• Мәдениет
  • 31 Наурыз, 2014

Қысқы спорт түрлерінде қазақ неге аз?

Нұрлан ҚҰМАР,

спорт журналисі. Шахматтан спорт шеберлігіне үміткер. Алматыдағы марафоншылар клубының мүшесі. Жеңіл атлетикадан өткен бірнеше жарыстардың жүлдегері. 

Елімізде бұдан үш жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында VII Қысқы Азия ойындары өткені белгілі. Дүбірлі бәсекеде 32 алтын, 21 күміс және 17 қола, яғни, барлығы 70 жүлдені еншілеген қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте алғаш рет бірінші орын алған еді. Қысқы Азия ойындарында Қазақстанның 170-ке жуық спортшысы бақ сынаса, солардың қатарында қандастарымыздың аз болғаны жасырын емес. Мәселен, тау шаңғысы, коньки, шаңғымен тұғырдан секіру секілді спорт түрлерінен бірде-бір қаракөзді кезіктіре алмадық. Бұл жағдай көңілге кірбің түсірді. Ал, шаңғы, биатлон, мәнерлеп сырғанау және ерлердің шайбалы хоккейінен бір-бір қазақ жігіттері ғана бой көрсетті.

Олар – Елдос Ахмадиев (шаңғы), Диас Кенешов (биатлон), Абзал Рақымғалиев (мәнерлеп сырғанау) және Талғат Жайлауов (шайбалы хоккей). Бұл да мақтанатындай жағдай емес. Десек те, спорт түрлерінде қатарымыз едәуір толыға түскен екен. Соған кәдімгідей ішіміз жылып қалды. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысал келтірейік. Фрис­тайлдан Гүлмира Дәлмұхан, Ақмаржан Қалмұрзаева, Жібек ­Арапбаева бақ сынаса, шаңғымен бағдарлауда ­Аслан Тоқбаев, Элмира Молдашева және Меруерт Имашева өз өнерлерін ортаға салды. Шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы бәсекеде Айжан ­Раушанова, Виктория Мұсатаева және Ғалия Нұрғалиева шеберлік байқатты. Шорт-тректен Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев және Абзал Әжіғалиевтер жарыс жолына шықты. Ал бендишілер (допты хоккей) сайысында Ілияс Қайрыкешев, Арыстан Қазыбаев, Ескендір Нұғыманов, Еламан Әліпқалиев, Нұрлан Оразғалиев, Рауан Есәлиев, Асқар Темірғалиев және Самат Аманшин есімді сегіз бірдей сайыпқыранымыз ұлттық құраманың жейдесін киген екен.

    Алайда, халықаралық жарыс­тарда спортшыларымыздың көрсеткен нәтижелері көңіл көншітерлік емес. Жарыс қорытындысында біздің спортшыларымыз орташа есеппен алғанда 25-30-шы орындарды иеленіп жүр. Шындығында, қысқы спортта еліміздің атынан өзге ұлт өкілдері сынға түсіп жатады. «Қысқы спорт түрлеріне қазақ жастары неге аз барады?» деген сұрақтың жауабын әлеуметтік және саяси тұрғыдан іздеген жөн сияқты. Біріншіден, қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушылардың көбісі өзге ұлт өкілдері. Олар мемлекеттік тілді білмегендіктен, ауылдан келген қаракөздерімізді баулуға шынайы ниет танытпайды. Екіншіден, көп кінә нақ өзімізде болып тұр. Жүйелі түрде денешынықтырумен шұғылдануға қандастарымыз көбінесе мән бермейді. Спортпен айналысудың орнына таңертеңнен кешке дейін ғаламторға үңіліп, кино, видео қарап, ән тыңдағанды жөн санайды. Жанын қинап, тер төккілері жоқ. Ал, спорт еріншектерді ұнатпайды. Мәселен, демалыс күндері қала сыртындағы шаңғы базаларында, мұз қалашықтарындағы қарақұрым жұрттың ішінде шаңғы, конькиін арқалап жүрген қазақтар некен-саяқ кезігеді. Қалтасы жұқа қазақ жастарының кейбірі нәпақа табу үшін базарда арба сүйреп, жұмыс іздеп, енді бірі сауда-саттықпен айналысып жүр. Қысқы спортпен айналысайын десе, қалтасы көтермейді. Себебі, коньки, шана, шаңғының бағасы аспандап тұр. Сондай-ақ үйірмелерге қатысуға қалтасы көтермегендіктен енжарлық танытатыны жасырын емес.  Мәселен, Алматыдағы Э.Бауман атындағы баққа, «Mega-ice», Медеу шатқалы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы аймақтарына барып, қысқы спортпен айналысуға жағдайлары жоқ. Үшіншіден, өзімізде қалыптасқан пікір де кедергі келтіріп тұр. Мәселен, көптеген ата-аналар балаларына: «Спорттың күрес немесе жұдырықтасу түрімен айналыс. Сонда ғана сен күшті боласың әрі қорғана аласың. Екі өкпеңді алқынтып босқа жүгірме, жүрегіңе салмақ түсіресің» дейтіндері бар. Сөйтіп, баланың ақ қар, көк мұзда шынығып, шыңдалып өсуіне орынсыз өбектеушілік те бөгет болады. Үлкендердің орынсыз байбаламынан кейін көптеген жастарымыз жеңіл атлетикаға қырын қарайтын болды. Ал жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, онда бұл спортқа бейжай қараған адам қысқы спортты да менсінбейтіндей дәрежеге жетеді. Себебі, қысқы спорт бағдарламасының көбісі белгіленген уақыт бойынша жүгіруге арналған. Қатаң кестені сақтап, жүйелі жаттығуға тура келеді. Төртіншіден, қысқы спорттың дамуына орманды аймақтың жекешелендіріліп, қоршалуы да әсер етуде. Шаңғышылар жүріп өткен жері үшін «ақша төлесін» деген тосқауылдар да баршылық. Бесіншіден, көптеген жастар қазір аурушаң болып келеді. Рухани білімсіздігіміз де көп ықпалын тигізуде. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қыпшақтар балаларын қыста суық суға түсірі,п шыңдағанын білеміз. Кейін бұл әдісті үйренген орыстар бізден әлдеқайда ілгерілеп кетті емес пе?! Міне, осындай көптеген себептермен қазақ жастары қысқы спортта көріне алмай келеді. Ат жарысын ұйымдастырып, көкпар тартқан, қыста саятшылықпен айналысқан көкбөрінің ұрпақтары алдағы уақытта мемлекетіміздің беделін арттыратын қысқы спортқа көптеп келетініне сенгіміз-ақ келеді.

    Қазақ халқы денсаулықты нығайтып, көңiл-күйдi көтеруге арналған дене тәрбиесiнің нышандары ерте заманда-ақ халық кәдесiне жарағандығын көптеген археологиялық деректер дәлелдеп берді. Ежелден өздерiнiң рухани байлықтарын да жетiлдiрiп, толықтырып отырған. Қысқы спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда өмірі қар жаумайтын елдердің спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп жатқанда таңғалатынымыз рас. Ал біздің аймақта ол дамудың орнына кері кетіп бара жатқандай әсер береді. Соңғы Олимпиадада ресейлік легионердің алып берген күмісі абыройымызды сақтап қалды. Қысқы спорт туралы әңгіме қозғалғанда, ең алдымен, балалар спортына қатты көңіл бөлу керектігі ойға оралады.

    Қысқы спортқа қатысты елiмізде 190 шаңғы базасы, 496 хоккей корты, секіруге арналған 3 трамплин және 9 коньки стадионы бар. Жалпы білім беру мекемелерінің 36 пайызында ғана қысқы спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Соның өзінде қазақстандық оқушылардың небәрі 25 пайызы шаңғымен сырғанаса, орта білім беру ұяларындағы мұндай көрсеткіш 22,5 пайызға енді ғана жетті. Елімізде 83 шаңғы базасы, 49 хоккей корты, 7 мұз спорт сарайын салған Қарағанды облысы көш бастап келеді, одан кейінгі орындарда Ақмола (11 шаңғы базасы, 111 хоккей корты, 2 сарай), Солтүстік Қазақстан (16 шаңғы базасы, 1 биатлон, 130 хоккей корты) және Шығыс Қазақстан (26 шаңғы базасы, 1 трамплин, 6 коньки стадионы, 45 хоккей корты, 1 мұз сарайы) өңірлері дараланып тұр. Ағымдағы жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысының жай ғана ауылдары мен мектептерінде 16 хоккей қорабы мен трамплин салынып, пайдалануға берілді. Есесіне Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында аяғыңызға шаңғы немесе коньки байлап баратын бірде-бір арнайы нысан жоқ. Алайда, кейбір қыста қолдарына қар ұстай алмайтын Атырау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында да мұз сарайы мен хоккей корты салынып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Қысқы спорттың ғимараттарына жары­маған аталған бес облыс негізінен қазақы өңірлер екендігі бесенеден белгілі. Өмі­рінде арнайы мұз айдында сырғанап көрмеген жеткіншектерді «Шаңғы тепкенде неге жетістікке жете алмайсың» деп кінәлау орынсыз. Егер солтүстіктегідей мүмкін­діктер қарастырылса, қарсылас­тарынан озып, алға қарай жүйткіп шыға­тын дарынды спортшылар Маң­ғыстау мен Қызылордадан, Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыста­рынан да табылатындығы анық. Оған Азия ойындарында фристайлдан оңтүстікқазақстандық Жібек Арап­баева­ның күміс жүлде алып, қаршадай қыздың талайларды таңғалдырғаны даусыз дәлел емес пе?! Қысқы спортты дамытуға еліміз назар аудара бастады десек те көңіл құлазитын жайлардың адам қолымен жасалатын жайлары әлі де кездеседі. Мәселен, саясаттанушы Дос Көшім Ақмола облысындағы мектептерді аралау кезінде төмендегідей жайтқа куә болғанын баспасөзде айтқан еді. «Мәселен, Макинск ауданында ақ олимпиада кезінде мектептерге 40 шаңғы бөлінген екен. Содан осы ауданға қарасты Елтай ауылындағы 130 бала оқитын орыс мектебіне 40 пар шаңғының бәрін беріпті де, 330 бала оқитын қазақ мектебіне бір пар шаңғы да тимепті. Жағдайды әдейілеп барып, аудандық оқу бөлімінің басшысына кіріп айттым. Бұл мен мысал келтіріп отырған бір ғана жағдай» деген саясаттанушының сөзі қандастарымыздың қай-қайсысын да бейжай қалдырмасы ақиқат. Білім ұяларында қысқы спортпен айналысуға жол ашатын жаңа нысандар тұрғызылуда. Мәселен, қазір мектептердің қарамағында 20 мыңнан астам жаттығатын ғимараттар тізімге алынса, тек соның 567-сінің ғана қысқы спортқа қатысы бар. Бұл жеткіліксіз, сондықтан да алдағы уақытта жергілікті жерлерде сұранысқа сай базалар бой көтеруі мүмкін. Оны жүргізетін әкімдермен қатар жоғары оқу орнының ректорлары да секциялар құрып, қабілетті жастарды іріктеуге кірісуі керек-ақ. Елімізде шаңғы, коньки, шайбалы хоккей, шорт-трек, керлинг секілді спорт түрлерінен балалар спортын жандандыратын кез келді. Алдағы уақытта үміткерлерді «Мектеп-колледж-университет-Қазақстан құрамасы» дейтін жүйе бойынша дайындау керек болады. Қазір елімізде өткізіліп жүрген жарыстар Универсиада талаптарына толық сай келмейді. Бүкіләлемдік бәсекеде қамтылған 8 спорттың мектеп спартакиадасында 4-еуі, республикалық Универсиа­да кезінде 5-еуі ғана өтеді. Сондықтан да жоғары оқу орындарында осы маманды даярлауға қосымша 1000 грант бөлу көзделуде. Бүгінде 8 сыныптың оқушысы бес жыл дайындалып, әлемдік жарысқа қатысуына мүмкіндігі бар. Айта кету керек, Білім министрлігі халықаралық шараға 3 мыңдай волонтёр тартып, оларды Универсиада өтетін Қазан мен Италияның Трентино қалаларына жіберген еді.

    Қолда тұрған нысандарды та­лапқа сәйкестендіру жұмыстары да 2017 жылғы Универсиадаға дайындықтың басты бағыттарының бірі болып саналады. Алматыдағы Медеу мұз-айдыны, «Шымбұлақ» тау шаңғы базасы, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы және Алматы облысындағы Шаңғы биатлон стадионын кәдеге жарату ісі жоспарлануда. Алдағы кезде Алматыда мұз сарайы мен мұз аренасының салынатындығы туралы хабардармыз. Сондықтан Алматыда 2017 жылы өтетін Студенттер арасындағы Бүкіләлемдік Қысқы универсиадаға да дайындықты қазірден бастап қолға алған жөн деп санаймыз.

    Көбіне бокс, күрес, жекпе-жек түрлеріне баратын қазақ жастарының қысқы спорт түрлерінен жүлде алып жатқаны некен-саяқ. Мәселен, жапон, корей халқы өз балаларының бейіміне қарай спорт секцияларына береді екен. Сонымен қатар қай спорт түрі елде ақсап тұрса, сол саланы көтеруге күш салады. Бұл халықтың өз ынтасымен жүзеге асады. Есесіне, спорттың қай саласына болса да ел спортшылары дайын тұрады. Біз де осы үрдісті ел болып жолға қоюымыз қажет. Мемлекет қысқы спорт түрлеріне ел қызы­ғушылығын ояту үшін қолдан келер барлық жағдайды жасап жатыр. Бұрындары қысқы спорт нысандарының жоқтығын айтып, не болмаса, бар кешендердің күрделі жөндеуден өтуін күтетін едік. Бірақ, қазіргі таңда қысқы спорт түрлеріне арналған нысандар сақадай-сай тұр. Сондықтан да әр қазақ отбасы балаларын спорттың қай түріне болса да бейімдеуі қажет. Соның ішінде бірінші кезекте қысқы спорт түрлерін бағындыру мәселесі тұр. Себебі спорт – біріншіден, салауатты өмір салты. Екіншіден, ұлттың рухын, патриоттық сезімін көтеретін, елдігімізді танытатын бәсеке екендігін әрдайым ескере жүргеніміз абзал. Бәсекенің бел ортасында қаракөз қазақ жүрмей кім жүруі керек дейсіз?!

 

 

460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы