• Әдебиет әлемі
  • 02 Қыркүйек, 2011

Иесін қапқан ит (әңгіме)

Алмас Нүсіпов

1988 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің магистранты.

Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.
Абай.

– Қараң қағырдың күні күйіп кетті ғой. Құдай алғырдың малы сонша ұзап кеткені несі!

Киіз үйдің ашық есігінен сөйлей кірген әйел қолындағы түбінде жаңа сауылған саумалы бар шелегін қаңғыр еткізіп босағаға қоя салды.

– Уһ, пысынап кеттім ғой... Қайнап тұрған мына күнде түк көрмегендей жердің түбіне барып шыбындап, иттің малы. Оны айдап әкелетін еркек жоқ бұл үйде. Қараң қағыр!..

Қолындағы әлдебір кітапты самарқау ұстап, төрде жатқан еркек мойын да бұрмады. Сөйлеп кіріп, сөйлеп шығатын Светаның әдетіне әбден еті өлгені байқалады.

– Уһ! Елдің байы бие сауысып, желі басында әйелімен бірге жүреді... Дүниені тындырғандай жатысын сорлының.  Бір ақтарғанын он ақтарып, кітап оқыған не теңің байғұс. – Беті көпіршіген саумалды қорға қосып, пісіп-пісіп қойды. – Ыржияды ғой сорлы. Басыңдағы үйді біреуге аударып беріп, жұмысыңнан айрылып, елдің құлы болып, малын баққан қара беттігіңе мәз боп жатырсың ба?!

УҺ! – деп босаға жақтағы енсіз тапал орындыққа отыра кетті. Көзімен ата ыбырсып жатқан үйді бір шолып шықты. Бұл әйелдің сылғырт қимылы мен қату қабағынан даланың қозғалып болмас жыбырлақ тірлігіне көндіге алмай жүргенін байқауға болар еді.

– Әлгі жетпегірлер қайда жүр? Самат, ай Дәурен! Иттің моласын ыбырсытып тастап тайып тұрғанын қарашы, желкең қиылғырлар. Саамат... – деп қойды естімейтіндерін, естісе де келе қоймайтындарын біле тұра. Мынаның бәрін қайтіп жинап шықсам екен дегендей астаң-кестең үйді кіржие шолып аз отырды. Кеудесін қарс айыра бір күрсінді де, әлдекімдерді жеті атасынан тарта қарғап-сілей жүріп, реттестіре бастады.

– Тұршы-ей былай. Тау қопарғандай шалжия қалуын. Тұр, сыпырам мына жерді.

Алба-жұлба ескі кітапты жүктің үстіне лақтыра салып, орнынан көтерілген Сембек саусағы бір қимылдаса, аузы екі қимылдайтын әйеліне қарап біраз тұрды да, сыртқа беттеді.

«Бұл ештеңе емес. Мұның бәрі түк емес. Шыдауға болады. – деп ойлады, шаңытқан аспанға, шақырайған күнге сығырая қарап тұрып. Қос қолын қалтасына салып тұрғанда кеудесі еңкіш тартып, иығы қушиып кетеді екен. – Бәрі ештеңе емес. Елдің сөзі де, жұрттың табасы да. Бәріне қолды бір сілтеген. Ел не демейді... Тек... Құлағының түбінен ызыңдап, жатсаң-тұрсаң, күндіз-түні жағы бір тынбайтын әйел. Света...  Бастапқыда ашуланып қол да көтерген. Ұрып-соққаннан түк шығара алмасын білгесін, өзінше уәж айтып түсіндіріп те көрді. Болмады. Ақыры, өзі түсінер, қояр деп жақ ашуды қойған. Ал, Света... Жауын жауса да, жаумай қалса да, сүт тасыса да, қазанның түбі күйсе де Құдайдан бастап, – ішінде бұл да бар, – аузына түскеннің бәрінің сыбағасын сөзбен беріп шығады. Бітпейтін бір сөз. Аузын ашса қарша борайды. Қыз кезінде бәрі жақсы... Жаман қатын... Жоқ, Свете жаман қатын емес. Яғни, болмаған. Алғаш отасқан күндер... жылдар – ол кезде қалада тұратын – қылығы қызға бергісіз, құшағы от, жаны жаз құдай қосқан қосағына сүйсіне қарайтын. Сөйтсе... Ораза, намаз тоқтықта екен. Өзінің де түсіне кіріп, ойына келмеген мына иенге келгелі, бұрын естіп көрмеген, естіртіп көрмеген сөздердің тиегі ағытылып берді. Тұрмыс таршылығынан адамның мінезі өзгеріп, мүлде басқа кепке түсуі заңды да шығар. Қайткенде де, таң қалуға болмайды. Таң қаларлығы, мұның таң қалатыны қалада өскен ақ саусақ қыздың осынша сөзді қып-қысқа уақытта қалайша, қайдан үйреніп алғаны...

– Неғып селтиіп тұрсың-әй, атауыңды іш, түс болды. Самат, әй Самат! Бас аяқтарыңды!

Алдарына келген асқа селқос қол созысып, түскі тамақтарын ішіп отыр. Бәрі жабығыңқы. Екі ұл мен отағасы мұнда келгелі қабағына қар байлап, жадырауды ұмытқан Светаға жәутеңдей қарасады.

– Ғалымжан звондады. Ертең бір қой сойып, салып жіберіңдер дейді. Уһ! Кеше ғана босағаңдағы құлыңдай еді. Ойбай жетім, адам қатарына қосып жіберейік, әлі-ақ балаңдай болып кетеді деп... Сорлы! Әне, сол балаң үйіңді тартып алып, жатыр шалқалап. Соның малын бағып отырған отырысың мынау, сүмпиіп...

***

Иесі темекі тартатын. Күні бойы әлдеқайда жоғалып кетеді. Ағаш шарбақтың ортасында орналасқан темір қақпадан шығып бара жатады. Қолында түтіні будақтаған темекі. Кеш бата әлгі қақпадан кіріп келе жатады. Қолында темекі. Алдымен үйге кіріп, киім ауыстырмастан бөгелмей қайта шығады. Қолында бір тілім нан. Өз қолымен асатады. Дәмді тамақ жеп үйренген, семіздіктен ырсылдап әрең тыныстайтын, қарны тоқ тайдай төбетке осы иесі асататын жұмырға жұқ болмас бір жапырақ наннан асқан тәтті жоқ еді. Құныға қағып алып, қылғыта салады. Баяғыда солай болатын. Кеше солай болған. Бүгін солай болды. Ертең солай болады. Әрқашан солай бола береді. Мәңгі-бақи. Қанша уақыт өтсе де өз қолымен тамақ беріп, басынан сипап, сабалақ жүнін саусағымен аялай тарап, еркелететін иесімен бірге болады. Ағымен сарысы аралас сабалақ жүнді Таймас осыған сенетін. Күмәнданып көрген емес.

Иесін жақсы көретін. Сәл еңкіш тартқан бойы қақпадан қараң еткенде қуанышында шек болмайды. Тіпті, түнімен әлденеше мәрте түзге шығып, көк түтінді құныға жұтып тұрып та мұны ұмытпайды. Аспанға телмірген қалпы бос қолымен мұның құлағынан бастап арқасына қарай сипап қояды. Таймастың еркелегісі, ойнағысы келеді. Иесімен. Асыр салып. Күшік кезіндегідей. Күшік кезінде ойындар көп болатын. Иесі мұның құлағынан, құйрығынан тартып тоңқалаң асырады. Шалып қалып аяғын аспаннан келтіреді. Бастапқыда ашуланатын. Кейіннен ұнай бастады. Түбірі жаңа білінген кішкентай, әлсіз тістерімен аузына ілінген жерін тартқылап, қарсы шабуылдайтынды шығарды. Иесі мәз болып күледі. Бұл да қуанады. Ойын қыза түседі. Енді жіңішке саусағын алдына тосады. Тістеуге ыңғайлы, ауызға еркін сияды. Күшсіз азуымен әлсіз жұлқылайды. Соншалық қызық еді. Мұның тұрқы өсіп, азуы өткірлене бастағанда ойын кілт тоқтады. Иесі мұнымен ойнауды доғарған еді.

Қазір де дәл сол кездегідей ойнағысы келеді. Қас қарая қақпадан Ғалымжанның сұлбасы қылаң бергенде ойыннан дәметіп арсалаңдай ұмтылады. Тұғыры мықты ауыр шынжыр орта жолдан жұлқа тоқтатқанда ғана өзінің байлаулы екені есіне түседі.  Қыңсылай үріп иесіне мұң шаққандай қарайды да қояды. Дегенмен иесінің төбесін көргенде қуанып кететін.

Иесі кейде түннің бір уағына дейін келмей қояды. Ондайда жылай ашылып, күңірене жабылатын темір қақпаның жылауық есігінен кіріп келе жататын иесін тағатсыздана күтеді. Ол кешіккен сайын мазасы кетеді. Шарбақты жағалай өтетін асфальтті тротуардан адам аяғының тықыры білінсе, басын жұлып алады. Бірақ, басқа біреу, бөтен кісі болып шығады. Бұл жаққа мойын да бұрмастан өтіп бара жатады. Бөтен адамдар өзіне жақындамайтынын, еркелетпейтінін, тәтті нан асатпайтынын біледі. Арық, қушық бет, еңкіш еркектен басқаның бәрі Таймас үшін бөтен еді. Тіпті, мұның итаяғына ас құйып тұратын, үйге кіріп-шығып, күні бойы бір тынбайтын әйел де. Аулада ары-бері жүгіріп, өз тепкен добын өзі қуып, жалғыз ойнайтын кішкентай бала да.

Таймас бақытты еді. Әр аптада иесі бір мәрте үйде болады. Сол күні бұл ең дәмді тамаққа қарық болады. Көбіне шикі ет. Кейде бүтін қабырға, жарты жамбас, өкпе-бауыр. Әйтеуір, құшырлана жейтін бірдеңе. Тек, мойнына оралып алып, аттап бастырмай қойған шынжырға көзі түскенде ғана бір сәт жабығып қалады.  Әсіресе, шарбақты жағалап, иесінің жетегінде, болмаса бос кетіп бара жатқан үлкенді-кішілі тектестерін көргенде жанын қоярға жер таппай кетеді. Босатпай қойған шынжырды үзіп жіберердей жұлқынып, амалы құрыған соң азуды басып-басып жіберетін. Тісі қан қақсап кеткенде ғана қыңсылай күрсініп, райынан қайтады. Қарнының аш екенін қабысқан құрсағы мен андағайлап тұрған қабырғасынан білуге болатын алба-жұлба сұрықсыз иттерді көргенде ғана айызы қанып, өзіне келеді. Бастарын төмен салып, тұмсығымен әр бұрышты бір тіміскілеп жүретін мұндай ұсқынсыз иттер бұған қызыға, алдындағы жартылай ғана орталанған кірлі астауға сұқтана қарайтын. Ақыры, өзіне қарай арпылдай ұмтылып тұрған туысының жарылқай қоймасына көзі жеткесін, сүмеңдеген қалпы өз жолымен кетіп бара жатады.

Таймас ашулы еді. Өзін қоршаған күллі тіршілік иелеріне. Әсіресе бос жүрген иттер мен мұның байлауда екеніне көзі жеткен соң көстеңдеп ары да, бері де өтетін адамдарға. Тіпті, көзге үймелеп алып, тынышын қарадай алатын қара-көк шыбындар да құлағының түбінен сүйкімсіз ызыңдап, келекелеп жатқандай. Адымы санаулы, аумағы тар төбетті басынғандай. Иесінің басқаның бәрін шайнап тастауға қайран таппай, іштен тынатын.

Мұндайда күшік кезін сағынатын.  Әлдебір ығы-жығы екі аяқтылар мен өзі сияқты төрт аяқтылар, бұларға мүлдем ұқсамайтын торға қамалған үлкенді-кішілі қанаттылар, тағы да толып жатқан бұл білмейтін  хайуанаттардың у-шу ортасына тап болғанда есі шыға қорыққан. Таңсық әлемге үрейлене көз салған. Мұнымен қосып екі ұяласын, енесін әкелген сары кісі бұларды күзеткен де отырған. Сол-ақ екен, бұларға қызықтай қараған, тіпті желкесінен салмақтай көтере қолына алып, асты-үстін тексеріп шығушылар пайда болды. Уақыт өте келе ондайлардың қатары көбейе түсті. Алдымен алыстан тамашалайды, сосын қолмен ұстап көреді, соңынан тапжылмай отырып алған сары кісімен әлдене деп сөйлесіп жатады. Көп өтпей-ақ екі ұяласы таласа тұмсық тығып, құныға созғылайтын тәтті емшекті бұған жеке қалдырып, әлдекімдердің қолында кетті. Енді өзіне ғана қалған жұпарлы бауырды жеке иемденіп, салбыраңқы желінге бас қойғаны сол еді...

Тәтті сүтті соңғы емуі екен.

Қолына алды. Алдымен құлағын қоса қармап желкелей көтерген. Көзі сығырайып, ашылмай қалғаны болмаса, ауырсынбаған. Қайқайып тұратын сүйкімді құйрығынан тік көтерді. Төрт аяғы салбырап қалған бұл есі шыға тырбанып, ауаны қармай берді. Екі құлағының ұшынан салмақтай ұстады. Ең жаманы да осы болды. Бас сүйегі шытынай сынып, құлағы түбінен үзіліп бара жатқандай. Тісі енді қылтиып келе жатқан қызыл иегін көрсете тыжырынған. Бірақ дыбыс шығармады.

– Жарайсың, күшігім! Нағыз сырттан болайын деп тұрсың.

Осыншама әуреден кейін, түк болмағандай аялай ұстап, құшағына қысқан бойы сары кісімен әлденелерді айтысып, әлдебір сытырлақ қағазды қолына ұстатқан да, жүре берген...

Содан бері осы жерде. Ауласы кең, таза, еңселі үйдің сүйікті иті. Алғаш келгенде күшік болған, қазір...

Сол күннен бастап жаңа иесіне үйреніп алды. Түнге қарай лапасқа қамап қояды. Күндіз бір ауық сыртқа шығарып тұрады. Бастапқыда енесінің бал татыған бауырын сағынғанымен, кейіннен ұмытып кетті. Алдына келген бұрын татып көрмеген тәтті-дәмділерді қарны сыздағанша ішіп-жейді. Содан кейін көтеріліп қалған көңіл ойын тілейді. Жаңа иесі де ойын құмар болып шықты. Екеуі де тоймайды қызыққа. Ойын – қызық.  Ақыры екеуі де шаршайды.  Бұл да, иесі де үйлеріне беттейді. Алдымен тартыншақтағанына қарамай, күшік лапасқа кіргізіледі, иесі содан кейін ғана мұныкінен әлдеқайда сәулетті, үлкен үйіне кіріп бара жатады.

Кейде бөтен адамдар келеді. Аз уақыт иесімен бірге үйге кіріп-шығып, артынша қарасын батыратын екі аяқтылар мұны да естен шығармайды. Қашқалақтағанына назар да аудармай, қолдарына алып, біраз мазалайды.

– Таза алабай. Енесін өз көзіммен көрдім, сенің қара итіңнен екеу шығады. Әкесі де алабай дейді. Орыс шал шын айтса, енесінен де дәу көрінеді. Көрдің ғой, құлағын кесіп алсаң да қыңқ етпейді. Нағыз сырттан. Құйрығын енді кессем қорқақ болып кете ме деп, тиіспедім. – деп мақтанып жатады иесі.

Салпаң емшек енесінен ажырағаннан бір ай өткенде мойнына қарғыбау салынды. Өзіне өлшеніп жасалған шағын үйшіктің қасына қазық қағып, байлап қойды. Бұл кезде тұрқы іріленіп, мойны жұмырлана түскен күшік өз атының Таймас екенін білген. «Таймас!» – десе жалт қарайды. Және, соның артынан тәтті тамақ, болмаса қызғылықты ойын күтіп тұратынын да біледі. Ол кездер де жақсы еді. Күнде кешкілік байлаудан босанып, бауырын жазып, армансыз ойнақ салатын.

Алғаш жер-дүниені аппақ қылып, қар басқан күннен бастап, ойын кілт тоқтады. Байлау да босамай қойды. Басынан сипап қана қоятын иесінің төбесі көрінсе дәмелене қарайды. Бірақ, ешқандай ойын болмайды. Баяғыдай емес суық тартып қалғандай. Бөгде адамдар да жақындамайтын болды. Қолына алмақ қайда, анадайдан айналып өтеді.

Еңкіш ие түннің бір уағында кешігіп келсе, ойын болады деген сөз. Баяғыдай босатпайды, әйткенмен бұл байланған қазықты айнала жүріп асыр салады. Бір қызығы мұндай күндері иесі мүлдем басқа кепке түседі. Әншейінде аяғын нық, маңғаз басатын адамның жүрісі өзгеріп, ойын барысында шалыныса береді. Тіпті, жығылып та қалады. Құмары тарқамағанмен, бір сәт болса да кеңіп қалатын ойын енді қыза бастағанда, үйден жыбырлақ әйел шығады.

– Ғалым, Ғалымжан, жүр үйге. Кеш болып кетті, ұйықтау керек. Дем алу керек. Ертең жұмыс қой саған. Неғып ішкенсің? – деп, қолтығынан демеп, сүйрегендей қылып, иесін алып кетеді. Мұндай күндері ол түннің бір уағында сыртқа шығып темекі тартпайды. Тіпті, бұған беретін тілім нанды да ұмытады.

Қыс бітті. Қардың еріген лайлы суы айналаны шалшыққа айналдырды. Бірте-бірте азая келе, ол да құрғады.  Көктің қақ төріне шығып алып, күлімдеп қоя берген күн бойын жылытты. Күлім көз күн еппен қытықтап, жып-жылы шуағының астында жатып маужырайтынды шығарды. Бірақ, бұл рахат та ұзаққа созылмады. Күн өткен сайын жылу ыстыққа айналды. Жылы шырай танытатын күн енді дәл төбесінен төніп, қытықтаған қайда, шағып алады. Таймаста мұндай кезде тілі салақтап үйшікке тығылғаннан басқа амал қалмайды. Тек, күннің зәрі қайта, арқаны кеңге салып, үйшіктен шығады да шарбақ жақты аңдиды. Ол жақтан иесі келеді. Иесі келсе...

Күндер өте берді. Біркелкі. Қанша үміт артса да, мойындағы қарғыбау шеңгелін босатпады. Ойын да болмады. Бұл кезде, иесі де кешігіп келуді қойды. Күшік кезін көзіне елестетіп, ұзақ қиялға батып жата береді. Иесін көзімен шығарып салады, көзімен күтіп алады. Түнімен неше рет түзге шыққанын санайды. Еңселі үйдің темір есігі сырт етіп ашылып, жалаңаш кеудесі шығып келе жатады. Ойын болмайтынын біледі, әйтсе де Ғалымжанның төбесі көрінгенде бойын белгісіз сезім билеп ала жөнеледі. Иесін жақсы көруші еді.

Көзін ашқалы бір-ақ рет қар басқан Таймас үшін өмір кеңістігі соншалық шектеулі еді. Шарбақтың ар жағындағы қайнаған тіршілік бұл үшін жұмбақ болатын. Адамдардың арасында дүние, байлық, мансап, ақша деген түсініктер барын, сол түсініктер жолында туындаған алдап-арбау, аяқтан шалу, тер төгу, тіпті қан төгу сынды қасиеттер болатынын, таңның атысы, түннің батысы тырбанып жүрген пенделердің бақытты-бақытсыз, бай-кедей, жақсы-жаман болып бөлінетінін, және соңғылардың алдыңғылардан көп екенін, әлдеқайда көп екенін білмейтін. Қазір техниканың әбден дамыған заманы жиырма бірінші ғасыр екенін, бір ғасыр жүз жылдан тұратынын, бір жылда он екі ай, төрт мезгіл болатынын, қазір жаздың ми қайнатар ыстығы – шілденің соңы екенін де ойлап көрмеген. Тіпті, өзі өлердей жақсы көретін иесін өзгелердің жек көретінін, бұған қойдың таза етін беретіндігі үшін сырт етіп ашылып, иесі шығатын есіктің ар жағында әйел мен еркек арасында теке-тірес, жанжал туындап тұратынынан бейхабар-тын. Адамдардың қолында алысты жақын қылатын құдірет барын, жер түбіндегі адамның даусын ести алатын құрал болатынын, ол құдіретті құралдың телефон аталатынын, иесі сол телефонмен бүгін ауылға, Сембекке қоңырау шалып, үйде еттің біткенін, тез арада бір қой сойып беріп жіберуді бұйырғанын және сол еттің жартысына жуығы өзіне бұйыратынына бас қатырып көрген емес. Алдына келгенді қарпып тастап, жататын да қоятын. Таймастың бір сарынды ғұмыры, бірінен бірі аумайтын күндері осылай өтіп жатты. Көңілсіз еді. Қызықсыз болатын. Бірақ, қызықсыз екенін білмейтін. Көз ашқалы көргені сол, өмір деген осы деп ойлайтын.

***

Кеш бағана батқан. Тіпті көп уақыт өтті. Көшедегі көліктердің гүрілі де тынған. Жарқырап ай туды. Дөп-дөңгелек. Мамық түн. Күндізгі аптаптан арылған қала да аяқты көсіп тастап, ұйықтап кеткен. Мүлгіген дүние. Тек бұл ғана мазасыз. Айнала тыныштыққа бата түскен сайын тынышынан айырылды. Күткелі көп болды. Бірақ Ғалымжан әлі жоқ.

Бұл күйді кешіп, ұйқысыз жатқандар екеу еді. Бірі – Ғалымжанның әйелі Әсел. Бірі – Таймас.

Ішкен кезде ұялы телефонын сөндіріп тастайтын әдетін білсе де, қайта-қайта қоңырау шалады. «Абонент байланыс аясынан...». Сүйкімсіз дауыс. Бұрын да ішетін, бұрын да кешігетін. Бірақ, дәл осылай емес. Бұл уақта үйде болатын. Ал, бүгін... Сағатқа қарады, таңғы төрттен өтіп барады.

Күте-күте шаршаған, терезеден қарай-қарай көзі талған әйел таңғы ұйқы қысып, манаурай ұйықтап кетті.

Ал, ит ұйықтамады. Маужырап жатады да, тысыр еткен дыбыс білінсе, басын жұлып алады. Ол емес. Осылайша қанша үміті құрдымға кетті екен! Бірақ, күте берді.

Ақыры келді-ау. Таң біліне бастағанда ағаш шарбақты жағалай бері беттеген аяқ дыбысы естілді. Біркелкі емес. Демек... Бүгін ойын болады. Есіктің ілгегін таба алмай көп әуреге түскен Ғалымжанды көргенде күманы қалмады. Ойын.., ойын болады. Тек есік ашылсын. Қазір...

Қателеспепті. Есікті әрең ашып, аулаға енген иесі буынынан айрылған аяғын қалт-құлт басып бері беттеді.

– Таймас... – деді тілі күрмеліп. Мойнынан құша отыра кетті. – Тоқта, тыныш... Ой, сен де... Қап, тиыш... Қазір... – Соны айтып, ебі кеткен қолдарымен иттің қарғыбауын ағыта бастады. – Қазір, екеуміз күресеміз. Күресте әділдік керек, сондықтан сені шешеміз.

...Күтпеген жерден бостандық алған Таймас арсалаңдап, ауланы бір айналып шықты. Өзін шақырып тұрған Ғалымжанға қақтығыса тоқтады. Дегбірі қашып барады. Күшік кезіндегідей алдыңғы аяқтарын тік көтеріп, артқы аяғына тұрды да, қолын иесінің кеудесіне тіреді. Ғалымжан да құшақтай алды. Қолтықтан төмен ұстап, жамбасқа икемдеді. Атып ұрмақ. Иттің ауыр салмағы бар, өзінің ебі қоса кеткен, шамасы келмеді. Босанып кеткен Таймас айнала жүгіріп жүр.

– Кел, кел күшігім. О.., жарайсың. Кә! Кел бері. Қазір саған көрсетейін.

Таймастың қуанышында шек жоқ. Мойны босап, ауыр шынжырдан азат болғалы өзін соншалық жеңіл сезінген, мүлдем құтырынып кетті. Өзіне ұмтылып, ойынға шақырып жүрген иесі көзіне қораш көріне бастады. Әлсіз. Күшік кезіндегідей жұлқылай алмайды. Теңселе басып, айнала берген бір тұста секіріп келіп, кеуделей қағып өтті. Аяғына әрең мініп тұрған Ғалымжан ұшып түсті. Ырсылдап, қырылдап әлденелерді күле айтып, тыпырлап жатыр. Таймас қанша айнала жүгіріп, ойынға шақырса да буынын бекітіп, орнынан көтеріле алмады. Делебесі қозған ит тісінің ұшымен киімінен тартты, тұрмады. Аяғынан тартты,  шалқалай аударылып түсті. Тағатсыз шыр айналған. Тыпыр-тыпыр. Ашулана бастады. Жеңсіз жейдесінің иығынан жұлқа тартып, дар айырды. Қайта тістеп, жұлып алды. Оңай сыпырылған жейдені аяққа басып, өткір тістерімен дар-дар айырып, умаждап тастады. Әп-сәтте дал-дұлы шыққан әлсіз мата құмарын тарқата алмаған. Керісінше қанын қоздыра түскендей. Бұл кезде орнынан еңбектей тұрып, қолына іліккен әлдебір кесекті бұған қарай жіберіп қалған иесінің ашулы даусы естілді. Қабырғасына сарт еткен жұдырықтай тасты ойынның тағы бір түрі ретінде қабылдаған ит Ғалымжанның басынан қарғып өтті. Аунап түсіп, қайта тұрмаққа әрекеттеніп, аяғын баса алмай жатқан қораш мақұлыққа айналған әлжуаз адам ішін пыстыра бастады. Тұңғыш рет иесіне ашуланған төбет секіре басып келіп, шалбарға ауыз салды. Азуды қаттырақ батырып жіберген екен, етін қоса жырып кетіпті. Аузына қанның дәмі келді. Еттің дәміне ұқсас. Бірақ, әлдеқайда тәтті.

Ойнап жүрмін деп ойлады. Күшік кезіндегідей бар күшін салып. Ол кезде әлі келмейтін. Қазір қалай бұраса да еркіне көне берген иесі астына түседі. Бұрын, мұны жұлмалайтын, әлсіз күшік шарасыз қалыпта көне беретін. Ендігі кезек...

Гүр етіп кеудесіне аяқ артты. Шалқалап жатқан иесінің көзі бағжаң етіп, жұдырықпен құлақ шекені ала салып қалды. Әлсіз. Екінші рет бағытталған қолды білектен тістей ауызға түсірді. Күшік кезіндегідей күштей тістеген. Әлдене күтір етті. Ойбайлаған дауыс қоса шықты. Салбырап қалған қолды тастай берді. Күшік кезінде... Ең болмаса саусағын бүге алмайтын. Енді... Жансыз қолды тастай беріп, жалаңаш кеудені сойдақтата осып өтті. Жоқ. Болмайды. Бұлай болмайды. Кеуде жарамайды. Құмардан шыға ойнап, құшырлана тістеу үшін азуға еркін ілігетін бірдеңе керек...

Жан далбаса үйелеп жатқан иесінің мойнына көзі түсті. Ыңғайлы. Азуды қалай басса да ыңғайлы...

Күйеуінің келгенін білген жоқ. Алғашқыда ұйқылы-ояу халде жатып естіді. Күйеуінің итімен ойнап жүргенін еміс-еміс ойлап өтті. Ғалымжанның ырсылдаған, қырылдаған, күлген даусы мен иттің арылы қатар шығып жатқан. Әлден уақта ойбайлаған әлемтапырық дауыс шыққанда атып тұрып, қолына ілінген киімдерін апыл-ғұпыл іле салып, сыртқы есікке жүгірді.

Бұл кезде үн де өшкен.

Жансыз. Шалқалай жатқан бойы қимылсыз қалыпты. Бассыз өлі дене. Жейдесі мен шалбары илектеніп, анадайда жатыр. Кеудесі мен бөксесін қан жуып кетіпті. Бассыз қалған мойыннан кеңірдектің ұшы қылтияды. Ендігі қызыққа сол арқылы көз салып жатқандай. Қаны әлі тоқтамапты, жерге жайыла ағып жатыр. Ал бас...

Бас Таймастың аузында. Жұлқа тартып аяғының астына басады. Сәл қарап тұрады да, алдыңғы аяғымен ары-бері дөңгелетіп, аударып, қайтадан көтеріп алады. Қалай аунатса да ыңғайға көнетін домалақ басты құшырлана тістейді. Ойынның ең қызықты жаңа түрін тапқан нән төбет қуана қыңсылайды...

Қызыл-ала киінген топ алдымен жеткен. Артынша дәрігерлер. Әлденелерді суретке түсірді. Оқиға орын алған жер ақ-қызыл лентамен қоршалды. Ғалымжанның мәйітін итімен қосып әлдеқайда алып кетті.

Итті тексеруден өткізген. Құтырған, болмаса басқа бір залалды ауруға шалдыққан болуы мүмкін. Бірақ, тексеру нәтижесінде иттің қанында ондай кеселдің жоқ екені анықталды. Қызыл жағалылар аңтарылып, ақ халаттылар бас шайқасып, таңданыс білдіріп жатты. Амалдары таусылған тәртіп сақшылары марқұмның таныстарын, туыстарын тергеуге алуға мәжбүр болды. Көп өтпей-ақ, мәселенің түйіні шешілді.

Итте ешқандай кесел, яки аурудың нышаны жоқ. Иесі мас күйде итін ойнатпақ болған. Көз ашқалы байлаудан босанбаған, ойынқұмар болып өскен ит бір сәт еркіндік алып, құмары қанғанша ойнаған. Ақыры, күшік кезінен еркелеткен, ойнатқан, туысына қимаған етті осыған беріп, баласындай баптап, бағып-қаққан, үйге келер сәтін тағатсыздана күтетін, өзі соншалық жақсы көрген иесінің жанын жаһаннамға жөнелткен.

Бір ауыздан марқұмның өзі кінәлі деп танылды.

Соңғы кезде бұл түсінбейтін жайттар болып кетті. Алдымен, тап-таза, өткір иісі бар аппақ үлкен сарайға апарды. Әлдебір жіңішке темірді қолтығына сұғып, қанын алды. Аузын ашып, сасық сілекейін тексерді, тісін адақтап шықты. Үш күн бойы қап-қараңғы сыз қуысқа қамап қойды. Соңында көлікке салып, ұзақ жер жүріп, осы жерге алып келді. Мұның ендігі иесі болса керек,  қаталдау болып шықты, еркелеткен қайда, әкелген күні ашық күннің астына байлап қойып, су-су еткен дыбысының өзі жаныңнан қарадай бездіретін жіп-жіңішке ұзын жіппен айнала жүріп, шықпырта сабады. Жыртылған терісін ауырсына жалап, иесін тұңғыш рет жоқтаған. Содан бері не су, не тамақ бермеді. Шыжыған күннің ыстығында көлеңкесіз жазықта тілі салақтап жата берді.

Таймастың ендігі қатал, тас жүрек иесі Сембек еді. Күтпеген жазымға тап болған Ғалымжанның жерлеуіне қатысып қайтқалы өртеніп тұрған жаздың күнінде өлімші халде жатқан итке қарап тұрудан үлкен ләззат алатындай, күніне екі-үш мәрте келіп көріп кетеді. Бастапқыда ұлып, жер тырнап, бала-шағаның есін шығарып еді, енді ол да тынды.

Ғалымжан өлгелі, Светаның қабағы жадырайын деді. Не де болса мына азаптан құтылып, баяғы дәуренге қайта оралар күн де иек астында. Ойламаған жерден жауыздың жанын алған итке риза еді. Тек, адам жеген жалмауыздың өзі де қорқынышты, әйтпегенде төбесінен төгілтіп алтын құйса да жарайтын іс тындырған итті бағып алуға да болар еді. Ендігі отырыстары мынау, иттің өлімін күтіп. Бірден өлтіре салуға күйеуі көнбеді. Ит те өле қоймады. Әне-мінемен он екі күн өтіпті.

Ал, Сембек қайғырған. Өзіне соншалық сорақылық істеген адамның өліміне емес, сорлы баланың адам көргісіз күйде өз көрін өзі қазғандығына. Адамға жасамаған жақсылығын жасаған итінен көрген қорлығы қайткенде де сүйекке таңба, бетке шіркеу. Ит өлім. Жоқ, одан да сорақы. Жаны ашымады, ет жүрегі езіле жоқтамады. Қуана да алмаған. Табалауға дәті бармады. Өзіне соншама қорлық көрсеткен адамның мынадай күйде жер құшқанына басқа болмаса да, Сембек бөркін аспанға атуға тиіс еді. Кісілігі жібермеді. Тумаса да туғандай болып кеткен інісі еді. Тек соңғы істері...

Ғалымжан балалар үйінде өскен тұл жетім болатын. Тәрбиелеушілермен шекісіп, қарғыс атқан үйден қашып шыққан балаң жігітті көлік тұрағынан кездестірген. Жүзі солыңқы, киімі жұпыны балаға жаны ашып, жөн сұраған. Үндемей кете баруға дәті шыдамай үйіне ерте келген. Өзінің бір киерлерін беріп, ыстық тамақ ішкізіп, қалтасына аздаған тиын-тебен салып, қашып шыққан жеріңе қайта орал деп, ақылын айтып, шығарып салған. Бірақ, бармапты. Көп өтпей тағы кезікті. Бұл жолы үйінің алдында. Арып-ашқан. «Сізден басқа паналар жерім жоқ» деген. Жұмыс тауып беруін өтінген. «Жетім көрсең жебей жүр» деп білетін Сембек шынымен босаған. Шындап кірісті. Жалған құжат жасатып, ауылдан келген інім еді деп, өзі істейтін мекемеге күзетшілік қызметке орналастырудың сәті түсті. Ғалымжан іске ұқыпты, шаруаға тыңғылықты болып шықты. Бұл қатты қуанған. Аяққа тұрып алғанша, үйде жүре берсін деген. Арада бес жыл өткенде, өз бетімен күн көру былай тұрсын, басқаға жәрдем бере аларлық дәрежеге жеткен Ғалымжан мұның өзіне ауыз салады деп кім ойлаған? Бұл кезде күзетшілердің басшысына айналған жігіт Сембекке несие алмақ ниетін айтқан. Тек мұның көмегі керек. Бұл ойланбай келіскен. Кепілге қоятын мүлік – Сембектің үйі. Ол да түк емес, уақытша Ғалымжанның басына аударған. Соның ертеңінде-ақ сотты болды. Ғалымжанның баспанасын тартып алып, тұрып жатқан көрінеді. Әупірімдеп қамаудан аман қалды. Ғалымжан кең пейілділік көрсетіп, кешірім беріпті. Басы сотты болған Сембек үйден айрылғаны былай тұрсын, қызметтен қуылып, далада қалды. Ол да түк емес екен, көрер қызығы алда болып шықты. Алар несиесін алған Ғалымжан қарсыласса түрмеде шірітетіндігін айтып, баяғы қамқор ағасын малшыға айналдырған. Азғантай малдың басын құрап, алдына салып, осы елсіз иенге әкеп тастады. Мұны қорлағаннан ерекше ләззат алатын болса керек, жиі келіп, шікірейе тұрып, тексеріп қайтады. Азық-түлік те мардымсыз бірдеңе. Ит қорлыққа жас балалары үшін шыдап баққан. Ақыры, міне...

Жерлеуден кейін, біраз шығынданып жүріп, итті қолға түсірген. Атып тастамақ екен. Жауыңның жауы – сенің досың деген ниетпен емес, адамның басын жұтқан қолда өскен итті жай ғана атып тастау аз еді. Болмай бара жатқасын, тәртіп сақшыларының аузын майлап, көп әуреленбей-ақ, осында әкелген. Бір туысы туралы әлдеқайда естіген. Өз қойына шапқан итін күннің астына ас-сусыз байлап, азаппен өлтірген көрінеді. Жиырма күнде әрең өліпті дейді. Сенбеген. Енді көзі жетті, бүгін он екінші күн. Іші қабысып, сұрқы қашып, өлімші халге жеткенімен бір-екі күнде ажалға алғызар түрі жоқ. Алғашқыдағыдай емес, жағы тынған. Көп қозғалмайды. Анығында, қозғала аларлық дәрменнен айрылған. Жанарсыз көздерін алысқа тастап, сұлқы жатады да қояды.

Таймас иесін күтіп жатыр еді, қайдан келетінін де білмейді. Үйреншікті өз үйі, өз үйшігі емес. Айдала. Тым-тырыс. Ыстық. Иесімен бірге болған жердей емес, у-шудан ада. Ішіне сәл де болса салқын леп ендірер аздаған жұбаныш – тілін салақтата дем алуға да әлі жоқ. Кірпігі әрең қимылдап жата берді. Қанша сарылып күтсе де иесі келмей қойды. Бірақ, келеді деп сенді. Сол ғана құтқарады мына азаптан. Мына азаптан...

Кенет, бұрын ойына мүлде келмеген, мына аптаптан паналар жалғыз орын жер екендігін ойлап өтті. Әбден шатысқан санасының түкпірінен себезгілей көрінген әлсіз сәуле ыстық күн ғана емес, соңғы кезде әбден басынып, тірідей талап, жей бастаған шыбын-шіркейден де құтқарар соңғы сая топырақты қазып тастарлық күш берді. Соңғы өткен екі аптада өзі әбден таптаған құрғақ, қатты топырақты жан далбаса тырналай бастады.

Анығында, бауырын көтерерлік қауқары қалмаған Таймастың өлім алдындағы соңғы тырбануы еді бұл. Өз кінәсін сезінбеген қалпы келмей қойған иесін іздеп кете барды. Байлаудан біржола азат.

626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы