• Шежіре
  • 08 Ақпан, 2015

ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ : Хақназар хан

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. 

Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.  «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады. 

 

 

                                                                             ***

Ақназар, Хақназар (шамамен 1510/20 - 1580 жылдары) - 1538-1580 жылдардағы қазақ ханы, қазақ халқын біріктіруге, мемлекеттігін нығайтуға айрықша еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, қолбасшы, Қасым ханның ұлы.

Әкесінен жастай жетім қалған Ақназар анасы Қаныкей сұлтан-ханыммен бірге Қасым ханның қарындасы Қараүлікті паналап, Ноғайлының алты ұлы әулетін билеген Шахмамайдың қолында тұрған.

Ақназар таққа әкесі өлгеннен 20 жыл өткенен кейін отырған. Бұл екі ортада Қазақ ордасында хан құтаймай, Момыш, Тоғым, Ахмет хандар сырт жауларымен шайқаста шейіт болған болатын.

Қасым хан айбынын асырған Қазақ хандығы іштей әлсіреп, сырт жаулармен күресте ірі-ірі сәтсіздіктерге ұшыраған еді. Батысында Ноғайлы, шығысында Моғолстан, солтүстігінде Сібір (Көшім хан), оңтүстігінде Өзбек хандықтарының қысымында болды.

Осындай кезеңде билікті қолына алған Ақназар елінің еңсесін көтеріп, сыртқы жағдайларды Қазақ ордасының мүддесіне пайдалана білді. Қасым ханның ісін ілгері жалғастырып, Ноғай ордасының бір бөлігін Қазақ хандығына қосты. Мемлекет шекарасын Еділ мен Жайыққа жеткізді. Башқұрт халқының Ресейге мойынсұнбаған бөлігі де Қазақ ордасының құрамына кірді.

Орыс патшасы Иван Грозный Ақназарды құдіретті әмірші ретінде танып, елшілер жіберіп тұрды. Ақназар Сібір хандығымен күрестің нәтижесінде Орта жүздің шетте жүрген руларын оңтүстікке топтастырды. Ойраттарға 1554 жылы күйрете соққы берді. 1555 жылы Моғолстан ханы Абд әр-Рашид ұлы Абд әл-Ләтиф сұлтанды жеңіп, Ұлы жүз руларының көпшілігін қосып алды. Моғолдар шебі Тәңіртаудан әрі ысырылды. Түркістан, Сығанақ, Сауран, Сайрам, Тараз қалаларын қайтарып алды.

Қырғыздардың бір бөлігі Ақназарды хан деп таныды. Бұдан соң Шайбани ұрпақтарымен саяси-мәмлегерлік тәсілдермен де, қарудың күшімен де шешуші ұрыстар бастады. Бұхар ханы Абдолла мен Ташкент уәлаятының әмірі Баба сұлтанның алауыздығын пайдаланып, Ташкентті қосып алуды көздеп жүрген Ақназар жорықта қаза тапты. Ақназардан Дінмұхамед, Мұңғытай, Бозғыл есімді балалар қалған. Дінмұхамед біраз уақыт Ташкентті және Хиуаны билеген.

Дереккөзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том

812 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы