• Қоғам
  • 14 Сәуір, 2014

Жат ағым жақсылыққа апармайды

Қазіргі таңда әлемде шешімін таппай отырған күрделі мәселелер бар. Солардың бірі дін мәселесі. Жалпы қазақ халқына ислам діні арабтардың жаулап алуы арқылы келді. Ислам дінін халқымыз түбегейлі сол күйінде қабылдап алған жоқ, оны өз дәстүріне сай етіп икемдеп барып қабылдады. Еліміздегі діни-бірлестіктің шешімі бойынша – Әбу-Ханифа масхабы қабылданды. Ал сол масхабты ұстанып жүргендер аз. Тіпті санаулы. Жат ағымдардың бар мақсаты елімізді іштен ірітіп, тәуелсіздігімізден айыру. Білім алуға келген ауыл жастарының көбісі жат ағымның жетегінде кетіп жатыр. Ақша жағынан қиыншылық көретін оларды өзге діннің адамдары басында көмектескен болып ақша беріп, есебін тауып өз діндеріне кіргізіп алады. Бір кіргеннен кейін ол діннен шығу қиын. Шыққан адамдарды олар адам құрлы көрмейді. Тіпті өлтіруден де тайынбайды.

Қалаға оқуға келген студенттердің басым бөлігі намаз оқығанды бедел көреді. Намаз оқысақ бізге ешкім тиісе алмайды деген сияқты жеңіл ойларға беріледі. Әп-сәтте қауғадай сақал қойып, балағын қысқартып, өздерінің тілімен айтқанда «ахи» атанады. Қаншама жас жеткіншек экстремистік топтардың жетегіне еріп, шекара асып, түсініксіз соғыстарда шейіт болып жатыр. Жастардың діни сауаты өте төмен. Бәрі шетінен білгіш, бәрі тақуа өздерінше. Ислам діні жақсылықты, тазалықты, адалдықты, кішіпейілділікті насихаттайтын дін. Көп қыздарымыз   үсті-басын тұмшалап алады. Бұл бізге жат нәрсе. Ертедегі аналарымыз бен әжелеріміз кимешек киген. Әйел адамның басында әрдайым орамалы болу керек. Ол түгелдей бүркену деген сөз емес. Арабтардың әйелдері мен қыздары хиджаб кисе олардағы климат сондай. Ыстық әрі құм бұрқырап тұрады. Бір жағы сол үшін де олар сондай киім киеді. Қазіргі таңда елімізде жастарды ұлтсыздандыру саясаты жүріп жатыр. Тілімізден айырды, енді дініміз бен ділімізден айырмақ. Бүйте берсе еліміз ұзақ жыл аңсап жеткен егемендігінен айрылуы ғажап емес. Қазір түрлі діни ағымдар бар. Қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екендігін ажыратып жатудың өзі қиын нәрсе. Әрине, көбісі жат діндер. Олардың бізге көк тиындық құны жоқ. Діннің кесірінен әлемде көптеген қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Америкадағы жарылыстар, Ауғанстандағы соғыстар, көршілес жатқан Ресейдің метроларындағы сектанттардың өз-өздерін жаруы – бәрі діни-экстремисттік топтардың жасап отырған ісі екендігіне күмән тудырмайды. Мұны халықтың бәрі біледі. Атеисттік заманда да аталарымыз бес уақыт намазын қаза қылмаған. Тәуелсіздік алған бүгінгі таңда діни ахуал өте күрделі әрі шешімін таппас мәселеге айналып отыр. Молдаларымыз білімсіз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз әрине, бірақ бұл шындық. «Аңқау елге арамза молда» дегендей көбісі молда жоқта молда болып қалғандар. Дұрыс уағыз айтып, ислам дінін насихаттаудың орнына көбісі елді адастырып жүр. Бұл қуанарлық жағдай емес. Ел арасында таралған мынадай бір әңгіме бар.

«Бірде бір қойшы алма ағашын егіпті. Оны баптап, ұзақ жыл күткеннен кейін алма ағашы да өз жемісін бере бастапты. Әлгі алма ағашының кереметтігі сол ол күн сайын қожайынына өзінің бір жемісін беріп тұрады екен. Қолын жайса бір алма үзіліп түсетін көрінеді. Бұл жағдай күн сайын қайталанып отырады. Әлгі қожайын күн сайын осылайша бір алмадан алып тұрыпты. Бірде алма ағашы жемісін бермей қойыпты. Қанша рет қолын жайса да жеміс түсер емес. Қожайыны оған ренжіпті. Содан кейін үйіне келіп, үйіндегілерден бүгін қандай күн деп сұрапты. Оған үйіндегілер  оразаның алғашқы күні екендігін айтыпты. Алма ағашының жеміс бермеуінің сыры осында болса керек.»

Міне, осындай керемет әңгіме бар. Жастарымыз осындай тәлімді әңгімелерді оқыса ұтылмайтыны анық. Жастарда оқып-білу жағы әлі де болса кемшін. Біреуден естігенін айтудан әрі аса алмайды. Өздіктерінен ізденбейді. Діни сауаттылықтарын жетілдірмейді. Адам естігеніне емес, өз көзімен көргеніне һәм оқығанына ғана сену керек. Осы жағы біздерде әлсіз. Жұма намазға мешітке бара қалсаң өзіңді жат жердегідей сезінесің. Жап-жас балалар үп-үлкен етіп сақал өсіріп, шаштарын қырып татаған. Көздерінде мейірімнің ұшқына да байқалмайды. Шеттерінен қатыгез. Исламда намаз оқығанда «әмин» деген сөзді ішінен айтады. Ал әлгілер намаз оқығанда «амин» деп сыртқа естіртіп, дауыстап тұрып айтады. «Мешіттен «Амин» деген сөз естілсе, ақырзаманның жақындағаны» депті бір ғұлама. Осы сөз дұрыс сөз. Жаңағы сөз етіп отырған жас балалар жұма намазын толық оқымайды. Жартысынан кейін тұрып кетеді. Жанындағы бауырлары мен мешіт имамын сыйламайды ма екен? Өздерінің балақтары қып-қысқа. Балақтың қысқалығы мен сақалдың үлкендігі иманды көрсетпейді. Намаз оқымай-ақ намаз оқып жүргендерге үлгі боларлық жандар да аз емес ортамызда. Намаз оқымай-ақ тәубәсынан жаңылмай ешкімге қастық қылмай, жанындағыларға қолынан келгенінше жақсылығын танытып жүрген жандар бар. Олардың атын атып, түсін түстеудің қажеті жоқ. Біздің мақсат ол емес. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің мақұлдауымен шығарылған діни кітаптар бар. Діннен хабары жоқ әр адам сол кітаптарды оқыса нұр үстіне нұр болар еді. Өз басым сондай кітаптарды жиі оқып тұрамын. Солардың бірі: Имам Нәуәуидің «Хадистер жинағы» деп аталатын кітабы. Оның ішінде мынадай бір хадис бар:

«Пайғамбарымыз: «Кімде-кім мүмін бауырының осы дүниедегі бір уайым-қайғыдан құтылуына себепкер болса, Алла тағала оны қиямет қайымның қайғы-мұңдарының бірінен құтқарады. Кімде-кім қарызданып қалған адамға түсіністікпен қарап, ісін жеңілдетсе яғни, қарызын кешсе, немесе асықпай күтсе, Алла тағала оның ісін екі дүниеде де жеңілдетеді. Кімде-кім мұсылман бауырының айыбын жасырса, Алла тағала екі дүниеде де оның айыбын жасырады. Сондай-ақ Алланың құлы мұсылман бауырына жәрдем етуін тоқтатпайынша, Алла тағала да құлына жәрдемдесуін тоқтатпайды. Ал кім білім іздеу жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Алланың үйлерінің бірінде бас қосып Құран оқып, оны өзара талқылап түсінуге тырысқан қауым жан тыныштығы мен Раббыларының шексіз мейіріміне бөленеді де, оларды періштелер айнала қоршап алады. Сондай-ақ Алла тағала құзырындағыларға олар жайлы мақтау айтады. Игі істері жеткіліксіз болып, артта қалған пендені тектілігі көш ілгері ете алмас яғни, о дүниеге барғанда сауапты істері жеткіліксіз болған пендеге пәни дүниедегі тектілігі мен атағы, абыройы мен беделі ешбір пайда бермейді», – деп айтты» – делінген. (Муслим, зикр 38).

Бұл хадисті тектен-текке сөз етіп отырған жоқпыз. Дінге жаңадан келіп жатқан я болмаса қарапайым пенденің өзі осындай хадистердің бар екендігін білу керек. Ғаламтордың пайдалы жағы мен зиянды тұстары да бар. Пайдасы – іздеген нәрсеңді оңай тауып ала қоясың. Зиян жері – оның ішінде небір теріс бағыттағы ақпараттар бар. Ғаламтор арқылы да жат дінге түсіп кетіп жатырғандар бар. Бұл ащы да болса шындық. Мектеп жасындағы оқушылар әрнәрсеге еліктегіш келеді. Өзге дінге түсіп кету мектеп жасындағылар арасында қатты байқалады. Алғашында мешітке уағыз тыңдауға барып жүрген балалар көп кешікпей діни ағымға қалай түсіп кеткендіктерін де аңғармай қалады. Себебі не? Өйткені балалардың психологиясы өте әлсіз. Соны жақсы білетін олар жас балаларды өз діндеріне көптеп тартады. Аз уақыт ішінде өзге діннің адамы болып шыққан олар отбасындағыларға қарсылық таныта бастайды. Анасының пісірген асын харам деп, әкесімен бірге тамақтанудан бас тартады. Өздері мен өздері бөлек әлем болып шыға келеді. Құранда ең бірінші ата-анаңның разылығын ал дейді. «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді», – дейді халық даналығы. «Жұмақтың кілті анаңның аяғының астында» деген аталы сөз де бар. Бұл айтылғандардың астарында үлкен мән-мағына жатыр. Татулығы жарасып, күннен-күнге өсіп, өркендеп, дамып келе жатырған елімізді бәрі құртып жібергісі келеді. Сол үшін әрекеттеніп те жатыр. Біз оған жол бермеуіміз керек. Жат ағымның жетегінде кете берсек айдарлымыз – құл, тұлымдымыз – күң болады. Бұл айтып отырғанымыз төменнен көктесек – ақиқат, жоғарыдан түптесек – шындық. Заман не болып бара жатыр өзі?

Жанайдар БОЛАТБЕК

 

 

27 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Кіндік қаным тамған жерге саяхат немесе «Өз үйім – өлең төсегім»
Келесі мақала БІР КЕСЕ СҮТТІҢ АҚЫСЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы