• Cұхбаттар
  • 31 Мамыр, 2012

«...керемет нәтижеге жетпей тоқтамаймын»

«Үркердің» анықтамасы

Жас дизайнер Белла Сәт-Мырзаның сән әлеміне аяқ басқанына 2 жылдай ғана уақыт болды. Оның Fashion lab Ciao Bella атты бренді 2011 жылы құрылды. 24 жастағы дизайнер Италияның Милан қаласындағы Istituto Europeo di Design мектебінде fashion-дизайнер мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылдан бастап Elite Models Astana модельдік агенттігінің директоры. Аталған агенттіктің Алматыда филиалы бар. 2011 жылы Париждегі Fashion style-guide-те біліктілігін арттырған. Елімізде өткен түрлі іс-шаралардағы модельдер дефилесіне атсалысқан. "Сен сұлу"(«Қазақстан»), "Красивая жизнь" («Хит ТВ»), "Іске сәт!" («Хабар») және т.б. тележобаларға қатысып, Ұлттық арнада өткен «Екі жұлдыз» бағдарламасының қатысушыларының киім үлгілерін дайындауға үлес қосты .  – Еліміздегі ең жас дизайнерлердің бірісіз. Соған қарамастан, менің ойымша, бірталай жетістіктерге жеттіңіз. Сән үлгілерін жасауда сізді не шабыттандырады? – Сәнді киім үлгілері кез келген уақытта ойыма келеді. Сол сәтте қолыма қағаз бен қаламды алып, бірден қағазға түсіремін. Ал шабыт туғызатын кездер әртүрлі. Бірде әуен болуы мүмкін, бірде ауа райы немесе табиғат құбылысы. Тіпті адаммен сөйлесіп отырғанда да ойыма түрлі бейне, сән үлгілерін елестетіп отырамын. – Қазақстандағы сән әлемі неге әлемдік деңгейге шыға алмай келеді? Жалпы, бізде бәсекелестік бар ма? – Отандық сән әлемі дамып келе жатыр. Дегенмен өздерінің ерекше айтарлықтай қолтаңбасымен бірден тани алатын дизайнерлер бар деп айта алмаймын. Қазақстанда көптеген дарынды шеберлер бар, бірақ, өкінішке орай, оларға қаражат жағы қолбайлау болып тұр. Киім топтамасын шығару үшін кем дегенде 2 миллион керек. Қалай десек те, сәнқойлар отандық брендтерге емес, Батыстың сән үйлеріне таңдау жасайды. Бір жағынан, біздің дизайнерлер де бағаларына аспандағы айды сұрайды. Әлемдік деңгейге шығу үшін дизайнер алдын ала 2-3 маусым бұрын болатын киім үлгілерін жасау керек. Ал бізде болса, батыстық дизайнерлердің 2-3 жыл бұрынғы киім үлгілерін қайталағанға мәз. Ал бәсекелестік, менің ойымша, барлық салада болғандықтан, сән әлемінде де кездеседі. – Жалпы, біздің дизайнерлеріміздің жасаған сән үлгілері, біріншіден, қымбат; екіншіден, көбіне кешкі сән-салтанатқа киетін киімдер сияқты. Неге қазір жастарға лайықты үлгілер жасамасқа? – Отандық дизайнерлердің ішінде casual бағытындағы киім үлгілерін Salta есімді дизайнер жасайды. Ал қалғандары көбінесе кешкі сән-салтанатқа арналған киімдер үлгісін ұсынады. Қазақтың да, басқа халықтың да той-томалақсыз жүрмейтіні белгілі, сондықтан көбісі ең алдымен қаржы жағын ойлағандықтан, бұл ең табысты бағыт болып танылады. Ал баға жағынан отандық дизайнерлердің арасында «егер киімдерің қымбат болса, саған сұраныс бар» деген ұғым бар. – Сіздің былтыр Kazakhstan Fashion Week-те ұсынған сән үлгілеріңіз өзіндік креативтілігімен, жарасымдылығымен ұнады. Олардың бағасы жайлы айта кетсеңіз... – Рақмет, шынымен де мен бұл сән апталығына киім топтамасын Еуропадан келе салысымен жасадым. 1 сәуірде ұшып келдім, ал 22 сәуірде сән қойылымы өтті. Сол 20 шақты күн ішінде киім топтамасын жасап үлгердім. Италиядан маталарды әкелсем де, қолжетімді баға жасадым. Орташа бағасы 100-ден 500 АҚШ долларына дейін барады. – Қазіргі уақытта хиджаб үлгілері де жиі сөз болады. Бірақ, қарап тұрсақ, көшеде қыздар киіп жүрген хиджабтар олпы-солпы, талғамсыз сияқты көрінеді. Сіздің осы бағытта жарасымды киімдер жасау туралы ойыңыз бар ма? – Танымал дизайнер Құралай Нұрқаділова өзінің жаңа мұсылмандар киім топтамасын жасаған болатын. Бұл киім үлгілері көңілімнен шықты. Осындай ой менде болған еді, бірақ соңғы кезде саяси көзқарас жағынан да хиджабқа көзқарас екіұшты болғандықтан, бұл ойды тоқтатқанды жөн көрдім. Хиджаб – арабтардың ұлттық киімі, ал бізге ұлттық нақыштармен жасалынған әрі ұзын, әрі қол-білегі жабық киімдерді талғаммен таңдап киюге неге болмасқа?! – Жақында өткен «Қазақ аруы» байқауында сіздің киім үлгілеріңізді киген қыздар өнер көрсетті, жұртшылық тарапынан қалай бағаланды? – «Қазақ аруы» бағдарламасының продюсері Баян Есентаева қоңырау шалып, «Менің ең әдемі 5 қызымды киіндіріп берші» деп өзі шақырған болатын. Міне, осылайша қыздарға бұл маусымның ең соңғы киім үлгілерін жасап шығардым. Маған әлі де ғаламтордағы жеке әлеуметтік бет-парақшама, твиттеріме де өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатқандар бар. Баянның өзі де байқаудан соң хабарласып, алғысын білдіріп, бірнеше тапсырыс берді. – Басқа мамандықты оқи жүріп, сән үлгісі дизайнымен шұғылдануды қолға алуға бола ма? Бұл жолда істі неден бастау керек? – Әрине, болады. Бізде отандық дизайнерлердің басым көпшілігі – басқа мамандық иелері. Алдымен ынта мен қиял, ұшқыр ой болуы керек деп санаймын. Еңбекқорлық, табандылық та мақсатыма жетем деген адамға ешқашан кедергі болмайды. – Сізбен сөйлесіп отырғанда байқағаным, ылғи да позитивті көңіл күйде жүретін адамға ұқсайсыз. – Рас. Тіпті ең көңілсіз сәттерімде де өз еңсемді көтеріп, позитивті қалыпты сақтап қалуға тырысамын. Ойыңда тек жақсылық болса, алдағы ісің міндетті түрде оң нәтиже береді деп ойлаймын. – Есіміңіз де өзгеше... – «Белла» деген есім латын тілінен аударғанда «ең керемет» деген ұғымды білдіреді. Дегенмен соңғы кезде бұл көне түркі тілінде де кездесетінін білдім. Көне түркі тілінде «биіктік» деген мағынаны білдіреді. Атыма затым да сай деп айта аламын, себебі мен кез келген жұмысқа кіріссем, ең керемет нәтижеге жетпей тоқтамаймын. – Қазір сән әлемінде модель қыздарға қойылатын талаптар өзгерді ме? – Өзгеріс бар. Бұрын топ-модельдердің арық болуы міндетті болса, қазір көптеген агенттіктер бойы 175 см болатын қыздардың салмағының 57 кг болуын талап ете бастады. – Осы жылғы Көктем-Жаз маусымында қыздар қандай киім үлгілеріне назар аудару керек? – Биылғы маусымның киім үлгілері – шифоннан жасалған ұзын көйлектер, көбіне алды қысқа, арты ұзын болып келген. Көбінесе қарапайым пішінде тігілген, негізінен 60-жылдардағы киім үлгілеріне келеді. Түс жағынан ашық қызғылт (розовый), ашық көк (гламурный) түстер сәнде. Ал сән әлемінде әрқашан да қара мен ақ түс сән үлгісінен шықпайтынын білесіздер. Сұхбаттасқан Әсел Бисенбаева ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің студенті

643 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы