• Шежіре
  • 19 Ақпан, 2015

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ІЗІМЕН

Қазақтың ұлы ғалымы, саяхатшы, қоғам қайраткері, Қашқарияны алғаш зерттеушілердің бірі Шоқан (шын есімі - Мұхаммедқанафия) Уәлихановтың туғанына 2015 жылы 180 жыл толады. Осы айтулы мерекені атап өту, Шоқанның еңбектерін насихаттау, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатта Алматы облыстық әкімінің қолдауымен 2014 жылдың 20-қазаннан 5-қараша аралығында “ Шоқан Уәлихановтың ізімен ”  атты халықаралық экспедиция ұйымдастырылды. Бұндай іс-шара «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының да бағдарламасында бар еді.
Соған сәйкес, қорық-мұражай директоры                 Г.Р. Мұхтарова осы экспедиция құрамына аға ғылыми қызметкер Б.Нұрмұханбетов және ғылыми қызметкер ретінде мені де кіргізген болатын. Қашқар экспедициясының ғылыми жетекшісі Алматы облыстық альпинизм федерациясының президенті М.Қ.Есімханов, Алматы облыстық туризм басқармасы халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы Оразбаев Бақытжан, «Аргументы и факты» журналының журналистері мен «жетісу» арнасының түсіруші тобы қатысты.
Шоқан (Мұхамедқанафия) Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865жж) қазақ халқының маңдайына біткен шоқ жұлдыз, ғалым, ағартушы, тарихшы, шығыстанушы, географ, этнолог, фольклортанушы, суретші. Ол 1958 жылы небәрі 22 жасында қашқар сапарына аттанады. Бұл сапар әлем тарихында ғылым жолындағы сапарлардың ең үрейлісі әрі жүзеге асқан ең елеулісі еді. 
XIII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, 1603 жылы Саяхатшы Гоес қана болған Қашқарияның географиясы, саяси құрлымы, мәдениеті мен салт-дәстүр ерекшеліктері туралы Шоқан Уәлихановқа дейін Еуропа ғылымында іліп аларлық мәліметтер жоқ болған.  Сонымен қатар Қашқар билеушісі Уәлихан төре Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Р. Шлагинвейттің басын алды. 
Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Шоқан саудагер ретінде Қашқарға құпия барған, аса қиын құпия жағдайда өз өмірін қатерге төндіре жүріп, аспан асты елінің шығысындағы 6 қала туралы зерттеу жүргізді. Ол бұл өлкенің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен географиялық жағдайы жайлы аса құнды деректер жинап қайтты. Бұл еңбектері сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. 
Шоқан атамыздың жүрген жолымен бізде өз сапарымызды бастап жолға шықтық. Сапар-ымыз 24- қазан күнінен басталды. Осы күні өз-өзімізге сәтті сапар тілеп,  Талдықорған – Есік – Алматы - Бишкек – Торугарт – Артуш – Қашқар  бағыты бойынша жүріп кеттік. Экспедицияның алғашқы қадамын біз Бішкек қаласының Орталық мұражайын тамашалаудан бастадық. Мұнда Қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манас» эпосын алғаш жазып алған,  әлемге даңқын көтерген Шоқан туралы арнайы тақташа орналастырған екен. Одан кейін біз бағытымызды Қытайдың Қашқар қаласына қарай бұрдық. Қашқар мен Қырғызстанның арасына екі қабаттан тұратын  жүк тиейтін арнайы автобустар жүреді екен. Бізде солардың біріне отыра кеттік. Екі араға қатынайтын саудагерлер көлікке жүк тиегендігі соншалықты-төсекке жатқан адамның өзі көрінбей қалады екен. Тозығы жеткен көліктің жүк пен адамды әзер сүйреп бара жатқаны бірден сезіледі. Осылай тар көлікте тынысымыз тарыла таң ата біз Қырғызстанның Торугарт асуына да жеттік, теңіз деңгейінен 3775 м биіктегі тау шыңына  көтерілгеннен бастап қар борап, қатты аяз басталды.
Қырғызстаннан Қашқар қаласына дейін біз жалпы бес өткелден (шекара) өттік, түрлі тексерулерге тап болдық, арасында өтірік айтуға да мәжбүр болдық, дәл осы сәттерде Шоқан атамыздың Әлімбай деген лақап атпен шапан киіп, басын тақырлап керуенге ілескен сәттері көз алдыма елестеді. Шоқанның ескі керуен түрін біз жаңа заманауи керуен түрімен алмастырғандай болдық, өзімізді ауыр әрі жауапты іс атқарып жатқандай сезімде болдық. Осы қиындықтар арқылы біз Шоқанның Қашқарияға сапарының қаншалықты ауыр болғандығын сезіндік.  Қытай үкіметінің қатаң заң тәртіптерінен әйтеуір сүрінбей өттік. 
Шоқан атамыз Қашқарияға сапарын осыдан 155 жыл бұрын аяқтағанымен бұл өңір әлі де жақсы зерттелмеген, әрі көп құпияны сақтап жатыр. Қашқар үнемі құпияға толы, зерделенбеген  аумақ. Сондықтан да болар осы аумаққа көптеген белгілі саяхатшылар жол тартқан. 1858 жылы маусымда, 22 жасында аттанған Шоқан  Уәлиханов Қашқарияда бес айдан артық уақыт тұрды. Ол өзі туысқан санаған адамдардың үйінде болып, өлкені зерттеумен айналысты.  Бес ай ішінде ғалым жергілікті халықтың тұрмысын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, сәулет ескерткіштері мен қалаға жақын елді мекендерді зерттеді. Ол барлық көрген білген құнды дүниелерін қайтып келген соң ғана қағаз бетіне түсіреді. Қашқарлықтардың заңдары бойынша уақытша әйел де алған. Шарт бойынша уақытша әйелді киіндіріп, асырау қажет болған. Уақыты жетіп қайтар шағында уақытша әйелге бас киім сыйлаған. Қашқарлықтар бас киімді “доппа”деп атайды. Уақытша әйелді қайтарында өзімен бірге алып қайтуға болмайды. Алғашқы кезде Шоқан Уәлиханов бұл қашқар қызына назар салмаған, уақыт өте Шоқан атамыздың тыңшы екенін біліп артынан куғын түскенде осы қашқарлық женгеміз Шоқанды аман алып қалған. Осыдан кейін сұлу әрі ақылды Қашқар қызына көңілі ауады.  Оның есімі Шынаргүл болса керек. Өкініштісі Шоқан атамыздан ұрпақ қалған-қалмағаны жәйлы еш дерек таппадық. Менің пайымдауымша ұрпақ қалса да Қашқарлықтардың «доппа кигізу» салтымен  әлдеқайда сіңісіп кеткен  болар. 
Қашқар – үш жағы бірдей тау жоталарымен қоршалған, солтүстігінде – Тянь-Шань, батысында – Болор, оңтүстігінде Күн-Лүн тау-лары, ал шығыс жағы Такла-Макан  даласымен ұласып жатқан құмды сахара. Ауа райы өте қолайлы, жазы ыстық, қысы аса суық емес, ал адамдары мейірімді, ашық мінезді, қонақжай, еңбекқор және де шектен шыққан сыпайы. Көшеде ашық-шашық киінген, қолтықтасып жүрген адамдарды көрмейсің. Дүкендерде арақ-шарап мүлдем сатылмайды. Шоқан заманындағы уақытша үйлену салты қазірде жойылып кеткен. Қашқарлықтардың тағам түрлері өте көп, тандырға жабылған нан, буға пісірілген манты, палау, лагман сынды тағамдарды нақышына келтіріп ер адамдар әзірлейді. Ал жемістің түр-түрін  Қашқар базарынан кездестіре аласың.  Қашқарлықтар әлі күнге дейін өзіндік дін, дәстүрлерін жоғалта қоймапты. 
Қазақта “Өлі риза болмай - тірі байымайды” деген сөз бар. Шоқанның өткен ғасырда болған көне қалаларында болып, Қашқар қаласын бүгінгі тұрғыдан зерттедік, тарихи жәдігерлермен таныстық. Рухани-мәдени құндылықтарымызды танып, зерделеп қайттық. Марқұмның әруағы бір аунап түскен болар, аумин!
Бүгінгі таңда Қашқар 5 миллионнан астам халқы бар, сәулетті ғимараттары бой көтерген әсем қалалардың біріне айналған. Биік ғимараттары, дүкендері мен дәмханалары, қонақ үйлері және мегаполиске тән басқа да белгілері бар қазіргі заманғы үлкен қалаға айналған. Шоқан заманындағы Қашқар қаласы бүгінде бұзылып, келмеске кетті. Тек сол замандағы “Көне-шаһар” яғни ескі қаланың тұрғын үйлері бірнеше қабатты,  мазарлар мен мешіттер, шеберханалар сол күйінде сақталған. Онда 500-600 жыл болған үйлер сақталған. Шоқан Уәлиханов дәл осы жерлермен жүрген деген оймен біз қалтарысы көп көшелермен жүріп көрдік, жергілікті тұрғындармен жүздестік. Тұрғындардың басым көпшілігі тоқыма тоқу, бас киім тігу, қыш құмыра жасаумен айналысады, қыш бұйымдар әлі күнге дейін жер пештерінде күйдіріледі екен. Тұрғындардың айтуынша олар осы үйлерде кем дегенде 6-7 ғасыр бойы тұрып келе жатыр. Бұл атадан қалған мирасты ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқанын айтты.  Бір қызығы олар бұл ескі үйлерін ешқашан зәулім әсем үйлермен алмас-тырмайтын көрінеді.  
Біз Уәлиханов еңбектерінде көрсетілген сәулет ескерткіштері мен тарихи орындарды да аралап көрдік. Солардың бірі Қашқар қаласында орналасқан XVII ғасырда салынған, Шығыс Түркістанның діни әрі саяси қайраткері Әппақ қожа мавзолейінде болдық. Әппақ қожа сопылық дінді қабылдаған,  1640 жылы дүниеге келген. Мавзолей ішінде 72 адам жерленген. Әппақ қожаның жиен қарындасы Ипар-хан яғни Цинлон патшаның ханымы да осында екен. Әппақ қожа туралы Шоқан өз еңбектерінде жан-жақты жазған.
 Қытайдағы ең көне мешіттердің бірі (1442 жылы салынған) Йтках мешіті, жұма намазға 50 мыңнан астам адам жиналады. Ол 1957 жылы Қытайдың СУАР аймағының ескерткіштер мұрағатына енген. Мешіт ішіне әйел адам кіруге тыйым салынған. Шоқан бұл мешітке келмеуі мүмкін емес. 
XI ғасырлардағы түрік ойшылы, ақын, ғалым, Қырғыз жерінде туып Қашқарияда дүние салған, артына көптеген еңбектер (атақты Kutadgy Bilik атты кітабы) қалдырған Жүсіп Баласағұн атамыздың мавзолейіне барып зиярат жасадық. Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнда туылған. Өмірінің көбін Қашқарда өткізген. 
Энциклопедист-ғалым, лингвист, «Диуани луғат-ат-түрк» атты еңбектің авторы Махмұд Қашқари жерленген орнына зиярат еттік.  Махмұд Қашқаридың зираты Қашқар қаласынан 45 шақырым жерде Опал деген ауылда орналасқан. Бұл жерді «Қасиетті ұстаз қабірі» деп атайды екен. 
Экспедицияның соңғы нысаны Қашқар қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан Артуш қаласындағы X ғасырдың ескерткіші Султан Сатух Бахрахан зираты.  Қашқарлықтар бұл ескерткішті “Кіші қажылық” деп санайды екен. Осындай ғұламалар ғұмыр сүрген киелі жердің топырағына аяғымыздың тигенінің өзі керемет емес пе! 
“Атың бар да желіп жүріп жер таны”, – деп аталарымыз айтқандай, тұнып тұрған мүмкіндікті пайдалана отырып өз елімізден де бөлек елдердің мәдениетін тамашалап қайттық. Жәй ғана емес, түрлі тарихи деректерге қанығып, өз жұмысымызға деген құлшынысымызға дем беріп қайттық. Саралап қарасақ, біз Шоқан Уәлихановтың ізін бір жарым ғасырдан соң қайталап отыр екенбіз. Осы сапарда Шоқанға сол кездегі сапардың қаншалықты ауыр соққанын түсіндік. Біз бәрін көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық. Ғасырлардың куәсіне айналған түрлі кесенелер мен ғимараттарды қызықтадық. Міне, осы дүниелерді кезінде Шоқан Уәлиханов әлемге танытқан еді. Соны қайталап көру – әр саяхатшының арманы деп ойлаймын.
 
Жазира Құрбанәлі, 
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени 
қорық-мұражайының ғылыми қызметкері
 

808 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы