• Cұхбаттар
  • 25 Желтоқсан, 2014

«Жаңа техника – сапалы өнім кепілі»

Қанатбек МӘДІБЕК, 
Жамбыл облысы 
Сарысу ауданының әкімі
 
-Қанатбек Қайшыбекұлы, ауданда аграрлық секторды дамыту барысында не істелініп жатыр? Ауыл шаруашылығын  өркендетуде қандай оң нәтижелер бар?Биылғы жылғы ауыл шаруашылығы жылы қалай аяқталып отыр?
-Ауылдың болашағы- аймақтың, өңірдің болашағы. Біздің аудан- аграрлық аудан. Аудан халқының 50 пайызы ауылдарда тұрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артып, 5,2 миллиард теңгені құрады. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға биыл бюджеттен 120,2 миллион теңге субсидия бөлінбекші, бұл өткен жылмен салыстырғанда  2,1 есе артық. Биылғы жылы егілген ауыл шаруашылық дақылдары көлемі 2,1 мың гектарға немесе 14,8 пайызға артты.

-Ауылда өндірілген өнімді сол жерде өңдеу,  табыс көзіне айналдыруға қол жеткізу- мәселенің нақты шешімі болар еді. Мұның негізі- ауылды  индустрияландыруда жатыр. Бұл бағытта қолға алған тірлік бар ма?
-Үдемелі-индустриялық инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылдың екінші жарты жылдығында құны 360,0 миллион теңгені құрайтын «Асыл- тұз» компаниясы ЖШС-нің  тұз зауыты құрылысының жобасы ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта құжаттары рәсімделу үстінде.
Сонымен қатар, «Нар» ЖШС -мен «Жаңатас ВЭС» ЖШС-нің желден               электр қуатын өндіру жобаларын баяғдарлама аясында    индустрияландыру картасына енгізу жоспарлануда. Аудан аумағынан Ииндустриялдық аумақ құруға 60 гектар жер бөлінген. «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақта 12 жаңа инвестициялық жоба іске асатын болады, жалпы құны 1,2 миллиард теңге. Аумақта кірпіш, ас тұзын өндіру, асфальт-бетон зауыттары және тағы басқа өндіріс орындарын ашу көзделуде. Бүгінгі уақытта осы өндіріс орындарының құрылыстарын салуға жер учаскелері аукцион арқылы сатылып, беріліп жатыр.
-Сарысудың төскейін төрт түлік малға толтырудың қадамдары жасалып жатқан болар. Берекелі тірлікке бейімделген іс-әректетердің барысы қандай?
-Ауданда мал басы тұрақты өсуде. Биыл мүйізді ірі қара 18,2 мың басқа, қой-ешкі 227,6 мың басқа, жылқы 5,3 мың басқа, түйе 1,8 мың басқа, құс 22,3 мың басқа жетті. 2014-2015 жылдардағы мал қыстату кезеңіне 85,0 мың тонна мал азығы дайындалды.
Мал шаруашылығын өркендету және өнімін молайту ауданымызда ерекше   назарға алынып отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан игілікті істер де баршылық. Атап айтқанда 6 ауылдық аймақта 1750 бас уақ мал мен 20 бас мүйізді ірі қара малын бордақылау орындары бар. Жаңатас қаласынан 1 мал бордақылау алаңының құрылысы аяқталып, қажетті құжаттары рәсімделуде. 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салуға 5 гектар жер рәсімделді. Аудандағы мал бордақылау алаңдарының есептік нөмір алу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Аудан көлемінде 2 мал сою алаңы жұмыс істейді. Жаңатас қаласында-2, Саудакент ауылында-1 ет сату орындары бар. Ет сату орындары арнайы тоңазытқыштармен қамтылған. Жаңатас қаласында мал сою алаңының құрылысы басталады, биылғы жылы оған 5 миллион теңге бөлінді.
-«Сыбаға» бағдарламасы қаншалықты жүзеге асырылуда?
-Ауданда  «Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық            әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыруға арналған  «Сыбаға»    бағдарламасы бойынша 2011-2013 жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 8 шаруашылық барлығы 68,0 млн. теңге несиеге  379 бас мүйізді ірі қара малын сатып алып, ақпараттық сараптамалық жүйесі (АСЖ) бағдарламасына тіркеліп, жұмыс атқаруда. 
Ағымдағы жылдың қазан айында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Жаңаталап ауылдық округінен «Ынталы» шаруа қожалығы  «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 14 млн. 520 мың теңге несие алып, 82 бас аналық сиыр, 4 бас асыл тұқымды бұқа алса, Досбол ауылдық округінен «Нұрлан» шаруа қожалығының есепшотына 9 млн. 600 мың теңге түсіп, бүгінгі күнде бұл қаражатқа 60 бас сиыр сатып алуға жұмыс атқаруда.  Тоғызкент ауылдық округінен «Байбек» шаруа қожалығы осы бағдарлама бойынша несие алып, жұмыс жүргізу мақсатында құжаттары рәсімдеуде. 
Сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы Тоғызкент ауылдық округіндегі «Абылай-Т» шаруа қожалығы «Алтын сақа» бағдарламасы бойынша 380 бас қой алуға 10 млн.  теңге несие алу үшін толық құжаттарын рәсімдеп өткізді.   
Жалпы мал шаруашылығын қолдау субсидиялау жайында да жұмыстар баршылық. 
Мал шаруашылығын қолдауға 2013 жылы барлық төленген субсидия көлемі 27305,4 мың теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімі үшін – 8712,0 мың теңге, МІҚ мал азығын  арзандату  - 3233,6 мың теңге, асыл тұқымды МІҚ сатып алу – 4800,8 мың теңге, МІҚ малына селекциялық жұмысына – 9511,3 мың теңге, асыл тұқымды қой сатып алу – 277,9 мың теңге, қой малына селекциялық асылдандыруға – 769,8  мың теңге.
-Ауылдағы малшы мен дихан кәсібін дөңгелетуге қаржы жетіспейді. Банктерден алуға қайран жоқ. Ауылға өзгеше несие саясаты керек сияқты. Сіз бұған не дейсіз?
-Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде ауданда қыруар қаржы шаруаның шаруасын шалқыту үшін берілмек. Айта кету керек екінші деңгейдегі банктер арқылы берілетін несиелік қаржының пайыздық мөлшерін қаржы агенті-«Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» А.Қ арқылы үкіметтің шағын қалаларды қаржылай қолдау саясаты жүзеге асырылмақ. Жаңатас қаласындағы инвестициялық жобалар мен өндірісті жаңғырту және кеңейту жобалары бойынша әрбір кәсіпкердің несиелік қаржысының жылдық сыйақы мөлшері екінші деңгейдегі банктердің шекті мөлшері 14 пайыз болып табылса, оның 10 пайызы аталған қор арқылы субсидияланып, кәсіпкерге баржоғы 4 пайыз ғана жылдық сыйақы төлемі ғана қалмақ. Осындай жеңілдіктің ауыл шаруашылық еңбеккерлеріне де қатысы бар. Бұл жағдай екінші деңгейдегі банктердің шалғайдағы біздің ауданға деген бұрыннан қалыптасқан ұстанымын өзгертуіне тура келіп отыр. Олар да шағын қалалар үшін мемлекет тарапынан 10 пайыздық сыйақыны алуға құштарлық танытуда. Олардың көшбасында бұрыннан іскерлік байланыста болған «Халықтық банктің» облыстық филиалы тұр.    Соңғы кездері «Қаз Агро Қаржы» АҚ жұмысына қанағаттанбай жүрген шаруашылық басшылары да жоқ емес. Бірнеше ай құжат жинап техникаларын ала-алмаған соң жаңа техникалармен қатар арзан қолды техникаларды көрші облыстардан, республикалардан сатып алу жолын тапқандар да бар. Дегенмен ол аудан шаруаларының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды.     Аталған мекемеге құжат жинаудың өзі жыл он екі ай шаруа жұмысымен айналысатын ауыл адамы үшін едәуір қиындықтар әкеледі. «Қаз Агро Қаржы» А.Қ-ның да екінші деңгейдегі банктер секілді өзіндік саясаты бар. Бұл мекеме іргелі кәсіпорындардан сұрайтын тиісті құжаттарды, талаптарды қарапайым шаруадан да сұрайды. Соның салдарынан олар не жұмыс істей алмай, егінін игере алмай, не ортақ ұжымға біріге алмай қауқарсыз шаруа қожалықтарына айналуда. Қалай дегенде де жаңа техника сапалы өнім кепілі. 
 -Майда шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі  үнемі айтылып келеді. Бірақ алға жылжу байқалмайды. Оны жүзеге асырудың тетіктері бар ма? Сіз қалай ойлайсыз?
-Ауданда ұсақ шаруашылықтардың бірігуі шаралары да жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ 22 майда шаруашылықтар өзара бірігіп, аудандағы шаруа қожалықтарының саны 529-ға азайып, саннан сапаға көшті. Бұдан бөлек 3 өндірістік кооперативтер жұмыс істейді. 
Өткен жылы жер телімдеріне ревизия жасалып, қауқарсыз шаруашылықтарының өздерінің келісімі бойынша жерлері алынып аукцион бойынша жері жетімсіз шаруа қожалықтарына берілуде. Жалпы ірілендіру бағытындағы жұмыстары мұнымен тоқтаған жоқ. Шаруалар арасындағы түсінік жұмыстары одан әрі жүргізіліп, несие және қайтарымсыз қаржылар алу, мал тұқымын асылдандыру секілді мәселелер кеңінен насихатталуда.  
Ауыл шаруашылық құрылымдарының дамуына ең үлкен тежеу болып отырған ұсақ тауарлық өндірісті орта және ірі тауарлы  шаруашылықтарға біріктіру мәселесі. Біздің ауданда бір түйіні шешілмей келе жатқан мәселе-жайылымдық суға байланысты. Сарысу ауданы Шу, Талас, Аса өзендерінің төменгі сағасында, шөл және шөлейтті аймақта орналасқан.
-Мал арасында жұқпалы ауру кездесе ме? Жалпы мал ауруына қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
-Еліміздің Евро Азиялық кеден одағына кіру алдындағы дайындық барысында ет өнімдерін дайындау мен оны өндеуде үлкен бәсекелестіктің пайда болар мүмкіндігі жақындаған сайын біздің ауданда да ветеринария саласын дамыту бағытында қыруар қаржы бөлініп, біршама қарқынды істер атқарылды. Атап айтар болсақ аудан бойынша екі мал өлексесін тастайтын биотермиялық «Беккер» шұңқыры салынды. Өлексені өртеп жіберетін үш жылжымалы қондырғы және бірнеше тұрақты шұңқырлар пайдалануға берілді. Ауданда жаңа үлгідегі ветеринарлық зертхана салынып, іске қосылды. Қой ешкіні түрлі жұқпалы аурулардан сақтаудың бұрыннан келе жатқан тиімді тәсілі ол мал тоғытпаларын көптеп салу. Ол кейіңгі кезде жиі қолданылып жүрген арнайы қоспаны мал үстінен жаңбырлатып шашу әдісінен әлдеқайда тиімді екендігі ғылыми түрде дәлелденген. Сол себепті ауданда мал тоғытпаларын типтік үлгіде салу одан ірі жанданбақ. Қазіргі таңда ауданда осындай тоғытпалар саны үшеуге жетті. 
-Аудан орталығы Жаңатас қаласы-өнеркәсіптік аймақ екені белгілі. Өнеркәсіпті қарқынды дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз? 
-2014 жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп кәсіпорындары ағымдағы бағалармен 1,6 млрд. теңгенің өнімдерін өндіріп, өнеркәсіп өнімдерінің физикалық көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 105,6 пайызды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9,5 млрд. теңге болды. Бұл былтырғы жылға қарағанда 4,1 есеге артық. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 5,0 млрд. теңгесі «Еврохим-Тыңайтқыш» ЖШС тиесілі. Есепті кезеңде ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 4,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,0 пайызға өсіп, 4,4 млрд. теңгені құрады. Кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 бірлікке артып, 1666 бірлікті құрап отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ауданда екінші деңгейлі банктерден несие алуға және мемлекеттік грантқа қатысуға жалпы құны 230,0 млн. теңгені құрайтын 57 жаңа инвестициялық жобалар іріктеліп, 29 жобасы екінші деңгейлі банктердің қарауына жолданған. 
-Жаңатас қаласы Үкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген болатын. Осы бағдарлама аясында не істелініп жатыр?
 -Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 3 кәсіпкер 19,0 млн. теңге несие қаражатын алды. Осы несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялауға 13,5 млн. теңге қаржысы «Даму» қорына аударылып берілді. Аудан бойынша 2014 жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда тауар айналымы-722,7 млн. теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,3 пайызды құрады.  2014 жылдың қаңтар-қазан айларында мемлекеттік бюджетке 1 млрд 065 млн. теңге салықтар және міндетті төлемдер аударылып, бекітілген жоспар 103,9 пайызға қамтамасыз етілді. 
 
Сұқбаттасқан 
Жамалбек ӨЗБЕКОВ 

556 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы