• Қоғам
  • 21 Ақпан, 2012

Біз қыл көпірден аман өттік

Еліміздегі ең басты құндылық – тәуесіздік. Туелсіздік алғанымызға 20 жыл. Тарих үшін қас пен көздің арасындай уақыт болғанмен халқымыз үшін ғасырларға бергісіз, теңдесі жоқ, жетістіктерге толы жиырма жыл. Қазақстан бүгінде күш-қайраты бойына сымай тұрған жиырмадағы жігіт секілді. Оны келешекте кемелдену заманы күтіп тұр.

     «XXI ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін. Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұланғайыр жер берген, астын-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақкөңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат,ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін» деп жазды Елбасы.

    Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқына   берген сертінде тұрды.

    Қадым заманнан Қазақ хандарына дейінгі  әлденеше мың жыл аралықта ұлт болып қалыптасып, Сақ, Үйсін  патшалықтары, Түркі қағанаты, Қарахан, Қарлұқ, Түргеш, Ақорда, Қазақ хандығы сияқты мемлекеттеріміз  тарих көшінде із қалдырды. XVIII ғасырда  мәжбүрлікпен орыс патшасының   отарлық езгісіне түстік те отар елдің ойындағысы болмайтынын түсіндік. Бабалар «қара қазан сары баланың қамы үшін» қылыш көтеріп, азаттық аңсады. Тарих талай-талай көтерілістерді тіркеді. Халқымыздың қанына сіңген мемлекеттілік ХХ ғасырда Алаш қоғалысында қайта көрініс тапты. Кеңес құрамында алғаш Қазақ автономиясы ретінде құрылып, кейіннен одақтас елдер қатарына  кірдік. Асыра сілтеудің нәтижесінде  ашаршылыққа ұрындық,  сталиндік саяси сүргінде қалдық, босқыншылыққа ұшырадық. Ел басына зобалаң күн туды.

    Кеңестік идеологияның құрсауында келешекке жол тартып, ыстығына күйдік, суығына тоңдық. Ұлы Отан соғысында мыңдаған боздақ бабаларымыз шейіт болып, қасіретін ауылдағы ел мен кейінгі ұрпақ тартты. Қалай дегенмен де, өмірдің қуанышын да, қызығын да Кеңес халықтарымен бірге көрдік. Жүздеген ұлттан тұратын миллиондаған сол кездің адамдары өздерін бақытты сезінді. Коммунистік партия көсемдерін пір тұтып, келешек ұрпақ үшін таңғажайып өмір – коммунизм құрып жатқандарына қалтқысыз сенді. Бірақ, сөзіміз бен ісіміз үйлеспеді. Жалаң ұрандарға бой алдырдық. Бас билігіміз тоталитарлық жүйенің қолында болды.

   Қазақстан халқына  қалай өмір сүру керектігі  жоғарыдан, Мәскеуден шешілетін. Осындай шешімдердің біріне, 1986 жылы, желтоқсан айында Кеңес құрамындағы жүздеген ұлттардың ішінен ең бірінші болып, қазақ жастары ашық наразылық көрсетті. Наразылық Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығына орталықтан Г.В. Колбинді жіберген оқиғамен байланысты болды.  Сеңдей соғылысқан жұмысшылар мен студенттер Алматы қаласындағы Республика алаңына жиналды... Үкімет күш қолданды... Халқымыз ұлтшыл атанды...        

    Желтоқсан оқиғасы  жетпіс жыл сыздаған  жараның бетін тырнап ашқандай болды. Осыдан кейін одақтас  республикалардың  әр жерлерінде бас көтерулер болып, алып ел –  Кеңестер Одағында  саяси және экономикалық дағдарыс басталды.Жариялылық арқылы халық санасында серпіліс туғызып, Қайта құру арқылы нарықтық қатынастарды әкімшілік жүйемен ендіруге тырысқан  Кремль  басшыларының әрекеті сәтсіздікке ұшырап, дағдарыс күннен-күнге қарқын алды. Жариялылық тіпті болуға ықтимал оқиғаларды жеделдетіп жүзеге асырып жатты. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында Кеңес үкіметін құрсаулап алған құбылыстардың пайда болуы  жөнінде зерттеушілер әлі де бір нақты шешімдерге келе қойған жоқ. Дегенмен де   Кеңес үкіметі жоғары технологияны тек әскери салада  ғана пайдалануға  күш салды да өндіріске енгізе алмады. Себебі экономиканың жоғарыдан, жоспармен ғана шешілетін қолапайсыз жүйесі оған мүмкіндік бермеді.Өзара бәсекеге түсіп, нарық заңдылығымен өмір сүріп отырған әлемнің жетекші елдерінен тұрмыста біз әлдеқайда артта қалып қойдық. Өндіріс Кеңес халықтарының қажеттілігін өтей алмады. Күнделікті тұтынатын заттар бірте-бірте азайып, тауар бағасы қымбаттады. Сол кездегі Кремль басшылары өзгеріс қажет екендігін түсінгенімен оны қалай жүзеге асырудың байыбына бара алмады. Себебі кең байтақ кеңес елінің тағдырын шешетін саусақпен санарлық бюро мүшелерінің басым көпшілігі қаусаған қариялар еді. Олар жаңа заман талаптарын, әлем халықтары жаҺандану заманы арқылы, бірі-бірімен тығыз интеграциялар арқылы  болашаққа бет алғанын, оқшауланған кеңестік жүйенің тығырыққа тіреліп тұрғанын байқамады. Осы жағдайларды съездерде ашық сынға ала бастаған сол кездегі жігерлі жас қайраткер, өнідірістің өзінен келген, әлемдік экономикадан хабары мол Нұрсұлтан  Назарбаевтың ұсыныстарын  Кремль басшылары жүре тыңдады. Болып жатқан шиеленістердің барлығын әкімшілік жолмен реттей аламыз деп ойлады сол кездің басшылары.

     Үкімет жұмысшылар мен қызметкерлердің айлығын өсірді. Елде қаржы бар,  бірақ бағасы қымбаттаған тауардың өзі таптырмай кетті. Дүкен сөрелері бос қалды.  Жалаң идеядан тұратын, өмірде, іс жүзінде негізі жоқ жоспарға негізделген социалистік экономика тоқырауға ұшырап,  шегіне жетті де бұл ахуал әлемдегі ең алып державада  тұратын  халықтың наразылығын күшейтті. Бұл ахуал өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында әбден асқынып, 1990 жылы шегіне жетті.

    Кеңестер Одағының тағдырын шешкен тарихи оқиғалар 90 жылдың басынан-ақ басталып кетті. 1990 жылыдың 24 сәуірде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Республика Президенті лауазымын бекітіп, Президент болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Ел тізгінін Президент ретінде қолға алған Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне табиғат сыйлаған қабілеті арқасында Кремль басшылырының әлсіз жақтарын көре білді. Президенттік биліктің енгізілуі, билікте ақыл парасаты мол басшының отыруы  сол бір терең дағдарыс құрсауындағы қарбалас кезеңде еліміздің өз келешегін айқындап, дұрыс шешім қабылдай алғанын кейін  тарих  өзі дәлеледеп берді. Бұл кез халықтың эконоимкалық және әлеуметтік жағдайының төмендеуімен қоса ұлтаралық қақтығыстар мен қайшылықтырдың қайнап жатқан кезі еді.Әзірбайжан-Армян арасындағы таулы Қарабаққа Елбасының сол кезде бітімгер ретінде баруының өзі оның кеңестің кеңістіктің маңдай алды саясаткері екендігін дәлелдейді. Мәселен, сол кезде орталықта Назарбаевтан да лауазымды басшылар болды емес пе? Олар неге соғыс болып жатқан жерлерге барып, елді тыныштандыруға тәуекел жасай алмады? Бұл жерде мемлекет басшылырының әр қайсысының жеке қабілеті таразыға түскен шақ еді.

    Президенттік биліктің енуі Қазақстан мен  одақтық орталықпен арадағы қарым-қатынасын алыстатпаған күйде   күннен күнге еліміздің суверенитетін нығайта  берді. Бұл мемлекет басындағы тұлғаның саясаткерлік шеберлігіне байланысты құбылыс. 

   Этникалық қайшылықтар Қазақстанда болған жоқ. Алайда  әлем саясаткерлері Қазақстанды этникалық қайшылықтар ордасы деп санаған. Оған дәлел АҚШ Президенті Рональд Рейганның қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі З.Бзежинский Алматыға келген сапарында әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың студенттері және оқытушылары құрамымен кездесу үстінде: «Ұзақ жылдар бойы өздерінің дербес мемлекет құру тәжірибесінен айырылған Орталық Азия елдері ендігі кезекте этностық кикілжіңдердің мекеніне айналуы әбден мүмкін» деп  айтқан еді. Сондай-ақ Бзежинский бірқатар факторларды көлденең тарта отырып, осы жағдайдың Қазақстанда болу ықтималдығын дәлеледеген болатын. Бірақ Елбасы жергілікті ұлт өкілдерін ешқашан өзге ұлттардан асыра дәріптеген емес. Ол тізгінді тең ұстады. Елбасының бұл қылығына ренжіп, оның «орысшылдығы» туралы  кейбір күңкілдер де естіліп жатты. Елбасыға сол кезде ұлтаралық араздықты туғызбау Қазақстанның келешегін қамтамасыз етумен бірдей жауапкершілік еді. Екінші жағынан жергілікті ұлттың құдай берген  жақсы қасиеттері, ең бастысы төзімділік қасиетінің басымдылығының да маңызы зор екендігін өзге ұлттардың саясаткерлері айтып жүр.  Яғни, басты мәселе қазақтың кең пейілі мен қонақжайлығы, басқа да адамершілік қасиеттеріне байланысты болып отыр.

   Этникалық қайшылықтар, съездердегі дау-дамайларға, тартыстарға толы күндер аясында «алдымен экономика сонан соң саясат» деген қағиданы ұстанған Қазақстан Президентінің ықпалымен елімізде  шұғыл реформалар басталып та  кетті. Біз 90 жылы азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлар бағысын  мемлекеттік реттеуден бас тарттық. Өзін-өзі ақтай алмаған кәсіпорындарды бюджеттен қаржыландыруды тоқтатып, банкроттық жариялау тәжірибесі ене бастады. Сонымен қатар елімізде  нарық қатынастарын енгізудің заңнамалық жобалары жасала бастады. «Жекешелендіру туралы», «Еркін экономикалық аймақ туралы», «Банк және банк істері жөнінде», «Тұтынушылар кооперативі туралы»  және бірқатар заңдар қабылданды.

  Қазақстан  тәуелсіздіктің қарсаңында халықаралық қатынастарды реттеуде тізгінді өз қолына алды.1991 жылдың қыркүйек айында   Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барып қайтты да кейін оның шақыруымен Түркия Президенті Тұрғыт Озал елімізге келді. «Қазақ ССРі мен Түркия республикасы арасында көлік пен телекоммуникация саласындағы Келісімге», Қазақ ССР мен Түркия Республикасы үкіметтерінің арасында сауда, экономика, ғылыми-техникалық әріптестік туралы Келісімдерге»  қол қойылды.

   Шілде айында Нұрсұлтан Назарбаев қызметтік сапармен Қытай халық республикасында болып қайтты. Кеше ғана Кеңес үкіметі мен қытай бір-бірімен бітіспес жау көрінген еді. Елбасының бұл сапары Қазақстанның ертеңгі келешегі үшін аса маңызды болды. Себебі Одақ тарқап кеткен жағдайда, одақтас республикалардың арасында экономикалық қатынастар үзілген жағдайда белгілі  бір салаларға ғана бағытталып дамыған Қазақстан үшін Қытаймен тату көршілік қарым-қатынас орнатып, сауда-саттықты жолға қою аса тиімді болатын. Елбасының көрегенділікпен жасаған бұл әркектінің жемісін Қазақстан халық тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аса ауыр жағдайда қалған кездері сезінді.

    1990 жылдың шілде айында Президенттің АҚШ қа барған сапары да тәуелсіздігімізді нығайтып, экономикамызды өрге бастырудың кілтін тапқан жағдай болды. Елбасының АҚШ іскер топтарымен етене араласуы, елімізге инвеститция тарту, жоғары технология әкелудің бастамасы болды. Осы сапардың нәтижесінде «Шеврон» компаниясы алғашқылардың бірі болып елімізге инвеститиция алып келді.

   Қыркүйек айында Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын қабыл алған  нарық  әлеміндегі абыройлы адамдардың бірі, Сингапур елінің аға министрі Ли Куан келді. Сингапурдың даңқын әлемге шығарған тұлғаның нарық табалдырығын аттағалы тұрған елге келіп, ақыл кеңес беруі ұлы реформалар қарсаңындағы Қазақстан үшін аса маңызды еді. Сөйтіп  Елбасы Кремль басшылыры қолдамаған идеяларын өз елінің болашағы үшін  жүзеге асыра бастады.

   1990 жылдың 13 шілдесінде Орталық Партия комитетінің Пленумында Нұрсұлтан Назарбаев 90 пайыз ірі өндірісі Мәскеуге қарайтын, тек шикізат өндіруге құрылып, орталыққа алақан жайып дотацияда отырған Қазақстанның  экономикалық дағдарыстан шығуы мүмкін емес екенін ашып айтты. Республикаларға  сыртқы дүниемен экономикалық қарым-қатынастарға түсу үшін неғұрлым көбірек  еркіндік берілсе, соғұрлым  Кеңес елінің экономикалық дағдарыстан шығу мүмкіндігі басым болатынын  дәлеледеп шықты. Осындай бағытта жүргізілген саясат өз жемісін берді де. Келесі жылы бірқатар жетекші министрліктер мен бірқатар өндіріс ошақтары заңнамалық негізде Қазақстанға қайтарылатындығы жөнінде комюнике жасалды.

       1990 жылдың 25 қазанда «Қазақ ССР нің мемлекеттік суверенитеті туралы» Декларация қабылданды. Бұл игі шара Қазақстан Президенті мен Жоғары Кеңестің ықпалымен тәуелсіздікке бару жолындағы заңнамалық қадам, келешек мемлекеттің құқықтық жүйесін қалыптастыра отырып тәуелсіздік алу жолында дайындық кезең болды. Суверенитет жаңа  мемлекет құру жолында соны ізденістерге барып, сол кездегі билік құрылымдарын өзгертуді  талап етті. Осыған орай 20 қазанда «Қазақ ССР Мемлекеттік билік пен Басқару құрылымдарын жетілдіру туралы және Қазақ ССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Вице президент, Премьер-министр және мемлекеттік кеңесшілер және Министрлер кеңесінің орнына  Министрлер кабинеті, Президент жанынан Республика Кеңесі құрылды. Жергілікті Халық депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілді. Оларға нарық қатынастарын енгізу жауапкершілігі жүктелді.

   1991 жылы кең байтақ Кеңес елінде халық наразылығы  асқына келе,  орталық билікке  ашық қарсылыққа ұласты. Тоталитаризмнен демократияға өтуде  халықтың ашу мен ызасы  одақтың ортақ қазанын қайнатып жіберді. Советтер еліне алғашқы болып   сырт қараған  Прибалтика  республикалары өз бағыт-бағдарын батысқа бұрды. Қантөгісті басынан кешірген Грузия келешек одақ туралы  барлық келісімдерден үзілді-кесілді  бас тартты. Кеше ғана Кеңестік құндылықтарды асыра бағалаған ұлы мемлекет  шын  мәнінде  мүшкіл халге түсті. Себебі үкімет  Грузияда, Армян мен Әзірбайжан арасындағы таулы Карабахта  қантөгіс орын алып, халық жаппай қырылып жатқанда   өз азаматтарын қорғай алмады. Кеңес үкіметінің орнына келуге тиісті  Тәуелсіз  мемлекеттер одағы   келісіміне қол қойылуға жоспарланған  20 тамызға  бір күн қалғанда  бұрқ етіп, ГКЧП деген атпен тарихта қалған  мемлекеттік төңкеріс жасалды.  

     Төңкеріс тынышталған соң іле-шала Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы таратылды. Жалпы Кеңестік жүйеден азат болуға асыққан Ресей 1990 жылы 12 маусымда елден бұрын өз тәуелсіздігін жариялаған болатын. Бұл өзі, бейнелеп айтқанда, ұлы мұхитта батып бара жатқан алып кемеден аман қалу үшін жанұшыра қимылдап, теңізге жұрттан бұрын  қарғығандай әсер қалдырды. Осы кезде одақ басшыларының ішінде «кемедегінің жаны бір» екенін Нұрсұлтан Назарбаевтан артық түсінген ешкім болмады. Ол Кеңес Одағының бірте-бірте тарап бара жатқанын бүкіл болмысымен сезіне отырып, біртұтас кеңестік жүйе өндірісі тоқтаса,  халықтың қатты күйзеліске ұшырайтынын екі сөзінің бірінде айтып жүрді. Сондықтан да  Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық байланыстарды үзбейтін  жаңа одақтың негізі қаланбай тұрып тәуелсіздікті жариялауға елден бұрын ұмтылған жоқ. Қазақстанның  ең соңғы болып тәуелсіздік жариялауының  астары мен сыры осында болатын. Қазақстан шын мәнінде «асықпай жүріп, анық басты». Кремльдегі орталық пен республикалардың арасы күннен-күнге соншалықты жылдамдықпен алыстап бара жатқанда  Назарбаев ұстанған бағыт елдің ертеңін, халықтың қамын, Қазақстанның геосаяси жағдайын  ойлаған саяси стратегия болатын. Бір жағынан  Елбасы осы кезде  бұлтарысқа толы бұралаң жолға түскен мемлекет атты алып машинада жылдамдық пен тежегішті алма-кезек басып отырған жүргізушіге ұқсады.

    Тарихи оқиғаларға толы  1991 жылдың тамыз айы Қазақстан халқы өмірінде тағы бір тамаша жаңалық әкелді. Тамыздың 29 күні Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының № 409  бұйрығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Батыс елдерімен бәсекеге түсіп,  жоғары технологияны тек әскери өндіріске ғана  салған Кеңес елі «Тентек шоқпар жинайды» демекші жаппай қырып жоятын ядролық  атом қаруының сынағын қазақ жерінде, Семей өңірінде жүргізді.  Ғасырлар бойы төсіне тұлпар тұяғынан басқа ештеңе тиіп көрмеген қазақтың қасиетті жері қырық жыл бойы ядролық жарылыстар сынағынан зардап шекті.   Бұл өңірде  тұратын жарты миллионға жуық халықтың денсаулығы мен құқы туралы мәселе  Одақ басшыларының қәперіне де кірмеді. Сырт көзге шет-шегі жоқ дала болып көрінетін полигон аумағында жайылымда жүрген  мыңғыраған мал – үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, желмен жарысқан ақбөкендер есепсіз қырылып жатты. «Бұл шешім – Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі шешімге алғаш қол қойған сәті, әрі егемендік алып үлгермеген Қазақстанның Жоғары Кеңесі сайлаған Президенттің әлемдік деңгейдегі алғашқы ірі шешімі болатын» («Қала мен дала» газеті). Бұл туралы Елбасы 1996 жылы жарық көрген өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай деп еске алады: «Егер Қазақстанның ядролық қарусыз аймақ атануын сөз етсек, біз айтқанымызда тұрдық. Қазақстан дүние жүзінде ядролық сынақ алаңын жапқан бірден-бір мемлекет. Ядролық қару ұстау үшін орасан зор қаражатпен жоғары дәрежелі мамандар керек. Бізде оның екеуі де жоқ. Оны былай қойғанда ядролық  қаруға ие болу деген сөз, қай кезде қопарылып кетері белгісіз қатер ошағының үстінде отыру және басқа біреудің дәл соған қарай нысаналап қойған ядролық жебесінің сұғында отыру деген сөз. Сондықтан да кейбір адамдар өз жеріміздегі ядролық қаруды ешкімге бермейміз деп даурыға бастағанда, мен қарадай күйзеліп біттім.Ондай даңғойлар әбден уланып біткен Семей жерін көрмейді, қарадай қыршынынан қиылып, қарадай мүгедектікке ұшырап жатқан жазықсыз жандардың тауқыметін түсінбейді. Ашыққандарды алдап, арзан бедел жинауға құнығып алған ондайлар, біздің әлгіндей шешімімізге әлі күнге дау айтады. Қазақ жері бір кездегі қасіреттен енді арылып келеді. Сынақ алаңында 459 ядролық жарылыс болды. Оның 113-і әуеде жарылды. Олар енді ешқашан қайталанбақ емес».

  2 қазанда тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанды. Кеңес одағы өзінің ақтық сапарға аттанар алдында алқынып жатқан шағында, қым- қуыт, сапырылысқа толы кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев КСРО халық депутаттары съезінде  ашық түрде космосқа қазақ ұшу керектігі жөнінде ашық талап қойған болаты. Президенттің тікелей араласуы нәтижесінде көкке самғаған қазақ азаматы еліміздің мерейін үстем етіп, абыройын көтерді.       

 Осыдан бір жыл бұрын Қазақ ССР Жоғары Кеңесі 12 шақырылымының  бірінші сессиясында  Қазақ ССР тұңғыш Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев16 қарашада  «Сайлау туралы»  Заңға қол қойды. Сайлау 1 желтоқсан күні өтетін болып белгіленді. Жалпыхалықтық сайлау өткізу қажеттілігін  туындатқан мәселе жаңа мемлекет құруда Елбасыға Қазақстан халқының сенімі мен сүйеуі қажет болды. Екінші ертең Жоғары Кеңес таратылып орнына Парламент келгенде Президент билігінің заңдылығы күмән тудырғандай еді. Сайлау алдында кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаев республиканы аралап,  жүздеген кездесулер өткізіп, толып жатқан сұрақтар мен сұхбаттарға жауап беріп, мыңдаған адамдармен қол алысты. Сайлауға қатысқан Қазақстан халқының  98,78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Бұл кездейсоқ оқиға  емес болатын.

  Мәскеуде арнайы  Одақ басшыларына жүргізіліп отырған  сауалнама бойынша  жыл бойы Назарбаев пен Ельцин алма-кезек  біріншілікті алып, соңында Назарбаев «Жыл адамы» атанды. Яғни жалпыхалықтық сайлауда Қазақстан халқы  тек өзінің ғана емес бүкіл Кеңестер Одағының ең таңдаулы саясаткері және басшысы үшін дауыс берді. Осы жылдың 29 қарашасында Англияның бұрынғы Премьері, сол кездегі Ұлыбритания Консерваторлық партиясының лидері Маргарет Тэтчер: «Сейчас в мире насчитывается пять-шесть крупных и очен влиятельных политиков, среди которых находится и Н. Назарбаев» деген еді. Әлемдік ауқымдағы саясаткердің осыдан жиырма жыл бұрын берген бағасының әділ екенін, Назарбаевтың  Қазақстанды  осы халге жеткізгендігінен көрініп тұр емес пе?                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

    10 желтоқсан күні Республика сарайында  Президенттің Ант беру рәсімі өткізіліп жатты.   Сарайдың сахнасына құрылған шымылдық  ашылған кезде бергі жағында тұғырда тұрған Қазақстан туын сәл қозғалтып, сүйкеп өтті. Оны жиалған жұрт түгел байқап, «ойпыр-ай» десіп қалды. Келесі  кезекте, сахна жабыларда сырғып келе жатқан шымылдық  жолындағы туды қағып кетті. Президент шалт қимылмен құлап бара жатқан туды ұстап қалды. Сарай  лық толы халық сонда ғана «ух» деп демін бір алды. Шынында да  бұл көрініс  халықтың жүрегін «дір» еткізген оқиға болды. Сол сәтте жиналған жұрттың кез келгенінде  «Президентіміз әрдайым  осылай Қазақстан туын құлатпай ұстап алып жүрсін» деген іштей тілек болды. Халықтың бұл тілегі тарих өзі дәлелдегендей міне, жиырма жыл қабыл болып  келеді.

   Жаңа одақтың барлық келісімдерінде Горбачев бар күш- жігерін салып, Президент болып қалуға ұмтылды. Бірақ бұл кезде оған кеңес халқының сенімі сарқылып болған еді. 8 желтоқсанда  Ресей,Украина, Беларусь  словяндық үш мемлекеттің басшылары Борис Ельцин, Леонид Кравчук және Шушкеевичтер күтпеген жерден «Беловежье келісімін» жасап үш мемлекеттен тұратын  одақтық келісімге қол қойды.Егер әлі біржолата тарап үлгермеген кеңестік аумақта  «Словян одағы» құрылса,  «Азиялық республикалар конфедерациясын» құру қажеттілігін туындатты. Бірақ бұл мәселе  Кеңестер Одағы құрамындағы  түркі мен словян халықтарын, хрестиян мен мұсылман елдерін  аса ғаламат ауқымда  бір-біріне қарама-қарсы қойған болар еді. Сөйтіп, Ұлы державаны  «жаңарған одақ» күйінде, тіпті қандай да болмасын басқа бір формада сақтауға еш мүмкіндік қалмады. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заман келді.

     Елімізде ірі-ірі оқиғалар жылдамдықпен бірінен соң бірі болып жатты.10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы бұдан былай Қазақстан Республикасы деп өзгертілді. Араға үш күн салып, 13 желтоқсанда, Ашхабад қаласында  Кеңес Одағы құрамында болған  азиялық бес мемлекет Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, және Түрікменстан басшылары өзара кездесті.  Олар Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрамына  теңхұқықты республикалар ретінде  кіретіндіктері туралы Мәлімдеме жасады, сондай-ақ СССР құрамында болған барлық мемлекеттерді ТМД-ға құрылтайшы ретінде таныды.

    1990 жылдың 25 қарашасында Қазақстан өзінің суверенитеті жөнінде  Декларация қабылдаған болатын. Енді міне, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің жетінші сессиясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданды.  Заң туралы баяндаманы заңгер академик  Сұлтан Сартаев жасады. Ақ түйенің қарны жарылды. Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы күреске толы арманы, кейінгі ұрпаққа қалдырған қасиетті аманаты да осы тәуелсіздік еді. Айымыз оңынан туып, тәуелсіздік шаңырағын көтерудің сәті түсті. Қарамағындағы 15 одақтас елді «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстаған Кеңестер Одағына  XXI ғасырдың табалдырығын аттау бақыты бұйырмады. Қазақ халқы мен барлық қазақстандықтар үшін ел болып еңсе көтеруді тарих осы 1991 жылдың еншісіне жазыпты. Осы күні әлемнің төрт елі – Түркия, Румыния, Ресей, Қытай мемлекеттері Қазақстанның тәуелсіздігін таныды.

          Кеңестер Одағының ортақ қазаны  болып, республикалар арасында 70 жылдан аса уақыт бойы өзара жүргізілген экономикалық интеграцияны бір-екі жылда қылышпен шапқандай етіп үзіп тастау мүмкін емес еді. Республикалар арасындағы өзара қарым-қатынастың болашақ дәнекері Тәуелсіз мемлекеттер достастығының отырысы 21 желтоқсанда Алматы қаласында өтті. Оған  Балтық жағалауы елдері  мен Грузиядан басқа  он бір мемлекет басшылары қатысты. Бұл кездесуді ұйымдастырудың ұйтқысы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Жиналған республика басшылары  бірауыздан мақсаты мен прициптері анықталған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының құрамына кіретіндіктері туралы біріккен  Мәлімдеме  жасады. «Одақ» деген сөз алынып тасталды. Себебі өзге  республикалар «одақ» деген сөзден Кеңес үкіметі қайта тіріліп кететіндей қатты қорықты.  Бұл оқиға Қазақстан мен оның Президентінің  Кеңес Одағындағы елдердің бір-бірімен жаға жыртыспай, өркениетті түрде тарап кетуіне сіңірген ұшан теңіз еңбегенің жемісі болды. Кеңес үкіметінің  шапанынан шыққан мемлекеттер әлем алдында ортақ құрылым сақтап қалғанын паш етсе де, Ресейдің өзге республикаларды «аяққа тұсау» ретінде шекеден қараған пиғылынан ТМД өз мақсатын алғашқы жылдары толық жүзеге асыра алмады.

      Жетпіс жыл бойы қалыптасқан саяси ахуалды өзгертем деп «Жариялылық» науқанын жасап, экономиканы тығырықтан шығарам деп «Қайта құру» идеясын әкелген  қайраткер, реформатор,   КССРО  Президенті Михил Сергеевич Горбачев 25 желтоқсанда өзінің қызметтен кететінін мәлімдеді. Ол келмеске кеткен Ұлы державаның жұртында жалғыз бір өзі  қалды. Осы  жылдың жаз айларынан бастап-ақ оның   кең байтақ Кеңес үкіметінің саяси өмірінде  басы артық адам  екендігі анық байқалды.  Ресей Федерациясына Ельцин Президент болып алды. Жаңа одақ құрылмады. Қалай дегенмен де «Қайта құру» мен «Жариялылық» Кеңес халықтарының көзін ашты. Қылышынан қан тамған тотолитарлық жүйенің болмысы ашылды.  Кезінде  Сталин қалыптастырған бұл жүйеге халық  өз бағасын беріп, бұдан әрі бұлай өмір сүру мүмкін емес екенін түсінді. Горбачевтың пешенесіне жазылған тарихи міндет осы болды. 

   1991 жыл  тұйыққа тірелген Кеңес елінде тарихи оқиғаларға толы жыл болды.  Одақтас республикалар тәуелсіздік алуға қаншалықты асыққанымен бір-бірінен тәуелсіз өмір сүруге соншалықты дайын емес еді. Оларды бір орталыққа бағындырып ұстап тұруға  Ельцин мен Горбачевтың арасындағы  тақталас, бәсеке мүмкіндік бермеді. Нұрсұлтан Назарбаев саясаттан, ұлттық және ұлтаралық проблемалардан  экономиканы бөліп алып, дағдарыстан шығудың жолын  ұсынған болатын. Кремль басшылары бұл идеяны  дер кезінде түсінбеді.  Кеңес Одағы тараған алғашқы айларда-ақ экономика түбі жоқ тұңғиыққа қарай құлдырап кете барды. Кезінде  Одақ құрамындағы республикалардың барлығы  іс жүзінде тек экономикалық аймақ ретінде дамып,  олардың өз бетінше өмір сүруіне мүмкіндік бомастай,  бір-біріне өрмекшінің торындай шырмап тастаған еді. Сөйтіп, қатынас үзілді,  республикаларға өзара ағылып келіп жататын тауарлардың  жолы кесілді. Қазақстан  күнделікті қажетті заттарға карточка жүйесін енгізуге мәжбүр болды.   Елбасының саяси сауттылығы арқасында саяси, экономикалық дағдарыс,  ұшқын түссе от болып лаулап жанып кетуге дайын ұлтаралық қатынастар қыл көпірінен Қазақстан аман өтті.  Бұл қиындықтырдың барлығы қазақ халқының тәуелсіздік алған кездегі шексіз қунышы мен  қайта оянған  рухының  көлеңкесінде «көппен көрген ұлы той» ретінде өте шықты.  

      «Ең бастысы ел өмірін демократияландыру эволюциялық жолмен  жүзеге асырылуы шарт. Өте-мөте нәзік бұл істі революциялық жолмен қолдан жеделдетіп жіберуге әсте болмайды... Қазақ  та енді үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлылық көрсетуі керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

                                                                Ермек Жұматаев

                                                                Нұрлан Әбдібеков

                                                                Рәтбек Терлікбаев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

431 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы