• Қоғам
  • 16 Қазан, 2014

Қазіргі асаба қандай болу керек?

Асаба серік ететін қасиеттер қандай? Тойымызды кімге басқартамыз? Асабалық өнер ме? Тойдың көркі асаба ма? Еліміз әдебиетінде асабаның қызметіне жөн сілтейтін әдебиет жоқтың қасы. Газет-журналдардағы жалпылама мәселерді сөз еткен бірлі-жарым мақалалар той сценарийін сөз етуден, көрген-білген тойды суреттеуден әріге бара алмайды. Бұл мақала сол кемшіліктің орнын толтырмаса да, ең болмаса, ел алдына шығып, той сияқты рухани әлеміміздің тізгінін ұстап, ел еркесі, жақсылық жаршысы болып жүрген қыз-жігіттерімізге азды- көпті бағыт сілтеу мақсатында жазылған сыңайлы.  
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп халқымыз бекер айтпаған. Қазақи қара сөздің шебері, тойдың көркін келтіретін  білімді де шешен, жан-жақты дайындығы бар, мықты асаба басқарған той ғана жоғары деңгейде өтеді. Сол себепті жете көңіл аударатын бірнеше мәселе бар.
 
Сценарийін жаза білу керек!
 
Тойдың өзегі, арқауы болған асабаның қолында, ең алдымен, жақсы сценарий болу керек. Сол негізде асаба өзі білетін әдіс-тәсілдер арқылы тойды түрлентіп, мың құбылта жүргізеді. Тойдың басынан аяғына дейін қамтып, қағазға түсіру мүмкін емес. Түсіргенмен, кейін ол алуан бағытқа өзгеріп кетеді. Сондықтан  сценарийде ең маңызды сәттер қамтылса болғаны. Бір-бірінен көшіп жүрген жаттандылық, бірізділік адамды жалықтырады. Асабаның басты қаруы – нақты оқиғаға байланысты ойлы да орамды шешен тілі. Жазылған сценарийі туралы, оның құрылым-тәртібі қандай дегенге тоқталсақ.
Сценери де ең маңызды нәрсе – тақырып пен идея. Өмірдің ең жауапты кезеңінің бірі, екі жастың отау тігуі, шаңырақ көтеруі болса, идеясы тәуелсіз қазақ елінің жас отбасына деген қамқорлығы мен демографиялық бағыттағы шындықта жатқанын білу. Бұл кезде асаба өзі куә болған той кешінің әлеуметтік мәнін терең ашуды көздей отырып құрылады. Үйленуге қатысты қазақтың салт-саналары онда бір идеяға бағынған композициялық тұтастық негіз болады.
Сценарийінің құрылымы жөн-жоралардың бірінен кейін бірін жымдастыра кіріктіріп, идеялық-тақырыптық қабысуына жеткізеді. Тойдың тұтас барысы  той өтетін кафені безендіру, жақсылықты  думандатып бастау, той көрігі тамашаны өрбіту, тойдың шырқау шегі, тойдың той бастары мен соңы сияқты кезеңдерді құрайды.
 
Алдын ала ұйымдастыру
«Той дегенде домалайды қу бастар» деп босқа айтылмаған. Тек сценарийге сеніп қалуға болмайды, алдын ала ұйымдастыру өте пайдалы. Тойды ұйымдастыру үшін той иесі мен асаба алдын ала кездесіп ортақ шешімге келу керек. Мұнда той иесі тойдың сипатын, сонымен қоса ол тойдың маңызды тұстарында қалдырмауы керек. Қашан, қай жерде өтетінінен бастап, жас жұбайлардың  аты-жөнін, олардың мамандығын, кәсібін, құдалардың қай жерден, кім екендіктерін анықтаумен жалғасады. Тойға шақырылған қонақтардың санын білу немесе халал той екенін анықтау, т.б. білу маңызды.  
Асаба да өзінің тәжірибесі мен қарым-қуатын көрсетіп, той жүргізу жобасының жазбаша бірнеше түрін ұсынғаны жөн болады. Той иесі оқып шығып, өзіне ұнағанын көрсетеді, асаба сол негізінде, оның басты көңіл аударатын тұстарын жазып береді. Сонымен қоса той барысында қажетті бұйымдарды, заттарды әзірлейді. Той үстінде асаба әрі-сәрі болмай өзін етене, еркін сезінуіне көмек болады, тойға келетін ауыл кариялары, ел ағасы атанып жүрген азаматтар туралы азды-көпті білгені жөн. Той иелері және оның құдаларының жақын жанашыр туыстары,  бұрыннан келе жатқан сарсүйек жұраттары, күйеу мен қалыңдықтың достары, олардың ұжымдары туралы деректерді біліп алғаны жөн. Той өтіп жатқанда алдын ала жасалған тізімге өзгеріс енетіні заңды. Бірақ та той иелерінің көбісі екі жақтан да ақ тілекке сөйлейтін адамдардың тізімін жасап қойғаны өте орынды, уақыт талабы. 
 
Той өтетін орын
Той өтетін орын, алдын ала белгілі болады, онда үстелдер қатары жүріп-тұруға, қызмет көрсетуге, билеуге ыңғайлы болғаны дұрыс. Тойдың идеясын ашып, қандай той (түрі) өтіп жатқанын білдіретіндей болу керек. Бұл  дегеніміз той залына келіп кірген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлай алса, алдағы қуаныштың бастамасы деп есептеуге болады. Тойхананы безендіруде көзделетін мақсат естелікке, бейне жазба қалдыру аса маңызды. Егер залдың төрінде тойы болып жатқан жастар орналасқан түстің артқы көрінісі сәнделіп, екі жастың аттары жазылса өте орынды болады. Көрініс түсі мен жарықта күштірек болса адамға сергек, көтеріңкі көңіл күй сыйлар еді. Асаба алаңы, яғни тілек бұрышы кеңірек, жарық толық түсіп тұрса, сонымен қоса тілек сөйлеген қонақтар толық көрініп тұрса, анық естіп қошаметтеп қол соғып отырса, бұл суретке түсіріп, бейне жазбаға алуға аса қолайлы болар еді. Қуаныштың себепкерлері немесе тойдың алтын арқауы болған жастардың жақсылығын бөліскелі келген тойшыл қауымға ыңғайлы болуы. Тойханада  орнын тауып байланған лента мен шар сияқты болмашы дүниелердің өзі тойдың өтуіне оңды қызмет етеді.
 
Той кәделері
«Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, ақсарбас қой сойып құдаласып жатқан соң «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз ұл болмайды» деп, той иелері бас құдаларына арнап жол беріп, жақын туыстарына «сый жолы» деп той кәдесін ұсынған. Той барысында қажет бұйымдар мен заттарды оңайға алып, әзір ұстау деген сөз, оған шашылатын тәтті-тұрым, тойға  алыс-жақыннан келетін сыйлы қонақтарға беретін тойдың жолы (3-5 киімдік). Құдалар төс түйістіріп, мың жылдыққа серттес-кен соң бір-біріне шапан жауып құрмет көрсету (құда мен құда бір-біріне шапан жауып тон кигізеді, құдағилар өзара сауға салып, сый береді). Тойбастардың жолына беретін заттар (білезік, айна, тақия, галстук, беторамал, желпігіш, мейіз, өрік, тәтті, құрғақ жемістер, т.б). Өнер көрсетіп, көптің көзайымы болған өнерлі меймандарға асаба ұсынатын жүлделер. Түрлі қызықты ұлттық ойындар өткізілетін болса, оларға қажетті заттар (алдын ала асабамен келісу арқылы) дайындау. Құдаларға арналып тартылатын тағамдар мен сусындар (қойдың басы мен құйрық-бауыр, қазы-қарта, жал-жая, қымыз бен шұбат) осының бәрі торқалы тойда дайындалып, тойханаға әкелінетін той шашу болып табылады.
Той төралқасы
 
Той болудың алдында жақсылық иесінің жақын адамдары, жора-жолдастары бас қосып, тойды қалай сәтті өткізу жөнінде кеңес өткізеді. Сол кезде өздерінің іскерлік шеберлігіне байланысты атқаратын қызметті бөліске салып жауапты тапсырмалар жүктеледі. Дәл осы бөліскен жұмыстардың сәтті өтуін бақылап, жөн сілтейтін той төралқасы тағайындалады. Той төралқасын  жұмыс істейтін қыз-жігіттер сайлап, оған бағына отырып, тойды басынан аяғына дейін жұмыла алып шығуға күш салады. Той төралқасына той иесі, өзі сый дайындап, той аяқталған соң риза етеді. Той мол дастарқансыз болмайды. Мейрамхана не асханада той иелерінің өкілі болған жөн. Ас үйдегі өкіл тамақтың қазанға түгел түсуін, ыстық астың мезгілінде дайын болуын қадағалайды. Тартылатын табақтарды жіліктері бойынша дәрежеге бөліп тарта білу қажет. Асабаның өз жұмысын ас үймен үйлестіріп отыруы-на жәрдемдеседі. Дастарқанға келісілген мөлшердегі тағамдардың түгел қойылуын назарда ұстайды. Тойға жұрт жинала бастағанда жаңағы той төралқасының тапсыруымен есік алдында екі жігіт, зал ішінде екі не үш жігіт тік тұрып қонақтарды күтіп алып, қайда шешінетінін, қай жерде күте тұру керектігін, қай үстелге отыратынынна жөн сілтеп, жылы қабақ, ыстық ықылас көрсетеді. Сонымен қоса асабаға көмекші қызметін атқаратын ассистенті қолынан іс келетін, жылдам шұғыл тапсырмаларды орындайтын, асабаның ымын түсініп, қадамын қалт жібермей сәйкесе білетін елпек жас болуы керек!
Музыкалық топ жасақтау
 
Ұлы Абай  «Құлақтан кіріп  бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» демекші,  Шалқи төгілген музыка, күмбірлеген күй, құлақтан кіріп бойды алған әсем ән жаныңды жадыратып, жігер қайратыңды тасытады. Тойдың көркі қашанда музыка. Онсыз тойды елестету мүмкін емес. Әсем ырғақтың жетегінде ұршықша үйірілген қыз-жігіттер еліте билеп, топ ортаны тартымды етеді.  Алпыс екі тамырыңдағы қаныңды қыздырып, еріксіз тәнті етеді. Той залын – сахна, ал асаба артис десек, онда кішігірім қойылым қоятындай дайындық болу керек. Ең әуелі музыка апараттары дұрыс жұмыс істеп тұру керек.
Музыканың орны мен көпшілік арасы сонымен қоса бірнеше микрофон және жақсы дыбыс күшейткіштің болуы өте маңызды. Тойдың шымылдығын дәстүрлі ән мен күй немес ұлттық бимен ашып, қонақтың жанын жадыратсақ, шіркін. Түрлі ұлттық құндылқтарымызды көрсететін ойындармен ел көңілін көтерсек. Той бастар өлеңін айтып, шашу таратумен тойды аяқтатып, тойға келген көпшіліктің көңілін көтерсек, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың есінде қалардай болар еді. Асабаның музыканті, әнші-күйші мен бишілері болса, дәстүрге сай ақ бата төгіліп, ақ тілектер ағытылады. Асқақтаған ән, күмбірлі күй шертіліп, мың бұралып билеп той көрігін қыздырады. Тарих  пен шежіреден сыр төгіп, жүйрік тілмен мағыналы сөз айтып, жүйелі өрілген дәлелді пікір арқылы тыңдарманға ой тастайтын асаба құба-құп болар еді. Міне, осындай той өз деңгейінде өтеді деп асабаға сенуге болады.
 
Асабаның сөз өнері 
және этикасы
 
Қазақ халқы бақ заманнан бері сөз қасиетін білген, сөзге тоқтаған, сөз киесін қадыр тұтқан қазақ екеніміз баяғы өткен би мен шешендерден белгілі. Асабаның сөзі бүкіл тойдың арқауы. Той қауымның көкейіндегі сөзін дөп басып тауып айтпаса, сөзін өткізе де, тыңдата да алмайды. Ал елдің көкейіне қонымды, құлағына жағымды сөзді тауып, жүректерге жеткізу, тіпті қиынның қиыны болар. Ендеше, тойға жиналған алқа-топтың алдында сөйлеу үшін жүректерге нұр себерлік әсем, көтеріңкі интонация қажет. Асабаның мимикасы, сөйлеу техникасы, қимыл-қозғалысы, ишаралы сөзі тойға жиналған жамағатпен байланысына үлкен әсер етеді. Той еркесі асаба той тізгінін қолға алып, асаба алаңына шығып сөз бастағанша, жұрт асабаның сыртқы келбетімен, тұрқына, киген киіміне қадала көз тастайды. Сондықтан асабаның сыртқы бейнесінен қашан да жинақылық сезіліп тұрғаны жақсы. Жақсы интонация шебер пайдаланған дауыс диапазоны мен мүмкіндігін кеңейте түседі. Дауысының төменгі, ортаңғы, жоғарғы деңгейлерінің бәрінде  айқын, анық, жағымды дыбыс шығара білген той жүргізушісі сөзінің көркемдігін әлінше құлпыртады. Жағымды үнімен елді өзіне жалт қаратып, тәнті етеді. Сөздің қуаты ішкі мән логикасымен, берер сезіммен анықталады. Сол себепті тойдың жауапкершілігін арқалаған асаба тойға байлансты мақал мен мәтел, қанатты сөздер, өлең-жырларды, маржан сөздерді көп біліп, орынды қолданғаны өте тиімді. Оны жеткізгенде айтылу қарқыны жағынан  анық әрі жай болған дұрыс. Елдің назарын өзіне аударып алуға көмектесетін бірнеше тәсілді нақты жағдайға байлансты олардың ыңғайлысын қолданған жөн. Біріншіден, көңіл-күйдің қалпын не болмаса назардың бағытын сілтейтін сөз арасындағы  ишара мен қозғалыс жұртты өзіне бірден тартады.  Екіншіден, үндік тәсіл, яғни керек жерде дауысты көтеріп не баяулатып, бояуын құбылта білу. Үшіншіден, сөз арасында «Тойшыл қауым!», «Қадірлі қонақтар!», «Құрметті ағайын!», «Беделді көпшілік!», «Ел ағасы!», «Ел еркесі!» деп үн тастап отыру да назарды жинақтауға себепші болады.   Төртіншіден, жұртты сергітетін таптырмас нәрсе – юмор мен күлдіргі сөз екенін есте сақтаған жөн. Думан қызған шақта тауып айтылған күлдіргі сөз жиналған жұртты бір серпілтіп, бөтен ойдан арылтады. Бесіншіден, асаба барлық жағдайға дайын болу керек. Жағымсыз жағдай туа қалса, ел көңілін көтеретін жағдайға пайдалана білу қажет. Қысқасы, асаба «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайтынын» біліп, сөз өнерін, халыққа жеткізу мәнерін, сөз қолдану аясын шексіз меңгергені абзал. Көптің  көзі қадалған асабаның тойдағы тәрбиелік тағылымы, ізгілікті ықпалы орасан болатынын ескерсек, оған жүктелген азаматтық жауапкершілік те елеулі. 
Асаба этикасының құны қашан да жоғары, оның кісілігі, ізеттілігі, әдеп-иба, мәдениеттілігі, білім-біліктілігінде жатыр. Той үстіндегі іс-әрекеті мен мінез-құлқы сөйлеу мәдениетіне астасып жатады. Өйткені ағат айтылған бірауыз сөз, қуанышты келекеге айналдырса, тауып айтылған бірауыз сөз, ат кекілін кесіскелі тұрған екі жақты елдестіріп, көңілдерін мерекеге айналдырады. Асабаның этика өлшемі  елін, жерін, Отанын, тілін, дінін, салт-дәстүрін шынайы сүюінде жатыр. Той үстінде халық қазынасын насихаттап, шешен тілдің сабасын қотарып, сөз мәйегін ағытып, өзінің текті жерден екенін көрсетсе, ұлттық құндылықтың құнын көтерген  асаба қашан да ұтады.  
 
Жеңісбек ПӘЗІЛ  
 
 
 

885 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы