• Білім-ғылым
  • 21 Желтоқсан, 2011

Көз

Дәуренбайдың өмірге өкпесі жоқ, тек кей кездері өзімен қатар жүрген жұмыр басты жігіттердің кейбір мінез-құлқына түсіне алмай жыны келеді. Бетіңе күле қарап тұрып, бұрылып кетіп басқаша сөйлейді, әйтпесе сен бір нәрсесін тартып алғандай, кетігін таба алмаған өмірдегі бар өшін сенен алғысы келгендей бойыңнан кемшілік іздеп, адымыңды аңдиды, тіпті болмаса құдай берген кемтарлығыңды бетіңе басады.

Сол күннен бері Дәуренбай ешкіммен сөйлеспейді, ешкімге сенбейді, өзім деп өрекпігендерден де көңілі қалды, жұрттан бөлініп, өзгеше бір өмір сүргісі келеді. Жиырма сегіз жыл, сегіз ай, жиырма екі тәулік жападан жалғыз аралда күн кешкен Робинзондай ел-жұрттан безіп, жеке кеткісі-ақ келеді, бірақ ол үшін ұлы мұхитта жүзіп, үлкен жолға шығу керек. Бірақ, сол Робинзоның да қасына жартылай жабайы Жұмабай (Пятницаны қазақтар осылай аударған) келгенше адамзат баласын сағынып, ішкені ірің, жегені желім болды емес пе. Қайтсең де адамның күні адаммен, еркектің күні әйелмен, ананың күні баламен болуы Жаратқанның Жерге жіберген жарлығы.

Дәуренбай бүгін Күннің ұясына батуын асыға күтті. Маусымның май тоңғысыз кешінде Табиғат-Ананың бар иіс-қоңысын жұтып алғын қиыршық сусыма құмның үстінде таң атқанша жүрсең де шаршамайсың, үф еткен жел жоқ, денең тоңазығанмен жаның саф ауаға семіріп, кеудеңді кере дем аласың. Айлы түн мен қиыршық құм көкірегіңдегі адамдар салған жараға дейін жазып, тіпті бәрін де ұмыттырып жібереді, тек сұлулыққа асықсың, соны бір көргенше ынтықсың. Сол сұлу тән қырықтың қырқасына іліккен Дәуренбайдың көз алдар бар қуанышы, алпыс екі тамырын иітер алданышы, жанын ләззатқа бөлер сиқырлы сағынышы.

Дәуренбай адамдармен кетіскен сол күнді ойласа өзі де өкінеді, тіпті артық кеттім бе деп өзін-өзі сөгеді. Бірақ, сол күннен бастап дүниеде кітап деген кереметтің бар екендігін біле бастады, әйел – әйел болғанда да жалаңаш әйел тәнінің құдіретін еркектік нәпсі құшағында тұрып шын сезінді, өмірде «Ұйқыдағы ару», «Венера», «Өзенге шомылған Диана құдай» деген сурет-сиқырдың бар екендігін білді, Афродита деген сұлулық тәңірісімен тілдесті.

Бүгін де сол көптен көре алмай жүрген әйел тәнін көріп қаламын ба деген ниетпен алып-ұшып, жүрегі өрекпіп, біреудің терезесінің алдында тұр. «Көргенде не?..» – деп өкінеді бір жағынан. Жалаңаш әйел өз үйі – өлең төсегінде, ақ төсек – неке мамығында шалқасынан түсіп жатыр. Бұл болса қою қараңғыда терезеден ұрыдай сығалап, саңылау іздеп алабұртады, аласұрады, өзімен-өзі арпалысып, азаптанады, егер жалаңаш дене жалт етіп бір көрінсе «уһ» деп демін алып, бойы жеңілдеп қалады; өзі қыстаққа іздеп барып, көріп қайтып жүрген, сурет боп бейнеленген жансыз сұлулықты жалт еткен жанды сұлулық жеңгендей көз құмары қанып, еркек нәпсісі тоят табады.

«Шекер, ауылдағы келіншектердің шекері де өзіңсің ғой, саған кім жетеді; дөңгелек ақ жүзің аршыған жұмыртқадай, көздерің көкшіл ме, әйтеуір от шашып өзіне тартып тұрады; сымбатың қандай, арық та емессің, толық та емессің, ақ тәнің қандай болды екен сонда, сені шешіндіріп, жалаңаш тәніңді көрген еркек қандай бақытты. Бүгін қаладан күйеуің Аппаз келді; үйленгесін бір ай болды ма, жоқ па, сені тастап Алматыға, суретшінің оқуына кетті. «Түстім» деген хабар келгенде Шекердің көзінен қос тамшы үзіліп түсіп, қолындағы жеделхатқа тамып кетіпті дейді. Аппаздың оқуға түскелі бүгін бірінші келуі, бүгін сенің ақ тәніңді көруге күйеуіңмен бірге мен де ортақ болып... мен секілді сорлының көз құмарын қоса қандырсаң...»

Дәуренбай соншалықты алып-ұшып, ауыл шетіндегі оңашалау Аппаздың үйінің терезесіне жеткенмен бәрібір адамдарға өкпелі. Өзінің осы ойына дүрс-дүрс соққан бір тұтам қызыл ет – жүрегі куә, сосынғы куә – шыр-шыр етіп қою түннің басын ауыртқан шырылдауық шегіртке. Сол  күні бөтелке қабылдаушы Смайылға қол жұмсағанымен, сонан кейін бұрын білмей жүрген сұлулық әлеміне куә болып, «Адамзатқа бекер қол көтерген екенмін» деп қорытты өз ойын. «Бәрін адамзаттың өзі жасайды екен. Күн бар жерде Түн бар, жарық пен қараңғы қатар жүрмесе болмайды екен, бірақ адамдардың кеш батып кетпей тұрып сұлулықты салып үлгергендеріне тәнтімін» деп тежеді ойын. Сол күннен кейін өзіне-өзі есейіп кеткендей көрінді, сол күннен кейін үндемес атанды, бірақ көруге құштар болды, оқуға ынтызар болды.

Аудан орталығы – қала типтес қыстақтағы шыны ыдыстарын қабылдау қоймасында жүк тиеуші боп істейтін. Бір мәшинені түгел түсіріп болғанда бір жәшік бөтелке қораптың түкпірінде қалыпты.

– Ананы неге алып қалдың? – деді шопыр.

– Кутузов соны көреді дейсің бе... – қабылдаушы Смайыл сабырлы қалпынан танбай ісін жүргізе берді.

Дәуренбайдың денесі дір етті, жаны мұрнының ұшына келді. «Кутузов көреді дейсің бе». «Кутузов менмін ғой сонда, сонша нығыздайтын кім болды екен өзі? Не де болса көзге байланысты сөз, көріп жарымаған біреу болса керек...» Жаны ышқынып, жүгіріп, жүйткіп мұрнының ұшына келді.

– Кутузов дегеніңіз мен бе?

– Сен емей енді мен бе! – қабылдаушы Смайыл саспай сабырлы жауап берді.

Машина қауына секіріп мініп, бір жәшік – жиырма бөтелкені өзіне жақын қойды да, қолына бірінші іліккен сыбағасы кетіп, мойны сорайған «Айрықша арақтың» бөтелкесімен «Мә, ендеше!» – деп тістеніп тұрып, құшырлана ұрды.

– Өй, өзің!.. – қабылдаушы басын алып қашқанмен қоп-қою қызыл қан қара шашының астынан бұрқ етті.

– Мә, ендеше! – екінші «Жібек жолының» іші бос, Смайылға тиесілі сыбағасы тағы да басына барып тиді. Үшінші рет «Арман» коньягінің бос бөтелкесін жібергенде Смайыл арман-мұңын айтып жан-даусы шығып, шалқасынан түсті; арпа ішінде бір бидай боп сорайып тұрған «Назарбаевтың» жалғыз бөтелкесін құшырлана қысып қолда ұстап қалды, ол тигенде Смайылдың сылқ еткен басын ғана көрер едік, ыдыс жуушы әйелдер жанұшыра жүгіріп келіп араша түсті.

– Кінә өзімнен!.. – Смайылдың ыңқылы басым үні естілді. Қан жұққан сұңғақ та сұлу бөтелкелер бірі қаз мойынынан морт кетіп, бірінің түбі опырылып түсіп, енді бірі қақ ортасынан шашырай сынып, қиқым-сиқым қабылдаушының басында  қалса, қалғандары қоп-қою күрең қанға малынып, шашылып жатыр.  Дәуренбай бейпіл ауздың ауыр жарақат алғанын білді, болған істің ақырын күтті, өзіне сескене көз тіккен ыдыс жуушы әйелдердің шырадай жанған қос жанарларына тіктеп қарай алмады; өзінің бір көзі жұмық соқырлығына осы жолы іші удай ашып опынды, бұған дейін Алланың Адамға тартқан сиы деп жеңіл сипап қана қоятын, осы жолы Алланың қақпанына түсіп қап, қаламаған сыйын атап алған өзін адамдардың мұқатып, кемтарлығын бетке басқандығына өкінді. Зыр қаққан әйелдер жедел жәрдем шақырып жүргенде «Дәуренбай мұндай емес еді, кішіпейіл еді» деген сөздерді естіп қалды, жедел жәрдем аулаға ене бергенде жаралы Смайылдың: «Біреу келіп сұраса басына жәшік түсіп кетті» деңдер деген мүләйім үні естілді. Дәуренбай адамзат қорыққан кезде өз кінәсін мойындайтындығына қайран қалды, әйтпесе «қолыммен істегенді мойныммен көтеремін» деп өзімен-өзі серттесіп, темір тордың арғы жағына да дайындалған сыңайлы еді.

Смайыл тірі қалды, жазылып шыққасын ыдыс жуушы боп істейтін әйелі мен жеті баласын тастап, жас қатын алып кетіпті-мыс дегенді естіді, балапандарын тірі жетім ғып тастап кететіндерге түсіне алмайды, «өзім балалы болсам қандай қиын заман туса да құмырсқадай тырбанып жүріп асырар едім» деп, теледидардағы тәй-тәй басқан тақырбас сәбилер көз алдын кес-кестеп кетеді.

Ертеңіне арызын беріп, жұмыстан босанды. Сол күннен бастап, Кутузов дегеннің кім екенін білмекке құштар болды; білмейтін себебі – қолына харып ұстап, насыбай атқандай өмірі бір кітапқа елтіген пенде емес. Жас та болса қатарларының ішінде ерніне насыбай тастайтын жалғыз өзі, бірақ таза атады, кейбіреулер секілді көптің жиренішісін туғызып, қайта-қайта түкірмейді, уыты қайтқан кезде қалтасынан алақанның аумағынан кіші ақ қағаз шығарып, қалдығын алып тастағанда қарап отырған кісі көрмей де қалады. Қолына домбыра ұстамайтын қазық жоқ десе, домбыраны көсілтіп тарта алмайды, ал сыған-домбыра – гитараға тіл бітіреді, өзі шақырыла қалған тойларда махаббат туралы әуендерді сыған-домбыраның қылбұрауын ең жоғарғы шегіне жеткізіп, үзілдіріп, жүрек қылын шертеді; үздігіп, үзілуге шақ қалған жіңішке әуен тойдағы жігіттермен қоса қыздардың да жүрек  қылдарын үзіп жібере жаздайды. Оны сөзбен жеткізсе; «Жаным деп маған тіл қатқан, жүрекпен сүйіп ұнатқан» деп сөйлеп, дөңгеленіп, вальс боп үйрілер еді. Мұндайда Дәуренбай  көпшілікке, көпшілік Дәуренбайға тура қарамайды. Олар тек жігіт шерткен әуенді ғана тыңдайды. Егер қарай қалса, от шашқан жалғыз жанарды көрер еді, оның қасындағы бір сызық боп тартылған екеудің бірі бәрін түңілдіріп, жерге қаратар еді. Қыздар жағы көбіне мойындарын қисық бұрып, тырнағымен жаюлы дастарханды немесе төсеулі көрпенің жолағын сызғылай береді. Іштерінде не жатқанын кім білсін, Адам іште сақтай білуімен Адам, Адам аласы ішінде.

Ал, сыған-домбыраның жеті шегін шырылдатқан жігіттің қолына кітап ұстамайтыны айдай ақиқат. Өстіп қобалжып күй кешіп жүргенде Алматыдан жазушы кластасы келе қалды. Оған сөзі өтеді, Кутузовтың кім екенін сұрап еді, бетіне қарап миығы тартып тұрды да: «Кітапханадан «Соғыс және бейбітшілік» деген кітапты тауып алып оқы, авторлы Лев Толстой», – деді. Оқыды, білді, көзін қиғаштай таңған өзі секілді соқыр Кутузов басқыншы Наполеонды тізе бүктірген қолбасшы болып шықты. «Смайыл теңесе жаманға теңемепті, тек соқырлығы болмаса... Кутузов император Наполеонды, мен қабылдаушы Смайылды тізе бүктірдім» деп, іштей күліп алды. Іштей күлгенмен мұрт тебіндей бастағалы адамдардан сырт айналып, Табиғат-Жаратушыға қырын қараған күрсінісі көп-ақ қой Дәуренбайдың.

Сол күннен бері қолы бос, үкіметтен екінші топтағы мүгедек ретінде 2200 теңге алады, уақтылы келсе алады, келмесе жұрт секілді іздеп барып табалдырық тоздырмайды, ақшам жоқ деп азан шақырмайды, болса болсын, болмаса қарақан басым аштан өлмеспін дейді. Сары қарын жас баланың қамы үшін ақшам жоқ деп аза тұтқандардың да жетіп жатқаны шамалы ғой. Біреудің отынын түсіреді, біреудің шөбін орып береді. Бірақ, жігіттің көңілін теп-тегіс жол десек, сол жолда жүргіншіні тосын тоқтатқан басы қақшиған жыланның көші бар, ол – әйелдің жалаңаш тәнін іздеген құмарлық пен құштар көңіл жанын кеміріп жей бастаған соң түн жамылып жаңа үйленгендердің терезесін аңдитын болды. Әуелгі кездері қақсал, өмірдің бел ортасынан асқандардың терезесі алдында тұрды, бірақ бұлардың ішінде жеті түнде шамы жағылған шаңырақты сирек көрді. Ауылға электр жарығы келген күні қортық Сауранбайдың: «Сол күні светім түні бойы жағулы тұрды, бұған дейінгі өмірім босқа өткен екен де» дегенін естігенде, атқа тырмысып әрең мінетін қортық Сауранбайда да арман бар ма екен деп, тұлабойын бір әулекі сезім әурелеп өткен-ді.

Шілдеде үйленген Майра мен Сәлімнің шыжыған аптапта леп кірсін деп әйнектің орнына ақ дәке тұтқан терезесі алдында демін ішінен алып біраз тұрып еді, «Бұл кім-әй?!» деген келіншектің дөрекі даусынан бойындағы жылы сезімі мұздай қатып, бірте-біте қараңғы терезеден алыстай берген.

Сол бос бөтелкемен Адам тәнін жаралаған күннен кейін сенген көңілімен ешкімге тіл қатып сөйлемейтін, шүйіркелеспейтін болды. Шешесі әпкелерін араға салып, біреу-міреуді айттырып үйлендіргісі келіп еді, «Үйлену менің не теңім» деп келте қайырды. Жалғы-ақ серігі – кітап, кітап болғанда да махаббаттың майын тамызып жазған кітаптар болды. «Махаббат қызық, мол жылдарды» оқып еді, біртүрлі қолмен қойғандай жасанды көрінді, «Анна Каренинаны» оқып еді, орысша түсіне алмады, теледидардан киносын көрсеткенде ғана аузынан суы тамып, бағдарлама келсе тек соны іздейтін болды, сосын әлгі Алматыдағы жазушы кластасы келгенде аты-жөні айтуға қиын бір жапон жазушысының «Құмдағы әйел» дегенін майын тамызып отырып суреттеп беріп еді, әйелдің қайсарлығы ұнағанмен біздің ауыл үшін құмдағы әйелдің қылығы ұят секілді көрінді; «Тағы да оқитын не бар?» деп сұрағанда бір латын Америкалық жазушының алпыс еркекті бір күнде қабылдаған қызды құтқарып қалу үшін бір жігіттің соған үйленбекші болғанын баяндаған «Жүз жылдық жалғыздық» деген кітапты сөз еткенде, «Жігіттің бұнысы адамгершілік екен» деп түйді, сол кітапты поштамен салып жіберемін деп еді, әлі жоқ, «Жүз жылдық жалғыздықты» жалғыз жүріп күткеніне айналып жыл он екі ай өтті. Ендігі жалғыз көз құмарын қандырар мекені – қыстақтағы сурет мектебінде ілінген бірі шалқасынан, бірі қырындай жатқан жалаңаш әйел бейнелері – «Ұйқыдағы ару», «Венера», «Өзенге шомылған Диана құдай» деп аталған сурет-картиналар. Олардың да көру билеті бұрынғыдай емес – қымбат. Әркімге жалданып істеген жұмысының ақысына сурет мектебіне аптасына бір бармағанмен айына бір барса, екінші өмірге енгендей күй кешеді. «Енді жиі барып тұру үшін тұрақты жұмысқа шығуым керек. Сосын Аққұмшықтағы жаңа үйленгендердің терезесін аңду – мен үшін екінші өмір. Жұрт көп үйленіп, той көп болса екен, олармен бірге менің көңілімнің де тойы ғой бұл. Сонда көріп, көз құмарымның қанары не? Қыс емес, жаз болса бір сәрі, терезенің бір жері болмаса бір жері ашық қалады, жас жұбайлар да ашық-шашық жата береді, қыс келсе бәрін тұмшалап тастайды. Сірә, көрпенің асты сондай жылы болса керек, тек шам жағылып, ыстық көрпені серпіп тастаған бір сәт болмаса босқа тұрғаның тұрған. Менің басымдағы бақытым – терезенің ашық қалған алақандай жерінде». Дәуренбай алып-ұшып, алқынып, көрер жеріне жетті. Бұрын да күйеуі оқуға кеткеннен кейін көп ұзамай Шекердің терезесін аңдығаны бар; бірақ перде тұтулы, тек арлы-берлі жүрген жалаңаш дененің көлеңке-суреті сап-сары қалың пердеде көлбеңдеп тұрып алды. Қалың пердеге телміріп тұрып-тұрып, көрген көлеңке-бейнесіне көңілін тоғайтып, үйіне қайтқан.

Қазір сағат онның шамасы. Шегіртке шырылдап, қауын арықтың қожасы – құрбақалар құрқылдап, түнгі әуенді құйқылжытып-ақ тұр. «Бұларға дирижердің керегі жоқ, бұлардың дирижері де, орындаушысы да өздері, тыңдаушысы да, көрермені де жалғыз менмін. Қандай оңбағандық, осы Аққұмшықта, осы әлемде мен сияқты терезе аңдыған біреу бар ма екен?! Ұстап алса ұрлық істегелі жүр екен дейді ғой. Ұрлық менің не теңім, маған байлық не керек. Мен ұрғашыдан сұлулық ұрлаймын, менің байлығым басқада екенін осы жұрт біле ме екен?!»

Дәуренбайдың тағаты таусылды. «Оқуға түскелі алғаш келуі, үйленгендеріне үш-ақ ай болды. Шамы жағулы, сірә Аппаз қарап жатпаса керек. Құдайға қараған кәрі әке-шешсі де әлдеқашан намазын оқып, ауызғы үйде дәсбісін санап әуре. Бұлардың жатар орны осы бөлме. Үйлену тойларында шымылдық осында құрылған. Терезеден шам сәулесі көрінгенде Дәуренбайдың іші удай ашыды, дәл бір өзі жар төсегіне асыққандай орнынан қозғалақтап кетті. Жалғыз терезеден шамның көмескі сәулесі себезгілеп көзге ұрады. «Бұлар не істеп жатыр екен қазір?» Суретшілер әйелдің суретін жалаңаш отырғызып қойып салады дегенді естіп еді, сағынып келіп, Шекерді солай отырғызып қойды ма екен? Не істеймін десе де өз еркі ғой, менен сұрайды дейсің бе. Перде жабылмаған. Пердені жабуды да ұмытып кетіпті-ау мыналар, асыққаны соншалық...» Дәл терезе алдында атқұлақ жапырағы салбырап, жуандығына құшақ жетпес қоңыр жиде ағашы төбесінен төніп тұр. «Бұтағына шығып алып қарасам ба екен. Жоқ, әуелі тыңдайын».

Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр. Кірпияз құлағы сөз естиді, жалғыз жанарына көмескі бөлменің ішіндегі көмескі бейнелер бұлдырап көрінеді. Жүрегі дүрсілдей соғады, көңілі ұрлық істеуге келгендей алабұртып кетті. «Бұл да ұрлық, ұрлықтың көкесі, – деп өзін-өзі жазалай жөнелді Дәуренбай, – біреудің сұлулығын соқыр көзіммен ұрлап... Әйелдің сұлулығын тек бір көз ғана көруі тиіс, бұл – көрнекі құрал емес, менікі ең үлкен қылмыс, мен Жер бетіндегі жазасыз қылмыскермін. Жұмыс істеп, ақша жинап, Мәскеудегі Третьяков галереясын барып көрсем... Сонда суреттің өзі тірі адам, тірі әйел секілді дейді. Ақша, ақша, еркекті құл еткен құдірет – ақша, әйелді күң еткен құдірет – ақша; қара күшіңді аямайын десең, дұрыс жұмыс та жоқ мен секілді жоғары білімсіз пақырларға. Дипломы барлардың өздері сең соққан балықтай боп сенделіп жүр. Білімі барлар бір нәрсеге ұйымдасып, ұжымдасса, қара жұмысынан қашпас едім. Бірақ, бірін-бірі келекелеп, әжуалап, ақырында, руға, оның ішінде атаға бөлініп... ең соңында менің денемде жүрген ешкімге кедергісі жоқ соқыр көзімді сөз ғып... Қайран адамдар! Әне!...» Айқайлап жібере жаздады. Жалаңаш Шекер, тек анартартқышы мен лыпасы ғана бар Шекер тоқ санын жалтыратып тоқ басып келіп, қалпақты үстел шамын жерге алып қойды, бірақ Аппаз көрінбеді. Шүберекпен қымталған дөңгеленген бір уыс жұмыр анар, әппақ жұмыр сан мен тоқ балтыр... Жұмыр жердің бар сұлулығы Шекердің денесінде екен-ау өзі. Әне, қара, бөксесі қандай дөп-дөңгелек, төңкерілген шап-шағын астаудай, тоқ балтырының көк тамыры көрініп, сәл-сәл ойдым-ойдым шұңқырына дейін көзге оқылып тұр; тұлабойы тап-таза, артық ет жоқ, судан шыққан сүп-сүйір сазандай-ау, сазандай. Кейбір сөйлемпаз жігіттер: «Әйел дегенің көздің құрты ғой, көз құмарың қанбайды ғой ешқашан», – дейді. Өзіне осыдан өзге сұлулықтың керегі жоқ, бұның өзі қашанғы бұйырар дейсің. Аппаз жатыр-ау шалқасынан түсіп, әйелін жұмсап қойып. Өзі суретші, қалай ғып салам десе де көнеді ғой. Сенде де арман бар ма екен, Аппаз?! Шам өшпеді, менің бақытыма терезе пердесінің жартысын жабуды ұмытып кетті, әйтпесе, ерлі-зайыптылар әуелі терезені қымтаудан бастайды. Еркектері әйелдерін тұңғиық қою түннен де қызғанады».

Шамды төсекке таман қойса керек, қалпақты шамның күржиген желкесі ғана көрінді, бірақ өшпеді. «Сірә, Шекердің ақ жүзін қою түнге қимай көріп жатқысы келген болар?» Іле ыңырсыған жанға жайлы үн естілді. «Сағынып күттім ғой сені» деген сөзді құлағы шалып қалып, Дәуренбай бүгіліп ішін басып, жалғыз көзін жұмды. «Несіне тірі жүрмін, несіне тірі тұрмын Жердің бетінде?!..» Алқымына оң алақанын апарды. Бір мезет тым-тырыс, өлі тыныштық орнады. «Мен ше, мен қашаннан бері күттім осы сәтті. Мені күтетін әйел заты бар ма екен?» Дәуренбай оң қолын алқымынан алып, үнсіз тыныштық жанын жұбатқандай енді бірде жан жарына асығып жеткен Аппазды ақтай бастады.»Шекер сенікі, Аппаз. Сен келмесең Шекер осылай шешінер ме еді, оның жалаңаш тәнін көре алар ма едім. Сен келмесең...» Терезе алдында мойны қылқиып отырып, басын қос тізесінің үстіне салды, ішкі өксігін еркектің қайсарлығы көзден аққан жас қылып жібермей ұстап қалды.

– Біреу қарап тұрған секілді. – Жаны рахаттанып, масаң сезім құшағында қос қолтығын төңкеріп тастаған Шекер күбір етті. Аппаз қызғанышын ішінде іркіп, аспай-саспай терезені аңдыды. Ашық терезе әйнегінен әуелі сулап солға қарай жатқыза таралған қап-қара шаш, сосын... қыржымы жазылып кеткен жазық маңдай, бір мезет... бірі – от шашып шырадай жанған, бірі – сызық боп тартылып, үрей шақырған екі көз қаракөлеңкеде жылтыр әйнекті бойлап, көтеріліп келе жатты. Жалғыз көз  әйнекке жабысып, жарыққа шатынай қарап, қарашығы қозғалмай тұрып қалды.

– Адам, – деді Аппаз.

– Өлә! – Шекердің шар еткен даусы шықты. – Анада, сен кеткен кездері де, киініп жатқанда, біреу осылай қарап тұрғандай болған.

– Тсс-с... Үндеме. – Аппаз сыртқа қарай атылып, дәліздің бұрышында жыландай ирелеңдеп жатқан кендір арқанды қолына ұстай шықты. Құмға тек жалаң аяғының ізін қалдырып, мысықша басып келді де, «Іздегенің мен бе?!» – деп ту сыртынан қапсыра құшақтай алды. Боқтап, балағаттамады да. Бұл да қарсыласпады, қарсыласса қара жұмысқа қарының иі қанған Дәренбайдың қауырсын қалам ұстаған суретші Аппазға әлі жетеді; өзінің кінәсін мойындағандай, «сен не айтсаң сол болады» дегендей дегеніне көніп, айтқанына иіле берді. Аппаз қолын артына қайырып, жуан жиде ағашына көкірегінен матай орап, байлап тастады да, «Таң атқанша қимылдама, жазаңды таң атқасын беремін», – деп, мысық табандап емес, еркектік әрекетіне риза болғандай еркін басып кете берді.

Дәуренбай ләм-мим деп жауап қайтармады, жалынып-жалбарынбады. Аппаз жерге алып қойған қалпақты шамды қайта барып сөндірмеді. «Е-е, жарық жандарына жайлы болған екен де. Жарыққа, жарық дүниеге не жетсін!» Дәуренбай қараңғыда байлаулы тұрса да, жарықтың сөнбеуін өзімнің осы бір сәттік бақытым деп түсінді, мынау маталған кендір арқаннан құтылып шығып, қайта терезеге үңіліп, көз алдынан ғайып болған сұлулықты тағы бір көремін деп үміттенді. Әрлі-берлі бұлқынып еді, қолы түгілі денесін, көкірегін әрең қозғады. Бақа бақылдап, шегіртке шырылдап, дирижерсіз оркестрдің әуені үзіліссіз жалғасқанмен құлағына мағынасыз шуыл әулекі әуендей боп естіле бастады, түнде көкірек сергітіп, жанды рахатқа бөлер құм ауасы да қапырық соққандай тынысын тарылта берді. Ол осыдан он минөт бұрын жер бетіндегі ең бақытты адамның бірі еді, еркін еді. Енді Табиғат-Ана жан сарайын кеңітейін деп қанша әлдилегенмен қолы артында, көкірек тұсында бұдыр-бұдыр кендір арқан, қарсы алдында пердесі тұтылмаған терезе, жағулы шам. Бақыттың бәрі бір адым жерде қалғандай.

Ыңырсыған үн қайта естіле бастады. Аһылап-үһілеп, ыңырсып, ыңыранып жатыр. «Мен естісін деп Шекер даусын қатты шығарып жатыр ма екен... Мен болсам бұғаудамын, байлаулымын. Дүниедегі бір адым жердегі бақытына жете алмай қалған ең сорлы жан – өзіммін. Шамды неге өшірмейді, ең болмаса, даусын неге жайырақ шығармайды. Бұдан да неге осы сәтте өліп кетпеймін, сонда нағыз еркек боп қалар едім. Терезенің быт-шытын шығарып кетсем бе екен. Қолым артымда байлаулы тұрып ойлаған ойымды қарашы. Не де болса, әжем айтып отыратын «Буыршын мұзға тайған күн, бура атанға шөккен күн» осы. Біреудің бақытына көзкуә болып, ұры атанған күнім де осы».

Жараның сыздауы саябырсығандай бәрі де сап тиылды. Дәуренбайдың да көкірегін тепкілеген ойлар бір сәт шөккен түйедей саябыр тапты. Іле әлгіндегі көмек сұрағандай, жо-жоқ, «Кетіңдер, бақытыма ортақтаспай» дегендей әйелдің жанға жайлы даусы қайта естіле бастады. Дәуренбай бұлқынып, арпалысып, қолын шешкісі келді, бірақ қатпар-қатпар қабықты жуан жиде мен кендір арқан бәрінен баз кешіп, бұғауға түскен бір азаматты жібере қояр ма екен? Еркіндік пен тұтқындықтың арасында тұрған Дәуренбай басын бұрып, кәрі жиденің бұжыр-бұжыр әжіміне тісін батырып, қатты қабықты ашырқанып шайнай бастады.

Құлағында көмекке шақырғандай, жо-жоқ, «кедергі келтірмеңдер» дегендей жақыннан талып естілген «жаным»-даған жайлы дауыс.

Кәрі жиденің қабығына жазда жабайы ара ұя салады. Гүлден шырын жинап, денесінен у ғып шығарар жабайы араның жылбысқы желіміне әуелі тілін тигізіп, сосын қызыл тілді аямай ашырқана жалады. «Мен үшін кермек дәмнен басқа не бар тататын, мен тек өмірдің ащы дәмін татуым керек, тәтті дәм жазылмаған менің маңдайыма?!» Біреуді бақытсыз еткісі келмеді, біреудің патша көңіліне қаяу түсіргісі келмеді, бір күн болмаса бір күн адамзаттың жыланша сумаңдаған қызыл тілі айтпай қалады дейсің бе деп, ертеңгі күбір-сыбырдан тартынды, әйтпесе әпкелері бір бастықтың хатшысы боп жүріп, сол тізгін ұстардан аяғы ауырлап қалған үріп ауызға салғандай қазақтың бағы ашылмаған бір қызына – намыс үшін бәріне көнген ұрғашыға қосқысы келді; Дәуренбай бірден бас тартты, «күйеуі соқыр екен» деп бір күні болмаса бір күні айтылар қызыл тілдің зәрінен әлгі маңдайының соры бес елі қазақтың қара қызын қорғаштады, «онан да өз еркің өзіңде, көңіліңнің қалауымен жүре берсейші, маған жолап қайтесің», – деп шорт кесіп, шарт сынды. Қазір де, жаны ышқынып тұрса да сол шешіміне ырза – «бір күн болмаса бір күні айы оңынан туар, «тесік ине жерде қалмас» – теңін табар, менің қасымда бетін басып, көңілін қаяу шалып жүргенше... бірақ, анау опасыздың иманын үйірер заң, құрық салар қоғам тумай ма екен?» деп опынды.

Тілімен жабайы ара салған жылбысқы желімді жалаған сайын ащы дәм алпыс екі тамырында буырқанған құмарлық толқынымен қосылып, бойында асқақтай атқылаған қан ағыны арнасын тапқандай бір суық күйге ауысты. Уды у қайтарады. Дәуренбай бұрылған мойны ауырса да, көкірегі қысылып, қолы талып, қары салдыраса да жабайы бал арасын қызыл тілін жалдап жалай берді, жалай берді. Өзіне осы улы желімнен басқа ешкім көмекке келмейтінін білгендей, қоп-қоңыр жылбысқы желімнің ащы сөлін жұтқыншағы бүлкілдеп жұта берді, шошаңдаған қызыл тіл де араса-арса боп ойылғанына қарамай жылбысқы желімнің үстінде тағат таппай жорғалай берді.

Қасына жақын келгендерге «Рахат күймді бұзбай әрі кетіңдер» дегендей, әйелдің аяр дауысы сәт сайын жақыннан естіле бастады. Айналасына себезгілеп сәуле шашыратқан шам да сөнбеді. Бір адым жердегі арманына, дүниеден алар бар ләззатына жете алмаған байлаулы Дәуренбай көкірегін күйдіріп бара жатқан жабайы бал арасының ащы сөлі мен өмірдің табасына шыдай алмай көзін жұмып, әйелдің үздіккен үніне қосылып, шыңғырып жіберді.

Байлаулы Адамның бар бақыты бір адым жерде еді, бір бұлқынып, бір аттау еді.

Көзін ашып алғанда қою түннен бөлек ештеңе көре алмады. Денесіне жайыла бастаған зәрлі у бір уыс қызыл қан болып аузынан кері атқыды.

Байлаулы Дәуренбайды өкіндіріп, өксітіп әкетіп бара жатқан, бір аттам жерде тұрып артында қалып бара жатқан себезгілеп сәуле шашқан Шекердің терезесі еді.

Көздің арманы – бір көру еді.

510 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы