• Шежіре
  • 26 Наурыз, 2012

КҮН ТҮБІНЕ ЖОРТҚАНДА немесе шалғайдағы ой.

Алмас Нүсіпов 1988 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің магистранты. Құлағы түрік қазақ естіген де болар. Жазғы сессия бағдарламасы бойынша магистрант біткен шет елге шығып оқуға мүдделі. Бір айдан үш айға дейін. Әрине, ерінбей есік қағып, жалықпай босаға күзетіп, қателеспей құжат толтырса! Шет елдің сыбысы білініп, шеті көрінгеннен-ақ, дабыраға айналдырып бақтық. Мақтан да жоқ емес. Соны естіген бір ағамыз сапарнама жазу туралы ой салып еді. «Өзім де солай ойлап жүр едім» – дедік шіміркпей. Қалам ұстап үйреніп қалған адам қайда жүрсе де жазуға ілігер шикізат іздей жүреді. Қолдан тастамай жүрмесек те, азды-көпті түрткен мен сызғанымыз бар біздің жазу туралы алдымен ойлағанымыз анық еді. Дегенмен, сапарнаманың жөні бөлек. Құлшына кіріскенбіз. Бас-аяғы бір айда жеткілікті мағлұмат жинап үлгіреміз деп ойлағанбыз. Үйдегі ойды базардағы баға бұзады. Айнымасақ та, күмілжіп қалдық. Жолжазба, яки сапарнама деп қомпитатындай саяхат емес. Көрген мен естігенді, білген мен түйгенді тізіп шығуға болар еді. Әйтсе де, басқалай жолын іздестіргеміз. Шағындау көлемдегі басқа бірдеңе. Ойлана келе тоқтам жасадық. Шет елдегі көңіл-күй ауанымен жазылған кунделікті көшіріп шығу. Ішкен мен жеген, отырған мен тұрғанды емес, тек керекті тұстарын. Не ойладық, қалай толғандық? Сол жетеді! Әуежайдан бастайық. Біреулар дұрыс емес дейді. Яғни, аударма көңілге қонымсыз. Ұшақжай деген жаңа сөз ұсынып жүр. Ескі мен жаңаның тартысына төреші болмай-ақ қояйық. Ары кеттік. Иә, естіп құлақ, оқып көз, жазып қол үйренген – әуежай. Бастайық. Басынан. Сөз басы – Уа, кімсің? – Ыбыраймын. Ыбыраймыз! – Қайда барасын? – Сайлауға... – Дұрыс емес! Қайта! Сайлауға бару әжіге барғаннан артық дақпырт болған ол заман өткен. Магистрантпын. Магистрантпыз! Тау асып, тас баспай-ақ айшылық алысты алты сағатта аттап, күн түбіне сапар шеккенбіз. Корея. Оңтүстігі. Алматы-Сеул. Күнге қарама-қарсы, шығысқа қарай жосын жылдамдықпен қанат қаққан алып лайнер біздің уақытпен есептегенде түн ортасынан ауған шақта таңмен қауыштырды. Көрмеген жердің ғана емес, аспанның да ой-шұқыры көп екен. Бұлт жетпес биікті қақ тіліп, салқын ауаның қабырғасын қақырата сөгіп, қалыпты ағынмен келе жатқан ақ құс ара-тұра теңселіп кетеді. Төбеңде көк ніл, төменде ақ шарбыға бөккен, дүрмектен ада дүние. Құдды қар басқан далада, ашық аспан астында тұрғандайсын... Жә! Бұл қысқаша суреттеу. Көктегі көңілдің әуенімен жазылған жолдар ғана. Көрген мен Түйген. Басы ғана. Сапарнама дегенің де осы емес пе!? (02.07.11) Үш сағаттық белдеуді аттап өтіп, таң ата Сеулге ең жақын орналасқан Инчеон әуежайына қондық. Қалың бұлтпен астасқан қою тұман. Тіркеу, тексеруді айтпағанда, ұсақ-түйек тірлік қамы мен орналасу мәселесі. Шалғай екі мемлекеттегі екі университеттің арасында байланыс орнату тұрғысында зор алғысқа лайық айтарлық ықпалы бар (жұрттың, жұрт болғанда кәрістердің пікірі ғой) азамат – Чан мырза күтіп алған. Алғашқы кейіс ауа мәселесі төңірегінде. Дымқыл, тар, ыстық. Жартылай дем алып тұрғандайсың. Көзге көрініп жаңбыр жауып тұрмаса да, аздаған уақыт ішінде үсті-басың, киімің дымданып шыға келеді. Бұл қиындық қала ішіне кіргенде тіпті күшейді. Тар ауаға әлдебір жәндіктің қуырылған иісін қосыңыз. Көшеде сатылатын тағам сол ғана сияқты, бұрқыратады да жатады. Ал ризашылығымызға арқау болған алғашқы көрініс – жол жағдайы. Үйден кептеліске кетер уақытты қоса есептеп шығып үйренген біз үшін «нағыз рахат мұнда екен-ау» дерліктей. Кең даңғыл, бөгеліссіз қозғалыс. Аттаған сайын салынған алып көпірлер мен айналма жолдар. Және қоғамдық көлік. Қоғамдық көлік көп күттірмей келді. Көп созбай жайғастық. Қауіпсіздік белдігін тағуымызды өтінген ыммен, шет елдік екенімізді түр-тұрпатымыздан, болмаса, жүк тиеу кезіндегі тілдесуден байыптаған бақылаушы. Арнайы киім үлгісіндегі жүргізуші мен бақылаушы аялдамада ұзақ аялдау емес, тез қозғалу үшін жанталасқан. Тұманды қаланың қақ ортасы. Ығы-жығы халық пен иін тірескен үйлер. Қала ішінен әлгі көпірлерді көрмесек те, кептеліс төңірегінде шағым айта алмадық. Себебін жолбасшы әрі аудармашы Чан мырзадан сұрағанымызда қала ішіне арнайы нөмірі бар санаулы көлік жіберіледі дегенді айтты. Біздегідей үлкен жатақханалары болмай шықты. Бізді, яғни жеті жігітті қос қабатты шағын үйге, ал қыздарды бізден әудем жер алыс, 20-30 адамдық шағын жатаққа жайғастырған. (04.07.11) Бұл жолдар жол машақаты мен орналасу жағдайының құрметіне жазылды деп біліңіз. Ары қарай... Ары қарай Ардың-гүрдің, арқырап жүретін азаматтарды ақ көңіл, аңғал деп мадақтап жатады жұрт. Дұрыс та шығар. Ал мен үшін осы тип... Мақтай алмаймын. Пайдасынан зияны көп. Көп жағдайда өзім кеш жатам. Ал ертең ерте тұру керек. Қандай жағдай болмасын кем дегенде 6-7 сағат ұйықтауға тырысам. Ал жаттың делік. Арғы-бергіні ойлауға шамаң жоқ. Күндізгі ұзақ жүріс титықтатқан. Көзің енді ілініп бара жатыр. Сол сәтте әлгі... көңілі кірнесіз ардың-гүрдің килігеді. Күндіз ұйықтап алған, болмаса ертең жұмысы жоқ. Не бірдеңе сұрайды, не өзімен-өзі отырады да тұншығып бастап, жыртыла күледі. Бітті! Селт еттім. Тым-тырыс, ұйып тұрған бөлмеде масаның ызыңы да әжептәуір құлақ жарады. Әлде, сықыр еткізіп орындықтан тұрды, әлде қолындағы әлдебір затын сарт еткізіп тастай салды. Онысымен тоқтаса жақсы ғой, күшене ыңыранды. Күрсіне есінеді. «Қой, ұйықтайын» деді дауыстап. «Сағатың біраз боп қаптеее». Сақыр-сұқыр, салдыр-гүлдір... Сыртқа беттеді. Кіржие қабақ шытып екінші жамбасқа аунап түскем. Менің тұсымнан өте беріп қалт бөгелді. «Е, мынау ұйықтап қалған ба-ей?». Даусы зор, өзі күшене сөйлейтін адам – үстіңнен трактор жүріп өткендей әсер етеді. «Өлә, мынауың ұйқыбас екен ғой!» дегенді қосып қойды, өзі айтқан уақыттың біраз болғанын ұмытып. Ұйқыда жатқандардың ішінен тек мені тауып алғанын көрмеймісіз?! Үріккен ұйқымды тым алысқа ұзатып алмауға тырысып өтірік ұйқысырап, теріс айналғам. «Әй!», – сірә қолын сілтеді. Әрі кетті. Қанша тырысқанмен болмады. Шошынған ұйқы тым маңып кеткен сияқты, қайта оралмады. Әрі-сәрі күйде сағатқа жуық жаттым... Ендігі түрім мынау, жайлы төсекті қатқыл орындыққа айырбастап. Біз тоқтаған үй екі қабатты. Астында үшеу, үстінде біз – төртеу. Төменге түстім теңселіп. Мұндағылар 2:1. Ұйқы – екеу, ояу – біреу. Біреу мендей емес, жайғасып алып жазып, әлде оқып, әйтеуір шұқшиып отыр. Табылған ақыл. Ақыр ұйқы жоқ, шұқшиғанның көкесін көрсетейін. Төртінші күн. Төртінші мәрте Оңтүстік Кореяның астанасында түнеп жатырмыз. Мен күткен әсерлі сапардың ауылы тым алыс әзірге. Енді, алдағы айға жуық күндерден үміттіміз. Негізгі ой кәрістердің мінезі мен мәдениеті ғана емес, тарихын, тарихи орындарын – біздің бір облысқа ғана сиып кетер жер көлемін иемденген ел ғой – түгел шолып, асықпай аралап, танып қайту еді. Алдымен, мен күткен аудармашы, жетекшілер болмады. Сосын мен ойлағандай емес, қатал сабақ тәртібі. Әлдебір еуропалықтың мен білмейтін ағылшыншасын тыңдап, тапжылмай отыру. Таңғы тоғыздан түскі екіге дейін. Менің бір досым айтпақшы тозаққа пара-пар. Қол қалт етсе, жер түбіндегі Түркілер асханасына аяңдаймыз. Бір жағы қарын қамы, екінші жағы қаланы аралап қайтасың. Қаласы қала емес, бітпейтін бір жайма базар. Қарсың мен арқаң, оң-сол тегіс. Құжынаған халық. Астанадағы халық санының өзі он бір миллион дейді. Оған – туризм біршама дамыған ел, – сырттан келгендерді қосыңыз. Күлімсі (жоғарыда айтқан) иіс. Әйтеуір елге құр қол оралмаудың қамымен бөгеліп жатамыз. Енді бұл сандалыс болмауға тиіс. Шешіп қойдық деп ойлаймын. Жеті жігіт алыстан арбалағанша деп, азық-түлік алғанбыз. Алматыда қалған жатақханадағы салтпен. Бір жетіге еркін жетеді деп жатты білетіндер. Тамақ – үйден, әрекет – өзімізден, берекет – құдайдан. Бос уақыт көп болуға тиіс. Ұйқы қашса ой үйір. Қайдағы-жайдағыны ойлап, сенделіп құр жатқанша деп, ойлап тапқан ақылым еді. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда пышырап кететіні бар. Шалғайға шыққан алғашқы сапарды атаусыз қалдырмай, қағаз былғап, бірдеңе бітірмек едік. Не жазам? Несін жазам? Көргенім көңіл көншітерлік емес, қалам ұшына ілігерлік ештеңе таппаймын ба деп қорқам. Желдің сыбырынан сыр түйген бәзбіреулерше түймеден түйе жасауға еп жоқ. Қаз-қалпында қағазға түсіруге құлық жоқ. Ел көріп, жер танып, танымыңды кеңейтіп қайтасың деп еді әкем, шығарып салып тұрып. Дорбам бос қайтпаса игі. Жетінші шілдеден бастап пән ауыстырмақпыз. Аузын буған өгіз ғана емес, құлағы құрсауланған меңіреу отырыстан баз кешіп, жоғарыға, Чан мырзаға шағымданғанбыз. Ескеріліпті. Сәл таңданыс білдіріп, корей тілін үйренуді ұсынған көрінеді. Таңданыс білдіргені бізді ағылшынша ағып тұр деп ойласа керек. Ойламас реті жоқ. Тіл, ана тілі, қазақ тілі деген ұрандар жиі көтеріліп, күн құрғатпай мәселе қойылып жатқан соң, қазақ атаулы жаппай шет тілге көшіп кеткен екен десе керек. Бір ай ішінде сарнап кетпесек те, мәнсіз отырыстан гөрі тәуір. «Таным кеңейтуге» мүмкіндік молынан болатын сияқты. Аптаның төрт күні оқу, қалғаны еркімізде. Сол кезде танығанымызды төгілте жазармыз. Ал, әзірге... Менен бұрын шұқшиған кісі қаруын... қаламын тастапты, жастыққа бас қойған. Ендігі мәселе, жоғарыдағы салдыр-салақтың жайы. Ұйықтаған шығар. Ұйықтамаса – ұйықтатармыз. «Егер, жау берілмесе, – оны құртар болар». Жеңерміз. Мен кәріс жерінде қоналқаға тоқтаған, көзін тек жеңіспен ашқан өр рухты Көк Түріктің ұрпағымын... (06.07.11) ...Мен көзін тек жеңіспен ашқан Көк Түріктің ұрпағы... Қолыма қауырсын емес, жаңа заманның ыңғайлы автоқаламы – қалам алдым. Енді жазам. Шүкір, қиындық жоқ. Қаламсап қаптап тұр, қағаз қат-қатымен. Ал, ой мен жазу... – Несін жазам бұлардың? Іштей, кейде сәл өзгертіп сыртқа шығарып, неше мәрте айтылған сөз. Бетін қалқып қана өте шығар шалағай жазарман болуға – БОЛМАЙДЫ! Тереңдеуге көлі қайсы, көлшігі қайсы – ажырата алар емеспін. Тарихынан хабарым жоқ. Мәдениетін білмеймін, тілін ұқпаймын. Мінезін, ұлттық мінез-құлқын тануға – жеткем жоқ. Бөгеліп қалған бір тұрыс. Төрт тарабым түгел жабық. Сыналап, қалай да жол табу керек. Ел көріп, жер танығанға мақтаныш емес. Сериалы арқылы менің елімде сұмдық атаққа, сұранысқа ие Оңтүстік Корея мемлекеті туралы жазу да емес. Басты мақсат – бізде жетіспейтін артықшылықтары мен жетістіктерін, үлгі тұтуға тұрарлық жақсы жақтарын бағамдау, және жеткізу тұрғысында еді ғой. Және, бізден кейінгі оқу соңындағы жастарды да осындай мүмкіндікке ие болуын, бізден де алысқа кетуіне тілекші көңіл. Игі бастаманың жалғаса беруіне түрткі салсақ деген ниет. Біз және біз сияқты азаматтар... От басы ошақ қасы тірлікке байланып қалмай, шығанға шығып, қазақ атын аспан астына танытып жатса... (08.07.11) Танытып жатса дейтінім, Қазақстан туралы білу былай тұрсын, естімеген шет елдіктерді көру – ауыр тиіп еді. Жат та кеп жан-жақты мағлұмат беріп жатамыз. Картадан ұлан-ғайыр атырапты көргенде таңданыстарын жасыра алмай қалады. Бір жігітіміздің ыза болып: «Ең болмаса картаға қарамайсыңдар ма?» дегеніне: «Россияның бір бөлігі екен деп жүріппіз» деген жауап есту... Жыларман күйде жабыла түсіндіреміз, түсінігі қазақ деген мақтанышпен, ұлттық тұрғыда қалыптасып келе жатқан кейінгі жастар. Шалғай елде жүріп шет жұрттың қандай да болмасын ерекшелігін көрсек алдымен өз елімізбен салыстырамыз. Мынасы артық, анасы бізге жетпейді. Мынаны бізге ендірсе, ананы бізден алса дегендей. Апта сайынғы демалыс күндері анда, мұнда апарып жатады. Мәдени-тарихи орындарын көрсетіп, қаланың көрікті жерлерін аралатып. Әрине, түсте, кешке қонақасы бар. Қалай болғанда да жоспарда бар дүние. Міндеттері. Осыған орай кейбір қыз-жігіттер бізге шет елден барғандар болса, мұндайдың бірін де көрмес еді дегенді айтып қалып жүрді. Әсіресе, кәріс ағайлар арнайы атап айтып, өз қалталарынан пұл шығарып, дәмханада қонақ еткенде. Неткен жомарттық дескен. Шексіз рахметтерін жауғызған. Әрине, арттағы аға-апайлардың мұндай жомарттық жасамақ түгілі, шетелдік студенттерді мүлдем көрмейтіндігі жайлы да пыш-пыштар қоса өрбіп жатты. Соған байланысты біздің айтқанымыз бар еді. Қазақ қонақжай деп күнде айтамыз. Сол қасиетінен мақұрым қалмаса, қалай да осылар істеген жомарттықты асырып жасай алады. Өздерің ойлаңдаршы, басқа не көрдіңдер? Дәмхана мен шағын асханадан дәм тату ма? Тегін? Өзіміздің де қалтамыз көтерер еді. Ау, ағайындар-ау, қазақтың кең, даңғарадай үйі бар емес пе? Қаланың қақ ортасынан ойып алған. Ұйымдастырушылар емеурін білдірсе, профессор ағаларың мен апаларыңның қай-қайсы да оншақты студентті үйіне қонаққа шақырудан тартынбас еді ғой. Бір кәрістің үйіне кіріп көрдің бе? Төрінде отырып тіршілігін бақыласаң қаншама мағлұмат жинап қайтар едің. Шуылдап қаласын аралағанмен, тұрмысын бағамдай алдың ба? Жоқ! Себеп сол, қонақ ету деген түсініктің басқашалығы. Қазақтың аста-төк дастарханын көргенде кез-келген кәрісің аузын ашып, көзін жұмып тамсанатынына бәс тігем. Оған кең пейіл мен риясыз көңілді қос. Қонақжайлылық деген түсінікпен алғанда қазаққа жетер ел жоқ! Өз туған жұртың болғандықтан айтылған сөз емес, кез-келген шетелдік ден қояр еді. Істің басы-қасында жүрген өкімет адамдары ұлтымыздың осы қасиетін дұрыс пайдалана алса... Шетелге еліктеп жүріп, ұмыт қалдырмаса әлемге үлгі боларлық кеп. Көнермес қасиет! Үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып жолға салып, жөніне жіберер мәрттік сенің қазағыңнан басқа қай ұлтта бар деп естіп едің?.. Иә, дарқандық тұрғысынан арттағы елге өкпе айтар жөніміз жоқ болатын. Тек, соңғы кезде тапқан кесір мінез бен кесапат қасиет болмаса. Бәрі емес, кейбірі. Уақыт емдеп жазар ауру. Өтпелі дүние. Қалай да, түп кеспірін табады. Бұлай дейтініміз, сұрай-сұрай Меккеге де жетесің деген елдің баласы, қала аралап жүріп, тіл ұқпасақ та қолдағы картаны көлденең тартып, көлденең жүргіншілерден ыммен жөн сұрап жатамыз. Бұрын көрмеген қала, біздегідей кең дүние жоқ, бір-біріне мінгескен бір құрылыс. Сонда, екі-үш мәрте сүйінішімізге негіз болған кәріс ағайындардың мінезі еді. Әлбетте, қолмен ғана жол сілтеп кеткендері болды. Тек, қарама-қарсы бағытта келе жатқанымен қоймай, бізбен бірге кері бұрылып, екі-үш аялдамалық жердегі бізге керекті тұсқа дейін жетелеп әкелген қысық көз азамат. Қалай сүйінбессің! Камсамида-ны (рахмет) неше мәрте қайталап, әрең қоштасқанбыз. Одан кейін де осындай оқиғалар ұшырасты. Қазір біздегі көп қазақ ден қойған «Көрдім деген көп сөз...» байламына кереғар. Алғаш барған күннен-ақ, Қазақстандағы қоғамдық жағдайға қанық Чан мырза тәуліктің қай уағында жүрсеңдер де өздеріңді қауіпсіз сезініңдер деген. Әрине, аттаған жеріңде бейнекамера. Қорқар жөнің жоқ. Әйтсе де, құжатсыз көшеде жүрсең «өзбек» атандырып, сарсаңға түсірер біздегі тексеріс жоқ. Шекарасы мығым, бақылауы күшті. Техниканың арқасы. Қайткенде де дамыған ел. Дамушы елмен салыстыруға келмес, дегенмен, біз үшін таң қаларлық, бір түн әңгімелеп әрең басылғанбыз. Ақыры, ел орнында, жер жатыр әне көсіліп түсіп, қалғаны қалыпқа келеді деп тоқтам жасап, тәубаға келдік. Расында біз қорқар не бар? Картадан қазақтың жер көлемін көріп, Кореяға бір, Қазақстанға бір қарап, ұзақ үнсіз отырып қалған мұғаліміміз, саусақ басымен біздің көлемге өз елінің нешеуі сиып кететінін өлшеп көріп, жетіден ары санауға батылы бармаған Құдай берген далиып жатқан даламыз бар. Қай дамыған ел санаспасын? Жетеміз біз де, жетілеміз! Сол кездегі көңіл-күй еді. Өзіңе деген аздаған кейіс пен өзгеге деген қызығушылыққа қоса тәуба мен мақтан. Тәубаға келмес жөнің жоқ. Жердің таршылығы, халықтың бастығырылуы дегеннің не екенін көзіңмен көрдің. Халықтың өсімін шектеу деген ұғымнан азат күн кешіп жатқан ордалы жұртыңа қарап, қалай бекімессің! Шет жұрттың тілін байлап, түкірігіне шашалдырған жеріңе қарап қалай көншімессің! Тәуба! Сөз басында ескертсек керек, көргеннің бәрін жіпке тізу міндет емес. Керегі де жоқ. Жағажайға барып бір күн дем алғанымызды, қаланың көрікті жерлерінде қалай суретке түскенімізді, түнгі клубында қалай билегенімізді... айту керек болса тағы бір әңгіменің аясында тоқталармыз. Әзірге жылы жауып қоя тұрайық. Ендігі әңгіме тарихи орындары мен мұражайлары. Бәрі емес, ірі деген бірі. Мемлекеттік мұражай. 600-жылдық тарихы бар, сол қалпында сақталған патша сарайы. Сыртқы дуал, ішкі бекініс, алаң, аумағымен түгел. Ана сарай бас сарай, ал анау бәйбішенің отауы, мына біреу тоқалдардың тұрағына арналған үйлер, мына жерде хан сейіл құрған, ана жерде ойланып отырған, мына бақтан өз қолымен жеміс үзіп жеген, мына үйшікте дәрет сындырған... Кете береді. Ежелгі, ұлттық арнайы киімдегі жасауылдар күтіп алған дуалдан бастап қаншама белдеуден өтіп, бас сарайға әрең жеткенбіз. Ұлттық музей де осы қалашықтың ішінде екен. Көзден таса қуыс қалдырмай адақтап шыққанда шаршағанымызды сезінгеміз. Жұрт пікірі әр түрлі. Көбі риза кейіпте. Мынадай жерді осы қалпында сақтап отыру... Бүкіл тарихы мен шаруашылығы, еңбек техникасының сатылы дамуын ұқыпты жүйемен ұғынықты жеткізу... Пай-пай! Пах-пах! Тамсанып жатыр, айтып жатыр. Бізде 600-жылдық тарихы бар қандай сарай бар? Кім салды? Қайда қазір? Сұрақ көп. Жауап та жоқ емес. Біздің шаруашылығымыздың жөнін түйе мен жылқыға қарап, тұрмыс тарихын киіз үйге қарап таны. Егер ауқымы тар, аумағы аяқ көсуге жарамас мынадай жерде тұрса біздің де бабаларымыз ағаштан қиюластырып, бұларыңнан да ыңғайлы, айбынды үй ойлап табар еді. Еркін, кең, дарқан елдің көшпенді шаруашылығы үшін өздері тұтынған үлгі мен ұстанған жорадан артықты ойлап табу мүмкін емес. Біздің бабаларымыз... Тарихи орын? Заман жылдық тарихы бар мазарлар мен күмбездер ше? Балбал тастар ше? Сына жазулар ше? 600жылың күні кеше ғана емес пе? Ал біздікі... Солай да солай... Не көрсек те алдымен өзіміздегімен салыстырып, көп жағдайда қазақты артық қылып шығаруға машықтанып қалған қыз-жігіттер көңілімізді осылай делбейміз. Рас еді. Не айтсақ та рас. Қазақтың, Түркінің тарихы, мәдениетіне жетер мәдениет жоқ жер бетінде. Қандай таза болған? Қазір де құдайға тәубе айтпас ретің жоқ. Тамақтың дәмдісін, нәрлісін тани білген бабаларыңа тәу етпес жөнің және жоқ. Қанша дамыған, жетілген, жеткен ел деп қомпитқанымызбен қазақтың қаласындағыдай кеңдік жоқ болғасын қысыласың да жүресің. Шөп-шалам мен теңіз жәндіктерінің татымсыз дәміне қаншаға дейін шыдай алам деп ойлайсың? Келгеніңе көп болған жоқ, түсіңе ет кірмеген қайсың бар? «Әркімнің туған жері Мысыр шаһар». Дұрыс лепес. Әйтсе де, салыстырмалы түрде айтсақ біздің тіршілігіміз көш ілгері. Экономика, қаржы мәселесінен бөлек. Қыл аяғы түзге отыруға да кең жер, биік төбені қолай көрген қазақтың қаны тамырында шымырлай қайнап жатқан біз үшін ит байласа тұрғысыз деген тоқтам жасадық. Алғашқы апта аяқталмай-ақ күн санай бастадық. Қарын тоқ, қайғы жоқ. Дей тұрғанмен... Ер туған жеріне. Шет елге шығып жер көрдім-нен гөрі, елге деген сағынышты сезінгенім үшін ризамын – деген ой бар еді әр кеудеде. Кетер қарсаңда Сеулдің Итайуон ауданында мешіт бар дегенді естідік. Елеусіз қуыста орналасқан, шағын ғана мешіт деп ойлағанбыз. Сонда да естіп тұрып соқпай кету мұсылман атыңа сын. Қасиетті жұманың қарсаңында күн қақ төбеге көтеріле ат терлете жеткенбіз. Жете бере естідік. Бүкіл қаланы жаңғырықтыра зор дауыспен азан шақырылып жатыр. Әсем әуез, жағымды мақам. Жүзімізге лыпылдап қан жүгірген. – Пәлі! – Мынауың ғажап қой! – Біздің орталық мешіттен де үлкен бе, қалай? – Кореяда азан үнін есту... Асыға басып, дабырлай ішке беттедік. Түрлі ұлт өкілдері. Араб, түрік, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, қарақалпақ, ..., толып жатыр. Таң қаларлығы кәрістер де бар. Айдың аяғы, төре ай рамазанға екі күн қалған. Республикалық БАҚ-нан болса керек бейне камера мен фотоаппараттарын асынған бірнеше адам жүр. Бас имам сағатқа жуық уағыз айтқан. Үш тілде. Бір өзі. Араб, ағылшын, кәріс тілдерінде. Жұма намазын оқып, жер түбіндегі елде шалғайдағы елімізге амандық тілеп, дұға қылдық. Сыртқа шыққанда көрдік, ұзын көйлекті кәріс қыздар ішке кіріп барады екен. Естуімізше, бұл елде атеистер көп деген. Өз діндерін де, басқаны да мойындамайтындар жетіп артылады дескен. Ал, мына қыздар... Қалай сүйінбессің! Құдіреті күшті құдай хақ дініне айдаладағы кәрістерді де жүгінтіп, Мұхамедтің үмбетіне айналдырыпты. Біздегідей мешіттің алдын жағалай отырған қол жайған мүскіндер көрінбейді. Садақаға арналған жәшікке шама-шарқымызға қарап тиын-тебен салып жатырмыз. Мұсылман болып жаралғаныңа, ұлтыңның бір ұстын, тірегі исламды ұстанған, жұмыр басты болсаң да, бақытты пенде екендігіңе тәуба айтысып, мешітті төңіректеп ұзақ жүрдік. Оразаның биылғы кестесінен тәбәрік қылып, бір-бірден алып, үйге қайттық. Әдемі әсер еді. Сол әсерден арылмаған қалпы, келген бетте қақ төрге әлгі кестенің бір данасын ілдік. Кейін, Қазақстанға қайтар қарсаңда төрдегі Алланың аты басылған кестені не істейміз десіп аз ойландық та, солай қалсын дестік. Мұсылмандардан қалған естелік болсын! Ұстанбаса да ислам туралы мағлұматтары бар, аяқ асты етпес! Кәріс ағайындарға естелік! Қазақ Ұлттық Университетінің студенттерінен біз бір ай оқыған Донггук университетінің студенттеріне! Дәретханадағы гүл Мешіттен шығар жолда Түрік асханасына бас сұққанбыз. Тапсырыс бердік. Еті көптеу бір тағамға. Ұзақ күтуге тура келген. Мешіт жайлы, әсеріміз жайлы әңгімелеп отырмыз. Сол аралықта кіріп, шыққам. Бірден көзім түсті. Гүл. Дәретхананың төрінде – гүл. Кәдімгі үлкен құмыраға сәнмен отырғызылған. Біздікілер сән үшін ғана емес, ауа тазарту мақсатымен терезе жақтауына қоятын. Кәріс жеріндегі түрік ағайындардың әрекеті де осы соңғы мақсатта болса керек. Тазалыққа қатты ден қойған түрлері. Көз алмай бір сәт тұрып қалдым. Әр сабағын, жапырағын жедел шолып шықтым. Менің орнымда әсершіл ақындардың бірі болса ғой – деймін іштей, – табан астында ой түйіп, бірер шумақтың басын қайырып тастар еді. Біз ерекше әсермен жыр толғамадық, әйтсе де бөлекше кептен өзгеше әсерленгеніміз анық. Күн тимегендіктен ғана емес, – бұл да өсіп-өнуге құштар, сезімі болмаса да сезгіштігі бар, нәзік жаратылыс, – жапырақтарының көпшілігіне дақ түсіпті. Қурап, шірімесе де, қарая бастаған. Лас жерге қойылған аялауды қажет ететін өсімдік, қай бір шекең қызып күтім көріп жатырмын дейсің! Күтім көрсең де, табиғатыңа үйлеспес мына қуыста көгеріп, көктеуің екі талай. Ұзаққа бармассың деймін. Расында, тазалық пен махаббаттың символының мына кепке түсуі аянышты-ақ еді. Мүмкін, құлазып кеткен менің көңіл-күйімнен болар, әлгі гүлдің сабақтары солыңқы, жапырақтары жарымжан көрінген. Тұншығып тұрғандай. Лас қуыстан жиіркеніп, қорланып тұрғандай. Дәмханадан шыққан соң да әлгі көрініс көз алдымнан кетпей қойып еді. Ойымнан шықпайды. Сыршыл ақын болмағаныма шындап өкінгем. Төгіп-төгіп жіберіп, айналаңа сиясы кеппеген туындыңды оқып беріп, жаның жай табар еді. Көргенім жайлы жанымдағыларға әңгімелеп беруге тамағыма бір түйіртпек тұрып қалғандай. Әлгі жағымсыз көріністің, осы гүлдің маған бір қатысы бар сияқты. Бәлкім, өз орындарын таппай адасып жүрген замандастарымның тағдырына теліген болармын. Жоқ! Ол емес. Біз емес. Біздікі адассақ та түбі түнек емес. Өтпелі кезең. Ертеңнен, жарықтан үміт бар. Бәрі қалыпқа келер деген сенім бар. Басқа бірдеңе. Басқа біреу. Тұйықтала түстім. Жаныңды жегідей жеген ойдың түбіне жетпей кең тыныс алу мүмкін емес. Кеш батты. Түн болды. Жұрт ұйқыға бас қойды. Ал, мен... Дөңбекшіп жатырмын. Түн ортасы ауды. Қараптан-қарап мынадай күйге түскеніме таңдана түсіп, көз ілмек болам. Таң сыз берді. Сонда ғана... Ұйықтап кеткем жоқ, таптым. Таптым! «Эврика – таптым!» деп жалаңаш жүгіріп шықпадық. Архимед қуанғанынан есі шыға жүгірген болар. Ал біз... Қуана алмадық. Тек, сәл жеңілдегендей болғанбыз. Себебі біздің тапқанымыз жаңалық емес, көкіректі сыздатқан белгісіздіктің шешуі ғана еді. Бар болғаны: Қайран аталарым, ағаларым-ай! – деп күбір еттік. Иә, менің алдыңғы ағаларым мен сәл арырақтағы аталарымның тағдыры еді. Елім деп еңіреген ерлердің қапаста, қамақта, тар шеңберде өксіп, қыстығып өткен өмірі еді. Аумалы-төкпелі заманның құрбандарының заттық көрінісі алдымнан шығыпты. Сүйегі асыл ұлдар қорлыққа қалай шыдады екен? Неге төзді екен? Ұрпақ үшін. Елдік үшін, әлбетте! Олар болмаса біз жоқ едік. Кеше солар күреспесе бүгінгі күннің елесі де болмас еді. Ұлтының сасық тар қапастағы нәжіске батуға бет алғанын көріп, өздерін өртке ұсынған. Елін құрдымнан сақтаған. Өздері де нәжіске былғануға жетпей өлген. Құрбан болған. Азаматтық парызын қанымен өтеп, арын былғамай, намысын жықпай шаһид кешкен. Жарқылдау үшін, гүлдеу үшін туған қаншама ғұмыр қапаста қиылды! Әлемді жалт қаратар, шалқасынан түсірер ой айтуға тиіс қаншама дарын көктей солды! Әйтсе де, армансыз. Жандары жаннатта! Өздерінен кейінгі ел тізгінін ұстауға тиіс ұл-қыздарына бағыт көрсетіп, жол салып кеткен. Сол жорамен шеру тартқан кейінгі буын төбеден төне қоқаңдап, әр қадамын санап бастырған қожайын елдің назарын алдап, көз жаздыра біліпті. Зымиян саясаттың шырмауында жүріп-ақ қазақтың өткенін оралтуға күш салыпты. Елдігін сақтапты. Жоқ! Қазақ тарихындағы ең ауыр, ең қилы кезеңінде тынышсыз күн мен ұйқысыз түнді ғана жолдас қылып, қыл үстінде ғұмыр кешкен қазақтың азаматтары күресінге тасталған жоқ! Құдыққа құлаған құланның кебіне түскен шығар. Аз уақыт құрбақаның құлдыраңдағаны да түк емес. Ақыры – қайыр! Ізін, ісін жалғар, атын өшірмес ұрпағы өлген жоқ. Бір заманда озбырлар нәжіске тықпақ болған аяулы басы көмілген жерге көк күмбез орнатып, аруағына тәу етер, дұғасын бағыштап, рахметін жаудырар ұл-қызы бар. Әлем мойындаған, жарқын болашағына күмәнсіз қол қойған Қазақ елі бар. Әр ісін аңыз қылып айтар айшылық атырапты жамбасына басқан қазағы – тірі! Тіршілігін жасап жатыр. Тұрып кетсек керек. Қыршын кеткен мыңдаған... миллиондаған боздақтың рухына іштей жүз қайтара дұға қылдық. Азапта өткен азалы өмірлеріне деген аянышпен бір сәт өксік қысқандай болған! Босап барып – тәубаға келдік, – иінімізді тіктеп, қатайып алдық. Ғұмырлары арпалыспен өтіпті, енді көрде тыныш жатуға тиіс. Себебі мың-сан қабат биікте, арсы-күрсімен бой таластыра самғап жүрген аруақ-рухтарымен қазағының болашағын, келешегін көрді. Күрестерінің жемісін кейінгілер көретінін ұққан соң, тәуба айтып, тыныштық тапты деп білем! Күнделікке оралсақ. Бірді айтып, бірге кеткеніміз емес, сол күнделіктің қысқаша мазмұны жоғарыдағы жолдар. Ерекше әсерлерді теріп отырып, түйіндеп шыққанымызды қарақты оқырман өзі де бағамдаса керек. Қойын дәптердегі жазбаларға қарағанда не көрсек те, көп жағдайда ұлттық мәселе тұрғысынан ой түйіппіз. Енді, кетер қарсаңнан сәл бұрынырақ, оңашада кеңінен отырып, еркін қалам сілтеген бір күнгі жазбамызбен жазбағымызды түйіндесек. Сөз соңы ...Тәңірінің өзі жол сілтер! ...Мен елім деп еңіреген Білге, Естемидей ерлердің мұқалмаған тұяғы... Қалта қағылуға тақау. Бос күніміз мәнді саяхатқа емес, қайнаған базардағы мәнсіз саудаға жұтылуда. Арттағы ел оқуға емес, базарын аралап қайт, сауда үйрен деп жібергендей-ақ. Жылтырағын жауһарға балап, аспандап тұрған бағасына қарамай тайыз қалтаның қатпарын жазып, түбін тырнап жатамыз. Шүкір, базарлық жағы ойдағы деңгейде. Бұл кәрістердің жаңа үлгідегі заманауи жосын киім үлгісі алыста жүргенде-ақ ынтықтырып еді. Қасына келгенде көзім тұнып кетсе керек. Аянбаппын. Аямаппын. Десе де, – қалтаның түбі көрінер межені ұмытқам – артығырақ сілтеңкіреп жібергем. Бұған да тәуба! Бұдан қаттырақ кетсем, жүген ұстап қалады екем. Жол қаражатыма қарайласпаса да, ақ жол тілеп, ақ пейілмен шығарып салған, жыраққа шыққан алғашқы сапарыма өзімдей қуанған арғы-бергі, алыс-жақын ағайын-туыс, дос-бауырға деген риясыз көңілімнің кішкене көрінісі – естелік ала баруға тиіс едім. Көңіл жықпастық қасиет – қазақы мінез. Базарлық қайда, қара басымды арқалап қайтуға аз қалыппын. Дер кезінде тоқтаппын. Тағы да алмақ озық үлгілі көрікті шүберекке қимасақ та, күрсіне қарап, естелік болуға жарарлық ірілі-ұсақты заттар сатылатын бөлімге қарай салғырт аяңдағам. Кәрістер елінен тартылар сыйлықтың өн бойынан аталмыш мемлекеттің болмысы көзге ұрып, иісі аңқып тұрса... Осы ерекшелікті ескеріп, бізде қат, әлде мүлдемге жуық кездеспейтін сувенирлерге тоқталып жатырмыз. Жай ғана жылтырақ емес, ұсақ болса да – мәні бар, қол жетімді бағадағы дүниелерге шеңгелді салып бақтық. Елге барғанда: – Маған не әкелдің? – деген көлденең көк аттының да меселі қайтпауға тиіс. Елге әкетер біз іздеген естелік заттар көп іздетпеді. Тіпті екі қадам аттамай-ақ мен мұндалаған. Қаптап тұр. Кәріс ұлтының ұлттық ерекшелігі, болмыс-бітімі бедерленген қаптаған дүние. Баланың бармақтай ойыншығында да әлгі бедер. Ауылға барғанда қайдан келгеніңді айтқызбай-ақ әйгілердей. Іздегенге – сұраған. Сатушы: «Шетелдіктерді алдап, қымбатқа саттым!» деп мәз, біздікілер: «Кәрістердің өзін бәленге отырғыздым!» деп ырза. Қасқыр да – тоқ, қой да – аман. Сауданың салты. Әркім өзіне дән риза. Тіпті соңғы күндері біздікілердің арасында іштей жарыс етек алған. Анау ананы алды, мен неге қалуым керек? Ұят қой. Ақшаны шақтап әкелгендері қалтасы қалыңдаулардан қарыз алып... Менікі тойған баланың ойыны. Өзімді қамтамасыз етіп болып (бастапқыда көзім тоймап еді, кейін келе тіпті артық па дедім), базарлық қамына кіріскем. Мен ғана емес, бәрі. Жаппай. Анаған анау, мынаған мынау, басекеңе бас сыйлық, Бейсекеңе бес сыйлық... Сатыр-сұтыр, шытыр-сытыр ұсақ –түйегін тізіп қойып, ұмыт қалғандарын саусақ бүгіп, саусақ жетпей жатса ұзағынан тізім жасап, күбір-күбір шұқшиысып, санап отырғаны. Еріксіз бас шайқайсың. Сүйініш пен ыза. Аузындағысын жырып, алдындағысын бөліп, астындағысын түсіп берер мәрттікке – сүйініш. Арзан сыйлығымен атаққа жетпек арам ой мен сасық мақтанға – ыза. Дос көңілін бір атым насыбайдан іздеген, аңғал да көңілшек, аңқылдақ мінезге – сүйініш. Сабақ жіптің өзін есеппен берер сарттық пен қайтарымы болмаса қар бермес қаттылық, төбесінде отырған төре мен жетектеп жүрген жерлесіне арнап соңғы тиынын салар жағымпаздыққа – ыза. Жиіркеніш. Жиып келгенде, мәрттік пен сарттық. Қалай бұрсаң да аралас жатыр. Қалай десең де бір қазақтың бойынан табылар қарама-қайшылық. Сарттық садаға кетсін, мәрттіктің жөні басқа. Мәрттік – ежелгі бабамнан күні кешеге дейін ұлтымның мінезіне айнымас серік болған ірі қасиет еді. Сарттық – арғы атам бар деп білмеген, бергі атам атын естігенде-ақ тіксінген, кейінгі баспақ-тана – пұл, елім деп еңіреген ер – құл болып, табаны тілік тексіз құл шошайып атқа мінген екі талай заманда ұсақтаған ұрпағыңның етегінен ұстаған жиренішті салт еді. Солай да, солай ел едік, жел аса алмас бел едік... Елің езгіге түсіп бор болды, белің еріңе көр болды. Елдігің сор болды, ерлігің қор болды. Алғашқы лепес – арғы дәуірдің өр сыпаты. Соңғы түйін – күні кешеден күні бүгінге дейінгі кер заманның сорақы көрінісі. Бүгінгі ұрпақ... Біз... Алты ай ата жаумен қаржысып, жеңіспен оралған, атадан ұл боп туған ерлікті ердің алты ай шапқанда арымаған арғымағын отқа жіберіп, алты күн бас көтермей ұйқыға басар әдеті болушы еді. Батырдың ұйқысы десетін жұрт. Оятпаңдар! – дейтін. Елін қорғаған ердің ұйқысы да ардақты. Аяқтарын ұшынан басып, еріндерінің қимылымен ұғысып жататын ұйқыдағы батырдың төңірегіндегілер. Батырдың ұйқысы – тыныштығыңның символы еді. Күн өткен сайын жау жарағын жарқыратып, жұртыңа тиісуді жиілетті. Батырдан маза кетті. Маза кеткені түк емес. Етектен тартқылаған жауға «Тәйт!» деп қойып, бетін қайтарып, қайта ұйқыға кетер заман озған екен. Бетін қайтару аз екен. Тұра алмастай белін сындыру керек екен. Қайран қазағым мінезіне басып, мәрттік танытыпты. Тентек баланы бетінен қақпай, тек деумен шектеліпті. Ақыры кешегі тентек неме азамат болдым деп, атасын сақалынан алыпты. Сақалы жұлынса да, ескі аруағы қайта қозған аталы ұл намысын жықпапты. Ақыра атып тұрыпты. Алыса жүріп арыпты. Ата жау есеп емес, аяғын жалап күн көрген есіктегі құл-құтан мен жарлы-жақыбайға жал бітіпті. Жау – жағадан, бөрі – етектен алған бір заман туыпты. Қаһарына мінген қарт батыр арғы-бергі, өлі-тірі аруақты түгел шақырып, аршындай ұмтылыпты. Арындай шауыпты. Алты ай шапса арымас арғымақтың күміс тағасы тебендей, құлаш жетпес мойыны қылдай болғанда; алты қабат арқар қайыстан тоқылған темірдей сауытты бір салғаннан қаққа бөлер, алты қарыс алдаспаннан жұқана қалғанда, қысқасы, ер арып – аруақ, ат арып – тулақ болғанда... Тәңірінің өзі көмекке келіпті. Жау қаруын тастап, бас сауғалай қашыпты. Ата жау алыста, атажұрт орнында. Ер мұраты орындалды деген – осы! Осы! Тек, бұл жолғы ұрыс қымбатқа түскен. Ұзаққа созылған. Тамыры қиылмаса да, сіңірі созылған батыр еліне оралған. Жеңіспен. Баяғы табанын жерге тигізбей киізге салып, көтеріп алар қылықты қыз-қырқын, аяулы жар – тегістей жауға қатын болған. Қайтарып алуға қауқар жоқ. Қызыңды қорлап, қатыныңды зорлап, сағын сындырып, қатын қылған ата жаудан кек алмай жер басып жүру – ездік. Тек, алты күн. Арғымақтың ері алынып, аузы көкке тиіп, аунап тұрар, ердің алаңсыз тынығар уақыты. Алты-ақ күн. Тек... Әттең, құшағы – жұмақ, демі – шәрбат, төсі – зәм-зәм сүйген жардың ақ некелі төсегі жоқ. Мұның ұйқысын күзетер баяғы тектілер тегістей харап болған. Бұта сағалап, тау тасалап жүріп тірі қалған, кеше ғана балағын жыртқан құл-құтан тынышын күзетпек түгілі, алты қырдан бөрі ұлыса бұтының арасына тығылады. Еңсені тіктеп, аруақ шақырып атқа міну үшін аз уақыт, алты-ақ күн тыныштық болса... Сосын, көрсетем, атаңа нәлет ит..! Оған дейін алты күн бар. Тыныштықты қайдан табам? Қайда барып барақат табам? Жауының бетін қайтарғанмен, өзі де әбден титықтаған, тоз-тоз болған мынау елдің еңсесін тіктеуге табар қайраның бар ма? Бүгінгі буын... Жағасы жыртылса да жауға жеңістік бермеген, арыса да аяққа тұрған, әйткенмен, басын жастыққа қойып, армансыз қорылға басарға қайран таба алмай, әрі-сәрі күйде тұрған екі талай заманда егеулі найза қолға алған қаһарман ұлың. Бүгінгі ұрпақ – баяғы батыр. Тек, ұйқысы қанбаған. Басы мең-зең. Елдікті ғана ойлап ауырар бас мең-зең. Тыным керек. Тынымсыз таным болмақ емес. Елім деп қана соғар жүрек әлсіреген. Тоқтауға тақау. Ұлы денені нәрмен сусындату үшін жүрекке тыным керек. Алты күн. Одан арғысы Тәңірдің нәсібі. Аунап-қунап бір тұрса... Кеткен есең, төгілген абыройың, шашылған қаның, айтылған зарың, таланған малың, тапталған арың мен қиылған, қиналған жаныңның төлемін кеше ғана төбеңде ойнаған озбыр жаудан желкелей көтеріп, сілки тұрып сұрайтын болады. Қайтарады кегіңді. Тек, тыныштық... Шатысқан бастағы бытысқан ойдың бір арнаға, қалыпты ретке түсуі үшін тек тыныштық... Жетіскен жау қашпайды. Бас сауғалай тұра қашқан қорқақ дұшпанның алты күнің не, алты ай, алты жылда өзіне келе алмасы анық. Ал, саған, маған, еліме, еріме – алты күн мұрсат. Жетеді. Еріңнің мазасын алма! Күзет ұйқысын! Аузына су тамыз! Маңдайынан өп! Мейір мен махаббат сыйла! Әлмисақтағы кеспірін тауып, ежелгі рухын оралту үшін сенің махаббатқа толы пәк құшағыңның жылуы керек. Ұмытпа осыны! Ару қыз, сұлу жар, асыл ана, салиқалы әже! Аяулы аға, жақын бауыр, асқар әке, аруақты ата! Бәрің! Ұрпағың үшін, ертеңің үшін, елің – қазағың үшін! Тыныштық сақта! Таста ауыл-үйдің пыш-пышы мен ағайынның дау-шарын! Ерлеріңнің, ұлдарыңның тұрма жолына! Ер ісі оң. Батаңмен алқа! Алақаныңмен аяла! Махаббатыңмен жылыт! Пейіліңмен есірке! Тобықтай түйін: ТЫНЫМ БЕР! Иә, бүгінгі ұрпақ – біздер. Уызға жарымай өскен жас өскін. Көбі. Түгелге жуығы. Алайда тексіз емес. Құм жиылып тас, құл жиылып бас болмас. Ғұндардан қалған ұрпақтың құлдардан мемлекет құруы мүмкін емес! Ұсақтаса да, қанында бағзыда дүрілдеп өткен ежелгі Көк Түріктің, Көк Бөрінің қанының тамшысы ғана емес, арналы ағыны бар. Тек ағыс бұзылған. Қалыпқа келер күн – алда! Тыныштық керек, қайталап айтам! Елім, ерім, жұртым тыныш болғай! Уа, Көк Түрік бабам! Я Көк Тәңірім! Я, Жаратушы Жалғыз Алла! Соңғы сөз Осымен тоқтасақ та болады. Десе де. Белгілі бір сапар туралы жазған соң ұрандатпай-ақ қойса да болады ғой – деген ой тууы мүмкін оқырманда. Жоқ. Жалаң ұран емес. Өз үйінде ою оймаған – кісі үйінде іс қылыпты-ның бізге қатысы жоқ. Қайда, не жазсақ та осы орайдан табылуға тиіспіз. Бізден бұрынғылар тар шеңберде жүріп-ақ кең ауқымды дүниелерді дүниеге келтіріпті. Астармен болса да айтарын айтыпты. Біздікі не, аузыңа қақпақ қояр ешкім жоқ. Ұрандатпас жөнің жоқ. Құдай көк қаламнан, ала қағаздан айырмаса алдағы ғұмыр ұлттық тұрғыдағы жазуға бағышталуға тиіс. Не жазсақ та қазақтың өлгенін тірілту, өшкенін жағу, елесін жандандыру жолында шеру тартпақ. Осыны ескерсек, біздікі жөн! Экономиканы реформалауды, қаржыны реттеуді жөн білетін іскер азаматтарға қалдырайық. Ал, ата-баба рухын тірілту, салтын, ғұрпын, бейнесін кейінгінің санасына құю, тарихын ұмыттырмау жолында үздіккен, тынышын кетірген, қайғыланған, ақыры ғұмырын түгескен ұлтшыл ата-ағаларымыздың ізін жалғау, солар жаққан сәулені өшірмеу – біздің міндет. Ұлы міндет. Атқармай өлу – кешірілмес күнә! Қалам ұстаған қай азаматқа да айтарымыз, артарымыз – осы. Осы! Алматы-Сеул-Алматы. Шаңырақ-2. Шілде-тамыз, 2011.

556 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы