• Айтарым бар...
  • 25 Шілде, 2014

Қайда қарап жүрміз, қаламгерлер-ау?...

Қазір қандай өнер саласында болмасын, «жаңа тақырып жоқтың қасы...» сынды пікірлер көбейіп кеткені рас. Мен бұнымен толық келіспеймін. Біздің бүгінгі күнделікті өмірімізде үлкен орын алып жатса да, тиісті дәрежесінде не бұқаралық ақпарат құралдарында, не шығармашылық өрісте көрініс таппай жатқан тақырып баршылық. Солардың бірін мен өзіміздің «Шабыт» шаңырағында оқып жүрген болашақ драматургтер мен режиссерларға ұсынбақпын. 
 
Шамамен 15 жыл бұрын «электроника кезеңі» деп атауға келетін ғасыр да емес, тұтастай бір мыңжылдық, бүтін бір дәуір басталған-тұғын. Бүгінгі «Нетбук» сынды ықшам компьютерден бастап, ең жаңа планшетке дейін қаншама ақпараттық-техникалық жаңалықтар бізді өз саналуандығымен жылдан жылға қуантып келуде. Тіпті, кеше  ғана таңсық болған «интернет» деген ұғым бүгінде «микротолқынды пеш» немесе «теледидар» сияқты үйреншікті заттардың бірі болып кетті. Қазіргі таңда, осындай өмір сүру формасының көбінесе жағымды жақтарын атайды. Ол, ең алдымен, жылдамдық пен ыңғайлылылық. Алайда, бұл жерде біз ойлағаннан немесе ойлағымыз келгеннен әлдеқайда терең әрі нәзік мәселенің екінші тұсы да бар. Кез-келген құрал (әсіресе бүгінгі жаһандану аясындағы қуатты ақпараттық-электронды жүйе) өткір пышақ іспеттес. Оны сақ пайдаланбаса қауіп туғызуы мүмкін.
Менің айтқым келгені, өнерде болсын, баспада болсын әділетсіз түрде назардан тыс қалып жатқан бір тарихи ақиқат бар. Ол 90-шы жылдардың бірінші жартысында Қазақстанда туылған ұрпақтың (жаһандық үрдіске ілескен елдер арасындағы) «электронды емес» дәуірді көріп үлгерген «соңғы буын» екендігі. Неліктен осы маңызды жайт өнер саласында оригинал шығармалар мен тың идеялар ретінде көрініс таппай жатыр? Сюжеттердің көбісі таза мелодрамалық немесе «батыстық» үлгідегі экшн сарынына еліктеу бағытында болып тұр. 
Құрдастарым еске түсірсе, біздің балалық шақ әлдеқайда табиғи және баяндырақ еді. Осыдан 15-20 жыл бұрынғы есік алды ине шаншар жері жоқ автотұрақтан гөрі саялы баққа немесе балабақша алаңқайына көбірек ұқсас болатын. Ол кездің жастары қазіргідегідей ғаламтордағы дайын өнімді ойланбастан көшіре салмай, қажетті ақпаратты сөредегі оқулықтардан зейін сала іздеуші еді. Ал рухани азықты 100-ден астам «коммерциялық» арнасы бар теледидардан емес, көбінесе ата-анасы сақтаған көркем әдебиеттен іздеуші еді. Жалқылыққа және «қанішерлікке» баулыған виртуалды ойындардың орнына таза ауадағы салауатты ойындар мен үстелде ойнайтын интеллектуалды ойындар пайдалы да қызықты еді. Әрі ұжымда қарым-қатынас жасауға және достыққа тәрбиелеуші еді. Уақыт-сағатымен ғана бағдарламалар көрсететін бар-жоғы 5 арнада бір күнде бір рет кеңестік болса да, «мейірімді» мультфильм көрсетуші еді. Ешқандай «ұсқынсыз әрі ақымақ теңіз өсімдіктерін» кейіпкер етіп алған шетелдің 24 сағаттық арналары әлі жоқ болатын. Бос уақытта және мерекелерде ата-әжеге, туыстарға және барлық көршілерге қонаққа немесе солармен бірге қыдыруға бару сияқты жақсы «дәстүрлер» болатын. Міне, осындай «виртуалды емес» өмір болған кезең, сол кезде болған адамдар неліктен бүгінгі өнерден тақырып ретінде әлі толық табылмай жатыр?.. 
Ең бастысы, ол кезде адамның (әсіресе, жастар мен балалардың) жеке уақыты мен кеңістігі, жеке назары мен қызығушылығы өзінің ғана «меншігі» іспеттес болатын. Ал қазір сол «меншіктің» көп бөлігін электрондық-ақпараттық техникалық құралдар: ұялы телефондар, интернет, әлеуметтік желілер, спутниктік телеарналар, айфондар және т.б. «ұрлауда». Және бұл мәселе күшеюде. Демек, біздің замандас адамның бейнесі 15 немесе 20 жыл бұрынғы адам бейнесінен гөрі ой-сана, психикалық (тіпті физикалық) және ақпараттық иммунитет жағынан әлдеқайда әлсіз және қорғансыз болып көрінетіні түсінікті. Осының барлығы болашақ әдеби, драматургиялық, театр немесе кино сюжеттер үшін аса құнарлы өріс.
 Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: әзірше бұл мәселені шеше алмасақ та, уақытты артқа жылжыта алмасақ та, ретін тауып осы шындықтарды негізге ала отырып, тақырып ете отырып, өнер туындыларын неге жасамасқа!? Және неғұрлым қызықты, нақты және ерекше жағынан неге осы ойды жеткізбеске!? Тілшілер айтар... ұмытылар. Саясаткерлер айтар... ұмытылар. Өнер адамдары айтар... мәңгі бақи ел есінде қалар.
 
Батырбек ҮРІСТЕМБЕКОВ

426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы