• Руханият
  • 09 Шілде, 2012

Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттер диалогы

1987 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің, дінтану және мәдениеттану кафедрасының 2 курс магистранты. Жібек жолы – ұлы мәдениеттің бастауы. Жібек жолы – баршылық пен молшылықтың бастауы. Салтанаты жарасқан керуен қазақ даласын шарлады. Бұл жолмен халықтардың мәдениеті, әдебиеті, философиясы, ән мен күйі тарады. Жібек жолы деп аталуының басты себебі: қытай жібегін осы жолмен Батысқа тасыды. Сондықтан «Жібек жолы» деп аталып кеткен еді. Тарих ұлы Жібек жолы әлем мәдениетінің жетістігі болғанын айғақтайды. Жібек жолы қазақ жерінде отырықшылықтың орнығып, қала мәдениетінің дамуына орасан үлес қосты. Жібек жолында керуендер жылдың төрт мезгілінде ел-елді аралап, халықпен байланыс жасады. Н. Алдабек «Ұлы Жібек жолы б.з.б II мың жылдай бұрынғы көне замандар мен орта ғасырларда Жерорта теңізі (Батыс Еуропа) мен аспан асты елі Қытай арасындағы Еуразия құрлығын басып өтетін, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тараған, ең бастысы Шығыс пен Батыстың арасын байланыстырып келген көне керуен жолдарының желісі болған» – деп жазады [1]. К. Байпақов атап өткендей, «Ұлы Жібек жолы 2 мың жыл бойы өмір сүрген. Ол әлем тарихында дара ерекше құбылыс болды, Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасындағы көптеген халықтарды біріктірді. Жібек жолы деген ат толық мағына бермейді. Жібекпен сауда жасау б.з.д. ІІ және б.з.д. І мыңжылдықта ғана болды. Ұлы Жібек жолы әр түрлі сауда, мәдени жаңалық және жаңа ойлардың таралу жолы, Еуразиядағы көшпелілер мен отырықшы халықтардың даму жолы болды. Жібек жолы өркениет жолы болды» [2]. Өркениет Шығыстан басталған. Шын мәнінде, Шығыс мәдениетінің, өркениетінің тамыры тым тереңде жатыр. Сонау ежелгі Шумер мәдениетінен бастау алады. Рухани ілімдердің Батысқа Шығыстан тарағаны белгілі. Мәдениеттанушы, ғалым Т. Ғабитов «Батыс пен Шығыс – географиялық атау емес. Мысалы, Марокко – Атлант мұхитының жағалауында орналасқан мемлекет. Бірақ бұл мемлекет шығыстық бағытты ұстанады. Шартты түрде жер бетіндегі халықтар Батыс пен Шығыс адамы деп бөлінеді. Олардың арасын бөліп тұрған не? Менің ойымша, құндылық бағдарлары. Батыс адамының белсенділігі табиғатты меңгеруге, бағындыруға бағытталды. Батыстың ұлы ойшылы Фрэнсис Бэкон: «Табиғат – адам әрекеті басталған жер. Адам табиғатты бағындырып қана өзінің табыстарына жетуге болады» деген пікір айтады. Батыс адамының ең рәміздік, символикалық бейнесі Фауст. Фауст кім? Ол өзінің жанын, рухын әзәзілге сатып, жер шарын гүлденген баққа айналдырғысы келеді. Егер Фауст мен тойдым, маған ештеңенің керегі жоқ десе, онда оның жеңілгені. Адамның қажеттіліктерін толық өтеу мүмкін емес. Батыс адамы өзінің мақсат-мүддесін Фаустың «қанағатсыздығымен» байланыстырады. Табиғатты бағындыруға ұмтылу – Батыс адамының бірінші ерекшелігі. Шығыс адамының белсенділігі – бірінші өзін-өзі жеңуге бағытталған. Батыс адамы жауды алыстан іздейді. Айналасындағы адамдардан жаманшылық жасайды деп қауіптенеді. Шығыс адамы жамандықты адам өзіне-өзі жасайды. Барлық нәрсе адамның ішкі әлемімен байланысты деп түсінеді. Батыс өркениетінің екінші негізі – құқық. Әлгі индивидуалист адамдар бір-бірімен келісімге келеді. Барлығы құқыққа бағынады. Ф.Энгельс «Ортағасырда ирландықтардың ата-бабалары адам етін жеген» деп жазады. Ал ол кезде мұсылман елдерінде Ислам ренессансы өркендеп, әл-Фараби, ибн Синалар тамаша трактаттар жазғаны белгілі. Терең ойлы ғұламалары бар Шығыс құлдық санадан азат еді. Құлдықты ойлап тапқан негізінен Батыс. Өркениеттің аграрлық толқыны Батысқа құл иеленушілікті алып келді. Көшпенділерде құлдық болған жоқ. Рас, көшпенділер үй қызметшілерін ұстады. Бұл типтік түрде емес, яғни тұрмыстық құлдық деңгейінен аспады. Құл иеленуші қоғамға Рим империясына соққыны Аттила берді» дейді [3]. Шығыс Батысқа, керісінше, Батыс Шығысқа өзара ықпал етіп, бірін-бірі толықтырғаны тарихтан белгілі. Батыс пен Шығыстың қарым-қатынасын, бір-біріне ықпалын зерттеу гуманитарлық ғылымдарда, әсіресе, мәдениеттануда өте маңызды. Адамзат әлемі біртұтас, десе де, ғылыми тұрғыда мәдениетті Батыс пен Шығысқа бөліп жіктейміз. Батыс пен Шығыс – адамзат мәдениетінің екі тармағы, өмір сүру ұстанымымен, рухани-материалдық құндылықтарымен ерекшелене тұра адамзаттың біртұтас әлемін құрайды. Көптеген Батыс ориенталистері отарлау саясатын бүркемелеу үшін өз еңбектерінде, көбінесе, Шығыс халықтарын сауатсыз, қараңғы, надан, нашақор ретінде көрсеткені белгілі. Олар «Батыс болмаса, өркениетке иек артқан Шығыс жоқ» дейді. Өркениеттің «сызып қойған» шекарасы жоқ, сондай-ақ оның қай жерден аяқталарын да ешкім білмейді. Ғылымға өркениет теориясын ғалымдар А.Тойнби, О. Шпенглер, Н.Я. Данилевский енгізді. Жыл өткен сайын қоғам жаңаруда. Адамдар түрлі ақпаратпен қаруланып, олардың ақыл-cанасы, сана-сезімі, ойлау жүйесі мен көру ауқымы дамып, өзгеруде. Ғалымдарға сенсек, «өркениеттің формасы» сөзсіз өзгереді. Жаһандану ғасырында ұлттардың мәдениеті бір-біріне ықпал етіп, дамиды. Бір ұлттың құндылығы – жалпы адамзаттың құндылығына айналады. Мәдениеттанушы, ғалым Т. Ғабитов: «Өркениет жедел хат секілді тез жетпейді. Элвин Тоффлердің ілімі бойынша толқынмен келеді. Өркениеттің үш толқыны бар. Біріншісі – аграрлық толқын, яғни егіншілік пен малшаруашылығының пайда болуы. Көптеген Шығыс елдері өркениеттің аграрлық толқынында қалып қойды. Екіншісі – индустриалды толқын. Шындығын айтқанда, Шығыс адамы индустриалды толқынды қабылдай алмады. Әртүрлі себептермен «ұйықтап қалды». Өнеркәсіптік революцияға тосырқай қарады. Осы индустриалды толқынмен қаруланған Батыс бүкіл әлемде үстем күшке айналды. Бірақ Батыстың ішінде ішкі қайшылықтар туды. Рухсыздық орын алды. XX ғасырдың ортасында өркениеттің үшінші толқыны – ақпараттық толқын пайда болды. Ақпараттық толқын адамзат санасына үлкен әсер етті» дейді [4]. Расында да, батыс әлемінің беткетұтар ғалымдары «Рухсыздық Еуропаны кезіп жүр. Біз оның елесімен күнде кездесеміз» деп дабыл қағуда. Тіпті «Шығыс бізге қарағанда негізгі тамырынан ажыраған жоқ, олар өзінің дәстүрінен ажыраған жоқ», – деп мойындап қояды. Олжас Сүлейменов «Батыс та жоқ, Шығыс та жоқ, тек күннің атуы мен батуы бар» дейді. Бәлкім, көрнекті ақын айтқандай, Батыс та, Шығыста жоқ болса, жоқ шығар, бұл қолдан жасалынған, халықтар арасына «шекара» қою-ақ болсын, шартты ұғым-ақ болсын, бірақ сол батыстықтар мен шығыстықтардың болмысында жер мен көктей айырмашылық бары анық. Батыстың әлемге билігін жүргізіп тұрғанын, әрине, жоққа шығара алмайсың. Бұл «саяси ойын» Шығысты жалықтыра бастады. Өзінің ұлттық мәдениетімен қаруланған Шығыс халқы бұл «ойынға» оңайлықпен мойынсұнар емес. Бұл тұрғыда Жібек жолын зерттеу, ондағы Батыспен қарым-қатынасты зерттеп, зерделеу, сөз жоқ, өте маңызды іс. Жібек жолы – Шығыстың тарихы ғана емес, болашаққа бастар бағдаршамы. Шығыс әлем картасындағы «жүрісті» өзгертуге шындап кірісті. Бұған біз өмір сүріп отырған заман куә. Бүгінгі Шығыс пен Батыстың сұхбаты, шынында да, күрделі. Өткен тарихты өзгертеуге болмас, бірақ бүгінгі «тарихты» жасау осы заманның қаһармандарының қолында. Бүгінгі Батыс адамы мен Шығыс адамының басты ерекшелігі неде? Біздіңше, Батыс адамы картадағы орнын әлі де «кеңейткісі» келсе, Шығыс адамы әлі өзін-өзін тануға, іздеуден жалығар емес. Батыс тарихты бұрмалағысы келеді. Шығысты мойындай тұрып, көзге ілгісі келмейді. Ал Шығыс «өліспей беріспеймін» деп қасарысып, өрге ұмтылуда. «Бағдаршамның жасыл түсі» Батыс адамына көбірек жанса, мұны «жолы болғыш» деп емес, өткеннің «мықтап қаланған фундаменті» деп қабылдаған дұрыс шығар. Қалай десек те, біздің заман өзгерістер заманы. Осы орайда «Шығыс мәдениетін» және бір рет бағамдаудың сәті түсіп тұр. бір тоқталып өтелікші. «Шығыс мәдениеті» дегенде ойға «Мың бір түн» ертегісі оралады. Таңғажайып қала, таңғажайып сәулет өнері. Бағдат шаһары сән-салтанатымен көз алдыңнан өтіп жатады. Бұл – түркі жұртының ортақ мұрасы, әлем әдебиетінің жауһары. Басқасын айтпағанда, осы бір ғана ұлы туындының өзі Шығыс халқының ұлылығын, парасатын, байлығын, ақыл-ойының тереңдігін дәлелдеп берген. Зерттеушілердің пайымдауынша, Батыс эллиндік өркениеттің нағыз мұрагері емес. Ғалымдарға сенсек, көне гректің ежелгі пәлсапасы Батысқа араб тіліндегі аударма арқылы «сіңіскен». Тіпті батысты зерттеп жүрген шығыстық ғалымдар «Батыс әлем аренасына өзінің төл мәдениетімен шыға алған жоқ. Олар әдеби-мәдени дүниелердің бәрін, тіпті діннің өзін өздеріне бейімдеп, өңін айналдырып, өз қалыптарына кигізді. Сосын «Біз бармыз» деп айқай салды» деп тұжырымдайды. Шығыс мәдениетінің Батысқа көп ықпал тигізгенін жаздық. Батыс мәдениеті де Шығысқа айтарлықтай әсерін тигізгені жайлы тіс жармай кетуге әсте болмайды. Шығыс халықтарының арасында өзінің ұлттық құндылығынан, салт-дәстүрінен ажырамаған қытай деседі. Сол Қытай өз дәстүрін дамыта отырып, Батыстан үйренді. Қытай ғалымдары Батысты зерттеуді бұдан қаншама ғасыр бұрын қолға алды. Қытай даналығы «Өзіңнен ақылы асқан адамнан, ұлттан үйренуден ешқашан арланба!» дейді. Жаһандану ғасырында ұлттардың мәдениеті бір-біріне ықпал етіп, дамиды. Бір ұлттың құндылығы – жалпы адамзаттың құндылығына айналады. Пайдаланған әдебиет 1. Алдабек Н. Ұлы жібек жолы және қазіргі замандағы Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістер// Ақиқат 2008. № 12 2. Байпақов К., Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан. – Алматы: Қазақстан, 1992. - 203 б. 3. Ғабитов Т. Мен экстремистік топтардан қауіптенем// Алматы ақшамы №113. 16 қыркүйек. Тоты МАНТАЕВА 1987 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің, дінтану және мәдениеттану кафедрасының 2 курс магистранты.

820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы