• Мәдениет
  • 07 Ақпан, 2012

Сыбызғы не деп сыңсиды?

Бектұр Төлеуғалиев

«Қазақ газеттері» ЖШС-нің Маңғыстау облысындағы өкілі,

Қазақстанның құрметті журналисі           

«Мәдени мұра»  өңірлік салалық бағдарламасы өлкедегі мәдени мұраны қорғау мен дамытуда қалыптасқан үрдісті сақтай отырып, жойылып кету қауіпіндегі маңызды тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруді, жинақтауды, өлкенің құнды әдеби мұрасын, оның ішінде жарияланбаған ауыз әдебиетінің нұсқаларындағы осы өлкеге тән сөз өнерінің ерекшеліктерін зерттеуді, дәстүрлі қол өнерінің баға жетпес туындылары – ұлттық жәдігерлерді түгендеуді, тарихи маңызды, мәдени құнға ие деректі мұрағаттық құжаттарды табуды және қорға алуды міндеттеді.

Облыста «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша  бірқатар жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 449 ескерткіш мемлекеттік қорғауға қабылданған, оның 21 – републикалық мағыналы, 428 жергілікті мағыналы тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекетттік тізіміне енгізілген. Бұдан өзге алдын ала есеп тізімінде, яғни мемлекеттік есепке ұсынуға дайындалуда 800 ескерткіш бар. Өлкедегі мемлекеттік есептегі ескерткіштердің ерекшелігі – олардың жартысынан көбі үлкен кіші қорымдар, яғни дербес сәулет ескерткіштерінің ансамбльдері. Соңғы жылдары «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы аясында  24 ескерткіштегі 400 нысанға  ғылыми реставрациялық шаралар жасалған. Бюджет қаражатынан өзге, облыстағы мекемелер мен ірі компаниялар қамқоршылық шараларына  50 миллионан астам қаражат бөлгендігін ерекше атап өткен жөн.

2009-2013 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының тұжырымдамасына орай жасақталған  2010-2012 жылдарға арналған өңірлік жоспарда көзделген тарихи-мәдени мұра нысандарын ғылыми-зерттеу, ғылыми-реставрациялау, насихаттау іс-шаралары мәдениет басқармасының стратегиялық даму жоспарына енгізілді. Бұл шараларды жүзеге асыруда қазіргі заманға озық үлгілерді,  жоғары ғылыми деңгейді бағдарға алып отырмыз. Облыс әкімдігінің №124 қаулысымен өлкенің тарихи-мәдени мұраларын зерттеу, сақтау және насихатталуын ғылыми негізде, тиісті деңгейде өткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнінде ғылыми-әдістемелік Кеңес құрылып, жұмысын тұрақты атқаруда. Кеңеске Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Еңбек Ері Ә.Кекілбаев тең төрағалық етеді. Құрамына республиканың белгілі тарихшы, археолог, этнограф, мәдениеттанушы, реставратор мамандары енген. Бір айта кетерлік мәселе, ғылыми-әдістемелік Кеңестің жүйелі, нәтижелі жұмыс істеуінің арқасында берекесіздік пен шашыраңқылыққа жол бермейтін ғылыми-методикалық негіз жасалды. Жан-жақты ойластырылған перспективалық жоспарлау жолымен дұрыс та тиімді бағыт-бағдар таңдауға және бар күш-жігерді бірізді, жалғасты міндеттерді рет-ретімен шешуге жұмылдыруға мүмкіндік туды.

Кеңестің күн тәртібінде өлкедегі мұраларды қорғау, ғылыми зерттеу, сақтау, пайдалану, маманданған кадрлар дайындау  саласындағы көптеген мәселелер талқыланып, шешімін табуда. Кеңес отырыстарын жылына екі рет өткізу жоспарланған. 2007-2010 жылдар аралығында кеңестің 8 отырысы өткізілді. Бұл мәжілістерде ескерткіштерді қорғау, сақтау, қалпына келтіру бойынша, осы салада мамандандырылған кадрлар қалыптастыру жөніндегі түйінді мәселелер талқыланып, шешімін табуда. 2009 жылдың 27-28 тамызында Қазақстан Республикасының Парламенті бейімдік комитеттерінің қатысуымен Маңғыстау облысы тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңесінің «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті мәселелері» тақырыбында  біріккен отырысы өтті. Бұл отырыста «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобаны жүзеге асыру барысындағы анықталған өзекті мәселелердің заңнамалық аспекттері депутаттар назарына ұсынылды.

«Мәдени мұра»  өңірлік бағдарламасы бойынша:

–  20 жаңа басылым мен 7 үнтаспа жарық көрді, оның 14-і қазақ тілінде, 4 – орыс тіліндегі аудармалар, 10 жинақ – қазақ-орыс және қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде. Бұл кітаптар өлкенің тарихы, этнографиясы, музыкалық және әдеби дәстүрлері жөніндегі ғылыми зерттеулер, Маңғыстаудың өнер тарландарының тірі дауыстары жазылған дискілер, өлкенің көрнекті ескерткіштерінің замануи компьютерлік әдістемелермен жасақталған виртуалды бейнелері;

– «Маңғыстау жазбалары» сериясынан Ж.Жылқышиев жинақтаған Маңғыстау ауданының халық театры туралы материалдар;

– Маңғыстау облысындағы этнографиялық мәліметтер негізінде О.Көшбайдың «Саятшылық» тақырыбындағы  мақалалары;

–  Ирандағы қазақтар диаспорасы жөніндегі «Сыбызғы сыңсып жылайды» тарихи-этнографиялық очерктері;

–  Маңғыстау күйлерінің жинағы –  «Нарату» кітабының II – бөлімі;

–  «Мен қашанғы жүйрігің» жыр-термелер;

– «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы іс-шаралары бойынша ақпараттық және ғылыми-танымдық мақалалар;

– Қазақ мифологиясын зерттеуші-ғалым Серікбол Қондыбайдың осыған дейін 12 томдық толық шығармалары  жарық көрсе, өткен жылы толық жинағының 13,14,15 томдары  баспадан шығарылды. Ғалымның орыс тіліне аудармалары да биыл  жарыққа шықты.

– «Маңғыстаудың зергерлік бұйымдары» фотоальбомы;

– өлкенің күй дәстүрі жөніндегі Бірғали Байнекеевтің «Өнерімен өрілген өмір»;

–  Маршал Әбдіқалықовтың «Сүйінқара» тарихи романы;

– халық аузынан жинақталған «Қарасай қази» жыр дастаны;

«Маңғыстау және Үстірттің  киелі орындары» сериясында «Бекет-ата мешіті», «Шопан-ата мешіті», «Шақпақ-ата мешіті», «Түпқараған киелі орындары», «Аңыз қала», «Қосқұдық» «Үлкенқұдық құпиялары» тақырыптарында буклеттер баспадан шығарылды

– «Шақпақ-ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы» кітабы

– Өлкедегі музыкалық өнер, ауыз әдебиеті, әдет-ғұрыптар кешені қазақ халқының ерекше ескерткіштері болып табылатыны белгілі. «Маңғыстаудың өнер тарландарының тірі дауыстары» сериясында Маңғыстаудың халық композиторларының 12 күйіне (2 камералық, 2 симфониялық, 4 оркестрлік, 4 фольклорлық оркестрге)  партитуралар дайындалды. Бұл шаралар - өлкенің асыл музыкалық мұраларын болашақ ұрпаққа сақтап қалуда, оларды замануи мәдени кеңістікте кеңінен насихаттауда үлкен қадам. «Нарату-2», «Қарасай Қази», «Мен қашанғы жүйрігің-2», Маңғыстау күйлері, Шамғұл, Ізбасар Шыртанов, тағы басқа Маңғыстау даласынан өткен  жыршы-термешілердің өз дауыстары 7 жинақ үнтаспаға түсірілді.

Аталған мерзім ішінде 7 археологиялық қазба жұмыстары, 16 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, ежелгі тұрақтар, діни қабірлеу орындары, алғашқы көшпелілердің қорымдары, Ұлы Жібек жолындағы бекіністер мен қалалардың орындарына археологиялық қазбалар жүргізілді. Өлкенің жаңа тарихы бойынша зерттеулер өткізілді, тарих және мәдениет ескерткіштері кешенді түрде, халықаралық талаптарға сәйкес жан-жақты зерттелді. Осындай шаралардың нәтижесінде Маңғыстау тарихының жаңа беттері ашылып,  Қазақстан тарихына жаңа ғылыми ақпараттар енгізілді. Мысалы,

– қола дәуірінде бұл жерді мекендеген адамдардың келбеттері реконструкцияланды,

– аймақтағы ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу арқылы бұрын тарихта белгісіз құнды мәліметтер алынды,

– сәулет ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіру ісін жаңа замануи әдістермен өткізуге мүмкіндіктер ашылды.

– 18 республикалық және жергілікті мәртебелі ескерткіштер ғылыми-реставрациялық шаралармен қамтылып, бұл кешендердегі 137 объект қайта қалпына келтірілді, 139 объектінің қалпына келтіру-тұмшалау жұмыстарының жобалау құжаттары жасақталды. Ата бабаларымыздың асыл мұралары - уақыт өте күйреуге ұшырап, өшуге айналған талай тарихи-сәулет ескерткіштер қайта қалпына келтіріліп, апаттан сақтау шаралары алынды. Олардың  қатарында республикалық мәртебелі ескерткіш –  өлкедегі ең ірі кешендердің  әрі ежелгі киелі орындардың бірі «Сисем-ата қорымы»;

– 100-ден астам тарих және мәдени ескерткіштері алғашқы қорғау шараларымен  қамтылды. Бұған облыс бюджетінен 9 қоршау, 70 қорғау тақтасы, 37 жолсілтегіш орнатылды.

– 2006 жылы «Маңғыстау облысы әкімдігінің «»Тарихи және мәдени ескерткіштеріне қоғамдық қамқоршылықты бекіту туралы» қаулысы бекітілді. 2006-2010 жж. аралығында қоғамдық қамқоршылыққа бекітілген кәсіпорындар есебінен ескерткіштерге 29 жаңа темір қоршау, 24 қорғау тақтасы, 30 жолсілтегіш  орнатылды, қорғау аймақтарын абаттандыру, көгалдандыру шаралары алынды. Қорғау шараларын алу, ескерткіштердің маңайын абаттандыру шараларына қамқоршылар есебінен 50 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.

– Қамқоршылыққа бекітілген кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер тарих және мәдениет ескерткіштерге сенбілік жұмыстарын тұрақты өткізіп келеді. Сенбіліктер аясында облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес  84 тарих және мәдениет ескерткіштеріне қоғамдық қамқоршылыққа бекітілген  52 мекеме тазалық жұмыстарын өткізіп, көгалдандыру және абаттандыру шараларын алды, кейбір ескерткіштердің қоршаулары жөнделді

Өлкедегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау, зерттеу және насихаттау ісі облыс  әкімдігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 16.02.2009 жылғы №158 қаулысымен бекітілген «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобаның 2009-2013 жылдарға арналған концепциясының басым бағыттарының бірі – мәдени туризмді дамыту, бұл мақсатта барлық тарихи орындардың мұражайлындыруын жүзеге асыру.  Аталған бағытта өлкедегі ежелгі тарихи орында «Отпан-тау» тарихи-мәдени кешені» мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл кешен өлкенің ерекше тарихы мен мәдени мұраларын жаңа деңгейде, замануи құралдар мен әдістер арқылы насихаттайтын жаңа үлгідегі мекеме. Өткен жылы кешендегі «Ақсарай» экспозициялық павильоны күрделі жөндеуден өтіп, абаттандыру шаралары алынды. Мұнда  экспозиция жасақтауға қажетті қаражат облыс бюджетінен бөлінді. Бұл экспозиция ерекше профильді көрмелерден құрылған.

2009 жылдан 13 наурызындағы Кеңестің отырысында аталған концепцияға орай жасақталған 2010-2012 жылдарға арналған жобаны іске асыру жөніндегі өңірлік жоспардың жобасы мақұлданды. Қазіргі таңда облыста осы жоспардағы іс-шараларды жүзеге асыру басталды.

Кеңестің нұсқауларына орай алдыңғы жылдары қолға алынған Мемлекеттік тізімдегі ескерткіштерді кешенді зерттеу бағытында «Сисем-ата қорымы», Бейнеу ауданындағы «Бейнеу қорымы», «Шопан-ата жерасты мешіті мен қорымы» ескерткіштерінде кешенді зерттеулер жалғастырылды.  Сисем-ата қорымының ескі бөлігіне археологиялық зерттеулер жүргізілді.    «Сисем-ата қорымы», «Бейнеу қорымы» ескерткіштерінің топографиялық түсірімдері, мұрағат-библиографиялық ізденістері жасалды, сәулет археологиялық және ландшафттық сараптау негізінде қорғалатын аймақтарының шекаралары анықталып, пайдалану режимі белгіленді. «Сисем-ата қорымы» кешеніндегі мемлекеттік есепке алынған 1300 астам ескерткіштердің ішінде күрделі күйреуге ұшыраған 158 күмбезтам, сағанатамдар, кіші сәулет пішіндері қалпына келтірілген болатын. 2010 жылы бұл шаралар жалғастырылып, қорымдағы 75 нысанға ғылыми-реставрациялық және тұмшалау жұмыстар жалғастырылды.

Бекет-Ата 260 жылдық мерейтойына орай Атадан ұрпаққа қалған материалдық мұралар, бағасыз артефакттар деп табылатын ескерткіштер –

Оғыланды жеріндегі «Бекет-ата жерасты мешіті», «Бейнеу қорымы», сонымен қатар «Шопан-ата жерасты мешіті мен қорымы»   республикалық мәртебелі ескерткіштері  қалпына келтірілді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Қызылқала ортағасырлық қалашығы» ескерткішінде археологиялық зерттеулер жалғастырылды.

«Бабалар мұрасы» экспозициясы бойынша «Ұлыстың ұраны – Пір Бекет»,  «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қалпына келтірілген ескерткіштер, «Жаңғырған асыл мұралар» (киімдер, бұйымдар, кітаптар), «Бекет-Атадан ұрпаққа жеткен қасиетті жәдігерлер», «Бекет-Атаның ұстаздық жолына арналған фотокөрме», «Оғыланды бояулары» көркемсурет көрмесі, «Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай», «Ұлы даланың тас сақшылары» көрмелері,  «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде «Ақсарай» павильонындағы мұражайдың тұрақты экспозициясы да мәдени мұраны насихаттауда жасалған жұмыстың бір парасы.

Облыста екі рет  өткізілген «Каспий-Арал өңірінің тарихи-мәдени мұралары» халықаралық конференциясы Каспий маңы және іргелес елдеріндегі ғылыми зерттеулерді тоғыстыруға,  Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұраларын насихаттауға, Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы беделін көтеруге зор үлес қосты.  Келесі жылы осы конференцияларда көтерілген мәселе – Арал-Каспий аймағы тарихи мұраларының  ғылыми-зерттеу орталығын құру жөніндегі құрылтай  форумы өтеді. Оған Каспий теңізі төңірегіндегі елдердің беделді ғалымдары бас қоспақ.

«Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобаны жүзеге асыру бойынша өңірлік жоспардың іс-шаралары мәдениет басқармасының стратегиялық жоспарына енгізіліп, іске асырылуда. Осы жоспарға орай 2011 жылы облыс көлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштерін ғылыми зерттеу, ғылыми реставрациялау және насихаттау бойынша келесі шараларды алу көзделген:

– Қарақия ауданындағы «Шопан-ата қорымы» республикалық мәртебедегі ескерткіштің нысандарын, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласындағы «Ідіріс Серікбаевтың тұрғын үйі» ескерткішін қалпына келтірілді. Бұл тарихи ғимарат Маңғыстаудың тасшылық мәдениетінің мұражайы ретінде құрылмақ. Бүгінгі таңда мұражайдың тақырыптық жоспары жасақталып, ол желтоқсан айында өтетін ғылыми-әдістемелік Кеңестің  қарауына ұсынылады. Сондай-ақ

– мемлекеттік есептегі тарих  және мәдениет ескерткіштернің қорғалатын аймақтарын жобалау және заңнамаға сәйкес шекараларын бекіту;

- дәстүрлі сәулет ескерткіштері бойынша «Маңғыстау-Үстірт ескерткіштері»  альбом-кітабы және «Сисем-ата қорымы» ғылыми-танымдық басылымдарын шығару;

– өлкенің ХVІІ –ХІХ ғасырлардағы тарихы бойынша мұрағат-библиографиялық ізденістер жүргізу жоспарда тұр. Бұл шаралар қазіргі таңда қолға алынып, жұмыс басталуда. Арнаулы экспедиция Ресей мұрағаттарында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағытта облыс әкімінің жеке тапсырмасына сәйкес арнаулы қаражат бөлініп, көшпенділер мәдениеті  ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен  келісім жасақталды.

Жақында азаттықтың ақ таңы атқаныныа жиырма жылдың жүзі болады. Тарих қойнуында қалып бара жатқан жиырма жылдықта барымыздың бағасын асырып, жоғымызды тауып жатырмыз. Еліміздің арғы-бергі тарихындағы әруақ қонған алыптарының есімдерін жаңғыртып олардың ерлік істерімен қабырғалы қазақ елі қайта қауышып жатыр.

Ел басының назарында тұрған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы соңғы бес жылдың ішінде облыс әкімінің тікелей араласуымен  киелі Маңғыстау жерінде бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде іске асырылып жатқанына біздердің бәріміз де куә болып отырмыз.

Бұған «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің іске қосылуы, Шотан батырдың 300 жылдығы, Ер Қосайдың 500 жылдығы, Бекет Атаның 260 жылдығы, ғалым Оразмағанбет Тұмағанбетұлының 125 жылдығы, Иса-Досан бастаған ұлт-азаттық қозғалысының 140 жылдығы, сурып салма  ақын Қашағанның 170 жылдығы, сол сияқты Ақтау қаласындағы қоғам қайраткері Жалау Мыңбаевтың Форт-Шевченко қаласындағы Иса-Досанның ескерткіштері, Н.Жантуринге, Т.Әшімбаевқа, Ш.Есеновке, С.Мұқашевтарға бюстілердің орнатылуы, Ынтымақ алаңына қазақ күйінің  дүлдүлі Құрмағазыға, Мұнайлы ауданының орталығына Шоғы батырға көрнекті ескерткіштер тұрғызылғаны толықтай дәлел бола алады.

Алдағы жылы

– «Маңғыстау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы» энциклопедиялық томдығы,

«Сейсем-Ата»  каталогы баспадан шығарылады, осыған қоса «Жеті қайқы» мемиоралдық кешені, Мұстафа Шоқай және Нұрмұхан Жантуриннің ескерткіштері бой түземек.

Осы жұмыстарды ұйымдастыруда Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмарованың  атқарған қызметтеріне зор баға беруге болады.

Үстірттегі үлкен істер көрінісі осындай. Домбыра мен сыбызғы сазына ерекше елтіп, жаңаша көңіл-күй кешкен халық сыңсыған әсем саздың төркінінде өздерінің өр бейнелері мен зор дауысы жатқанына дән риза. Бұл – «Мәдени мұра» секілді асыл мұраны жаңғыртқан жағымды дауыс.

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы