• Шежіре
  • 07 Ақпан, 2012

«Хантаңба» тарихы

Хасен Қожа-Ахмет

Қият пен Нүкізден өрбіген рулар және олармен бірге жаңа жылсанауға дейінгі 4 ғасырда Орталық Азияда хунну (сиуңну) империясын құрған, 6-8 ғасырда Түрік қағанаттарын, 13-ғасырда  «Мәңгі ел» мемлекетін құрған шығыс түріктік ру-тайпалардың көпшілігі қазірде қазақ этносы болып өмір кешіп отыр. Сол себептен, егер шетелдік  зерттеушілер Шыңғысхан тақырыбына соғыс өнерінің, ғаламдастыру үлгісінің, т.с.с. феномендері ретінде  қызығушылық танытса, ал «Мәңгі ел» мемлекетінің қабырғасын қалаған шығыс түріктерінің бүгінгі ұрпақтары қазақ, татар, т.б. халықтар үшін бұл тақырып өз халқының төл тарихына үңілу болып табылады.

Л.Гумилев әлемдегі ең көп зерттеулер арналған тарих Шыңғыс хан туралы  екенін айтқан еді. Әйтсе де, бұрындары жазылған шежіре еңбектерде кейбір оқиғалар әртүрлі баяндалғандықтан бұл тарихтың жұмбақтары әлі де жетерлік. Кәсіби саналатын тарихшылар әдетте тек үкімет саясаты рұқсат еткен тақырып пен бағытта ғана жұмыс жүргізетіндіктен болар, Шыңғыс ханға қатысты тың деректер табу мәселесімен негізінен  тәуелсіз зерттеушілер айналысатынын байқаймыз. Мұндай зерттеушілердің көптеген тұшымды пікірлерін де оқып жүрміз. Сондай-ақ кей кез олардың өз тұжырымдарын терең дәлелдеместен, тек «айта салумен» жұртшылықты елең еткізуі басым түсіп, сынға ұшырағандарына да  куә болудамыз...

Кей мәселеге өткен заман шежірелерінен жауап таппай, ал қазіргі зерттеушілер жазуына күмән туған кездері көмекке келер құралымыз, ол – рулық таңбалар. Мысалы, Оғыз түріктерінің  жиырма екі тайпасының таңбасы Махмұт Қашқаридің «Диуани Лұғат ит-түрік» еңбегінде бейнеленсе, Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарихынан» 24 тайпаның таңбасын көреміз. Өкініштісі, Түркістаннан шығысқа кетіп, хунну, көктүрік, «мәңгі ел» аталған тайпалардың таңбалары жайында дерек мардымсыз. Өзге шығыс түріктері түгіл, олардың 13 ғасырдағы «Мәңгі ел» атты мемлекетінің  билеуші әулетіне айналған,  Шыңғыс хан шыққан Қият тайпасының да таңбасы мәселесі әлі де зерттеуді қажет етеді.

Көне шежірелерден Қият атауын екі заманда кездестіреміз: бірі 151 жылы қытайлармен соғысып, Еркін қонға қоныстап шыққан хуннулық Қият тайпасы, ал екіншісі –  Қабыл ханның алты ұлының да қияттар атануы. Бұл екеуінің таңбасында айырма бар ма? «Мәңгі ел» империясы ыдыраған соң қазақ, өзбек және т.б. этностарға қосылған қият руының таңбасы бұрынғы қияттармен  бірдей ме?

«Чингизнама дафтари» дерегіндегі Шыңғыс ханның бектер мен билерге үлестірді делінетін тайпалық таңбалар ішінен «Буданжарұғлы қият»  атын кездестіреміз. Мұнда оның таңбасы қазақта «ұйқыш» аталатын  (Гитлерлік Германияның «свастикасына» аса  ұқсас)  таңба. Ал И.Т.Андреевтің «Описание Средней Орды киргиз-кайсаков» кітабындағы суреттегі «Шыңғыс хан үлестірді» делінген таңбаларда да Қият руының таңбасы шеттері дөңгеленте қайырылған «свастика» бейнеленіп «Волость Қыят: тамга Ашамайлы» делінген.

Эренжен Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» кітабында Шыңғыс ханның тоғызыншы атасы Боданжардың қаршығамен аң аулап жан баққанын, сол себептен ол  әулеттің туында сұңқар бейнеленгенін жазған (69-бет). Ендеше, «Чингизнама дафтариде» көрсетілген Қият руының «свастика» таңбасы құсты символдық бейнелеуден пайда болған сияқты. (Бұл таңба қазіргі қазақтың Шекті руының «ұйқыш» таңбасына өте ұқсас болуына қарағанда, осы рудың бір атасы  Қабыл ханның ұлдарының бірінен тараған болса керек. Рашид ад-Дин «Жылнамасында» Дешті Қыпшақтағы қияттар  Қабыл ханның алты ұлының ұрпақтары екені жазылған).

«Моңғолдың құпия шежіресінде» қоңырат Дай шешен Йесугейге: «Йесүкей құда, мен осы түнде бір түс көріп едім. Ақсұңқар күн мен айды шеңгелдей ұстап  келіп, қолыма қонды... Сіздердің Қият елінің киесі келіп көрсеткені осы болса керек» дейді  (78-бет.). Осыған қарағанда сұңқар-свастика «Боданжардың таңбасы» мен  Қабыл хан ұлдарынан тараған қияттар (Йесугейдің) таңбасы бірдей болғанын және бұл таңбаны «Шыңғыс хан үлестірмей-ақ», 750 жылдарда өмір сүрген Боданжар кезінен барын  байқаймыз.

Алан сұлудың  күйеуі өлгеннен кейін туылған үш ұлдың отшыкенжесі Боданжар да Нирун (нұрдан жаралған)  делінгендіктен, одан тараған ұрпақ «қият» деп аталмауға тиіс еді. Тек Боданжардың алтыншы ұрпағы Қабыл ханның алты ұлы қайтадан қият атанған. Бірақ олар қият атын жаңғыртқандарымен, таңбалары көне Қияттікі емес, «нұрдан жаралған» Боданжардың  сұңқар-ұйқыш таңбасы болғанын  Дай шешен сөзінен байқадық.

Қазіргі зерттеушілер  қазақ, т.б. түрік халықтары құрамындағы қияттардың таңбасын  «ұйқыш» емес, «қол таңба» деп көрсетіп отыр. Мысалы, А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабындағы кестеде қазіргі қияттың таңбасы «қол таңба» делініп, Қаңлыға жатқызылған шанышқылы, балық, күрпік, қатаған руларының, Қыпшақтың  ұзын деген атасының таңбаларымен бірдей етіп көрсетілген.

Ал Шыңғыс хан «Мәңгі ел» атты Шығыс-Түрік қағанатын құрғаннан соң өзіне  Боданжардың «сұңқар-ұйқышынан» да,   атасы Қабыл ханның алты ұлынан тараған қазіргі қияттардың «қол таңбасынан» да ерекше – «Тарақ» пішіндегі таңбаны алды. Бұл таңба Шыңғыс ханнан тараған «Алтын ұрық» аталатын (қазақ ішінде «төре» делінген) ұрпақтың, оның ішінде Жошыдан басталатын күллі Алтын Орда, қазақ хандарының таңбасы болғаны белгілі.

Өз руының ежелгі таңбасын алмастыру, бөтен рулық таңбаны себепсіз иемдену – көшпелі халықтың дәстүрінде жоқ нәрсе. Әйтсе де, Шыңғыс хан неліктен бабасы Боданжардың таңбасын, болмаса өз әкесі Есугейдің руы «жаңа» қияттың таңбасын емес,  «тарақ» таңбаны алды деген бағытта бұрын-соңды зерттеулер жүргізілмегені байқалады. Бірақ соңғы кездері бұл мәселе басқа қырынан сөз етіліп  жүр. Ол – қазақтың үш жүзінің «ноқта ағалары» Жалайыр, Тарақты, Табын руларының таңбасы неліктен «моңғол» Шыңғыс ханның (төрелердің)  таңбасымен бірдей деген пікірлер.

Белгілі тарихшы-ғалым Т.Омарбеков «Қазақты құрған тарақ таңбалы байырғы Түркі тайпаларына көзқарас» атты мақаласында: «Рудың атына және рулық таңбаға келер болсақ, Тарақты руының аты, бір қызығы, оның рулық таңбасына сай келеді. Тарихымыздан белгілі тарақ таңбасы қазақ төрелерінің, яғни Шыңғысханнан тараған ұрпақ – хан-сұлтандардың меншікті таңбасы болып табылады. Солай бола тұрса да қазақты құраған басқа тайпалардың да кейбірі осы тарақ таңбасына ие болған. Олардың арасында алдымен ауызға алынатыны – Жалайыр тайпасы. Содан соң Тарақтының өзін, Тарақты-табын және Төлеңгіт тәрізді тайпаларды айтамыз. Осыған байланысты зерттеушілерді мынадай мәселе ойландырады: біріншіден, неліктен аталған тайпалардың рулық таңбалары Төре тұқымының таңбаларына сәйкес келеді. Екіншіден, осы тарақ таңбалы түркі тайпаларының өздерінің тарихында өзара қандай жақындық бар? Олар қазақтың әртүрлі жүздік құрылымдарына шашырап кеткеніне қарамастан неліктен ортақ таңбаны, яғни Тарақты пайдаланады?  Бұл сұраққа жауап беру оңай емес», – дейді. («Шәмші» журналы, 2009 ж., №11).

Ә.Марғұлан Тарақты мен Жалайырды бір ұлыстан болуы керек деп есептеген («Жұлдыз». 1984, №1). Ал М.Ысқақбай «Шыңғыс ханның нәсілі моңғол ма, түрік пе?» деген мақаласында: «Таңбаларды зерттеуші ғалымдар таңбасы ұқсас тайпаларды туыстас немесе кезінде бір бірлестікте болған жақын тайпалар ретінде қарастырады. Демек, жалайыр, тарақты, төре арасында белгілі бір дәрежеде ілік-шатыстық бар екені ақиқат. Әйтпесе, оларға  жеке-жеке иеленер таңба табылмай қалмаған жоқ шығар» –дейді («Қазақ әдебиеті» газеті 27.08.2010 ж.).

***

Кейбір зерттеушілер рулар туыстығын таңба арқылы емес, шежірелер баяны ішінен табуға әрекет жасаған. Мысалы Т.Әбенайұлы «Шыныңа көш, тарих! Шыңғысхан кім?» кітабында Шыңғысты жалайыр руынан дейді. Дәлел ретінде Қайду мен жалайырлар арасындағы дауды жалайыр билері шешкенін келтіреді. Алайда мұсылман елдері  шежірелеріндегі осы оқиға «Құпия шежіреде» де, «Алтын топшыда» да жоқ. Н.Бичуриннің «Қытайда Юань атымен патшалық құрған Шыңғыс үйінің тарихы» және  Қытайдың «Ган-му» тарихына сүйеніп жазған «История первых четырех ханов из дома Чингисова» шығармасында да ешқандай жалайыр билерінің кеңесі туралы айтылмайды, тек: «Хайду, вступив в правление, пошел с войском на Ялайр и покорил его», делінген.

Т.Әбенайұлы осы кітабының  68-бетінде: «Ұлы қаған Шыңғыс «тайжігіт» (тайшығұт)  ұруынан тарайды» десе, 69-бетте: «Алтын шежіре»  Жамұқаны Жалайыр  руынан шыққан деп нақтылы кесіп айтқан. Бұдан, Шыңғыс ханның да Жалайыр руынан шыққаны белгілі болады» дейді. Бірақ шежірелерде Шыңғыс хан – Қайдудың бірінші ұлы Байсұңқардан, ал Тайшыуыт руы Қайдудың екінші ұлы Шарақай-лин худан тарайтыны жазылған.

Жамұқа жайына келсек, ол Боданшар екі қабат күйінде алған руы ұранқай әйелден туған Жажыратайдың ұрпағы. Жажыратай өгей бала болғандықтан одан тараған руды Жатжаран (жат халық) атаған. «Анда» болуларының өзі Шыңғыс хан мен Жамұқаның туыс еместігін білдіреді. Өз қандас туысымен қайтадан «қан араластырып» анда болу – дәстүрде жоқ нәрсе.

Т.Әбенайұлы Марко Полоның кітабынан: «Ордада он мыңнан аса қардай меңсіз ақ боз бие бар. Олардың сүтінен «қымыз» дейтін сусын жасалады.  Оны Шыңғысхан ұрқы, одан қалса Жалайыр руының адамдары ғана ішуге рұқсат етілген» деген мысал келтіреді. Бірақ, шын мәнінде, Марко Полода «гориот» деп жазған. Оны аудармашы «ойрат» деп түсіндірген. Егер шығыстағы түрік руларының көпшілігі Түркістанға оралып (Жошы, Шағатай ұлыстарына кетіп), Құбылай қарамағында негізінен ойраттар қалып, үлкен күшке айналғанын ескерсек, қымыздың туысқандарға емес, күштінің көңілін табу мақсатымен берілгені түсінікті болар еді. Көп ұзамай ойраттардың Шыңғыс хан әулетін  биліктен тайдыруы – осы, «қымыз мәселесінің» себебін ашқандай.

Бірақ ұлы қағанның жалайырлығына осы кітаптағы дәлелдер көңіл сендірердей болмағанымен, өзге деректер де баршылық.  Шоқан Уәлихановтың өз аулына қайтпай,  Алтын емелде тұрақтап қалуы  Тезек төреге байланысты емес, Қазақ елінде ондай төрелер көп. Мұның сыры – бұл өлке тарақ таңбалы рулардың ішіндегі шашырамай, тығыз қоныстанған қалың Жалайыр ортасы болуында сияқты. Қазіргі тарихшылардың бір тобы  Жалайыр руы тарихын  Х ғасырдан бастаса, енді бір қатары ҮІІІ ғасырдағы Ұйғыр қағанатының билеуші әулеті болған Яғлакарлармен Жалайырды бір ру санайды.

Ал 1483 жылы «Мәңгі ел» мемлекеттігін қайтадан қалпына келтірген Даян ханның кенже ұлының лақаб аты Жалайыр болыпты. Ол туралы  «Алтын тобшыда» (327 б.): «Жалайыр тайшидің  ұрпағы  жеті қошуын Қалқаның нояндары болды» делінген. Бұған қарап оларды көне жалайырлармен шатастыруға болмайды. Осындай себептерден Жалайыр тайпасының тарихы әлі де терең зерттеуді қажет қылады.

***

Ал Тарақтының төреге қатысы туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» еңбегінде: «Естіген құлақтың жазығы жоқ»: Арғын апасы қыз күнінде оң жақта отырып, бір төремен айқасып қалып, еркек бала тауып: «Бұл қалай?» – деушіге дәнеме дей алмай, шашын тарай берген екен. Сонан баланың аты «Тарақты» қойылып: «Төре жоқта Тарақты төре болуға жарайды» – деген де сөз бар» деп жазған (332-бет). ). Бұл жерде: «Төреден туғандықтан сол еркек балаға тарақ таңба берілген екен»  делінсе, ғылыми тұрғыдан дәлелді болар еді. Ал дәлелдің  қыз қолындағы тарақ деңгейінде болуы  бұл деректің ел ішінде айтылып жүрген  қарапайым әңгіме екенін аңғартады.

Ал З.Сәдібековтің «Қазақ шежіресінде» (Ташкент, 1994., 104-бет) Дайырқожаның (Ақжол) баласы Қарақожадан  Иман, Иманнан  Тарақты туған деп таратылады. Осы себептен көп шежірелерде Тарақтыны Арғынға жатқызады. Бірақ, Арғынның таңбасы мүлде басқа – «көз таңба». Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шежіресінде»: «Орта жүз арғын ішінде тарақты деген ел бар, оның нәсілі кім екенін ешкім анықтап білмейді. Қазақ ішінде «тарақты арғынның ноқта ағасы деген сөз бар, соған қарағанда тарақ таңбалы болып арғыннан бөлінген бір топ болса керек» дейді (39-бет).  Десек те, ноғайлы ішіндегі Арғындардың таңбасы  «тарақ» екен!..

Ал Табынның «ноқта ағалығы» мәселесіне келсек, Т.Әбдіұлының «Кіші жүз – Жетіру Табын аталығының шежіресі» кітабында Табын ішіндегі тарақ таңбалы атаның  Орта жүзден барған Тарақты Тоғым батырдың ұрпақтары екені айтылған. Осы рудың батыры Жоламан Тіленшіұлының Кенесарыны үнемі қолдап, ақыр-соңында бірге қаза болуы да туыстығынан болар.

«Алаш» тарихи зерттеу орталығы» шығарған «Арғын» шежіресінің 3-томында «Біздің ойымызша, қазақтың хан-сұлтандары жергілікті билермен ақылдаса келе, Тарақтының құрамына енген кейбір руларды Табынға қосқан деп ойлаймыз. Табынға қосылған бұл рулар өздерінің Тарақты тайпасының құрамындағы таңбаларын сақтап қалып, Тарақты-табын атанды. Кезінде тарихтың бетбұрыстарында Тарақты-табынның құрамына енген кейбір аталар Таманың құрамына ауысып, тұрақсыз өмір кешкен тәрізді. Сондықтан да шежірешілер Кіші жүзде «ноқта аға» кім? деген сауалға жауап бергенде кейде Тама мен Табынды шатастырып отырады» делінген (576-бет).

Жоғарыдағыдай, Мәшһүр-Жүсіп шежіресіндегіге ұқсас әңгіме Албан ішіндегі Қыстық атасына  қатысты да айтылады: «Айттың  Қарашаш атты қызы бойжеткен кезде бір төренің Есқожа деген баласына айттырылып, дәстүр бойынша төре бала ұрын келеді. Содан, Қарашаштың ұзатылар мерзімі белгіленіп, ел-жұрт қамданып отырғанда төре бала қайтыс болды деген хабар жетеді.Төре жігіттен жүкті болған Қарашаш айы-күні жетіп бір ұл табады. Балаға «Жиенқұл» деп ат қойып, оны Қарашаштың ағалары бауырына салып өсіреді. Алайда өсе келе оны «Қыстық» деп атап кетеді. Қыстықтан Ақназар мен Тоқназар туады. Олардың ұрпақтарын «Аққыстық» және «Қарақыстық» деп атайтын дәстүр қалыптасқан» (А.Сейдімбек, «Қазақтың ауызша тарихы», 478-бет). Бірақ Тарақтыға берілген тарақ таңба, төреден туған Қыстыққа неліктен берілмей, ол Албан таңбасымен қалған?» деген сұрақ туады.

Аталған «Арғын» шежіресінде Тарақты руы туралы: «Тарақтылар жоңғар шапқыншылығынан қатты күйзелді. Олар төре тұқымдарымен бірге әртүрлі жортуылдарға қатысып, төрелер жасақтаған жоңғарға қарсы қалың қолдың алғы сапында болуға мәжбүр болды. Нәтижесінде, осындай зобалаңда Тарақтылар Қазақстан мен Орта Азия территориясына шашырап кетті.» (600- бет), «Төреге ілескен – ер-тоқымын арқалайды» деген халық мақалының жаны бар. Тарақ таңбалы тайпалар Шыңғыс хан тұқымына ілесіп, жаугершілік заманда шынында да ыдырап кетті. Мұны Тарақтының 18-19 ғ.ғ. шашырай қоныстануынан-ақ байқаймыз» делінген (603-бет).

Бірақ мұндай жағдайға неге Тарақты ғана ұшырап, өзге тарақ таңбалылар (мысалы, жалайыр) белгілі бір территорияда тығыз қоныстанып сақталып отыр? Сондай-ақ  «Төре жоқта Тарақты төре орнына жарайды» деп, неліктен мұны өзге тарақ таңбалыларға емес, тек Тарақтыға қаратып айтқан?» деген сұрақтар туады.

Осы кітаптың 607-бетінде де: «Қазақтың хан-сұлтандарының ұрпақтарына адал қызмет жасаған және елдігіміз үшін күресте әрқашан да алғы саптан табылуға билеушілердің «тарақ» таңбасы мәжбүрлеген бұл тайпаның тарихының өзіндік ерекшеліктері аз емес» делінген.

***

Әйтсе де, осы айтылғандардан «Тарақ таңбаны Шыңғыс хан кімнен, қандай себептен алған?» деген бастапқы сауалымызға жауап таба алмаймыз.  Ендеше: «Осынау таңба 13 ғасырға дейін болды ма, оны бұрындары кімдер пайдаланған?» деген тұрғыдан Тарақ таңбаның өзінің тарихын анықтап көрелік.

«Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты шежіресі» жинағын құрастырушы Я.Амандықов  1867-68-жылдардағы Ресей реформасы төрелердің күшін жойғаннан соң, олардың өздері қазақ ішінде қазақ бола бастады да, түрік тектес елдердің арасында айдарынан жел ескен беделі бар Жалайыр мен Тарақтының таңбасына ұқсатып өздеріне имек тарақ таңбаны қабылдаған, ол таңбалар тарихына кеше ғана 1925 жылы М.Тынышбаевтың шежіресінен қосылған деген пікір айтады  (134-бет).

Сондай-ақ  «Осы таңбамен  аттас Тарақты руы – түпнұсқаның (шаңырақтың) иесі де, ал өзгелері одан тарағанда таңбаны сәл өзгертіп алған» деген де пікір естиміз. Егер түпкі таңба іргелі руда сақталып қалып, ал одан енші алып шығатын кіші рулар сол таңбаны негіз ете отырып, оған сәл ғана қосымша белгі жасайтынын тарих мысалдары  көрсеткенін ескерер болсақ,  бұл таңбаның түпнұсқасы да, аты да  Тарақты руында екені  шындық.

Орыс ғалымы П.Небольсин өзінің «Очерки Волжского низовья» кітабында (Санкт-Петербург, 1852 ж.): «Тарақ» таңбасы тек «ақсүйектерге» ғана берілетін болғандықтан, яғни, ноғай бекзаттары иемденгендіктен, оны «хантаңба» деп те атайды.  Кез келген ру өздігінен белгілі бір таңбаны себепсіз иемдене салуы мүмкін емес» – деп жазған. Бұл деректен «тарақ» таңбаның 1868 жылғы реформаға дейін де «ақсүйектер» таңбасы  болғанын аңғарамыз.

М.Қарамендина «Тарақ таңба – билік рәмізі» аталатын мақаласында  Түрік қағанаты (жаңа жыл санаудың 6-8 ғасырлар) кезіндегі ел басқарушылардың таңбасы – тарақ болғандығын, тарақ таңбалы рулар қазақ ішінде бар екенін айтады («Қазақ тарихы» журналы, 2007 ж., № 6).

Ю.А.Зуев «Ранние тюрки: очерки истории и идеологии» кітабында  тарақ таңбасының үш басты айдаһарды бейнелейтін Түрік қағанатындағы  қағандардың нағашы жағы фракциясының таңбасы болғанын айтады. Ал С.Г.Кляшторный  осы  Үшбасты айдахар таңбаны  Түрік қағанатының аса ықпалды Ашиде тайпасының тараққа ұқсас таңбасымен салыстырады және: «Весьма вероятно, что первоначально ашина и ашидэ вместе составляли дуальную эндогамную систему» дейді.

Жетісуда 700 жылдардағы Түргеш қағандарының шығарған теңгелерінде де тарақ таңба болған екен. Бұл туралы Ю.Зуев: «Тамга тухсских (түргеш билеушілерінің руы. –Х.Қ-А) монет тождественная тамге эдизов 8 века и сходная с тамгой тюрков-аштаков, обнаруживает прямую параллель в тамговых изображениях трех и четырехглавого дракона Аждахака на монетах юэчжи-кушанских царей» дейді (156-бет), «үш тармақты» таңбаның Құшанның  алғашқы патшасында болғанын жазған Ақышев еңбегіне де сілтеме жасап.

С.Әжіғали «Архитектура кочевников» атты еңбегінде (Алматы, 2002 ж.): «Тарақты-табын таңбасындағы ортаңғы кесіндінің жоғарғы жағындағы сызықшаның қосылуына байланысты бірнеше нұсқа бар. Бұл таңба Еуразия көшпенділерінің, соның ішінде массагеттерден бері қазақ хандарына дейінгілер және т.б әулеттердің таңбасына өте ұқсас» – дейді (464-бет).

Бір таңғаларлық нәрсе – 862 жылдан бастап Киев Русін билеген «түрік емес» Рюрик әулетінің таңбасының да тарақ болуы. Бұл таңбаны осы өңірге ж.ж.с. дейінгі 15 ғасырда Орталық Тұраннан массагеттермен сыйыспай, көшіп Қара теңіздің солтүстігіне келіп «скиф» атанған сақтар әкелуі мүмкін. Әлде осы таңба бұл өлкенің  6-8 ғасырларда Түрік қағанаты құрамында болған кезінен  қалған болар?! Түріктердің билеушілері әулетінің «тарақ» таңбасын алуы Рюриктер әулетінің де, кейбір зерттеушілер жазып жүргеніндей, түріктермен ілік-шатысы болғанын байқатса керек. (1991 жылы Украина КСРО-дан тәуелсіздігін алысымен байырғы Киев Русі кезіндегі «Тарақ»  таңбасын «елтаңба» ретінде  қайта қабылдады).

Осынау және басқа  да деректер Тарақ пішінді таңбаның  әр замандарда мыңдаған жылдар бойына байтақ Тұранның (Түркістанның)  әр тарапындағы ел билеушілерінің таңбасы болғанын дәлелдейді. Ендеше: «Тарақ таңба  бұрын-соңды билеушілердің рәмізі болғандықтан ғана Шыңғыс хан осы таңбаны «Мәңгі ел» империясын құрған соң өз әулеті үшін ала салған ба, әлде оның арғы тегінен мұраға берілді ме?» деген сұраққа қайта ораламыз.

Боданжардың да, Қабылхан ұлдарынан тараған «жаңа» қияттар таңбасы «тарақ» емес. Ендеше хуннулық «көне» Қияттың рулық  таңбасының қандай болғанын зерттеп көрейік. Әбілғазы «Түрік шежіресінде» Қиян мен Нүкіздің Еркін қонға қоныстанғанынан кейінгі жағдай туралы: «Көп жыл өткен соң әр жамағат бір ру атын көтерді...Қият аты ел ішінде аталмады, жоқ болды» дейді  (49 б.). Сонымен қатар:  «Қиян нәсілінен бір кісі бар еді. Оның үш ұлы болды» деп, біріншісі  Жорлықтан Қоңырат, екіншісі Қабай-шереден Олқонұт, кенжесі Тасбұдайдың екінші ұлы Қоңқұлұттың  Мирани деген жалғыз ұлынан Қорлас туғанын айтады (40-41-б.). Шығыс түріктері дәстүрінде шаңырақ иесі болып «отшыкенже» қалатындықтан «көне» Қияттың таңбасын Қораластан іздеген жөн. Әбілғазы да Еркін қонда елді билеушілер үнемі  Қияттан тараған Қоралас руынан  болғанын  айтады.  Ал Қоралас-қият таңбасы туралы дерек мүлде жоқ. Бірақ Қораластың туысы Қоңырат руы бүгінде  бар емес пе. Оның таңбасы «босаға» аталатыны да белгілі.  Әдетте туыс рулардың таңбалары ұқсас болатынын ескеріп, Қоңыраттың  П – босаға таңбасы ортасына бір таяқша қоссақ... Шыңғыс ханның тарақ таңбасы шығады. Ендеше, «тарақ» – хуннулық «көне» Қияттың таңбасы болған.  Есугей балаларының «нұрдан жаралдық» дей тұра, арғы бабалары Бөрте-бөрі атымен Қият-Бөрітегін атануы, Боданжардың сұңқар-ұйқыш таңбасын алмай, көне Қияттың «тарақ» таңбасын алуы, ал құрған мемлекетін түріктің ежелгі арманы болған «Мәңгі ел» деп атауы – Шыңғыс ханның елді біріктіру жолында жұртқа бұрыннан таныс тарихын еске салар сөз, рәміздерді қолдана білгенін көрсетеді.

Шын мәнісінде, «тарақ» сөзінің мағынасы әдеттегіден әлдеқайда ауқымды. Бұл сөз жан-жаққа тарау, ұлғаю, етек жайып өніп-өсу дегенді білдіреді. Бұл «қиян-құйған» сөзінің құйылу, қүйлену деген мағынасына  жақын.

Ал, енді, «тарақ» таңбалылардың туыстығы мәселесіне келейік. Алан сұлу оқиғасынан бастап «мәңгіелдіктер» басшылығы «нұрдан жаралған» (Нирун) жаңа әулетке көшкені белгілі.   Сол себептен Қоралас-қияттың «тарақ» таңбасы  Алан сұлудың Добын Баяннан туған Белгітай және Бөкентай атты екі  ұлында қалуға тиіс. Менімше, қазақ ішіндегі тарақ таңбалы рулар Тарақты мен Жалайыр осы – «хуннулық» көне Қияттың қарашаңырағына  (таңбасына) ие болып қалған екі ұлдан өрбісе керек. Рашид ад-Дин «Жамиғ ат-тауарихта»: «Некоторые их относят к племени нирун, потому что матерью их была Алан-Гоа, а некоторые же – к племени дарлекин, по той причине, что племя нирун полагают безусловно происходящим от тех трех сыновей, которые появились на свет от Алан-Гоа  после кончины ее мужа» деп (1т.2 к. 11-бет), осы екі ұлдан тараған ру туралы «Монгольское племя, которое в настоящее время называют утагу-богол, в эпоху Чингиз хана обобщили с этим племенем» дейді (15-бет).

Міне, осы себептен де Шыңғыс ханнан тараған Қазақ хандары көне Қияттың қарашаңырағын ұстап қалған  Добұн Баянның екі ұлының «тарақ» таңбалы ұрпақтарын кейіннен қазақтың үш жүзіне: Жалайырды– Ұлы жүзге, Тарақтыны – Орта (Орда) жүзге, ал Тарақты Тоғым батыр қосылған соң Табын руын – Кіші жүзге «Ноқта ағасы»  етіп қойған болса керек.

Шындығына келсек, «Тарақты» кісі аты емес, таңба аты. Ендеше «Тарақты» деп кез келген тарақ таңбалы адамға, руға  (ол мейлі төре, жалайыр, т.б. болсын)  «лақаб»  қоюға болады. Сондықтан болар –  Мәшһүр Жүсіп Тарақтыны төреден таратса, ал Жалайыр шежірешілері (Сарқытбек Шора, т.б.) Тарақтыны Жалайырдың Бірманақ бұтағынан таратып, «нағашысына сіңген өз туысымыз» дегенді айтады. Ж.Бейсенбайұлының «Қазақ шежіресіндегі» (А., 1994. 120-бет) сызбада керсінше:  Үйсін Майқыдан Үйсіл, одан Сақал, одан Тарақ, одан Жалайыр тараған деп көрсетілген...

Қазақ руларының таңбалары тарихы зерттелуі қиын мәселе екенін ғалымдар жазып келеді. Осы мақалада бірқатар деректер бойынша ойтолғау жасаудағы байқағанымыз – барша деректер «тарақ» таңбаның  ықылым замандардан Тұран-Түркістан билеушілерінің рәмізі болғандығын көрсетеді екен.  Ендеше, «Тарақ таңба Тарақтынікі ме, Жалайырдікі ме, Төренікі ме деп бөле-жармай, «осы таңбаны ғасырлар бойына сақтап келген рулардың арғы түбі бір отбасы, бір әулеттен болар» деуші зерттеушілер пікіріне тоқтасақ – бұл елдік бірлігімізге тек пайдалы ғана болмақ.

1448 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы