• Мәдениет
  • 31 Мамыр, 2012

Бас ию

Салтанат Тастанбекова 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір қаласында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінің 3-курс студенті. .. Бас ию, бас ию және тағы да бас ию – әйелдің ең басты игі ісі еді. Конфуциандық қалыптасқан пікір бойынша, жер бетінде бәрінің үстінен еркектер үстемдік етіп, ал әйелдер болса, оларға бағынады, сол себепті олар үш ережені ұстануы керек: қыз күнінде әкесі мен ағаларына бойұсыну, тұрмыс құрғанда – жарына, ал жары қайтыс болғасын – үлкен ұлына бағынуы керек деп саналды.  «Егер мен бір құсқа тұрмысқа шықсам, мен оның артынан ұшуым керек; егер бір итке күйеуге шықсам, ол жүрген жермен жүріп, ізін қуалауым керек; егер иесіз бір кесек жерге шықсам, мен оның жанында отырып күзетуге міндеттімін», – дейді ескі қытайлық өсиет сөз. Міне, біз дәстүрлі Қытай отбасындағы әйелдің орнын дәл осы тұстан көре аламыз. XX ғасырдың басында П.Лоуэль дәстүрлі қытайлық отбасы жайында: «Өз тағындағы император үшін және өз лашығындағы қарапайым жұмысшы үшін де барлық нәрсе отбасылық жақындық идеясында болады. Империя өз кезегінде үлкен отбасыны құраса, ал отбасы кішкентай мемлекет болып табылады» – деп жазған болатын. Мұнда да конфуциандық отбасы қағидасының басымдылығын байқауға болады. Біз білетін аспан асты елінің дәл қазіргі даму барысын ескерсек, қазіргі қытайлық отбасы және ондағы әйелдің орны мен қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін анықтауда дәстүрлі көзқарастырды білудің маңызы зор болуы бұл тақырыпты таңдауымыздың негізгі себебі болып отыр. Ұзақ уақыт бойында Қытайда әйелдердің қоғамдағы орны еркектерге қарағанда анағұрлым төмен болды және әйелдермен мүлдем санаспады. Бірақ қазір қытай қоғамындағы әйел жағдайын түбегейлі өзгерткен жаңа заңның шыққанына аса көп уақыт болған жоқ. Соған қарамастан, ежелгі данышпандық ілімнің Қытай қоғамында қазіргі күнге дейін сақталғандығына әлі де куә болып келеміз. «Бала неғұрлым көп болған сайын соғұрлым көп бақыт әкеледі» деген отбасылық ескі сенімнің жақтаушысы болып қалған шаруа адамдарының өмірінде тек ұл балалар ғана отбасы ісін жалғастырушы ретінде саналғандықтан әлі туылмаған қыздан құтылуға тырысу қазіргі қытай қоғамында жиі кездесуде. Нәтижесінде кейбір қытайлық ауылдарда ерлер саны әйелдер санынан басым түсуде, сол себепті әйелдерді алып қашу және «күң ретінде» күйеуге сататын жағдайлар да пайда болды (әдетте құл саудасымен айналысатындар болашақ құрбандарын еңбек биржаларынан іздеп, жұмысқа орналастыруда көмек көрсетуге уәде береді де, жас әйелдерді туған өлкелерінен әкетіп, алыс аудандардың шаруаларына сатады екен).[5] Құқыққа қайшы әрекеттерді тамырымен жойып, орын алған мәселені шешу үшін ана мен бала денсаулығын қорғау туралы заңға баланың жынысын анықтау сараптамасын жүргізу ісі тек медициналық көрсетім бойынша жүзеге асуы тиіс деген тармақ енгізілді. Осы тұрғыдан келе, қазіргі қытай қоғамындағы әйел орнын қарастыруда дәстүрлі қытай қоғамындағы отбасы және ондағы әйелдің орнын, оның әлеуметтік мәртебесін анықтау басты мақсатымыз болып табылады. Тұрмысқа шығуды білдіретін қытайша «үйден кету(出嫁)» сөзінің мағынасы әйелдің үйлену тойынан кейінгі орны мен жағдайына деген қытайлықтардың дәстүрлі көзқарастарының дәлме дәл көрінісін береді.[1] Ортағасырларда Қытай отбасындағы әйелдің орны мен оған деген көзқарастардың даму сипатында оңтүстік пен солтүстік Қытайда бірқатар айырмашылықтар болғанын байқауға болады. Жартылай көшпенді қоғамнан шыққан солтүстік ақсүйектер тобының жауынгерлік дәстүрлері бойынша әйелдер еркектерге қарағанда анағұрлым көп құқыққа ие болды. 554 жылы туылған Лян Янь Чжи туй Батыс Вэйге, сосын ол жақтан Солтүстік Циге барғанда, оның көзіне бірінші оңтүстік пен солтүстіктік отбасы өмірі арасындағы айырмашылық түседі. Янь Чжи туй елдің екі бөлігіндегі ғұрыптардың бірқатар ерекшелігін жазып кеткен болатын. [2] Алдымен Лян Янь Чжи туй солтүстіктегі әйелдердің дербестігіне назар аударды, мұны ол қоғамда еркектерге қарағанда әйелдің рөлі басым болған сяньбийлердің әсерімен байланыстырды. Оңтүстікте әйел тұрмысқа шыға салысымен үйінен шықпай, тіпті өз туыстарымен де сирек кездесетін болған. Ал солүстікте әйелдер тек үйдің толық қожасы болуымен ғана шектелмей, олар үнемі түрлі сапарларға шығып, буддалық храмдарға барып, тіпті өз ұлдарының кәсібін де ұйымдастырды, күйеулерінің өздеріне деген әділетсіз қатынасы туралы билік орындарына шағым айтқан екен. Сонымен қатар Янь Чжи туйдің жазуы бойынша, солтүстіктегі әйелдер қолөнер бұйымдарын жасауда және тігіншілік ісінде оңтүстіктегілермен салыстырғанда едәуір шебер болған. Оңтүстікте егер әйелі қайтыс болса, оның істерін күң (немесе еріксіз әйел) жалғастыратын болса, ал солтүстікте оның орнына жаңадан әйел алатын болған.[2] Алайда уақыт өте келе, солтүстіктік мұндай дәстүр өз кезегінде Таң кезеңінің ақсүйек ханымдарының көркіне де өз мөрін басты. Текті отбасынан шыққан қыздар аса жоғары бағаланғандықтан да әйел еркіндігіне ақсүйектер тобының үстемдік етуі ықпал еткен. VIII ғасырда тарихшы Лю Фан Солтүстік шығыстың ақсүйектер қоғамында қыз жақтың туыстарын әулеттің ағайын бауырларынан да жоғары санағанын айтады. Таңдық жоғарғы таптың батыл, әрі өктем әйелдері атқа салт мініп жүрумен, аңшылықпен, садақ атумен айналысқан. Олардық ұлы істері мен ерекше ержүректілігін Таң империясының атақты ақындары – Ли Бо, Ду Фу,Чжан Цзи және т.б жырлаған. Алайда Сұң империясы кезінде жоғарғы таптың ханымдары бұл қасиеттерін жоғалтып, әйелдік сұлулық мұратына да өзгеріс енгізді. Таңдық сымбатты, сезімтал сұлу әйелдер енді салмақыздыққа, сынғыштықа, денесіздікке жол берді. [1] XX ғасырға дейін халық өмірінде әдетті көрініс тапқан қыздардың аяғын дәстүрлі бинттеу әдісі мен қуыршақтың үлгісіндей бет әлпет беретін косметиканы қолдану кең таралды. Осылайша, дәл осы Сұң кезеңінде әйелге деген дәстүрлі пікірлердің, отбасында әкелік басымдылыққа негізделген отбасылық қағидалар қалыптасты. Әйелдің қоғамдағы орны мен отбасындағы рөлін анықтау үшін алдымен дәстүрлі қытай отбасына тоқтала кетсек. Жоғарыда айтылғандай, егер мемлекеттің барлық бағынушылары императорға мойынұсыну керек болса, онда отбасының барлық мүшелері еш қарсылықсыз отағасына бас июге міндеттелді. Әке «император өкілі» саналған, және отбасылық қағидаларды бұзу мемлекеттік ережелерді бұзумен тең қаралды. [3] Конфуциандық дәреже бойынша, яғни үлкеннің кішіге бағыну принципі бойынша құрылған қытайлық отбасында отбасы мүшелері арасындағы кез келген түсініспеушіліктер мен ұрыс керістер кішіге үлкеннің, ата ананың балаларына, ерінің әйеліне басымдылығы принципімен тез шешіліп отырған. Отбасы барлық жағынан әкеге патриархқа бағынуы тиіс болды. Қытайлықтардың өз ошағына берілгендігі отбасындағы өзара бейбітшілік пен келісімнің үйлесуін тудыратын. Бірақ, бейбітшілік пен келісім өз кезегінде тіл алушылық пен қатал заңдарға сүйенді. Отбасы және шыққан тегі үшін әрбір отбасы мүшесі еш қарсылықсыз өзіндік қажеттіліктері мен жеке еркіндігінен бас тартты. Сонымен қатар, ол барлық өзге отбасы мүшелері үшін жауапты болды. Әкесі бала шағасының іс әрекеттеріне жауапты болса, осы орайда, егер ата аналар тарапынан қателік кетсе, бұл үшін балалары да кінәлі саналды. Өзара жауапкершілік туыстар арасында ғана емес, қылмысқа қандай да бір қатысы бар деген куәгерлердің бәріне де жүктелген. Жаңа заманға дейін сақталып келген мұндай әдет ғұрып үлкен рөл атқарды және кейде бұл жағдай өзге туыстас отбасындағы осы қылмыстың «жанама сыбайластары» болған адамдар үшін үлкен трагедияға айналған.[3] Мұның дәлелі ретінде келесі жағдай назар аудартады. Бір қытайлық ауылда ұрыға тергеусіз сот жүргізілген екен. Оны өлім жазасына кесіп, үкімді іске асыруды ұрының әкесіне тапсырады. Үкім бойынша әкесі туған баласын тірідей жерге көмуге тиіс болады. Оны естіген әкесі еңіреп жылап, өз қауымынан бұл үкімді орындатпауға жалбырынады. Бірақ тергеусіз сотты ұйымдастырушылар оның сөзіне көнбей, егер әкесі ұлын өз қолымен өлтіруден бас тартса, олар оның үйін өртеп жіберіп, бүкіл жанұя мүшесін ауылдан қуамыз деп қорқытып, үкімді жақын арада орындауды талап еткен. Мұндай қауіпті естіген бақытсыз әке амалсыздан үйінің алдында өз ұлының өліміне шұңқыр қаза бастады. Шұңқырды қазып болып, ол тергеусіз соттың талабы бойынша, өз ұлының мойнына тас байлап, төменге қарай лақтырып жібереді де, шұңқырды топырақпен қайта көме бастады. Әкесінің жүрегі жыланыштан жарылды, бірақ амал нешік, көнуіне тура келді. Әкесінен баласы көмілген жерді күрекпен тегістеуін талап еткен екен.[3] Бұл сол кезеңдегі қатаң тәртіп пен отбасылық қатып қалған қағиданың бір көрінісі болатын. Шартты түрде қытайлық жас бала 20 жасында кәмелет жасқа толған деп есептелінді. Ал шындығында, ол тек әкесі қайтыс болғанда ғана еркіндік алатын. Ұлының бетіндегі әжімдері, өмірлік тәжірибесінің өзі де оған өзінше дербес өмір сүруге құқық берген емес, тіпті ұлы өз отбасын құрса да, ата ана айтқанынан шыға алмады. Ұл бала тек әкесінің келісімімен ғана жеке шаруашылықты жүргізе алды. Алайда қытайлық тұрмыс жағынан қарастырсақ, ата аналардың өз ұлдарынсыз өмір сүруін елестету қиын. Ал бір жағынан, қыздар мәселесіне келсек, тұрмысқа шыққаннан кейін ата аналардың оларға деген билігі аяқталатын – олар өз отбасыларын тастап кетеді. Бұған қарамастан, қытайлық отбасында бәрінен де көп азап шегуші әйел болды. Бірнеше ғасырлар бойы Қытайда ерді көкке көтеріп, ал әйелді кемсіткен қомақты шығармалар жарық көрді. Атап өткеніміздей, әйелдің жақсы қасиеттеріне олардың көнгіштік, яғни бас июшілік, именшектік, салиқалылық, икемділік сияқты қасиеттері жататын. Әйел әлемі оның үйі мен жанұясынан аспайтын. Мұндай көзқарастың кең ете алуында біз Сұң дәуірінде Қытай үшін жатжерлік буддизмнің кеңінен құлаш жая дамуы және таза қытайлық даосизмнің халық арасында танымалдығының ұлғая түсуі, сол себепті де классикалық конфуцийшылдықтың дағдарысқа ұшырауына байланысты ежелгі данышпандық ілімнің жаңаша түсіндіріліп, жаңаша қабылдануының негізінде дүниеге келген неоконфуциандықтың жатқанын көре аламыз. Бұл кезде әйелдер ешқандай жалпыотбасылық жеке меншік құқығына ие бола алмады. Ал егер де қандай да бір жағдайлармен жылжымайтын мүлікті бөлісу ісі жүретін болса, онда ол тек ерлер қауымы арасында жүргізілетін. Отбасында әке ісін жалғастырар ер бала болмаған жағдайда ғана қыз бала әке мұрагері ретінде қарастырылған. Бірақ бұл өте сирек кездесетін жағдай.Тіпті ауқатты жанұяларда да әйелдің мұрагерлік құқығы болмады. Әйелдің көріктілігін (әсіресе, қоғамның дәулетті ортасында) оның кішкентай аяғы мен тақтайдай жалпақ көкірегімен бейнелеген. Қытайлық ғұрып бойынша, әйелдің аяғы жаңа туған айдың немесе лалагүлдің формасындай кішкентай доға тәріздес болуы керек. Егер де жас қыздың бойында мұндай сұлулық белгісі болмаса, оның тұрмысқа шығуы қиындық туғызған.[3] Аяғы доға тәріздес болуы үшін арнайы бинттеу әдісі жүргізілді. Қыздардың 6-7 жастан аяқ саусақтарын (үлкен саусағынан басқа) бүктеп, аяқ саусақтары табанға қарай майыстырылып, табан мөлшері 8-12 см болғанша бинтпен қысып орап тастайтын болған. Әр апта сайын олардың аяқтары одан сайын тығыздалып байланып отырды және бұл әдіс табанның доға формасына айналғанша жалғасты. Қыздардың бинттелген аяқтары үнемі ауырумен болды, тіпті бұл кейде олардың аяғының жұмыс істемей қалуына алып келді. Осыған қарағанда, қытай халқында «Сұлулық азап шегуді талап етеді», «Бинттелген әрбір жұп аяқ былау толған жаспен тең» деген мақалдар бекер айтылмаған сияқты. Қытайлық ұлы революционер, демократ Сунь Ятсеннің замандастарының сөздеріне сүйенсек, Сунь жастық шағында аяғы бинттелген қарындасының қиналғанын көріп өскен екен. Жас қыз түні бойы ұйықтай алмаған: ауырғаннан ыңырсып, төсекте тынымсыз қимылдай берген, түсініксіз бірнәрселерді сыбырлап, оған тыныштық әкелетін таңның атқанын асыға күткен екен. Түні бойы қиналып біткен ол таң атқанда бәрін ұмытатын, оған аяғының ауруы жеңілдегендей көрінетін. Бірақ, бұл ауру дәл осылай күннен күнге жалғаса беретін. Қарт анасының өзі де қызының қиналғанына әрең төзген, алайда, әдеттен озбау керек деп, әрі бұл қыз өсіп бой жеткенде аяғы кішкентай болмағаны үшін үнемі бізді дәстүрді бұзды деп жазғыратын болады деуменен болған екен. [3] Әрине, «Бұған ешнәрсе де істей алмайсың, дәстүр солай, Аспан ұлының заңы осылай». Тоқтаусыз бейнет шеккен кішкентай қыз бой жеткеннен кейін де барлық үй жұмыстарын жалғыз өзі орындайтын болған – тамақ істеп, жібек құрттарына қарап, кесте тігіп, өрнек тоқыған. Артық академиялық білімнің оған қажеті шамалы болды, өйткені «неғұрлым әйел аз білген сайын, соғұрлым ол мейірімді, жақсылыққа құмар болады» деп есептелген. Дәстүр бойынша, әйел мүсіні «түп түзу мінсіз лалагүлдің үндесуіндей жарқырап тұрды» және бұл үшін қыздың 10-14 жасында кеудесін арнайы көкірекше немесе ерекше желеткемен қысып бүгетін болған екен. Көкірек бездерінің дамуы кешеуілдеп, көкірек жасаушаларының жылжуы мен организмнің оттегімен қоректенуі бірден тоқтап қалатын. Бұл қыз организмінің жалпы дамуына кері әсерін тигізгенімен оның мүсінінің «көрікті» болуына септігін тигізді. Ал некеге деген қатынасқа келсек, ол өз кезегінде екі жақтың қалыңдық пен күйеу жігіттің әлі кішкентай бала кезінде немесе сәби кезінде ақ тойдың алдын ала келісуінен көрінді. Ең төменгі некелік жас дәстүр бойынша, қыздарға 15, ал ұлдарға 13 жастан қойылды.[1] Ескіше қытайлық мораль жастар арасындағы нәзік, әрі сүйіспеншілік сезімдерді қолдамады; бұл керексіз, орынсыз, әдепсіз деп саналған. Жігіт пен қыздың арасында қандай да бір терең сезім болғанымен бұл ата ана тарапынан көзге ілінбеді. Жастардың құдаласуға дейін бір бірімен кездесуіне болмайтын. Олардың жеке сезімдері ешкімді де қызықтырмаған. Жарының ата анасына қызмет ету жас келіншектің ең негізгі міндеті болды. «Егер де әйелі еріне ұнап, бірақ оның ата анасына жақпаса, – делінді көне Қытайда, – онда ол әйелімен ажырасу керек. Ал керісінше, егер әйелі ұлының көңілінен шықпай, бірақ ата-анасының жүрегі жылыса, ондай жағдайда ері онымен ажырасуға дәті бармайды».[3] Қалыңдық отағасы немесе ұлдарының қасында емес, үнемі енесінің «қол астында» болуы керек деп саналды. Енесінің қалыңдыққа қатыгез мінез танытуы – феодалдық қытайлық отбасының қараңғы қапас жақтарының бірі. Тіпті себепсіз өз ұлын қызғанған енесі кейде жас жұптардың бөлме есігін түнде кеңінен ашып қоюын да талап еткен және әрбір нәзік мейірімді көрген сайын ол күндіз келінін қатты сөгетін жағдайлар да орын алып отырған. Бұл тіпті қалыңдықтың өз-өзіне қол жұмсауына итермелеп, кейде оның өз енесі қолынан мерт болуы да мүмкін еді.[5] Ерінің өз әйеліне қаншама аяусыздық танытып араласса да, әйел оның «отымен кіріп, күлімен шығуы» тиіс болды. Басқаша айтсақ, еш қыңқылсыз тағдырға бағынып, ерінің алдында бойұсынды. Ол өз ата анасынан да, соттан да қамқор күте алмады. Ол тек қана храмға барып, күйеуі бейнеленген қағаз мүсіншені іліп, қүдайдан жарының оған рақымшылдық, мейірімділік танытуын тілеп, оның жүрегін жұмсартуын сұрай алды. Халық арасында әйел «ерінің кіршіксіз көлеңкесі» болуы тиіс деп саналды. Дәулетті еркек өзіне бір немесе бірнеше «арзан қолды» (күң, еріксіз әйел) әйел алса, заңды жұбайы оларды игі ниетпен қарсы алып, олармен бейбіт келісіп өмір сүре беретін. Күйеуі өз әйелдерін немесе күңдерін сата алатын және оларды уақытша немесе мәңгілікке бере алатын. Бұған сырт көзге заңмен тыйым салынғанымен, мұндай тәжірибе кең таралды. Егер күйеуі әйеліне дөрекілік танытса, бұл үшін ол жеңіл жаза тартумен құтылды, ал әйелі еріне лайықсыз мінез көрсете қалса, ол бұл үшін қатаң жазаланып отырды. Егер күйеуі әйеліне опасыздық жасаса, бұл тіпті де қылмыс болып саналмады. Алайда, егер оның әйелі дәл осыған ұқсас әрекетке барса күйеуі оны жазасыз ақ өлтіре салатын. Күйеуінің өз әйелімен мынадай жағдайларда өз еркімен, яғни, ешбір заңға негізделмей ақ ажырасу құқығы болды: - егер әйелі бедеу болса; - егер ол ата енесімен келіспесе; - егер ол күйеуіне опасыздық жасады деген күдік болса немесе осы жағдай шынымен де орын алса; - егер өсек айтып немесе мылжыңдап отбасында ұрыс керіс туғызса; - егер жұрттың мазасын алатындай белгілі бір аурумен ауыратын болса; - егер тілі мен жағына сүйеніп қалған болса; - егер ол күйеуінің рұқсатынсыз үй мал мүлкін, дүниесін иемденсе; Егер әйелі үздіксіз дүниеге қыз баланы әкеле беретін болса, онда ол күйеуінің алдында кінәлі саналатын. Бұл кезде күйеуі «заңға негізделе отырып» өзіне ұл бала тууы үшін күң сатып алды.[3] Ауқатты қытайлықтар әдетте арнайы өзінің күңі ету үшін сұлу қыздарды сатып алатын. Мұндай жағдайда рәсімдеу өте қарапайым жүргізілді: қыз өз қожайынының заңды әйелінің алдында үш рет жерге иіліп сәлем берген – мұндай бас июшілік ол қыздың үй бикесіне, яғни заңды әйеліне қызмет етуге дайын екенін білдірді. Сатып алынған үй қызметіндегі бұл әйел өз жанұясында қыңқ етпей дәл сол баяғыдай үй шаруасымен айналысып жүре берді. Бірақ ол еріне ұл бала сыйласа, оның жағдайы бірден өзгеретін. Егер «тікелей» әйелі дүниеден озса, онда оның орнын «жанама әйелдердің» ең үлкені басты. Күйеуінің көзі тірісінде әйелге өз жарына деген сезімдерін білдіруіне тыйым салынды. Ол тек қайтыс болған соң ғана айтуына құқығы болатын. Әйелдің екінші реттік күйеуге шығуы о дүниелік күйеуінің алдында ауыр күнә ретінде саналатын. Егер жесір әйел қайта тұрмыс құруға бел буған жағдайда, ол өз ортасынан қуғындалған, марқұм болған күйеуінің ата анасы немесе туыстары оны өлтіретін, тіпті бұдан былай заңды түрде өзгенің әйелі емес, тек күңі ғана бола алды. Бұрынғы дәстүр әйелге өз жарымен о дүниелік өмірде бірге болуы үшін күйеуінің моласының басында өлуге бұйырған. Әйел мұндай шешім жайында алдын ала туыстары мен жақындарына хабарлайтын және оның бұл әрекеті өз күйеуіне деген адалдығы мен шын берілгендігінің белгісі деп қабылданды. Күйеуіне адал болған жесір дәл үйінің алдына қойылатын мақтау тақтайшасымен марапатталатын. Бұдан да артық құрмет мадақтамасы – ағаштан жасалған салтанатты дарбаза (пайлоу) – күйеуінсіз өмір сүргісі келмеген жесірдің ерлігін білдірді. Жесір өзінің өлген адамның соңынан кететінін жариялаған кезде оны салтанатты түрде паланкинге отырғызып, туыстары, таныстары және жәй ғана қызығушылар жесір әйелді өзін өзін өлтіретін жерге шығарып салып барады. Жесірді алдын ала арнайы дайындалған алаңға апарды, сонан соң келгендер оған бас иді. Кейін бақытсыз әйелдің мойнына ілгекті береді, оның көмегімен әйелдің жақын туыстарының бірі оны қылқындырады. Провинция губернаторлары өздерінің ресми баяндамасында императорға бұл жақсы жесірлердің өзін өзі өлтіргендігі жайлы айтып, олардың күйеуіне деген адалдығына байланысты мадақ сұрап, салтанатты дарбаза салуды өтінген. Жесір әйел өлгенде оны бәрінен де бұрын өз күйеуімен бір молада немесе оның моласының жанына бірге көмеді. Бұл әдет көбінесе Конфуцийдің өз анасын әкесінің моласының қасына көмгенін айтқан сөздеріне байланысты сақталып қалған екен. Қытайлық отбасы өмірінде ең үлкен жаңалық дүниеге баланың келуі еді. Бұл оқиға тек дүниеге ұл бала келгенде ғана қуанышты болды да, ал егер керісінше, қыз бала келсе, бәрінің көңілінде қайғы орнайтын. Жаңа босанған әйелдің өз жағдайын жеңілдететін бір ғана амалы болды – ұл бала босану. Міне, сонымен ол жүкті болады. Барлығы да одан ұлды күтеді, өзі де ұл босануды армандайды. Қап! Әттең ай десеңізші! – өмірге қыз бала келді! Анасының көзі ащы жасқа толы, ол кішкентай тіршілік иесіне қарамайды да. Ал қайны енесі болса ызаға батып және тіпті бұрындары жақсы араласқан күйеуі де қайғыдан өзін қоярға жер таппаған. Дүние есігін жаңадан ашқан сәби, әрине, өзін жақында не күтіп тұрғанын қайдан білсін!? Қызды өлтіре салатын немесе аштықтан өлуі үшін жай ғана далаға лақтыра салатын. [3] Қыз тағдыры не дегенмен де ауыр да, аянышты болған. Әбден жоқшылық пен мұқтаждықта өмір сүрген кедей ата аналар кейде өздерінің жас қыздарын өлімге қиятын кездері болды. Бұлай өлтірудің жалғыз ғана себебі тақыр кедейлік болды. Қыздың жасауын сатып алуға мүмкіндігі жоқ болғасын және оның да өмірін тақыр кедейлікке душар етпеу үшін ата анасы оны өлтіргенді жөн көрді. Ұлды босану үшіну әйелдер сансыз көп бал ашуларға барды. Мәселен, жас келіншек таң атпай тұрып, күйеуінің костюмін киіп алып, жақын маңдағы құдыққа барды. Ол судағы көлеңкені бақылай отырып, оны үш рет айналады. Егер бұл серуен біткесін ол өз үйіне қайтқанда оны ешкім де байқамайтын болса, бұл жақсылықтың нышаны болды: ұл бала туылады.[3] Қыз балаға деген мұндай дәстүрлі көзқарас Қытайда XX ғасырдың жартысына дейін сақталып келді. Оның бір дәлелін біз дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қытайда әйел босандырушы дәрігер Хань Суйиньнің сол кездегі бір шаруа әйелінің қатарынан үздіксіз тоғыз қызды босанғаны туралы айтқан сөздерінен анық көре аламыз: «Толғақ басталғанда ол (.....) өз қыздарымен не болғанын айтып беретін: біріншісі үшіншісі секілді өмір сүрді; бірақ үшіншісін бесіншісі, алтыншысы туылған кездегідей күйеуім туыла салысымен қылқындырып өлтірген; ал жетіншісі жеуге ешнәрсе қалмаған жылдары өмірге келді және ол ішінің терісі арқасына жабысып туылды, күйеуім оның бас сүйегін балтамен жарып өлтірді; сегізінші қыз туылғанда ол қатты ашуланғаны сонша, оны қолына ала салысымен қабырғаға күшпен лақтырып жіберген болатын; тоғызыншысын ол бір жасында көршісіне берді және қазір ол тағы да жүкті... аспан бұған енді бір ұлды берсе болғаны. «Ал төртіншісіне не болды»? Босанар алдында біздің бойымызды қайтадан бала өлімі күтіп тұр ма деген қорқыныш билейтін. Әр кез толғақ ауруы күшейгенде ол аямай көз жасын төгетін де баланы жіберетін – төртіншісін. Ал сәби туылғанда оның қыз бала емес екендігін көрген анасы үрейі ұша оны өз қолымен жуынуға арналған құмыраға салып буындырған болатын». [5] Бұл деген сол ескі нанымның сарқыншағы мен дәстүрді қатаң сақтау идеясына негізделген ұстанымның айқын көрінісі десек болады. XVIII ғасырдың шенеунігі Лань Динъюань: «Мемлекеттік биліктің негізі – бұл халықтың әдеп ғұрпы. Әдеп ғұрып отбасындағы өмірмен айқындалады. Ал отбасылық өмір әйелдің өзін өзі ұстауына байланысты» деп жазған болатын. [4] Осы ретте, әйелдің қоғам өмірінде айтарлықтай ерекше рөл атқаратынын ескерсек, қазіргі күнге дейін сақталған әйел әрдайым еркектен төмен тұруы қажет деген дәстүрлі пікірдің қытайлық әйелге де әсер етпей қоймайтынын айтпай кетуге болмайды. Бұл көзқарас әлі күнге дейін қытайлық кейбір аудандарда көрініс тауып, көнеден жаңаға бет алды. Алайда, елдегі әйелдердің қазіргі жағдайын ескере отырып, бұл тұстағы ап айқын ілгерілеуге – олардың қоғамдық саяси рөлінің, қоғамдық құқығы мен мәртебесінің көтерілуіне қарамастан, бұл процесс ширақ жүріп жатқан жоқ деп айтуға болады. Бұл мәселені шешу үшін тек қоғамның әйелге деген қарым қатынасын, көзқарасын өзгертіп қана қоймай, сонымен қатар әйел бойында өзін өзі құрметтеу сезімін, өз күшіне және дербестігіне деген сенімін ұялатып, өзіне дұрыс көңіл бөлуін қадағалау керек Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. М.В.Крюков, В.В.Малявин, М.В.Софронов. Китайский этнос в средние века (VII-XIII).М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1984. - 188,189,185б. 2. М.В.Крюков, В.В.Малявин, М.В.Софронов. Китайский этнос на пороге средних веков. М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1979.- 203б. 3. Сидихменов В.Я. Китай: страницы прошлого. М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука»,1974.- 180,188,189,192,194,209,211,214б. 4. Малявин В.В. Китайская цивилизация. – М.: «Издательство Астрель», ООО «ИздательствоАСТ»,Издательско продюсерский центр«Дизайн. Информация. Картография», 2000. 543б. 5. http://www.google.ru.

421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы