• Мәдениет
  • 13 Ақпан, 2015

Мемлекеттік тіл – мәртебем

Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы жүректегі толғаныстар – кім-кімді де бейжай қалдырмайтын күрделі мәселе. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» бекітіп берген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қуанған кезіміз әлі есте.

Көп жылдар бойы көлеңкеде қалып, жаутаңкөз жетім сәбидей күн кешкен тіліміздің азаттығына мәз болған журналистер, ақын-жазушылар, тіл жанашырлары, ғалымдар ақжолтай тілек білдіріп, мәртебе алған тілімізді қоғамымыздың әр саласына енгізуге зор ынтамен үлес қосуға бейіл болған кездер еді ол. Ең әуелі қазақ мектеп, балабақшаларын ашу науқаны ұлт зиялылары қатысуымен ерекше қарқынды жүргізілді.

Қазақ тілін үйрену мен меңгертуде өзге ұлт өкілін де, өз ұлтымыздың өкілін де қызықтыратын бір нәрсе бар. Ол – тәрбие. Тәрбие болғанда, өзіңе жақын-жуықпен қарым-қатынас жасаудың ұлттық этикет нормаларымен қызықтыру арқылы тәрбиелеу. Өйткені бүгінгі әлемде бәрі бар, бірақ адамдардың  бір-бірімен сыйысып, бейбіт өмір сүруі үшін не істеу керектігін үйрету жоқ. Бейбіт өмір сүруді үйрену отбасынан басталады.

Кез келген ұлт өкілі ұлттық мәдениетті отбасы коммуникациясында бойына сіңіріп өседі. Оны мектеп те, жоғары оқу орны да дәл отбасындай бере алмайды.

Ана тіліне деген құштарлықты әріп танымайтын, сауатсыз ата-әжеміз ертегі, аңыз, жырларды дауыстатып, мәнерлетіп оқытып оятқан біздің замандастарымыздың бағы бар екен. Ал, үйіндегі ата-анасына мұндай тәрбие сіңбеген, «шала қазақ» атанған отбасыларға, олардың балаларына қандай қиын?! Бұл ретте жас балаға, біздің ұстаздарымыздай талантты мұғалімдер кездессе, жақсы... ал өз пәніне тек күнкөріс құралы деп қарайтын мұғалімге тап болса ше?... Мәңгілік елдің мәңгілік тілі үшін қуанатын, соның беделі үшін барын салатын мұғалім қазіргі кезде ауадай қажет. Өйткені ана тілді, әдебиетті шырайын аша оқыту – еліміздің болашағының  іргесін бекітетін берік тірек.

 

Нұрлан ҚҰМАР

540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы