• Қоғам
  • 26 Маусым, 2014

«Тіл үшін жанымды беремін», – дейді келінім ағынан жарылып

Тағдырға дауа бар ма? «Ат баспаймын деген жерін үш басады» дейді. Ақыры осылай болды. Қазір бала да, келін де өз тағдырына риза.

Әуелі басынан бастайық. Ұлым Жапонияның Осака қаласында үш жыл оқып, білім алды. Өзім іссапармен Қытай, Оңтүстік Корея, Жапонияға барып, Токио, Осака, Мацуэ, Киото секілді қалаларында болып, күріш дақылын азды-көпті зерттедім. Өйткені, әкеміз, ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев кезінде жапон елдерін аралап, мен де сол ізбен жүріп, Сыр өңіріндегі күріш мәселесіне аз да болса атсалыстым.

Адамның күні адаммен. Балам үш жыл Жапонияда жүріп, сол жақтың нанын жеп, сөзін зерттеп, жұртымен тіл табысты. Тоқ етері, сол жақтың қызына құда түсіп, сөз жарастырдық. Құда боп, біреудің үлпілдетіп қолға ұстаған қызын Қызылордаға алып кеп, үлкендердің батасын алып, Алматыға қоныс тепті. Құда келіп, ұлан-асыр той өтті. Сонда құдағи: «Біз қорқып келіп едік, бұлар да өзіміз секілді қарапайым халық екен ғой» деп, аңқаулығын алға салды. Құда өмірден өтіп кеткен екен, құдағи құданың орнын толтырып, айтар сөзін аудармашы арқылы жеткізіп, жан ұшырды. «Арай» мейрамханасында қазақы жұрт құдағимен би билеп жүрсе, ол құдаларын өзі суретке түсіріп, ар жағында қылау қалдырмай жүрді.

    Біздің үрдісіміз ішкізу ғой, құда бала Тәкеши ә дегеннен-ақ қызып қалды, өйткені олар 18 градус сэкэні ішіп үйренген, біздің орыстың аласұрған тентек суы оны алып ұрды. Қазақтар болса, құдасының қызғанына мәз.

    Олар біздің жерге келгенде ел тарихына қатты көңіл бөлді. Сыр бойындағы тұтқын жапондар соққан «Жапон базы» деген жер тарихын айтқанда, жандары тітіркенді, Қазақ Ұлттық университетінің ескі ғимаратын соққан да жапондар дегенде, біз бұны елге айтып барамыз» деді. Жамбыл облысында болған жапондар да көңіл хошын» аударды.

    Енді кейінгі күндер туралы. Келінім әуелі Өскеменде тұрды, сосын: «Маған Алматыда тұруға рұхсат па екен?» деп, енесі арқылы сөз салыпты. Өйткені, немере тіл сындыру керек, әкесі жас кезінде өзіне тән тірлікті атқарады, «Ердәулет қазақ балабақшасына барып, осында орналасса», – дейді. Мен бірден қос қолымды көтердім. Қазақ балабақшасы – оның өмірлік шырағы. Өзіне тән тіл бағдарламасы – күнделікті тіршілігіне тән нәрсе. Қаланың орысша шүлдірлеген екі жаққа да жоқ жалаң табандарынан гөрі менің немерем тіл сындырып, айтқан сөзімен алға шығып, ата баласы болуға әзір жүр. «Ата!» деп айқайлағанда менің қазағым да, Мацуэдегі жапон нағашылары да кең құшаққа сиып кетеді.

    Таяуда балам, келінім, немерем үшеуі Шиеліге барып, жүзге жақындаған әжесімен, туған-туыспен жүздесіп қайтты. Бала жеті жасқа дейін сол жердің топырағында аунағасың ба, есінен сол жер, сол аймақ бір кетпейді. Бір апта, Шиелідегі аға-інілеріне бауыр басқан бала сонда қалуға бел байлапты. Келін Яско да әбден тіл сындырсын деп, перзентін сол жердің балабақшасына беруге ыңғай білдіріпті. Бірақ мен: «Алып қойған баспанаң мен балабақшаң бар, ең қиыны, біздің Байқоңырдың әуені таңертең Ресей әнұранын шырқаумен басталады, Шиеліде түн баласына уран тасыған машина легінен көз тұнады – осының бәрі адам жан-дүниесіне әсер етпей қоймайды» деп, қарсылық білдіріп, қайтып әкелдім.

    Осылайша өмір керуені өтіп жатыр. Бұл да бір адамзат пешенесіне жазылған ақ күндер, ақ несібе шығар.

    «Қазір өзім де, атамның баласы да (менің немеремді айтып отыр) тілді едәуір үйреніп қалдық. Ешкімнен кем емеспіз. Өз басым тіл үшін жанымды беремін», – дейді келінім ақ көңілмен ағынан жарылып.

    Мен алыстан келіп, біреудің шаңырағының жапырағын жайқалтуға жанын салған келініме ризамын.

    «Құдағимен сөйлесіп тұрсың ба?» деп алыстағы анасын еске салып қоямын.

    –Иә. Көп сөйлесе беруге болмайды ғой» - деп, қазаққа тән ибамен тіл қатады.

    Тілімді құрметтегені – өзімді құрметтегені. Отан – отбасынан басталады.

                                                                                                       Қуандық ТҮМЕНБАЙ      

416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы