• Мәдениет
  • 19 Ақпан, 2015

СУ СПОРТЫНДА ҚАЗАҚ НЕГЕ АЗ?

Нұрлан ҚҰМАР
 
Шахматтан ҚР спорт шеберлігіне кандидат. Алматыдағы марафоншылар клубының мүшесі. Жеңіл атлетикадан өткен бірнеше жарыстардың жүлдегері. Қазіргі таңда «Ана тілі» газетінің Әлеумет және ақпарат бөлімінің редакторы.
Жүзу – олимпиадалық спорт түрлерінің біріне жатады. Еркін, брасс, баттерфляй, шалқалап жүзу тәсілдерінен тұратын жарыстар 50 метрден 1500 метр қашықтық аралығында өткізіледі. Сонымен қатар қолданбалы жүзу, тұрмыстық, емдік, ойын түрлері де су астындағы көркем жүзудің негізін қалады. Халықаралық жүзу федерациясы (ФИНА) 1908 жылы құрылған. 1991 жылы оның құрамына 128 ел кірді. Олимпиялық ойындар 1896 жылдан, ал дүниежүзілік чемпионаттар 1973 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді.
КСРО 1947 жылы Халықаралық жүзу федерациясына мүше болды. 1952 жылдан бастап Олимпия ойындарына қатысуы жүзу спортының Кеңес Одағында, оның ішінде Қазақстанда да жедел дамуына ықпал етті. Қазақстанда жүзу спортының дамуы Алматыда Дене тәрбиесі институтының (қазіргі Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясы) ашылуымен тікелей байланысты болды. Оның түлектері 1946 жылы Бүкілодақтық жоғары оқу орындары арасындағы жарысқа қатысты. 1947 жылы алғаш рет жүзуден республикалық біріншілік ұйымдастырылып (Тастақ тоғанында), оған Алматы, Атырау, Орал қалаларының суда жүзгіштері қатысты. Сол жылы Қазақстан тұңғыш рет КСРО біріншілігінде бәсекеге түсті. 1948 жылы Алматыдағы Мәдениет және демалыс саябағында студенттердің күшімен 27 метрлік ашық бассейн жасалды, онда екінші республикалық біріншілік өтті. Ю.Кабин, В.Минаев, Б.Елқондиевтер бірнеше рет Қазақстанның чемпионы атанды. Құрамына қазақстандық Г.Николаев енген КСРО жүзгіштері ХVI-шы Олимпия ойындарында (Мельбурн, 1956 ж.) 4×200 метрлік эстафетада Кеңес Одағына алғашқы қола медальді әперді. 1957 жылы Қарағандыда тұңғыш жабық бассейн іске қосылды.
Тәуелсіз Қазақстан дербес қатысқан Барселонада өткен XXV-шы Олимпия ойындарына (1992 ж.) 7 жүзгіш, ал Сиднейде өткен XXVII-ші Олимпияға (2000 ж.) 8 жүзгіш бақ сынады. Олардың бәрі дерлік Азия құрлығының үздіктері болатын. 2004 жылы Афинада, 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиадаларға да біршама жүзгіштеріміз еліміздің намысын қорғады. Алайда қазақстандық жүзгіштер алтын тұрмақ, тым құрығанда бір жүлде алып көрмепті. Тек ¬Владислав Поляковтың 2004 жылы Афина олимпиадасында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде көрсеткен бесінші орыны көңілімізге аз да болса медеу болары сөзсіз. Бір өкініштісі, Ұлттық құраманың сапында бірде-бір қазақ жоқ.
2013 жылы Испанияның автономиялық аумағына қарайтын Каталонияның астанасы Барселонада су спорты түрлерінен кезекті әлем біріншілігі өткен еді. Әлемнің 181 елінің өкілдері қатысқан чемпионатта спортшылар жүзу, суға секіру, синхронды жүзу, су добы және биіктіктен суға секіру (хай-дайвинг) бойынша бақ сынасты. Хай-дайвинг әлем чемпионатына биыл тұңғыш рет қосылған сайыс. Бұл сында ерлер 27 метр, ал қыздар 20 метр биіктіктен суға секірді. Әлем біріншілігі барысында көпшілік күткендей негізгі талас АҚШ, Қытай және Ресей елдері арасында өтті. Сарапқа салынған 68 алтын медальдің 38-і осы үш елдің еншісіне кетті. Аталған үш мемлекет тек саяси сахнада ғана емес, спортта да алпауыт екенін тағы бір дәлелдеді. Соңғы төрт Олимпиада мен әлем біріншіліктерінің нәтижесіне көз жүгіртсек, жүзуден АҚШ, суға секіруден (трамплин) Қытай, синхронды жүзуден Ресей мықты екенін көреміз. Өкінішке қарай, қазақстандық спортшылар су спорт түрлерінен құр қалып келеді. Бұдан екі жыл бұрынғы әлем біріншілігіне барған 47 спортшымыз жүлдесіз қайтты. Жүлде тұрмақ, біздің саңлақтарға жартылай финал мен финалға шығудың өзі мұң болып тұр. Осылайша жалқы қолаға қол жеткізе алмаған Қазақстанның қашан олжа салары белгісіз.
Тәуелсіздік алғалы су спортынан бақ сынаған спортшылардың әлем чемпионатына көз жүгіртсек, суда жүзуден Владислав Поляков қана әлемдік сындарда алтын медаль олжалапты. Бұған да шүкір дейміз. Суда жүзуден 2006 жылы Шанхай қаласында өткен әлем біріншілігінде ол брасс әдісі бойынша 200 метр қашықтықта алдына жан салмады. Дәл осы сайыста қола жүлде қазақстандық спортшы Евгений Рыжковқа бұйырған болатын. Осы спортшылар АҚШ-та жаттығады. Ал аталмыш елдің су спортындағы дәрежесі жоғары. Өйткені ол жақта су спортына барлық жағдай жасалған. Тіпті жалғыз Майкл Фелпсті баптау үшін төрт бірдей ғылыми институт жұмыс істейді екен. Осыдан-ақ АҚШ-тың су спортындағы әлеуетін байқауға болады. Аталмыш елдегі оқу орындарының басым бөлігінде бассейндер мен жаттығу орындары бар. Кез келген студент сабақтан тыс уақытында суда жүзіп жаттыға алады.
Қазақ жастарының су спортына аз баруының себептері де жоқ емес. Біріншіден, қазақ жастарының көбісі ауылда тұрады. Ауылда бассейн жоқтың қасы. Тіпті, елімізде мұнай өндіруге байланысты өзен-көлдер тартылып қалғандықтан, жас жеткіншектер үшін суда жүзудің өзі қиялға айналды. Екіншіден, қазір жасөспірімдердің көбісі үйлерінде отырып, интернеттегі ақпараттарды оқуға құмартып алды. Осылайша жастар алтын уақыттарын интернетте өткізуде. Үшіншіден, сауаттылықтың жетіспеушілігі көп рөл атқарып келеді. Мәселен, өзге ұлттың ата-әжелері немерелерін су спортына жиі апарады. Ал қазақтың ақсақалдары болса су спорты жөнінде хабарсыз болып келеді. Әрі білген күннің өзінде жүзуге менсінбей қарайды. Оның орнына немерелері шымыр болсын деп күрес, боксқа жиі апарып жатады. Ал жүзу спорты жекпе-жек сынды спорт түрлерінен кем түспейді. Өйткені бұл спорт адамды шымыр етіп қана қоймай, шыдамдылыққа, әдептілікке баулиды. Тіпті ең мықты талантты деген боксшы олимпиадада әрі кетсе бір ғана алтын алып шектеледі. Ал жүзу спортындағы мықтылар бір дүбірлі додада бір емес, біраз қашықтыққа бақ сынап, бірнеше алтын алып жататынын көріп жүрміз. Төртіншіден, мінез-құлқымыздың әсері де өзіндік зиянын әкеліп жатқаны жасырын емес. Мәселен, қазақ – қонақжай халық. Туысын, досын күтуге көп уақыты мен қаржысын жұмсайды. Көптеген бос отырыстар да қазақ халқында тән болып отыр. Ал өзге ұлттар қаржысы мен алтын уақыттарын нақты жоспарлы түрде жұмсағандықтан, бізден әлдеқайда оқ бойы алда тұр. Бесіншіден, су спортында қазақтілді бапкерлер жоқтың қасы. Осыған орай ауылдан келген  қарадомалақтар бұл іске тартылмай қалады. Алтыншыдан, елімізде су спорты жөнінде насихат аз болып тұр. Бұдан басқа бұл спорт түрі бойынша да жарыстар жиі-жиі өткізіліп тұрмайды.
Жүзу адам ағзасына тигізетін пайдасымен әсері жағынан басқа спортқа қарағанда ерекше орын алады. Жүзумен тұрақты шұғылданған адамның бұлшық еті үйлесімді жетіледі, жүйке тамыры нығаяды, денедегі зат алмасу, тыныс алу мен қан айналу жүйесінің қызметі жақсарады. Ендеше, бұл спорт түрінде қазақ жастары жиі тартылса нұр үстіне нұр болар еді.

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы