• Айтарым бар...
  • 04 Мамыр, 2014

Е.Белғозиевті түсінемін...

«Үркердің»  өткен санында әнші, сазгер Ержан Белғозиевпен журналист Гүлім Рысқұлованың сұхбатын оқыған соң қолыма қалам алып отырмын. Әлімсақтан   өлең, ән  ата-бабамыздан бері келе жатқан асыл мұра. Халық әндерінен бастау алған бұл тамаша туындылар күні бүгінге дейін өзінің асыл қырларын жоғалтпай келген өнердің  мөлдір көзі. Сондықтан да болар біз тыңдаушы қауым  сахна төрінен, радио желісінен, көгілдір экран бетінен әнші көрсек, әсем әуен ести қалсақ, елең ете қаламыз.

       Құдайға шүкір, тап қазір әнге де, әншіге де кенде емеспіз, екінің бірі, егіздің сыңары  «жұлдыз», таспаға жазып, компьютермен көркемдеп алған ән-жырларымен жұртты жауыр қылуға жақындады. Ертелі-кеш етектері жасқа толып, сай-сүйегіңді сырқырататын жылауық әуендерге құлағымыз сарсып кеткелі қашан. Дауыстары да, өздері де бірінен- бірі  аумай қалған қазақ балаларының боздап тұрғанын көргенде жаның ауырады екен. Сол кезде баяғы Ғарекеңдер, Жүсекеңдер, Дәнекеңдер, Ерекеңдер  еске түседі. Ағайынды Абдуллиндер, Суат, Мұрат, Жұмат сияқты әншілердің даусымен жылап көрісуге әзір екеніңді сезінесің.

           Ия, Е.Белғозиев айтса айтқандай, қазір аузын ашқандардың бәрі әнші, қолынан келгендердің бәрі копозитор атанып алды  ғой.Бүгінгі күннің талап талғамы сондай болып кетті ме бір құдайым білсін. Дейтұрғанмен ,біз  сияқты аға буын өкілдері талай саңлақтарды көріп өскендіктен   киелі де қасиетті сахна төрінен халқымыздың саф таза, сұлу өнерін көргіміз келетінін қалай жасырайық! Сондықтан да болар кейде  сахна төріне түбіт мұрт, оңды-солын әлі айыра білмеген бала-шаға шыққанда, күдікпен қарап, қарнымыз ашып қалатыны бар. Әрине, көш жүре түзелетінін де жақсы білеміз. Бірақ сол кәкүр-шүкірлердің көпшілік алдына шықпай жатып «жұлдыз» атануы, көкірек керіп, дандайсып кетуі келіспейтін  көрініс.

           Жоғарыда айтып кеттім, сахна киелі орын деп, оның өзіндік сән-салтанаты бар, әдеп-ғұрпы бар жер. Жүріс-тұрысың, ким киісің көпшіліктің  сын тезіне түседі. Жалпақ тілмен айтқанда өнер адамы сахнаға барын  киіп, байлауышын тағып шыққаны абзал. Обалы не керек, бұрын солай болған. Сол салтымыздан соңғы жылдары  айрылып қалдық. Оған себеп те жаңағы айтқан шала жұллдыздардың белең алып кетуі. Көңілге келсе де айтайық, көпшілік жас әншілер көшеде жүрген қалпында сахнаға шыға  салады.Мүмкін керемет мода болар, дегенмен  жыртық джинси шалбар киіп красовкамен  халық алдына шығу дегеніңіз көрерменді силамайтын, мәдениеттен мақұрым жанды көз алдыңа елестетеді. Бөтен елдің жұлдыздарына еліктеудің жолы осы екен деп, алқам-салқам жүрудің не сәні бар?! Оның үстіне көгілдір экран арқылы көрген кезде, үсті басыңдағы жамау-жасқауың, майысқан-қайысқан  жаға –жеңің, тазаланбаған туфлиің көзге ұрып көрініп тұрмай ма! Бұл менің көпті көрген көрермен ретінде кейбір өнерпаз жігіттер жайлы айтқан жеке пікірім.

      Ал енді бір-екі ауыз әнші арулар жайында айта кетсем деймін.Ең алдымен көңіл қуантарлығы әнші, күйші, биші қыз-қарындастарымыз  сахнаға жайнап, құлпырып, бар әшекей-мүшекейлерін тағынып-ақ шығады. Құп делік! Бұл жағынан келгенде әйел заты өзінің нәзіктігін, паңдығын дәлелдей түседі. Менің қарнымды ашыратыны қыз-келіншектердің сән-салтанаты емес, тіпті орындау шеберліктеріне де өкпем жоқ.  Айтпағым сол әнші қыз-келіншектердің тамылжыта салған әндерінің мәтіні (текст) не туралы?  Кім соған көңіл аударады? Байқасаңыздар көпшілік әннің мәтінін де, әуенін де (музыкасын) ер азаматтар жазады. Сондықтан ән сөздері жігіттің атынан айтылады. Мәселен, «сәулем-ай, қалқатай,асылым, қарғам-ау т.б.» Осындай қып-қызыл жігіттің аузынан шығатын сөздері бар әндерді аңыратып аруларымыздың айтып тұрғаны құлаққа ерсі естіледі.

Бұл ұсыныс, пікірлерімнің жүзеге асып кете қоюы неғайбыл, дегенмен, айтып қалғанның айыбы жоқ сияқты. Қашанда қазақ әнінің қадір-қасиетін жоғалтпасақ екен деген ниет ғана менікі.

                                                                                                    Шашубай МАЛДЫБАЕВ,

                                                                                                    Қаскелең қаласы 

453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы