесін сомдайсыз?
-    Шынымды айтсам, мені осы сұрақ жалықтырды. Халық теледидардан қарт  бейнесінде көргеннен кейін бе, көрерменнің алдында қарт бейнесінде қалып қалған шығармын. Ал театрдан қол үзбейтіндер, менің қарт рөлінде ғана емес, қаншама жастың рөлін сомдап жүргенімді біледі. Қазір Шәмшіні, Мұқағалидағы Бағдат композиторды сомдап жүрмін, Әңгүдігім бар, т.б. образдарым бар. Неге сол туралы айтпайды?!Мен барлық рөлді бірдей алып жүрген адаммын. Актер рөл талғамайды. Мұнда тек қана шынайы шеберлік қажет. Менің шешек атқан, шеберлікке шыңдалған жерім осы театр болғандықтан, қартты да, жасты да халыққа жеткізіп орындауға барымды саламын. 
-    Образға кіру бар да, образдан шығу бар. Өзіңізге қайсысы қолайлы?
-      Әрине, образдан шығу оңай, ал образға кіру қиын. Әрбір образдың ішкі жан дүниесін ашу үшін мазасыз еңбек етесің. Оның ішінде эмоциялылары бар, жүйкеге де, жүрекке де салмақ салады. Осының бәрі актердің жүрегінен өтіп жатады. Талантты адамдардың жүректен кетіп жататындығы да содан шығар деп ойлаймын. 
-    Кино көресіз бе? Қандай фильмдер ұнайды?
-    Уақытым келгенде көремін. Қазіргі спецэффектілермен жар-жұрқ еткен фильм-дерге қарағанда, бұрынғы Кеңес дәуіріндегі өзіміздің қазақтың жанына жақын үздік көркемфильмдерді, орыстың киноларын, комедияларын көргенді жақсы көремін. Әрине, уақыт тауып жатсам.     
-    Өзіңізді кино әлемінде сынап көргіңіз келмей ме?
-    Түспедім демеймін, Құдайға шүкір, біраз киноларға да түстім. Бүгінде кино, сериал көп, ертегі сияқты. Қарап отырып қарның ашады. Бұрынғы қазақ киносында, «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек» сынды киноларымызда қазақтың өмірі бар еді. Қазіргі киноларымыздан сондай қазақылықты көре алмаймыз. Жаңашылдыққа ұмтылады, жаңа дүние жасағысы келеді. Жаңалықтарға барудың өзіндік жолы бар. Мен ылғи «Талантты адамға шектеу қоймау керек» деп айтып отырамын. Жаңа заманның ағымына қарай кетпей, өткеннің өнегесінен үлгі ала отырып, жаңа биікке ұмтылуымыз керек. Кешегі Елубай ағаларымыздың ойнаған «Атамекені» қандай ғажап, тарихы қандай керемет. Тура сондай кинолар болып жатса, мен бас тартпас едім. 
-    Ұлыңыз Мағжанның кино-актер ретіндегі қадамына бағаңыз?
-    Оған баға беруге әлі ерте. Ол актер де емес. Рас, кішкентайынан театрда өсті, осындағы аға-апалардан тағылым алды. Өнерге бір табан жақын болды. Кішкентайынан өнермен ауырды. Есейгеннен кейін Мағжанға «Бір үйге бір өнер адамы жетеді. Қазіргі кезде техникалық мамандар аз. Сен осы техникалық Оқудың біреуін оқысаң», - дедім. Өйткені өнердің жолы жеңіл жол емес, тартар тауқыметің, жүгің де екі есе ауыр болады. Қазір қарап отырсаң, өнердің өзі де ұсақталып бара жатқандай. Сондықтан баламды өнерге жолатқым келмеп еді, өзі тығылып касингтерге қатысып, киноларға түсіп жүр. Биыл соңғы курсын аяқтайды. Бізге қазір «Бұл сіздердің дипломдарыңыз, мен сіздердің қас-қабақтарыңызға қарадым. Енді өзімнің таңдаған, сүйген мамандығыма, Өнер институтына барам» деп әңгіменің шетін шығарып жүр. Енді амалымыз жоқ, көнеміз. Бәрі бір Алланың қолында, алдағыны болашақ көрсетер. 
-    Мағжанға көп ақыл айтасыз ба?
-    Қолымнан келгенше, көп ақыл айтамын. Біз өмір сүріп жатқан сұрықсыз қоғамда, адамдардың бойында безбүйректік, қатігез, қулар мен сұмдар, жағымпазданып жарапазан айтып жүрген адамдар  көбейіп кетті. Мен осыдан сақтану үшін айтамын. Кейде кітап оқытқызып қоятыным бар. Бізді ата-анамыз адалдыққа тәрбиеледі, адалдықты идеал қылып өскен адамбыз. Сондықтан, Мағжанға да «Сенің идеалың адалдық болсын» деймін. Өзі де ақылсыз емес шығар, көңілі тоқ болар.
-    Ол сізге ақыл айта ма?
-    Жоқ. Маған ақыл айтатындай жаста емес қой, ақыл айтып көрген емес. Бір рет қана бір сөзбен жыққаны бар. Сәл жастау еді, ауылда өсті. Бәрі ауылдан бері қарай қашса, балам керісінше ауылға қарай қашады. Үш күн демалысқа шықса, ауылға тартып отырады. «Не бар кешке дейін ауылда» деп жібермей қойғанымда: «Сіздің де шыққан жеріңіз, тал бесігіңіз сол ауыл емес пе, әке. Тас қабырғада қамап қойып, тасбауырға айналдырып жібердіңіз ғой», - деген болатын. Содан кейін мен оған ондай сөздер айтпайтын болдым.
-    Кітап оқисыз ба?
-    Жиі оқимын деп айта аламын. 
-    Ең сүйікті ақыныңыз? Жазушыңыз ше?
-     Бар қазақтың ақыны Абайды, Мұқағалиді, Фаризаны, Есенқұлды, Темірхан Медетбекті, Иран Ғайыпты, өзіндік қолтаңбасы бар Жарас Сәрсекті, Бақыт Беделханды, Қалқаман Саринді оқимын. Қазіргі ақындарды сыйлаймын, не жазды екен деп үңіліп тұрамыз. Ағаш биіктеген сайын тамыры тереңге тарта береді ғой. Ал жазушылардан Әуезовтен бастап, Оралхан Бөкейді, Әбіш ағамыздың, Шерхан ағамыздың, Шыңғыс Айтматовтың аудармаларын, Қалихан ағаның шығармаларын жақсы көремін.    
-    Рөлдеріңіздің сыналған кезі болды ма?
-    Әрине, онсыз болмайды. Сын естіген кездерім болды, сын арқылы түзелген кездерім болды. Сын деген жақсы ғой. Мен кейде сынды өзім сұрап аламын, себебі сынмен өскен адаммын. Ағаларымыздан «Қай жерім дұрыс болмады,сын айтыңызшы маған» деп сұрап отырамын. Сын адамды тазартады. Сұхбат бергенде бәріміз әдемі сөйлейміз, бірақ сөзіміз бен ісіміз сай емес. Сұхбат бергіштер де «Сын адамды түзейді» деп отырады. Сол кісілердің өзіне сын айтар болсаң, жағаңызға жармаса кетеді. Сондықтан мен сұхбат бергенде өзім қате кеткен, кем болған тұстарымды ылғи қадағалап отырамын. Әшірбек ағамыздың жақсы сөзі бар:  «Сын көрмеген актер – жауын көрмеген жаратылыс сияқты». Сол кісінің жақсылап тұрып: «Сен Бекжан нағыз Ақанды, Сырымды, Ричардты ойнайтын шағыңда, шалдың рөліне кетіп қалған жоқсың ба?! Режиссермен сөйлес», - деп сынағаны бар. Ол енді менің қолымда емес қой. Маған мұндай болмайды деп қашанғы жағаласам. Берілген жұмысты атқару керек. Рас, зар жылаған кездерім болды. Бірақ қандай іс, қандай рөл болмасын шегіне жеткізіп шығаруға тырысамын. Менің ұстаған мақсатым да сол. 
-    Жалпы сынға қалай қарайсыз?
-    Сынға көзқарасым түзу. Шәкәрімнің «Кім сенің мініңді тауып сын айтса, сен сол адамның аяғына құла» деген сөзі бар. Бізде қазір ондай жоқ. Актердің кемшілігі не десе, ылғи мақтау күтіп отыратындығы, бірдеңе дәметіп отыратындығы дер едім. Сын айтқанға шап ете қалатын, ренжіп қалатын жастар көп. Бір жерің ауырып ауруханаға барғаныңда, дәрігер жүрегің я бүйрегің ауырады деп диагноз қойса, емдеу керек десе емдейміз ғой. Сын да сол сияқты. Бір қораз «күн менің дауысымды есту үшін шығады» деп өзін-өзі сендіріп алыпты. Сол сияқты даңғазалар мен өркөкіректер көбейген заман. 
-    Атаққа көзқарасыңыз?
-    Алып алғаннан кейін солай айтады дейтін шығар, бірақ осыған дейінгі сұхбаттарымда айтқанмын. Мен атақпен ешқашан ауырған емеспін. Ауырмаған себебім, мені тәрбиелеген ұстазым «Балам, сенің бойыңда Алланың берген таланты бар. Мен сені осы қара шаңыраққа, театрға алып келемін. Сен кешегі Елубайлардың ізбасарысың. Әр өнердің келешегін әрі қарай жалғайтын сендерсіңдер. Сондықтан сол жерде қызмет ет. Өнердің баспалдағын аттағанда да «Біссмілләңді» айтып атта, балам», - деген. Шолпан апамды тірі кезінде де қатты қадірлейтінмін, ылғи да сол кісінің рухына құран бағыштап отырамын. Талантпен жарқырап шығып жатсаң «атақ» деген ауру болады. Ол – індет. Егер өнеріңді көрсетіп жатсаң, сол атақты саған табаққа салып әкеліп береді. Шынымен солай. Мен атақ үшін қызмет еткен емеспін, атақ мен үшін қызмет етті десем болады. «Дарынның» өзін алған кезде де менің жасым өтіп кеткен. Комиссияның мүшесі Болат Атабаев «Бұл атаққа Бекжан лайық, бұлар әлі жас қой» деп жасым өтіп кеткен кезде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын берді. Үйде демалып жатқанымда, Мұқағали ағамыздың кешіне шақырып, Мұқағали атындағы сыйлықты берген болатын. Бұл да маған деген сый, талантқа деген құрмет, өнерге деген баға шығар. Оның үстіне атақты лайық адамдар да, лайық емес адамдар да алады. Қандай керемет атаққа лайық адамдар атақсыз жүр. Досбол бидің әдемі бір айтқан сөзі бар: «Біздің кезімізде бақ сұңқар құс сияқты еді, биіктерге қонатын. Ал қазір қара шыбын сияқты, қай жер сасық, сол жерге қонады». Сол сияқты, кім көрінген, еңбек еткені де, етпегені де атақ алып жатыр. Ол атақтың бір тиынға да қажеті жоқ. Альберт Комюдің «Атақ деген – қоғамдық ортаның ойлап тапқан ойыншығы» деген сөзі еске түседі. Мағжанның «Мен үшін атақ елім үшін өлгенім» дегені сынды, ең бастысы қызметіңе, ұлтыңа адал болсаң, халық өзінің шын сүйген ұлына жүрегінің төрінен орын береді. Мен үшін атақ сол. Ұлтыма, театрға, қазаққа, кейінгі ұрпаққа аманатты аманат қып жеткізе алсам болды. 
-    Өзіңізді атақтымын деп ойлайсыз ба?
-    Жоқ. Атақтымын деп есептемеймін. Мен қарапайым жанмын, Бекжанды білетін жұрттың бәрі солай айтады. Достоевский адамдарды табаны жерге тиіп тұрғандар және тимей тұрғандар деп екіге бөлген.  Табаны жерге тиіп тұрғандар ұлттың қамын ойлайтындар, ұлттық рухты биік ұстайтындар. Ал табаны жерге тимей тұрғандар солардың үстінен қарағысы келетіндер, етікшінің пиғылындағы депутаттар мен уәзірлер деген. Құдай ондайдан сақтасын. Мен осындай дәрежеге жетіп жатсам, елімнің арқасы. Ешқашан көпке топырақ шашқан емеспін. 
-    Сізді ренжіткендер болды ма?
-    Әрине, өмір болғаннан кейін бәрі болады. Абай атамыздың әдемі сөзі бар «Дәмі қашпас, бұзылмас тәтті бар ма». Дәмдінің ащы болатын кездері де болады. Өмір де солай, бірде күні түссе, бірде көлеңкесі түседі, қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Сатқындықты, әділетсіздікті көрген кезде ренжисің. Бірақ мен нақақ кеттім-ау деп ешқашан біреуге мұңымды шағып көрген емеспін. Себебі ол менің қателіктерімнің жиынтығы шығар. «Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де өзіңнен» деп шешеміз айтып отыратын. Бұл кішкентай бір қиянатымның қайтарымы шығар. Бәріне уақыт емші ғой. Мен Мағжанға «Өмір деген бірде сайран, бірде мұң. Қарапайым күн кешу – ол нағыз даналық, қарапайымдылыққа үйрен», - деп отырамын. Ұлымның анасына тартқан тік мінезі бар, бетке айтады, ал мен адамды ренжітуден қорқамын, көңілдеріне қараймын, кейде айтатын нәрсемді айтпай қаламын.
-    Өзіңіз кімдерді ренжіттіңіз?
-    Мен ешкімді ренжіткен жоқпын. Адамды ренжітуге қорқамын. Бірақ мені ренжіткендер көп болды. Менің дастарханымнан дәм татып отырып, сатып кеткендер, сатылып кеткендер көп болды. Қазір қоғам сондай, қарап отырсаң, надандыққа бой алдырып сату мен сатылу көп. Құдасы әкім болса, Құдайын ұмытып кететіндер, нанға тойса намысын сататындар, атқа мінгесін анасын ұмытып кететіндер көбейді. Қазақ деген таза халық қой. Ылғи үйімде Жарас Сәрсектің тазалығын мысалға келтіріп отырамын. тіршілікте адам  бірін бірі бағалай алмайды, асылдарды ғасырлар өткеннен кейін ғана бағалап жатамыз. Неге солар туралы айтпасқа. Біздің ауыл сондай таза болатын. Қулығы жоқ. Бұзылса енді бұзылып жатқан шығар. Біз нағыз ардың сүтімен ауызданғанбыз. Бүгінде іріп кетіп жатса, кейбір аналардың қателігі шығар. Ұлттың ұлт болуы анадан. Жарас та, мен де сондай адамдармыз, біреудің көңіліне қаяу салып көрген жоқпыз. Ол – шындық.
-    Кешірім сұрай, кешіре білесіз ба?
-    Кешіре білемін. Әрине алғашында кешірмейтіндей боп көрінесің. Бірақ біз имани, иманға жақын адамдармыз ғой. Бірақ сені сатып кеткен адамдарға сақтықпен қарайтынымыз рас. Кешірім адамның ең бірізділікті нәрсесі. Кешірім де сұрай аламын. Айдың да бетінде дақ бар.
-     Аға болған жақсы ма, іні болған жақсы ма?
-    Аға болған ауырлау шығар. Өйткені оның салмағы үлкен. Сондықтан іні болған жақсы сияқты маған. Мені оқытқан ұстаздың бірі Асқар Тоқпанов болатын. «Қарттыққа осы бастан дайындалу керек» дейтін. Сонан кейін де шығар біздің ақсақалдарымыздың ақсақал бола алмай жүргені. Әрине, өмір бақи іні боп жүре алмаймыз. Дайындалу керек. Әйтпесе, іні боп жүрген жақсы ғой.
-    Інілеріңіз көп пе, ағаларыңыз көп пе?
-    Құдайға шүкір, аға да, іні де баршылық.
-    Достарыңыз да баршылық шығар?
-     Сенсеңіз мен өзі 40 жасыма дейін адам ажыратып көрген жоқпын. Адам баласының барлығын өзіме дос санайтынмын. Үйдегі жеңгеңнен сұрасаңыз да айтады. Біреуге біреу жамандық жасайды-ау дегеннен ада болыппын. Адамдардың қу болатынын, сұм болатынын осы жасыма дейін ойламаппын. Анадан байқап жүрсейші дегендердің аузын бұзуға дейін бардым. «Сен қалай айтасың, ол адам ғой», - дейтінмін. Есейген кезде, мені сатқандар болған кезде есімді жия бастадым. Содан бері, шын, адамдарға сақтықпен қарайтын болдым. Көп деп те айта алмаймын. Бұрын көп болған, қазір шынайы бірнеше досым бар.
-    Олар сізге адал ма, өзіңіз ше?
-    Досым болғаннан кейін, қаптаған достың ішінен санаулы бір-екеу қалғаннан кейін, адал шығар, олар маған шынайы дос деп   ойлаймын. Менің адалдығымды достарымнан сұрау керек (күледі). Достыққа құрметпен қараймын. 
-    Рөлдеріңізге қарап Сізді дайын тұрған ақсақал деуге бола ма?
-    Біз ақсақалдардың ізін көріп, қолына су құйып өстік. Сол кісілерден шежіре тыңдап, батасымен өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Шынтақтап жатқызып оларға талай терме айтқыздық. Кешегінің арты, бүгінгінің қарты санаулы ғана қалды. Біз ақсақалдарға зәруміз. Баяғыда бүкіл облыс, аймақ ақсақалдарға бағынушы еді. Қазіргі ақсақалдарымыз балаларының қамын жасау үшін әкімдерді жағалап жүреді. Бас ұстаса, балаң бәтуалы болсын деп бәтуалы бата беретін ақсақалдар жоқ. Қазыналы қарттар болмаса, топта береке болмайды. Сөз айта алатын, аузы дуалы, елді ынтымақ пен бірлікке шақырып, әр қазақ менің жалғызым деп, бар қазақты бауыр тұтуға тәрбиелейтін ақсақалға жолықсаңыз рухты емес руды ойлайды. Қайсы рудансың деп сұрайды. Тойға барсаң да, өлім-жітімге барсаң да жоқ, сондай топтың алдында, шыны керек, ақсақал болып кетемін. Батасын беремін, ақылымды, білгенімді айтамын. Алладан сол ақсақалдыққа жеткізсе екен деп тілеймін. 
-    Ауыл ақсақалдары аласарып кетті деп қамықпайсыз ба?
-     Арақпенен санамыз уланды, рухымызды төмендетіп алдық. Өткенде бір әңгіме шықты. Бесіктен безінген безбүйректер бесікті зиян деп тауыпты. Соның бәрі қазақ. Ол кімге керек  болды? Кешегі Шоқан, Фарабилер сол бесікте жатқан жоқ па?! Пайғамбарымыз да бесікке тербеліп жатқан жоқ па?! Ол кезде балаларда омыртқа ауру деген болды ма? Арқасы тік, асты құрғақ, қазір химиялық дүниелерді кидіріп қояды. Ертең ұлтымызда ұрпақ қалмай қала ма деген қорқыныш бар. Әуезовтың өзі «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп айтып кеткен. 
Ұлттың ұлт болмағы әйелден. Әжелеріміз айтып отыратын бесік жыры қандай әдемі. Бесік жырына елтіп өстік қой. Ұлым Мағжан 10 сыныпқа дейін менің шешемнің қойнына жататын. Қазақта қасиетті мінездер көп, мейірімді болып өседі. Ондай түгілі қазір бала емізбейтіндер бар, қырқынан шығарғаннан кейін бөлек жатқызады. Уызға жарымаған бала қандай болып өседі? Ұлыңды ұлша тәрбиелесең ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең құл болып өседі. Жалпы барлығын отбасындағы тәрбиеден бастау керек. 
-    Ауыл – ана ма, бала ма?
-    Ауыл – ана!
-    Оған дәл қазір қандай қамқорлық қажет?
-    Иә, қазір ауылдағы тоқтап қалған кітапханалар, мәдени ошақтарды қайта ашу керек. Ауыл – алтын бесік қой. Оған көп көңіл бөлу қажет. Ұлы тұлғаларымыз ауылдан шыққан. Олардың әкелері, аталары ауылдан шыққан. Бәрінің темірқазығы – сол ауыл. Мәдени ошақ, ауызсу, кітапхана, осының бәрін көтеру қажет.
-    «Бекжан Тұрыс туған ауылы Шошанайға су құбырын тартып беретін болыпты» деген әңгіме шығып еді бір кезде.  Арманыңыз орындалды ма?
-     Мен ауылда жүргенімде біздің ауыл ауызсуға зәру болды. Ауылыма қайтсем су шығарып беремін деп армандаушы едім.Кезінде қомақты қаражат бөліп берген қалталы ағаларыма, одан да сол ақшаға су шығарып беріңіздерші дегенмін. Бұл аяқсыз қалып, қаражат бөлінеді деп, кейін тоқтап қалды. Үмбетов әкім болғанда алдына барып жүріп, әйтеуір, ауылға  су келді. Құдайға шүкір.
-    Қаланың несі ұнап, несі ұнамайды?
-    Бүкіл Алаштың азаматтарының келген талбесігі – Алматы. Сондықтан ешқандай жаман сөз айта алмаймын. Мен тек қаланы жақсы жағынан көремін. Сол қалада тіршілік етіп жатқан адамдардың бойында кемшіліктердің бары рас. Кейде қалаға біздің қиянатымыз көп пе дейміз. Солардың қиянаттары аздау болса екен деймін. Өлінің үрейін, тірінің мерейін қашырмайтындай, Алла Тағала қандай ісіміз болмасын оңға бастырса екен деймін. Елбасының маған ұнайтын әдемі сөзі бар «Қиянатты - пейіл, қияметті - мейір тоқтатады». 
-    Сіз үшін байлық, бақыт деген не?
-    Мен байлықты, барлық қызықты жұбаныш көрген емеспін. Менің байлығым – менің отбасым, туыстарым, мені қоршаған адамдар, солардың амандығы. Байлықты дәулетпен, билікпен өлшемеймін. «Жарлысы мен байы, жабысы мен тайы» тең өскен дәл қазақтай тектілігі сақталған ел көрген жоқпын. Дүниенің сырын ұққан ешкім жоқ. Қазір өз емшегімізді өзіміз жатсынып, өгейсініп, ұсақталып кеткен ұрпақты көресің де, кейін қандай боламыз деген ой келеді. Мағыналы өмір деген не? Мағыналы өмір дегеніміз – сен өлгенде бір ауыз сөз тұрмақ, ешкімнің ешбір жаман ой ойлай алмауы. 
-    Ал бақыт әркімнің түсінігінде әрқалай. Мен үшін бақыт деген орнықты көңіл-күй, рухани бостандық. Бақытқа апаратын жол ізгі ниет пен ақ пейіл.
-    Бақыттысыз ба, байсыз ба?
-    Аллаға шүкір, бақыттымын да, баймын да.
-    Қаражат бәрін шеше ме?
-    Әрине, көп нәрсені шешеді. Көп нәрсе қаражатқа келіп тіреліп тұрады. Кейде тапқаның тамағыңнан артылмайды. Балаларым өсіп келе жатқаннан кейін, соларға бірдеңе жасап бергің келеді. Қазақ сол ғой. Барын балаларына, кейін немерелеріне тосады. Біз де сөйтеміз. Балалар аман болып, солар саналы болса екен дейміз. Қазір қаншама бай адамдар бар, бірақ бір кемшілігі баласы нашақор, қызы ауру. Оның несі бақыт?!
-    Абайдың «Арсыз болмай бақ қайда?» дегеніне не дейсіз?
-    Мен бұл өлеңнің астары туралы ешқашан ойланған емеспін. Қазақ ешқандай баласын арсыздыққа тәрбиелемейді. Адал адам, кимешегі кірлемеген, ардың сүтімен ауызданған балалар арсыздыққа ешқашан бармайды. Абай тобырдан биік күйінгеннен айтқан сөзі болар.
-    Туған жеріңізге барып тұрасыз ба?
-    Демалыс кездері, біреулер қайтқанда барып жатамыз. Көбіне жұмыстамыз, шыға алмай жатамыз. Театрда спектакль болса, қандай жағдай болмасын, билет сатылып қойғаннан кейін, бара алмайсың. Ал былай уақыт болғанда барып тұрамыз.
-    Елдің жағдайына көңіліңіз тола ма?
Елдің жағдайына толық көңілім толады деп айта алмаймын. Менің бір қойылымда айтатын сөзім бар еді: «Бәріміз кереметпіз. Соған қарағанда жамандардың бәрін жер жұтып, жер бетінде кілең жақсылар қалған сыңайлы». Құдайға шүкір. Елдің санасы аман болса екен деп тілейміз. Өйткені сананың амандығы әлемдік санатқа енді аяқ басқан біздің елдің амандығы деп ойлаймын. Шындығында да, мен ұлт жайына қатты алаңдаймын. Есейіп қарттық жақындағаннан кейін бе, ұлттың қамы алаңдатады. Ұлтын, тегін, тарихын білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. Соларды көріп жүрегім ауырады. Қалай қазақтығымызды сақтап қаламыз деп алаңдаймын. 
-    Елдің Сізге деген көңілі қалай?
-    Өзіме өзім баға бере алмаймын. Оны елден сұрау керек шығар. Спектакльдерден кейін көрермен өз ойын айтып жатады.. Біреуге ұнаған нәрсе, біреуге ұнамауы мүмкін. Белгілі бір өлшем бар. Ол – талғам биіктігі. Талғамы биік адамның көзімен қарау керек. 
-    Қазақтың Сізге ұнайтын айрықша қасиеті қандай?
-    Қазақтың ерекше ұнайтыны – ол салтын сақтап қалғандығы. Салтымызды сақтау арқылы халықты қорғау керек деп есептеймін. Өйткені қазақтың салты ерекше. Сонсоң тағы бір жақсы қасиеті – айтыс өнерін сақтап қалғандығы. Қазақ қандай десе, наурызда шапан киіп аламыз. Олай емес, негізі Адамның қазақтығы қанында болады. 
-    Ұнамайтыны қандай?
-    Халқымның үстінен қазағымның қасиеті ұнамайды деп айта алмаймын. Қазағым туралы жамандыққа бара алмаймын. Ондай дәрежеге жеткен жоқпын.
-    Жаратушының барына сенесіз бе?
-    Әрине, сенемін. Қазақтың иманын ешкім тартып ала алмайды, өйткені иесі, бәрімізді жаратқан – Жаратушымыз. Жаратқанға сенетін болғандықтан, мұсылмандық парызымды орындап жүрмін, бес уақыт намазымды оқимын.
-    Мектептен мешіт көбейіп кетті дегенге көзқарасыңыз?
-    Ондайды естімеппін. Әрбір азаматтың тіліне, діліне, дініне қызмет етуі – парызы. Дін – әрбір ақыл иесін дүние мен ақіретте нағыз бақытқа жеткізетін  бірден бір жол. Бірақ сол дінге қалай келіп жатырмыз. Таза ақылдың бағытымен табылмаған дін шынайы емес, оның бояуы бар. Кешегі алдымыз ор, жолымыз тар, тілімізге тұсау салып, кісен салып тастаған, қанжығамыз қан, таралғымыз тар заманда, мен қазақпын деп айтуға тіл байланып, дүние төңкеріліп шыр айналып тұрған кезде қазақ дінін жоғалтқан жоқ. Қазақ даласына Ислам келгеннен бастап, біз сол Пайғамбарымыздың сүннетін салтқа, дінін дәстүрге айналдырған халықпыз. Әрине, тұрмыстық салтымыз, бітім-болмысымыз, тәрбиеміз Исламмен біте қайнасып жатыр. Жақсылық тұсында жағаласпай, жамандықтың тұсында табаласпай өркениетке қадам басқан елміз. Мешіт деген – адамның рухани азық алатын ілім ордасы, Алланың үйі. Ол көбейсе, оған налуға болмайды. Қайта қуану керек. Ұрпағымыз иманды болса, олар таза, шынайы бағыт ұстаған болса, біздің елдің елдігі биік болады. Еңсені тіктейді. Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің. 
-    Дін жолындасыз ғой...
-    Дін жолындамын. Құдайға шүкір, мұсылманмын.
-     Жиырма жасыңызда қандай едіңіз?
-    Жиырма жасымда қылшылдаған жігіт едім, бозбала едім. Дәл қазіргі Мағжандай едім. Қиыр Шығыста азаматтық борышымды өтедім. Әскерден келдім. Бала Бекжан болдым. Тентектеу едім. Тентегін тезге сала білетін, сасқанды сабасына түсіретін, адасқанға тоқтау айтқан халықпыз. Соның бәрін көрдік. Әскерден келіп оқуға түстік. 
-    Отызыңыз орда бұзғызды ма?
-    Отызымда орда бұзғанымды білмеймін, бірақ театрда біраз жұмыстар жасадым, Аллаға шүкір.  Отыздан асқан шағымда «Дарын» сыйлығын алдым. Алла берген талантты адал күзетуге тырыстым.
-    Қырық қалай екен?
-     40 жаста театрда бенефис жасадым. Көп адам 40 жасын, мерейтойын жасап жатыр деп түсініп қалды. Қазақта сөз бар « қырыққа дейін әйел әрін бермесе – қасиет, қырыққа келген адам есігін іліп есеп бере алмаса – қасірет», сондықтан қырыққа келгенде, есеп беру мақсатында Мағжан екеуміз бенефис жасадық.  Әшірбек ағам: «Дәл осы театрға қанша рет келіп жүріп, мынандайдың бәрін көрмеппін» де мени тани бастады, кітабына қоса бастады. Соған қарағанда жаман болмаған болу керек . 
-    Елудің әсері қандай?
-    Елуге әлі толғам жоқ. Толған кезде айтармын. Шерхан ағамыздан  «60 қалай екен?» деп сұрағанда «Тура 59-дағыдай» деп жауап беріпті. Елу – ердің жасы деп жатады ғой...
-    Елу ерлік жасайтын жас па өзі?
-    Мүмкін, кім біледі!? Солай шығар.
-     Алдыңызға ас қойдық делік. Бата беріңізші...
-    Иә, Құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын,
Әр қазақтың үйінде Құраны болсын,
Имандылық ұраны болсын,
Әрдайым дәреті болсын. 
Пайғамбарға салауат айту әдеті болсын,
Әр іске пайымы болсын,
Зекет – қайырымы болсын,
Тұрмыстары көңілді болсын,
Ұрпағы өмірлі болсын,
Алла Тағалам,
Халқымыздың аспанын ашық ет,
Бес парызын өтеуге нәсіп ет.
Әумин!
– Әумин!

Әңгімелескен  Гүлім Рысқұл

511 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы