• Cұхбаттар
  • 26 Маусым, 2014

«Журналистиканы құрғақ мақтанның құралына айналдыруға болмайды»

Бүгінгі күнде медиа кеңістікті дамытуға қатысты көп  ұсыныстар айтылып жүр. Қазақ журналистикасының болашағы білікті мамандардың қолында екенін ескерсек, негізгі мәселе ақпарат кеңістігінде кәсіби маман  даярлау  үрдісі хақында. Осы орайда, журналистика саласындағы жас мамандарды даярлау ерекшеліктері мен қазақ журналистикасының бағыт-бағдары жайлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.

–Факультеттің бүгінгі тыныс- тіршілігі туралы айтсаңыз?

–Бұл факультет қай кезеңде, қай уақытта болмасын  жаңашылдыққа бой  ұрып, сол дәстүрді жалғастыра отырып,ары қарай дамытатын оқу орны деп айтуға әбден болады. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университеті қазақ елінің,қазақ халқының жалпы біздің ұлтымыздың тұңғыш университеті. Бүгінгі таңда университеттің жеткен жетістіктері айқындалып отыр. Халықаралық Ұлыбританияның QS рейтінгі бойынша ҚазҰУ әлемнің 800 озық университтерінің ішінен 299-орынды иеленіп отыр. Яғни, ресейлік МГУ, Санкт-Петербург университтерімен бірге әлемдегі ең озық 300 университеттің қатарынан орын алды. Соңғы жылдары университет жаңа оқу өрнегіне, жаңа оқу жоспарларына,жаңаша тәрбиелеудің негізіне көшіп отыр. Бакалавриат, магистратура, PHD докторантура болып үш сатылып оқу жүйесіне толық көшті.Сонымен бірге, кредиттік технология  жүйесі шәкірттердің дәріс, ұстаз таңдау еркіндігіне мүмкіндік береді.

Осы үрдістерден журналистика факультеті тысқары қалып жатқан жоқ. Университетте баяғыдағы оқу жүйесі академиялық,классикалық  үлгіде болса, соңғы үш жылдың көлемінде зерттеу университетіне айналып келе жатыр.  Университет тек қана  білім беріп қоймай,ары қарай ғылыми зерттеуді дамытуға өз үлесін қоспақ. Зерттеу университетіне көшу себебі: біріншіден,оқып жатқан жастарды бәсекеге қабілетті маман етіп дайындау.Екіншіден, өз мамандығы бойынша сол саладағы ғылыми зерттеу ісіне дайындау. Яғни, таза журналист мамандығын меңгерумен бірге ғылымға бейімі бар жастарды бакалавриаттан бастап зерттеу жұмыстарына  бағыт беру.Бұл әсіресе журналистика факультетіне өте қажет. Себебі, журналистика мамандығы жалпы ғылыми тұрғыдан алғанда өзі жеке ғылым ретінде қалыптаса қоймаған сала.

 Факультетте бүгінде үш кафедра, бір телерадио кешен жұмыс істейді.

Олар Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы, меңгерушісі профессор,саясаттану ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаева. Кафедра  қазіргі кезде ғылыми зерттеу жұмыстарына көп көңіл бөлуде. Радио, телевизиялық хабарлар жүйесін іске қосты. Сонымен қатар, ағылшын тілінде оқытылатын үш топ құрылды. Колумбия университетінен келген Рафиз Авасов, кафедра  оқытушысы Ә.Әлжанова т.б.  ағылшын тілінде дәріс оқиды.

Юнеско,халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы, меңгерушісі профессор Назгүл Шыңғысова. Бұл өте жақсы мамандық,себебі  баспасөз қызметінің басшыларын, қызметкерлерін дайындайды. Сонымен қатар,белгілі бір мекемелерге қоғаммен байланыс орнататын мамандарды дайындап шығарады. Бакалавриатта халықаралық журналистика бойынша маман   дайындалмайды. Жалпы журналистиканың қыр-сырын меңгеріп шыққаннан кейін,халықаралық журналистикаға бейімделемін дейтін болса ары қарай магистратураға түсіп,сол халықаралық журналистика мамандығы бойынша дайындалып шығады.

Баспа ісі және дизайн кафедрасы, менгерушісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент  Сағатбек Медеубекұлы. Кафедра баспа ісіне қатысты баспагер-редакторларды дайындайтын факультет бөлімі. Дизайн мамандығына әлі де болса талапкерлер арасында қызығушылық төмен. Бірақ бұл мықты мамандық.Жаңа заманға сай шығармашылық ізденістің мамандығы. Себебі, компьютер арқылы кітапты,хабарларды  безендіру, әсемдеу бұл үлкен шығармашылық қабілетті  қажет етеді.

Заман өзгерісіне сай біздің оқытушылар жыл сайын шетелдерде тағылымдамадан өтуде. Деканның ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының докторы Мысаева Қарлыға Америкада бір жыл оқып келді. Қазір журналистикалық мәселелердің теориялық, практикалық жүйесін жақсы меңгерген ұстаз, ғалым ретінде танылып жүр.Сонымен бірге, Баспасөз және электронды БАҚ кафедра меңгерушісінің  оқу ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Әлімжанова, доцент Жетпісбай Бекболатұлы, дизайн оқытушысы Ниетжан Ибрагимов, Сәкен  Нұрбеков шетелдерде  тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасып қайтты.

ҚазҰУ-дың журналистика факультеті өзге оқу орындарындағы журналистика факультеттерінен ерекшелігі қандай?

–Басқа да оқу орындарында  да журналистика мамандары дайындалады.Олардан біздің факультеттің төрт басты ерекшелігі бар деп білемін.

Біріншіден,біздің факультет Қазақстанда дәл бүгінгі күнде таза масс-медиа мамандарын дайындайтын жалғыз факультет. Оның себебі, он беске таяу оқу орындарында  журналистика мамандары дайындалады екен.Солардың бәрі таза журналистика факультеті емес. Мысалы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде «Саясаттану және журналистика» факультеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде, М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан т.б. университеттерде  журналистика филология факультетінің бір кафедрасы болып табылады.

ҚазҰУ-дің журналистика факультеті Теле-радио журналистика мамандығы бойынша студенттерді дайындауда толық материалдық-техникалық базасы талапқа сай бірден-бір факультет. Біздің теле-радио студиямыз техникалық тұрғыдан толыққанды жабдықталған,сонда студенттер өздерінің хабарларын дайындап, журналист,редактор,сценарист ретінде қалыптасуына тағылым алады. Көбінесе лабораториялық,практикалық сабақтарымыз телестудияда өтеді. Бұл болашақ маман-журналистке барар жолдағы үлкен мектеп деп білемін.

Екіншіден,біздің факультеттің жалпы журналистер дайындаудағы 80 жылдық тәжірибесі бар.

 Факультетте сонау алаш арыстарынан бастап небір алыптар дәріс оқыды. А.Байтұрсынов,С.Сейфуллин,С.Мұқанов,Қ.Бекхожин, Т.Қожакеев ,М.Барманқұлов ,Т.Амандосов сынды ғалымдардың дәріс беруі факультетіміз үшін үлкен жетістік деп білемін.Алаш арыстарынан бастап небір алыптар сабақ берген аралықта ғылыми әдістемелік дәстүрі толығынан  қалыптасқан бай тәжірибесі бар факультетке айналдырарлық қақымыз бар.Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті маман дайындауда бүгінгі күнде факультетте 13-ғылым докторы, 30- дан аса ғылым кандидаты еңбек етеді.Олар дәстүр сақтаумен бірге, жаңғыртып та келеді.

Үшіншіден,Қазақстандағы журналистер дайындаудағы материалдық-техникалық базасы бүгінгі күн талаптарына жауап беретін радиостудия, телестудия, баспахана жұмыс істеп тұрған факультет. Қазіргі уақытта Жапонияның «Konica» компаниясымен бірлесіп, «Баспа ісі және дизайн» кафедрасына жаңа заманғы технологияларды әкеліп қойып,  жаңа заманға сай кітап басу,газет шығару мәселелерін түсіндіріп дәріс оқу, сабақ жүргізу жолға қойылды. Ал университетіміздің баспасы технологиялық тұрғыдан ең жоғарғы деңгейдегі өндірістік орын.

Төртіншіден, Қазақстанда журналистика ғылыми-зерттеу мектебін қалыптастырған ҚазҰУ-дің журналистика факультеті. Мұнда қазақ журналистикасы мен әлем журналистикасы тарихын зерттеудің кезінде профессор Қалижан Бекхожин негізін қалаған, ғылыми мектепті бүгінде ҚР журналистика  академиясының  президенті, профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев жалғастырып, ғылыми дамытып отыр. Журналистиканың теориясын зерттеу  мектебін профессор Тауман Амандосов қалыптастырса, қазіргі заман журналистикасын зерттеудің алғышарттарын жасап,оны өнегелі мектепке айналдырған профессор Темірбек Қожакеев. Теле-Радиожурналистика зерттеу ілімінің негізін әлемдік деңгейдегі ірі ғалым, профессор М.Барманқұлов қалады.

–Жас мамандарды  даярлауда қандай  жаңа инновациялық оқыту әдістері қолданылуда?

 –Былтыр жас мамандарды даярлауда  мемлекеттік стандартты негізге ала отырып, жаңа білім беру жоспарын жасадық. Жалпы білім беретін дәрістерді қысқартып,таза журналистикаға қарай бейімдедік. Мамандарды салалық траектория бойынша дайындауға көштік. Мұнда тележурналистика, радиожурналистика, фото журналистика, интернет журналистика салаланып оқытылады.

Бүгінгі күнде ұзақ лекция оқу дәстүрі тиылған.Негізгі мәліметті шұбалаңқы етпей, нақты, қысқаша түрде түсіндіру белең алған. Мұнда көптеген электронды құралдар өз септігін тигізуде. Маманды дайындаудағы басты әдіс – тәсілдер:практикалық сабақтарды дебат, дөңгелек үстел,  үш жақты сұхбат,іскерлік ойындар түрінде  ұйымдастырып,сараптаманы студенттің өзіне жасату.

 –Оқу үрдісінде  тәжірибе мен теория қаншалықты ұштасуда?

–Қазіргі кезде студентеріміз университетіміздің газеті мен баспасында тәжірибеден өтіп жатыр.Сонымен бірге, әр кафедра газет, журнал шығару ісін қолға алып жатыр. Айталық,  баспа ісі және дизайн кафедрасы безендірсе, мақаланы баспасөз және электронды БАҚ кафедра студенттері жазады.Журналдар көп таралыммен шықпаса да, университет көлемінде тарайтын деңгейде.

Факультетімізде жеті жылдай декан болған,жиырма жылдай дәріс оқыған «Қазақ энциклопедиясы» редакциясының бас редакторы Бауыржан Жақып, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Жұмабек Кенжалин студенттерге дәріс оқып, лабораториялық сабақтарды өздері еңбек ететін  жұмыс орындарында өткізеді.

Студенттерді бірінші курстан бастап белгілі бір телеарнаға немесе баспаға тәжірибеден өту үшін бекітуді ойластырудамыз. Теорияны ойға түйгеннен кейін, тәжірибеде қолдану міндетті. Бірақ жас студенттер жайлы көп сын айтылады.  Көп оқығаннан ештене өнбейді, шеберлік тікелей тәжірибеге байланысты.Журналистика мамандығы бойынша оқып шығып, газетке барғанда қорқақтық таныту  әр  жас журналистке таныс жағдай . Шеберлік бірте- бірте қалыптасады. Қазір кейбір журналистеріміз  бір кездегі өзінің қандай болғанын  ұмытып кетіп жатады.

«Қазіргі  кезде жастар ештеңе жаза алмайды»— деп кесіп шешім шығарып жатады. Әрине алғашқы кезде кемшіліктер кездесіп жатады. Бірақ қазіргі жастардың біздің кезеңмен салыстырғанда интеллекті жоғары соны мойындауымыз керек.. Олар дүниедегі барлық құбылыстан хабардар.  Тәжірибе уақыт өте келе қалыптасады.

 –«Елім деп ет-жүрегің езілмесе, ерлігіңнен не пайда?!» демекші, журналистер пікір қалыптастыруда қаншалықты белсенді?

–Социалистік кезеңде мемлекеттік басылымдар қатарында 4-5 газет, 3-4 журнал ғана болды. Біреуі- партияның,бірі- атқарушы органдардың басылымдары еді.Басылым беттерінде жарық көрген  мақалалар халыққа қатты ықпал етті. Әрбір  сыни мақаланы , жан- жақты әр деңгейде тексеріп жататын. Қазір ондай жағдай жоқ.Бірақ сыни мақала жарық көрсе,сыналған басшылардан емес халық пікірінен сескенеді. Бұл журналистердің қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлінің зор екендігін білдіреді.Белгілі бір орын сыналғанды жазаламауы мүмкін, бірақ ол іштей жазаланады.

Егемендік алғаннан  кейінгі қоғамымыздың даму барысы, біздің жеткен жетістіктеріміз елімізде орын алып отырған кемшіліктердің жазылуы қоғамның ой өрісінің деңгейін жоғарлатады. Біздің бала кезімізде социалистік қоғамның барлық ой-пікірі  «Правда» газетінде жарық көретін. Қазірде «Егемен Қазақстан» газетін халық оқымайды деген сөз бұл шындыққа жанаспайды. Бәрі де оқиды. Себебі,мемлекеттің сара жолын, бағыт-бағдарын, Елбасының іс-әрекетін халыққа жеткізу қажет. «Егемен Қазақстан» ғылым, білім деңгейінің өсуіне қаншама қажетті материалдарды беріп жатыр. Бүгінгі еліміздегі саясаттың ту ұстаушысы- «Егемен Қазақстан». Болмаса, «Қазақ әдебиеті» газеті руханиятқа байланысты сан ой-пікірлерді жариялап отырады. Әдебиеттің тайқазаны іспеттес.

Әр газеттің айтар ойы ,бір- біріне ұқсамайтын өзгешелігі бар.Қай-қайсысын алсаңыз да бүгінгі күнде қоғамдық пікірді қалыптастыруда өз орны бар. Бәрі бірден ақ пен қараны айырып жазып кете алмайды. Ол біртіндеп дамитын үдеріс.

–Бүгінгі қазақ журналистикасын қалай бағалайсыз? Шетел журналистикасымен салыстырғандағы  артықшылығы мен кемшілігі?

–Шетел журналистикасы  сан ғасыр еркіндіктің кеңістігінде дамып келе жатқан баспасөз.Салыстыратын болсақ, шетелдік журналистикада жеке адамның ой –пікірін қоғамдық зерттеу арқылы жеткізуді мақсат тұтады. Шетел журналистикасында объективтіден гөрі жеке субъективті пікірі басым келеді. 

Ал бізде өткір шындықты айтуға  журналистердің батылы жетпей жатады. Ол қорыққандықтан емес, сол ақпараттың қоғамға әсері болатынына анық сенінкіремегендігінен. Шетел журналистикасының кемшілігі ақпаратты таратқанда кейде біржақтылыққа жол береді. Біз сияқты дәстүрлі дамып келе жатқан елдің ой- санасына зиянды нәрселер көп кездеседі. Ал біздің баспасөзде мәдениеттілік, әдептен озбау, ұлттық менталитет айқын байқалады. Бұл  қазақ журналистикасының артықшылығы. Бірақ бұл құбылыс бізде интернет журналистикада  мүлде басқаша. Ғаламторда ойына келгенін жазып, сөзге мән беруді қойды. Оқырман пікірін оқысаң тіпті жағаңды ұстайсың. Баспасөз, теле- радио журналистикада  дәстүр қалыптасқан, ал интернет журналистика бірден шетелге еліктеуден пайда болған. Байыпты ой, бағалы пікір өте аз мөлшерде кездеседі. Лақап атпен небір мақалаларды  сайт бетінде жария етеді. Қазақ журналистикасын шетел журналистикасымен салыстырғандағы кемшілігі мен артықшылығы осы.

–Елімізде журналистердің еңбегі өз деңгейінде еленіп-ескеріле ме?

–Ия. Еңбектің өтемақысы бар ма деген тұрғыдан келгенде жазылған,істелген жұмыстың  деңгейінде  журналистер еңбегі толығымен ақталады. Ал енді әлемдік деңгейде алғанда журналистердің еңбегінің еленіп – ескерілуі  өте төмен .Кеңес одағы кезеңінде журналистер идеологияның үлкен қуатты күші болды. Адамның санасына әсер ету,  жүйеге сай тұлға  тәрбиелеу басты міндет болды.Сол себепті, журналистердің қоғамдағы рөлі зор еді. Ал қазір ондай жағдай жоқ. Әсіресе қазақ журналистерінің бүгінгі жағдайын керемет деп айта алмаймыз. Журналистердің қоғамның қозғаушы күші ретінде рөлі нақтыланбай тұр. Журналистиканы әлі де болса «төртінші билік» ретінде қабылдамайды. Сол орасан күшті  әлі де болса дұрыс пайдалана алмаудамыз.

–Журналист мамандығын таңдаған жастарға айтарыңыз?

–Журналист-қадірлі, қасиетті мамандық. Ертеректе журналистерді ең қадірлі мамандық иесі деп білетінбіз. Себебі, «дәрігер-адам жанының арашасы, журналист- адам арының арашасы»деген ұғым қалыптасқан. Журналист сол ұстаныммен еңбек ететін. Ал қазір ол ұғымға журналистің еңбегі сай келе бермейді. Журналист мамандығын таңдаған жастарға айтарым: журналистиканы құрғақ мақтанның құралына айналдыруға болмайды. Екінші, журналистика мамандығын халық алдында көрініп жүрудің амалы деп білуге болмайды.

Жалпы ондай жеңіл мақсаттан аулақ болуымыз қажет.Сондықтан, журналистика факультетіне келген жастар, «ел мұңын айтып,жоғын жоқтаймын,қоғамның алға дамуына, сөз өнері арқылы адам ой-санасын дамытуға қызмет етемін» деп келуі тиіс.

Сұқбаттасқан Ырысгүл АШУОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

журналистика факультетінің 4-курс студенті

581 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы