• Руханият
  • 09 Шілде, 2012

Текті

Бәрі адамның болмысына байланысты. Нұртілеу – тектінің тұқымы. Жетісудағы Маман байдың тұсында өмір сүрген Мысық болыстың немересі. Өзі де биіктен қарап осқырынып, тектілігі сөзінен сезіліп тұрады. Айтса, дәл айтады, айтпаса, бұрылып кетеді. Өмірде бетпе-бет келіп, төртінші биліктің ауқымды арнасы – теледидарда бетке айтуды бастаған осы Нұртілеу. «Бетпе-бет» хабары – сол болмыстың жемісі. Біздің курста адамның ныспысын оның болмысымен, айтқан сөзімен атау – үрдіс. Мысалы, алпысқа толған тағы бір тарлан – Ораз Қауғабайды «Күш атасы – аяқта» дейміз. Өйткені, ҚызПИ-дің алдында болған бір алқалы төбелесте Ораз тек аяғын пайдаланыпты. Жатақханаға келгенде, «Мұның не?» десе, «Қол таза тұру керек, онымен қалам ұстайсың. Күш атасы – аяқта ғой» депті. Әділбек Жақыпов деген Торғайдың жігіті, өзі кекештеу, «ң-ды» айта алмай, өзі жұмыс істеген облыстық газетті «Торғай таны» дейтін. Оның Қонысбай Әбіл қойған есімі «Торғай таңы» дегенді зорға айтады» болып кетті. Әшірбек Амангелдиевті «Басынан бастайын» дейтінбіз. Өзі озат оқушы, семинарда бәрін жаттап алып, ұмытып қалса: «Ағай, басынан бастайын» дейтін. Жүніс Сахиев екі стипендиясын қиып, телескоп сатып ап, түнімен қою түнге шұқшиып шығады. Бірде оянып кетіп, бөлмелесі Ораз: «Жүке, ұйықтап қалдық қой» десе, «Жұлдыздар жерге жақындап қалды» депті. Оның есімі әліге дейін «Жұлдыздар жерге жақындап...» Декан Қожакеев тосыннан жатақхананы тексеріп, бөлмесі жуылмаған Ұлықбекке «Жатақханамен қош айтыстыңыз. Жүгіңді теңдеп жүре бер» десе, Ұлықбек: «Ағай, менің қоғамдық жұмысым бар ғой, спортпен де айналысып жүрмін» депті. «Спорттың қай түрімен?» дейді декан. «Бокспен». «Елдің қамы үшін біреуді есеңгіреткен Есдәулетов деген боксерді естіген жоқпын. Қоштастың жатақханамен» деп, шұғыл шешім шығарыпты. Содан бері әйгілі ақынның жанама есімі «Есеңгіреткен Есдәулетов». Нұртілеудің осындай өмірдің өзі қойған есімі «Бетпе-бет» еді, кейін «Бай-қуатты болайыққа» ауысты. Өйткені, екінші есімінің экономикалық маңызы зор болды, заман да солай қарай бұрылды. Нұртілеу – қазақ тележурналистикасындағы құбылыс. Біздің жаңа қалыптасқан теледидарымызда оның есімі алтын әріппен жазылады. Біз күнде онымен бетпе-бет келіп, қалай бай-қуатты болуды ойлап отырамыз. P.S. Мамырдың аяғында қазақ тележурналистикасының тарланы туралы «Бай-қуаты болайық» атты бенефис-хабар түсірілді. Әріптестері мен курстастары, талантын мойындаған жанашырлары жиналған кеште халық әртістері А.Әшімов, Т.Жаманқұл, Д.Жолжақсын сөйлеп, ер-азаматтың еңбегіне тоқталды, заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовпен сұхбатынан, «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Бай-қуатты болайық» атты хабарлардан үзінділер көрсетілді, ол туралы қос кітаптың тұсауы кесілді. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан журналистің бейнесін сомдаған хабар да Останкино сарынымен өзгеше өтті. «Алпыс – талтүсінде» өзіндік бетінен қайтпай, өзгелерге өнеге болған әріптес-досқа тек жаңа жетістіктер тілейміз! Қуандық Түменбай

462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы