• Cұхбаттар
  • 25 Шілде, 2014

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ЕКЕУ

Суретші  әкелі – балалы Әбілқасым Сәрсенбаев және Айжан Сәрсенбаевамен сыр – сұхбат
Айжан: Тұңғышбай ағамен бірге киноға түстім
 - Сәлеметсіз бе, Айжан өзіңіз өмірге келген, кіндік қаныңыз тамған, шаңымен жарысып жүгірген, жусан иісі аңқыған туған жеріңіз жайлы баяндасаңыз?
- Мен Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылында туылдым. Үйдің тұңғышымын.Атам – Сәрсенбай, әжем – Бибіайшаның тәрбиесін бойыма сіңірдім. Бала кезімнен өнерге құштар болып өстім. Би билеп, ән шырқағанды жаным сүйетін. Менің қылығыма сүйсінген әжем : «Осы қызым жұлдызы биік өнерпаз болады, әлі алдына есік қағып кіресіңдер!» - деп, үлкен үміт артып отыратын. 
Мен үшін ауылымның орны бөлек және оны балалық шағымның аспаны дер едім.Ауылға жазғы демалыста барып тұрамын, Алматыға келген соң ауылдан алған әсерімді қыл қаламның көмегімен қағаз бетіне түсіремін. 
- Бала кезіңізде бейнелеу өнеріне деген қызығушылық болды ма?
- Анамның айтуынша мен үш жасымда үйде ешкім жоқтығын пайдаланып, әкемнің салып бітіріп қойған портретіне майлы бояуды жағып, ойыма келген суретті салыппын. Бұл «кереметті» көрген әкем не істерін білмей: «Мынау не?! Суреттің бетіне шимайлап не жасағансың? Бұл портретті кешке иесіне беруім тиіс еді, енді не деймін?!» - деп ашуланса керек. «Сен салған суретті бұл қыз да салағаны да. Менің Айжаным, сенен артық сурет салмаса кем салмайды. О, несі – ей! Баланың меселін қайтарып! Кетер кезіңде салған суретіңді қол жетпес жерге қойып кетпейсің бе, ықтияттап», - деген әжем мені бауырына басып араша түседі. Өсе келе мен қолымнан қаламымды тастамай табиғат тылсымдарын бейнелеп жүрдім.
- Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген сөздің жаны бары екен ғой онда...
- Әжемнің аузы дуалы екендігі араға біраз жылдар салып ақиқатқа айналды. 2002 жылы Алматы көркем-сурет колледжіне оқуға түстім.Қасиетті өнер табалдырығында оқығанда бойымдағы актриса боламын деген балалық арманым қатар жүрді.Үш жылда колледждің алғашқы сатысын бітірдім. Басқа мамандықты таңдап баруыма ерік болды.
  Алдымда өнердің екі тармақ жолы тұрды, біреуі – қиялымда жүрген арманым актриса болу, екіншісі – суретші болу.Мен суретші болуды таңдадым. Алматы көркем-сурет колледжінде киім- дизайн мамандығы бойынша білім алдым. 2007 жылы өте жақсы деген бағамен бітірдім. 2006 - 2012 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына сәндік өнер және дизайн мамандығы бойынша білім алдым.
- Алғашқы көрмелеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз?
 - Колледжде оқып жүріп Алматы қаласының көрме орталығында «Көктем» атты көрмеге «Тау шыңдары», «Айзаттың портреті» сынды шығармашылық еңбектеріммен қатыстым.Ол еңбектерім колледждің шығарған каталогына енді. «Өнерпаз болсаң арқалан», - деп Абай айтқандай, академия қабырғасында оқып жүріп, еңбектен қол үзбедім. 2009 жылы Қызылорда облысы, Шиелі кентінің мәдениет орталығында  «Туған жер тылсымы» атты көрме жасап, туып- өскен елдегі халқымның батасын алдым.Келген көрермендер алғыс тілектерін білдірді.Бұл туралы аудандық «Өскен өңір» газетінде көлемді мақала жарияланды, облыстық телеарнадан көрсетілді. Бұл елімнің маған деген құрмет-қошеметі еді. Халықтың шын  ыстық ықыласы мені суретші болуға шабыттандыра түсті.2010 жылы ҚР Тұңғыш президенті қорында өткен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының оқытушылары мен студенттерінің «Нәурізек» атты шығармашылық көрмесіне қатыстым. «Аңшылар», «Ботагөз», «Барыс жылы» атты еңбектерім суреттерімен катологқа енді. 2010 жылы 11-қыркүйекте ашылған Алматы орталық көрме ғимаратында «Алтын күн» атты көрмеге қатысып, жүлделі бірінші орынға ие болдым.2010 жылы 17-25 қарашада Алматы орталық көрме ғимаратында  «Айжан Сәрсенбаеваның жеке шығармашылық көрмесі» деген атпен үлкен көрмем ашылды. 
Ең әсерлісі, 2011 жылдың 1-15 мамыр аралығында Түркия Республикасының Стамбул қаласындағы Мимар Синан атындағы өнер университетінің Топханэ-и-Амира көрме орталығына  «Тәуелсіздік тынысы» атты бірнеше шығармашылық еңбектерімді алып бардым.2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстан» атты көрмеміз өтті. 2013 жылы Париж қаласында «Ұлтқа қызмет» атты жеке шығармашылық көрмемізді өткіздік.
-Бала кездегі арманыңыз орындалды ма?
-Менің ой-қанатымда бірге ұштасқан өнердің бір саласы актриса болам деген арманымда сәтімен орындалып келеді.2012 жылы көрсетілген «Жалаңтөс Баhадүр» деректі фильмінде мен Айтолының ролін сомдап, атақты актер Тұңғышбай Жаманқұловпен бірге киноға түстім. Сонымен бірге, «Бала – бауыр ет», т.б. қысқа метражды фильмдерге түсіп,бағымды сынадым.Оны да өнердің бір қызықты да қиын сәттеріне бағалаймын.
Ә.Сәрсенбаев: Ауылымның табиғаты Шоқай бейнесімен тұтасып кеткендей 
-Аға,сөздің төркінін «Сыр-Алаштың анасы», киелі мекен, талай жыр сүлейлері мен ақын,жазушылар туып өскен, сіздің де шығармашылығыңызға арқау болған туған өлкеден бастасақ?
- Ия, дұрыс айтасың Сыр елі өзі өнерге болсын, батырлыққа болсын, ізгілікке болсын барлық жағынан бай ғой... « Сыр елі – жыр елі» -деп бекер айтпайды.Өзім Сыр елінде туып өстім. Мектептегі жылдарым Жаңатұрмыс ауылдындағы сегіз жылдық мектепте, одан әрі №149 «Қызылту» мектебінде өтті.Бала кезімнен бейнелеу өнеріне деген құмарлық пайда болды. Әлі есімде, оқушы кезімде үлкен үзіліс уақытында қолыма қалам мен сурет дәптерімді алып, табиғаттың суретін салатынмын. Аспандағы бұлттың қара қоюланып, ерекше бір өзгерістер жасағаны маған қатты әсер ететін. Содан соң шығармашылығымның бастауы болған – ауыл көріністері десем қателеспесім анық.
 
 
-Сөзіңіздің жаны бар, десекте бойыңыздағы осы бір талантыңызды шыңдамаққа, арман қуып Алматыға келдіңіз ғой?
- 10-сыныпты бітірген соң Алматыда Н.В.Гоголь атындағы көркем сурет училищесіне түстім.Аталған білім ордасын тәмамдаған соң, Т.Жүргенов атындағы  Қазақ Ұлттық Өнер академиясында білім алып шықтым.Осы оқу орындарын бітірген соң елге оралдым.
-Аға,осы елге келген кезіңіздегі атқарған маңызды қызметтеріңіз туралы баяндап берсеңіз?
- Туған жерге келген соң Шиелі ауданының білім бөлімінің меңгерушісі Жағыппар Зермұхамбетовке Аудандық көркем сурет мектебін ашу туралы ұсыныс жасадым. Ол кісі бірден ұсынысымды қабыл алды. Және де Жағыппар ағамыз, көптеген мекемелер қолдау білдіріп мектепке керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Сонымен біз жұмысты «Біссміллә» деп бастап кеттік. Көркем сурет мектебінің аяқ алысы жаман болмады. Араға 2-3 жыл салып көркем сурет мектебінің бөлімшелері ауылдарда жұмыс жасай бастады.Атап айтсам Жаңатұрмыс, Жеміс-жидек,Алғабас, Жақаев т.б. ауылдары еді.Сөйтіп жас балаларды сурет салуға, өнерге бейімдедік.  Оның ішінде тек сурет салу сабағы ғана болған жоқ сонымен қатар қарындашпен сурет салу, кескіндеме, майлы бояуды қолдану арқылы сурет салу, мүсін, композиция сияқты сабақтар өтті.10 шақты жылдың ішінде тобымыздағы оқушылар саны жүзден асты және осы жылдар ішінде мен көркем сурет мектебін басқардым. Өзі елде жүрсең берекелі болады деген сөз рас екен.Содан соң бұйрық болып, отбасыммен Алматы қаласына қоныс аудардым. 
-Аға, Алматыға қоныс аударғандағы мақсатыңыз қандай болды?
 -Әуелі Алматыға келген соң өзім білім алған Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқытушы болып орналастым. Одан кейін аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі,декан қызметтерін атқардым. Қазіргі таңда академияның профессорымын. Сауалыңның жауабын берер болсам, елден кетіп алып шаhар Алматыға келгендегі мақсатым өзімді үлкен өнер ордасында көрсету болды. Елде өзіңмен өзің еңбектенесің, ал мұнда сол еңбекті көпшіліктің назарына ұсынып, өнеріңмен тәнті етуің керек яғни мойындатуың керек деген мақсатпен келген едім.
- Ия, аға сіз өзіңізді таныстыра білдіңіз деп ойлаймын.Және суретшіні таныстыратын ол – көрме екені белгілі. Қай кезден бастап көрме өткізе бастадыңыз?
-Ия, дұрыс айтасың, суретші үшін көрме өте маңызды орын алады. Алматыға келген соң 2 жылдан кейін яғни 1998 жылы Орталық көрме залында менің жеке шығармашылық көрмем өтті. Бұл көрмеде ауылдың тұлғалары,ауылдың тыныс-тіршілігі, тамылжыған табиғаты, тамыз айында жиналатын дәнді-дақыл көріністері сияқты барлығы ауылдың тіршілігін сипаттайтын 70-тей сурет қойылды. Бұл көрме туралы өнертанушылар оң баға беріп,  газет-журнал, телевидениеден көрсетіп жатты. Одан кейін де бірнеше рет Ә.Қастеев атындағы көрме залында  көрме өткіздім.  
2005 жылы Алматы қаласы Ә.Қастеев атындағы музейде жеке шығармашылық көрмем өтті.                               
2009 жылы шілде айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының мәдениет  орталығында «Шиелі ауданының 80жылдығына» орай қызым Айжан екеуміз «Туған жер тылсымы » атты көрме жасап, туып-өскен елдегі халықтың батасын алдық.Бұл Айжан қызымның алғашқы әрі тұсау кесер көрмесі болатын.Көрменің тұсауы кесіліп, аяғы концертке ұласты.
2011 жылы Ыстамбулда Топхане – и- Амире көрме залында  Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Мұстафа Шоқай» атты жеке шығармашылық жұмыстарымыз көрсетілді.
2012 жылы Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстан және Алаш Орда қайраткерлері» атты жеке шығармашылық көрмеміз өтті.
2013жылы Алматыда Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Айжан екеуміздің  «Туған ел тұлғалары» атты жеке шығармашылық көрмеміз өтті.
2013 жылы Париж қаласында «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» (үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын) және  «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» (бес тілде: қазақ, орыс, түрік,француз, ағылшын) атты альбом-кітаптардың тұсау кесері мен жеке шығармашылық көрме өткізілді.
-Осылардың ішінде ерекше әсер қалдырғаны Париж бен Түрік еліндегі көрмелер сияқты. Осы көрмелерге кеңінен жеке-жеке тоқталып өтсеңіз?
- 2008 жылы басталған «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедицияның мүшесі ретінде тарихи тұлға басып өткен ізбен жүріп, бірталай мемлекетті шарладық. Мұстафа Шоқайдың туған жері Наршоқыдан бастап, Ташкент, Ферғана, Қоқан, Санкт-Петербор, Тбилиси, Баку, Ыстамбул, Берлин, Парижде болып үлкен әсермен оралдық. Осы экспедициядан соң Түрік елінде көрме өткізуге мүмкіндік туды.
Ыстамбулда Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты қазақтың қайраткер тұлғасы Мұстафа Шоқайға арналған көрме өтті.Көрме Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Ыстамбул Қаласының Мимар Синан атындағы Көркем Өнер университетеінің қолдауымен Топхане – и- Амире көрме залында өтті.Көрмеде қызым Айжан екеуміздің картиналарымыз көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге Мимар Синан атындағы университеттің ректоры Ялчын Карагыз, тарихшы «Мұстафа Шоқай» атты кітаптың авторы Әбуақап Қара және күллі ұстаздар қауымы, сонымен қатар Ыстамбулда оқып жүрген студенттер келіп тамашалады. Еуропалық туристер картинамызға қызығушылық танытып, суретке түсіріп алып жатты.
      Көрмеден тыс уақытта Айжан екеуміз Мимар Синан университетінің сурет, кескіндеме, мүсін тағы басқа шеберханаларымен таныстық. Сурет, дизайн өнеріндегі екі жақтың айырмашылықтарын саралап көрдік. Мимар Синан атындағы университет студенттері кейбір дәріс беретін кең шеберханада үлкенді-кішілі, барлығы жағалай отырып, бірге жұмыс істейді екен. Жоғарғы курс студенттері мен төменгі курс студенттері араласып оқи береді. Өздерінің айтуларына қарағанда, бұл олар үшін өте пайдалы көрінеді. Шеберханалары өте биік, 5 метрге жуық.Үстіңгі бөліктеріне жасалған сөрелерге сабақ біткеннен кейін оқушылар өз бояу, қыл-қалам сияқты керек-жарақтары мен суреттерін қойып жүре береді екен.
      Ыстамбулдың табиғаты, зәулім мешіттері мен мұражайлары ерекше әсерге бөлейді екен. Ең алғашқы барған жеріміз әйгілі сәулетші Мимар Синан салған Сұлтанахмет пен Аясофия мешіттері болды. Сонымен қатар «Долмабахче », «Топкапы» сарайларын көрдік. «Топкапы Сарайында» Пайғамбарлардың заттары сақталған, оны көрудің өзі де бір ғанибет! Мұса (ғ.с.) Пайғамбардың асатаяғы, қателеспесем Жүсіп  (ғ.с.) Пайғамбардың сарығы, Пайғамбарымыз Мұхаммед  (с.ғ.с) сақалы, тісі, сахабалар мен Әлидің Қылыштарын көріп, көңіліміз көтеріліп қалды.
Сонымен қатар көрме аясында халықаралық конференция өтті. Онда Мимар Синан университетінің профессоры Әбуақап Қара «Түрік әлемінің 20 жылдық процесі және Қазақстанның рөлі» атты тақырыпта баяндама жасады. Конференциядан соң бір топ ғалымдар көрмемізді тамашалап, өз ғибратты ойларымен бөлісті.
Мен көрмеге Мұстафа Шоқайдың бірнеше картиналары мен гобелен өнерінің бірнеше туындаларын алып бардым. Халықтың ықыласы шексіз болды. Түркия менің шығармашылығыма үлкен серпін берді. 
Париж қаласында менің «Ұлт тұлғасы - Мұстафа» және «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» атты альбом – кітаптарымның тұсаукесері өтті.
Қазақтың біртуар мемлекет қайраткері әрі саяси тұлғасы Мұстафа Шоқай Франция астанасы – Париж қаласының Ножан ауданын 18 жыл мекендеген. Аталмыш тұсаукесерді Париж қаласының осы Ножан ауданының әкімшілігі мен Мұстафа Шоқай француз – қазақ достық қоғамының президенті Яшар Дініш ұйымдастырды.
     Тек қазақ халқы үшін емес, күллі Орталық Азияның, атап айтқанда Түркістан халықтарының саяси тәуелсіздігі үшін көзі жұмылғанша күресіп өткен Мұстафа Шоқай Францияны екінші отаны деп санаған. Оның Париж қаласына деген махаббаты ерекше болыпты. Француздар да қазақтың ұлы перзентінің тарихи тұлғасын соңғы жылдары тани түсуде. Шоқайдың 120 жылдығына орай  Париждің өзінде 18 жыл мекендеген Ножан ауданы аумағында Мұстафа Шоқайға арналған саябақ ашылғанын және ұлық тұлғаның мүсіні сомдалған ескерткіш қойылғанын айта кетелік.
    Аталған қос кітаптың тұсаукесері арналған басқосуға Қазақстанның Париждегі елшісінің орынбасары Жан Ғалиев, Париждің Ножан ауданы әкімінің мәдениет жөнінде жауапты орынбасары Терезе Томе ханым, Түркиядан келген белгілі ғалым, Ыстамбулдағы Мимар Синан өнер университетінің профессоры, Шоқайтанушы Әбуақап Қара, Қазақстан Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері, белгілі Абайтанушы, француз жазушысы Альберт Фишлер, Бронислав Геремек атындағы Еуропаның мәдени тарихын зерттеу институтының директоры, профессор Дидиер Франкфорт, Славян халықтарының тілдері мен әдебиеттерін зерттеу институтының директоры Антуан Нивиера, Страсберг университетінің профессоры Стефан дө Тапя және Париждегі қазақ  диаспорасының өкілдері қатысты. Олардың Шоқай тұлғасына әр қырынан үңілгені, жылы сөзбен өз бағаларын бергендері – тарихи тұлғаға деген терең құрметтері әрі қазақ-француз мәдени байланысын жаңа қырынан арттырғаны анық.
Мұстафаның сүйікті жары Мария Шоқай жатқан бейіт басына барып, зират басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп жатқанымызда, толастамай жаңбыр жауып тұрды.  Бұл маған Мария Шоқайдың елге деген сағыныштан арылмаған ыстық көз жасы, аспанды торлаған қара бұлт көңілінің мұңы секілді сезілді. Біздің ішкі дүниемізбен ұштасқан, қыс кезіндегі Париж табиғатының тосын мінезі ерекше еді. Бұл да ағылып-төгіліп тұнып тұрған дайын сурет. Акварельмен тездетіп бірнеше суретті салып тастауға болады, бояуды алып қағаз бетіне жақсаң болды, өзінен-өзі ойлаған ойың келе беретін секілді.
 «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедиция кезінде салған суреттер мен сапар барысындағы ой-толғамдарым жинақталған «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» деген альбом-кітап үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілінде шықса,таяуда шыққан«Мұстафа Шоқай суретші көзімен» кітабы бес тілде: қазақ, орыс, ағылшын, түрік, француз тілдерінде басылып шығып отыр. Соңғы аталған кітап үш үлкен тақырыпқа бөлінген. Бірінші бөлімде Шоқай жүрген ізбенен жүріп Мұстафаның туған жері Наршоқыдан бастап, Ташкент, Ферғана, Қоқан, Санкт-Петербор, Тбилиси, Баку, Стамбул. Берлин, Париж сапарларын көркем тілмен қысқаша  әсерлі етіп баяндап отырдым. Әр тақырыпқа сай фотосуреттер, құжаттар берілген. Екінші бөлімді Мұстафа Шоқай ізімен салынған суреттер қамтиды. Яғни суретші ретінде барған-тұрған жерлерімізде әр туындының дүниеге қалай келгенін, қандай нәрсе тосыннан әсер етіп, шабытыма шабыт қосқанын баяндаймын. Шоқай бұл бөлімде әр қырынан, түрлі әдіс-тәсілдермен, жаңаша көзқараспен бейнеленген. Үшінші бөлімде Мұстафа Шоқай туып-өскен Сыр бойының көріністері орын алған. Өзімде де сол Сыр өңірінің түлегі, Шиелінің тумасы болғандықтан, елімнің, жерімнің, ауылымның табиғаты өзінен-өзі Шоқай бейнесімен бірігіп, тұтасып кеткендей.
Парижге альбом-кітаптың 200 данасын апардық. Оған қоса Париж тақырыбында салынған 30 картина апарып, Айжан екеуміз сол жерде көрме өткіздік. Ножан ауданының мұражайы кітаптарымыздың бір-бір данасы мен картиналарымыздың біразын өздеріне қалап алды. Кейінгі ұрпақ Мұстафа атасын Парижге іздеп барғандай болса, мұның бәрі алдынан шығады деген ойдамыз. Сондай-ақ альбом-кітаптарды Францияның ұлттық және парламенттік кітапханаларына, тағы да басқа жерлерге сыйға тарттық. Ыстық ықыластан алған әсеріміз өте керемет.
     - Аға, жоғарыда «Мұстафа Шоқай жолымен» атты экспедиция құрамында болып біраз елді шарладық дедіңіз.Ерекше кездесулерден алған әсеріңіз туралы айтып беріңізші?
     - Таңертең ерте, Батумиден шығып, Тбилисиге оралдық. Тау беткейіндегі Ортачала ауданындағы Эдуард Шеварнадзенің үйіне келдік. Қақ бөлменің ішінде әлемге танымал саясаткер  Эдуард Шеварнадзе біздерді жылы қабылдады. Қазақ халқы мен елдің амандығын білді, Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясаткер екенін атап өтті. «Мұстафа Шоқай» жолымен атты жобасымен танысты. Саналы ғұмырын мемлекеттік  қызметке арнаған Эдуард Шеварнадзе ұлт мәселесі жөнінде, тәуелсіздік төңірегінде көптеген маңызды әңгімелер айтты. Мұстафа Шоқай азаттық жолында күрес жүргізген саяси қайраткер, бүкіл түрік халқына үлкен еңбек сіңірген тұлға екенін айта келіп, Ной Жорданияда, Кавказда большевизмге қарсы күрескені, тәуелсіздікті аңсағаны тарихқа мәлім екенін жеткізді. Жасы ұлғайған, Бойындағы білімі мен күш қуатынан айрылмаған көненің көзі Эдуард Амвросьевичпен сыр бөлісіп сұхбаттасқанымызды үлкен мәртебеге санадық. Бөлме ішіндегі қабырғадағы ілінген суреттердің тарихын айтып берді. Отбасымен түскен суреттерін көрсетті, олардың қысқаша өмір деректерін айтты. Кітап сөрелерінде тұрған құнды кітаптарды, түрлі-түсті албомдарды ашып көріп, мұражайда жүргендей қызықтап, тамашаладық. Барлығымыз бірге суретке түсіп, Эдуард ақсақалмен қоштастық.
 
 
 
- Әңгімеңізге рахмет! 
                                                      Сұхбаттасқан Ақнұр СЕРІКҚЫЗЫ
                                                     Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  
                                                      3-курс студенті                                                      
 

19 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала «Журналистиканы құрғақ мақтанның құралына айналдыруға болмайды»
Келесі мақала «Менің бар болмысым – халқымды жанымдай жақсы көруімде ғана»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы