• Мәдениет
  • 30 Қараша, 2011

Мәнерлеп сырғанудан мерейімізді өсірген қос өрен

Қазақ ұлтының атын жат жерде жастайынан танытып, талантымен көпшілікті тамсандырып жүрген Тұрсынбаевтарды бүгінде біреу білсе, енді бірінің бейхабар екені жасырын емес.

Ағалы-қарындасты балғын спортшылар Тимур мен Элизабет білікті мамандардың көзіне түсіп, қазірдің өзінде мәнерлеп сырғанаудың хас шеберіне айналып отыр. Қос қарлығашының спортқа, оның ішінде мәнерлеп сырғанауға бейімі бар екенін ерте байқаған ерлі-зайыпты Байтақ пен Пашахан қазыналы Қазалының тумасы. Бауыр еті балаларының талантын ұштап, тәжірибесін шыңдау мақсатында олар бүгінде көршілес Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеуде тұрып жатыр. Алайда, жер шалғай болғанымен, жүректері қашанда қазағым, елім деп соққан Тұрсынбаевтардың қайда жүрсе де Алаш атын ұрандап жүргендері қуантады бізді.

Мәнерлеп сырғанау – спорттың нағыз эстетикалық түрі. Ол элиталы, сәнді спорт өнері саналады. Онымен айналысушылар мұз айдынға қадам басқандардан әлдеқайда көп. Мәнерлеп сырғанау сонымен бірге өте жақсы сауықтыру қызметін де атқарады. Оның балалар тобына таңдау конкурстық негізде жүргізіледі. Тимур конькиді аяғына төрт жасында байласа, Лиза бес жастан сырғанай бастады. Өйткені ағасының өнеріне жіті назар аударған оны мұз айдыны өзіне қызықтырмай қоймады. Осы шілде айының 25-інде Тимур баламыз он екіні толтырып, мүшел жасқа қадам басса, Элизабет он бір жастағы жеткіншек.

Жас та болса осы уақытқа дейін спорт әлемінде талай жетістіктерге жетіп, біраз шыңдарды бағындыра білген бозбала 2007 жылы Алматы қаласындағы спортқа бейімі бар дарынды балаларға арналған мектеп-интернат тәлімін көрді. «Бұлақ көрсең –  көзін аш» деген қанатты сөзді ту етіп ұстанған Астана қаласындағы туризм және спорт саласының маманы Айталап Құрғанбаевтың еңбегі өлшеусіз. Осы азаматтың жанашырлық танытуымен ол өткен жылы Астана қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған №2 спорт мектебінде белгілі жаттықтырушы Юрий Петрович Гуськов, ал Мәскеуде КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушылар Виктор Николаевич Кудрявцев және Наталья Петровна Дубинскаялардан шеберлігін шыңдай білді.

«Ұстазы жақсының  ұстамы жақсы» демей ме, халқымыз. Соның әсері болса керек, ұлағатты ұстаздардан үлгі алған Тимур Тұрсынбаев отызға тарта жарыстарға қатысып, он шақты жүлделі орындарға ие болған. Атап айтар болсақ, 2007 және 2008 жылдары ҚР кубогының жеңімпазы, 2007 және 2010 жылдары ҚР чемпионы, 2009 және 2011 жылдары еліміздің оқушылар арасындағы спартакиада жеңімпазы, өткен жылғы балалар арасындағы бүкілресейлік «Кубок олимпиец» жарысының жеңімпазы, сондай-ақ бірнеше дүркін мәскеулік турнирлердің, қысқы жастар ойындары-2011, Францияның ашық чемпионаты мен «Rooster Cup-2011» турнирінің жеңімпазы.

Ақ Азиада ойындарына дайындық жөніндегі дирекция балғын чемпиондарға Кувейт еліндегі концертке қатысып, сол жақтан олимпиада алауын алып келуге ұсыныс білдірген болатын. Онда «Сазген сазы» ансамблі жанды дауыспен өнер көрсетіп, ал қазақы киім киген Тимур мен Лиза сахна жанындағы мұз айдынында ұлттық әуенмен өз өнерлерін паш ету жоспарланған болатын. Осы нөмір үшін арнайы сырлы саз жазылған еді. Жобада барлығы әдемі шыққан-ды. Тіпті дайындық та өткен. Алайда желтоқсан айының басында бұл шараның өтпейтіні белгілі болды. Оның есесіне Тимур жеті ұрпақтың өкілі ретінде атақты спортшылар Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Жәнібек Қандыбаевпен бірге «Астана-Арена» стадионына Ақ Азиада алауын алып кіріп, олимпиада чемпиондары қатарында Азия ойындарының алауын жағу мәртебесіне ие болды.

Былтырғы желтоқсан айының орта шенінде Астана қаласының жаңа мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионаты өтті. Ірі халықаралық жарыс талаптарына сай өткізілген біріншілікке олимпиадалық комитетке мүше Ресей мамандары қазылық жасады. Сайыс тестілік сапамен өтіп, өзінің артистік өнері мен кәсіби шеберлігін шынайы паш еткен Тимур мамандар мен көрермендер тарапынан ең жоғары рейтингке ие болды. Осы жарыста ол қарындасы Элизабет екеуі конькиді игерудегі шеберлігін көрсете білді. Балл бойынша жеке рекордтарын жаңалаған ағайындылар өз категорияларында жеңіп қана қоймай, жарыс қорытындысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Қазақстан Республикасының қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық дайындық орталығының аға бапкері, еліміздің бас жаттықтырушысы Құралай Ұзырованың сөзіне құлақ түрер болсақ, «Спортшылар дайындығының жоғары деңгейде екендігін атап өткен болар едім. Бар болғаны он бір жастағы бүлдіршіннің қимылы бейнебір құйын дерсіз. Оның жасаған кейбір элементтерін ересек спортшылардың өздері әрең жасайтындығына шүбә келтірмеймін. Осы қарқынынан танбаса, Лизаның келешекте керемет мәнерлеп сырғанаушы болатындығына сенімдімін», –  дейді бапкер риясыз көңілмен.

Азиада ойындарында құрама бапкерлері Элизабеттің қатысуымен болған көрсетімдік бағдарламаға тоқтам жасауға келіскен еді. Қазақстандық қыз өз кезегінде бапкерлердің ойынан шығып, қойылымын шеберлікпен орындап шықты.

Лиза өте талантты қыз. Оны ата-аналары солай санайды. Бұл пікірді кез келген ресейлік және қазақстандық бапкер жоққа шығармайды. Ресейлік жарыстарда қазақстандық қыздың рейтингі өте жоғары.

Лиза сонымен бірге есту қабілеті керемет, дауысы да жағымды, оның үстіне скрипкада жақсы ойнайды. Ол төртінші жыл музыкалық мектепте оқиды. Онда да топ бастар жерлесіміз концерттердің тұрақты қатысушысы. Лиза аталмыш мектепте ағасы Тимурмен синтезатор сыныбында дайындалады. Өз ансамбльдері бар. Мектептегі салтанаттар мен отбасылық шараларда ағалы-қарындасты таланттар көпшілікті үнемі қуанышқа бөлеуде.

Лиза кәдімгі орта мектепте ағасы Тимурмен алтыншы сыныпта бірге оқиды. Өйткені, ол мектепке бір жыл бұрын барды және төртінші сыныптың бағдарламасын комиссияға тапсырып, аттап кетті. Спортшы қыз биылдың өзінде еліміздің чемпионаты мен оқушылар спартакиадасында, сондай-ақ Мәскеу қаласында жоғары спорт шеберлігі мектебінің біріншілігінде топ жарды.

Биылғы сәуір айының соңында Париждің жанындағы Курбевуа қаласында мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасында өткен «Rooster Cup-2011» халықаралық жарыста отандасымыз Тимур Тұрсынбаев жеңістің биік тұғырынан қол бұлғады. Бұл додаға Еуропа, Азия және Африканың 22 елінен үміткерлер қатысқан болатын. Мәнерлеп сырғанаудан Бүкіләлемдік федерацияның қазылар алқасын тамсандырған Тимур Novіce-A Boys категориясы бойынша бас жүлдені еншіледі. Ал екінші-үшінші орындар өздерінің мәнерлеп сырғанау мектептерімен бұрыннан белгілі Германия мен Францияның өкілдеріне бұйырды. Кубокты басынан асыра көтерген қандасымыз құрметіне «Курбевуа» спорт кешенінің қабырғасында тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің Әнұраны орындалды.

Қыздар арасындағы бәсекеде үміткерлердің ең жасы Лиза Advanced Novіce Cіrles категориясы бойынша төртінші орынға табан тіреді. Ал жүлделер Жапония, Ресей және Францияның 15-16 жастағы тәжірибелі бойжеткендерінің уысында кетті. Жарыс соңында Франция, Жапония, Грузия және басқа елдердің бапкерлері қазақстандық қос таланттың ата-анасын шын көңілден құттықтады. Бұл жасөспірім жерлестеріміздің, олардың бапкерлерінің және анасы Пашаханның еңбегін мойындау еді. Мәскеуден білім алған педагог-психолог Пашахан қос шынарының тәрбиесін көзден таса етпейді. Аяулы ана таңертеңнен кешке дейін олардың жанынан табылып, мектептен мұз айдынына, одан музыкалық мектепке, қайтадан кешкі дайындыққа тасымалдаумен болады.

– Астана қалалық туризм және спорт басқармасының бастығы Айталап Құрғамбаев, осындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ғиният Иманқұлов, мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Айгүл Қуанышевалардың қамқорлығы болмағанда, Франция сапарына жол түспей қалуы ғажап емес еді. Сондықтан оларға аналық алғысымды білдіремін, – дейді бақытты ана жүзі балбұл жанып. Халқымызда «алып анадан туады» деген қанатты сөз бар. Ендеше, Тимур мен Элизабеттей талантты ұл-қызды өмірге әкелген алтын құрсақты анаға біздің де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қаршадайынан спорт пен музыканы серік еткен ағалы-қарындасты Тұрсынбаевтар ана тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алады. Жаратушы ием жас таланттарды тек тіл-көзден сақтағай! Алаш атын жалпақ әлемге танытып жүрген өнерлі өрендерге абыройларың асқақтап, биіктерді бағындыра беріңіздер дегіміз келеді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ

455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы