• Мәдениет
  • 04 Желтоқсан, 2013

Айгүл БАЖАНОВА – сазгер, әнші: «Адам сияқты әннің де тағдыры бар»

Әңгімеңізді балалық шағыңыздан бастасақ...

Қазір өзімнің ұлымнан өзімді көремін. Ұлым үнемі ой үстінде, қиялмен сурет салады, өзінің ешкім бас сұға алмайтын әлемі бар. Сол сияқты, мен де тұйықтау, қиялшыл бала болып өстім. Жай, тұрмыстық мәселелер қызықтырмайтын, сай-саймен қозы қуалап жүріп өз-өзіммен сөйлесіп, көкжиекке қарап, әлденені армандаушы едім. Үйдін кенжесімін, сондыктан анамның еншілеген қызы болдым, еркелеп өстім. Туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Бабата деген шағын ғана ауыл. Сол топырақта туып-өстім, мектепті сонда бітірдім.

Әнге, өлеңге, әдебиетке әуестігім бала кезімнен басталды. 6-7 жасымда болуы керек, аяқасты бұлақтан су әкелгім келіп қалды. Үйдегілер: «қой, бұлақ алыс, жолда иттер бар, көтере алмайсың» деп жатыр. Алған бетімнен кайтпаймын. «Барам» деп тұрып алдым. Сосын, анам амал жоқ қолыма көтере алады-ау деген бір шәугімді ұстатып жіберді. Бұлаққа келдім, суымды алдым, мықшындап қия сүрлеумен төбеге әрең көтеріп шығардым. Бір кезде аспанға қарасам, бір үлкен қара құс дәл төбемде қалықтап жүр. "Бүркіт" екен деп ойлағам ғой, шәугімді ала сала, ал қашайын үйге карай. Жүгіріп келе жатып, құлап, суымды да төгіп алдым. Сөйтіп, үйге әрең жеттім. Сонда жазғаным бар: "Біздін үйдің кенжесі, кетіп еді бұлаққа. Көп күттірді, келмеді. Қалыпты әне, құлап та" - деп. 7-сынып оқып жүргенде ағаларым туған күніме гитара сатып әкеліп берді. Күндіз-түні саусақтарымда із қалғанша ойнайтынмын. Гитараның үнінің өзі керемет әсерге бөлейтін. Сол алғашқы жылдың өзінде-ак "Анаға хат", "Балауса сезім" деген әндер жарыкка шықты. Шығармашылғым осылай басталды. Әдеби басылымдардағы эссе, романдарды қызыға оқитынмын.

Алғашқы шығармашылық жолыңыз қалай басталды?

Мені әнмен сусындатқан - бес сомдық радио. Мектептен келе сала, радиоға құлақ түретінмін. Ол кезде радиодан берілетін  ән-күйлердің сапасы өте жақсы еді. Есімде Нұрғали Нүсіпжановтың «Маралдым» әні айтылып жатқанда сыртқа шығып бара жатып, «Әнді тоқтатпаңдаршы, мен келгенше деп кетеді екем де, келгенде бітіп қалса, жылайды екенмін, неге тоқтатып қойдыңдар?» деп. Әлі есімде, анам мені тізесіне алып отырып, әндердің шығу тарихын айтып отыратын. Атамның малы болатын, қыста қыстауға, жазда жайлауда бағатын. Онда атқа мініп жүріп, айғайлап ән айтатынмын. 10- сынып оқып жүргенде бір газеттен Қонысбай Әбілев ағамыздың «14 жасар сәбидің мұңы » атты өлеңіне көзім түсті. Өлең сол кездегі Семей полигонынан зардап  шегіп, бойы өспей, 5 жасар баланың бойындай ғана болып  қалған жасөспірім қыздың монологы болатын. Өлеңнің жүрегімді ауыртқаны сонша, сол уақытта – ақ ән шықты. Ауыздан ауызға тарап, ән  бірден «әйгілі» болып кетті. Әннің арқасында 16 жасымда Алматыға келіп, үлкен  сахнаға шықтым.

–«Жалғыз досым» әні қалай шықты?

–Сыныпта Бибісары деген құрбым болды. Екеуіміз бір- бірімізбен күнделік алмасамыз, сырласамыз. Өте жақын болдық. Бір күні бірнәрсеге ренжісіп қалдық. Оның да қиналып жүргенін сеземін. Мен оны іздеймін. Сөйтіп жүргенде Жанна деген екінші құрбым қойындәптеріме қолтаңбасын түсіріп берді. Оқып отырып, «Жалғыз досым» атты өлеңге көзім түсті. Авторы Күләш Ахметова екен. Көңіл -күйіме сай келді ме, өмірге «Жалғыз досым» атты ән келді.Мен студент кезімде бір ақын жігіт иығымнан қағып, «Азаматсын,Айгүл» деген еді. Бағалағаны ғой. Сыйластарым көп. Бірақ нағыз досым аз. 2-3 ғана. Оның біреуі он адамға, яғни, он «еркекке» татиды.Бірақ мені достарымның аз көптігі емес. «Кімге нағыз дос бола алдым?» деген ой мазалайды.

Өмірлік тәжірибедегі өмірлік ұстанымыңыз...

Мен Бауыржан Бабажанұлының өлеңдер жинағына жазылған алғысөзден «Үлкен өзендер үнсіз ағады» деген сөзді оқыған едім. Сол үлкен өзен менің «прототипім» сияқты. Үлкен өзенді адам бойлауға жүрексінеді, тереңінде не жатқанын бетіне қарап білуге болмайды. Тау жақындаған сайын биіктей береді. Менің қаншалықты биігімнің барын білмеймін. Бірақ сол биігімде қалғым келеді. Ал биіктікке шынайылық арқылы ғана жетуге болады деп ойлаймын.

Иман сөзінің қазіргі тіліміздегі қолданысы мен исламның бес парызының бірі ретінде мағынаcында қандай айырмашылық бар?

Оның мәнісі Алланың жалғыз  екеніне, одан басқа алланың жоқтығына сену. Меніңше иман дегеніміз сенім. Шынында да, еш  нәрсеге сенбейтін, сиынбайтын, ізгілікті мойындамайтын  адамнан асқан азғын бола ма? Адамзатқа керегі ішу, жеу ғана емес. Бір нәрсеге сеніп, алға қойған мақсатқа жету. Қазір имандылық жайлы 5 жасар баладан сұрасаң да тақылдап айтып береді. Сауатсыздық шығар, хадистердің өзін әркім өз деңгейінде, өз түсінігінде қабылдап алады. Жалпы,бізге дін жайлы дұрыс түсінік қалыптасуы үшін ата жолымен жүріп, Абайды оқу керек сияқты. Сонда адаспаймыз. Имандылықты қазақылықтан, қаннан  алыстамау, болмысыңды сақтай білу деп түсінемін.

–Қандай жетістікке жетпедім деп ойлайсыз?

–Мен ешқашан «жетпедім» деп күйгелектенген емеспін. Бүгініммен өмір сүрем, жүрегімді тыңдаймын. Біреуге бірдеңені дәлелдегім де келмейді.Өзгелерді мойындауға бармын. Бірақ, өзімді ешқашан мойындамай өтетін шығармын.

Шынайы махаббаттың басты белгісі.

–Махаббат- сезімдердің патшасы. Шынайы махаббат- жүректен. Ол не бар, не жоқ. Оның ортасы жоқ. Ол айтып, ескертіп келмейді, ешкімнің дегеніне көнбейді. Уақытпен, жас ерекешелігімен, жағдаймен санаспайды. Оның ұлылығы да сонда шығар.

Бала тәрбиесіне қаншалыкты көңіл бөлесіз?

–Алла тағалам маған жалғыз ұл сыйлады. Алпыс екі тамырымды иітіп, аналық махаббатымды оятты. Ұлымның өзі аянмен келген. Оны айтпай кетпесе болмас. Алты жыл бала көрмей жүріп қалдым. 4 рет түсік тастадым. Бір күні таңғы төртте  түс көрдім. 12 қанатты киіз үйде отыр екенбіз деймін. Бір кезде ауыл шулап, иттер қыңсылап кетті. «Қасқыр шапты, қасқыр шапты»- деген дауыстар шығады. Сыртқа шығып қарасам, алыстан ағараңдаған бірнәрсе шауып келе жатыр.  Жақындап қалғанда байқасам, биіктігі аттай арлан қасқыр. Тура маған жүгіріп келеді де, мен отырған үйді 4 рет айналып, керегеден ішке сынап болып құйылып, тура  шаңырақтың астына төрттағандап  жата қалады да, маған тесіле қарайды. Оттай жанған көзден оянып кетіппін.Ұйқылы ояу жалма- жан қүйеуімді оятып, «Мен бүгін бала көтердім, Алланың бұйрығымен аппақ ұл туамын, атын Арлан қоямыз» дедім. Айтқандай- ақ бала көтеріп, ұл тудым. Атын Арлан қойдық. Табиғаты нәзік, музыкаға жақын. Суретті қиялмен, өз ойымен салады. Әр адамның тағдыры барына сенемін. Сондықтан күш салып ешнәрсе өзгертуге қарсымын, болмысынан алыстатқым келмейді. Әрине, аналық борышымды ұмытқан емеспін, біз оған бағдаршам ғанамыз, ал қалғанын өмір сүру барысында көріп алар, сүрінер, адасар, қайта жол табар. Онсыз өмір бола ма?

Сабыр түбі – сары алтын. Бірақ қазір адамдардың бойынан сабырлықты көре алмаймыз. Осындай бағалы қасиеттің адам өміріндегі маңызы қандай?

- Сабырлы адам қоғамда әрқашан абыройлы болады. Оны барша жұрт мойындайды, қадір қасиетін түсінеді.Сабырға құранда да айырықша мән берілген. Онда сабырлы  кісілерді  өте  тамаша адамдар деп атаған. Сабырлы адамдар ол дүниеде де, бұл дүниеде де Алла тағаланың айырықша  сүйіспеншілігіне ие болады деп көрсетілген.  О. Бользак айтқандай, « Сабырлық мінездің түп қазығы». Асығыстық, қызбалық әрқашан адамды қателікке итермелейді, өкіндіреді. Қандай жағдайда да сабырлы бола білу керек. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді». Сосын менде мынадай ұстаным бар. «Жамандық та, жақсылық та Алладан қайтсын» деген. Мен біреуге қатты ренжісем де, қатты риза болсам да «Алладан қайтсын» - деймін.

Әдебиетке құштарлығыңыз қаншалықты денгейде...

–Жоғарыда айтқанымдай, әдебиетке деген құштарлығым бала кезімнен қалыптасты. Түбін тауыспасам да, өзіме керектігін оқу арқылы табамын. Әсіресе, поэзияға жақынмын, оның ішінде лирикаға. Жақында Жарас Сәрсектің «Көзсүзгенін» оқып, қаным тасып, ішім алай-дүлей болды.Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар аға Шаханов, Есенин, Лермонтовтың өлеңдері, Абайдың әндері, бертіндегі ақындардан Ерлан Жүніс, Бақытгүл Бабаш, Айжан Табаракқызы, Динара Мәлікова сияқты ақындарды іздеп оқимын.

–Руға, жерге бөлінуге қалай қарайсыз? Қоғамымыздағы траибализм ауруынан қалай құтылуға болады?

«Жеті атасын білмеген-жетесіз» деген бар қазақта. Тегіңді, руыңды білу не үшін керек? Қанның тазалығы үшін, ата- бабаңды білу үшін, шатасып қарындасыңды қатындыққа алып қоймау үшін керек деп ойлаймын.Тамырыңда үш жүздің қаны бар ұрпақ Ұлы болады деп естігенім бар. Қасиетсізден қыз алдырмаған, қанмен келеді,- деп. Міне, тегіңді білу сол үшін керек. Руға бөлініп, айтысу, қырық пышақ болу жетесіздің ісі.

Шығармашылық кешіңізді өткізу жоспарда бар ма?

–Әрине, генерал болуды армандамайтын солдат жоқ қой, сол сияқты бір әдемі кеш өткізу ойымда бар. Бірақ көңілтолмаушылық бар менде. Жоғары деңгейде, музыкалық- поэтикалық кеш өткізсем деп армандаймын. Алайда, қалтам көтермейді. Әсіресе, кешімде ғазиз анам отырса, сөйтіп көңілі марқайып, төбесі көкке жетсе деймін.

-Көрермендерге ұсынар сиясы кетпеген дуниеңіз бар ма? 

    Әдемі даусымның барын білемін. Алайда әнді халыққа жеткізу  жолындағы қиындық көп болған соң, әнге обал қылмай, халыққа жете берсін деп, әндерімді әншілерге беру үстіндемін. Адам сияқты әннің де тағдыры бар. Беруші Алла, мен әкелуші ғанамын. Әнге махаббат сияқты зорлық жүрмейді. Ән- жүректен. Ән шығаруда да жүрекке жүгінемін. Жаңа әндер бар, шүкір. Жақында ғана жас әнші Жомарт Маратпен орындайтын «Ғажабым» атты әнімді  «Саз әлемі» байқауы бойынша көпшілік талқысына ұсындым. Әннің қандай болуы шыққан жүректің қуатына, құнарлығына, тіпті, деңгейіне байланысты. Минералды жерден шыққан су тектес, түрлі музыкамен, әдебиетпен сусындаған, таза, мейірімді жүректен, бай кеудеден құнды ән шығатынына сенемін.

                                                                               Кәусар ЛЕСКЕНҚЫЗЫ,

                                                                              Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

журналистика факультетінің магистранты

                                         

 

                                  Ән тарихы

Адаммен бірге жасасып келе жатқан достық ұғымы туралы жыр төкпеген ақын, әуен жазбаған сазгер кемде-кем шығар. Мәңгілік тақырыпқа арналып жазылған әсем әндердің бірі – «Жалғыз досым». Ән мәтінін қазақтың ақын қыздарының бірі Күләш Ахметова, ал әуенін ақын-сазгер Айгүл Бажанова жазған.

1975 жылы Күләш Ахметова бала кезінен егіз қозыдай бірге өсіп, бірге бой түзеген ең жақын құрбысы Ізімгүлге арнап «Жалғыз досым» өлеңін шығарады. Ізімгүл екеуі мектеп қабырғасында оқып, бір оқу ордасында білімдерін жалғастырады. Кейін ақын Қайырбек Асановқа тұрмысқа шығып, Алматыда қалады. Ал Ізімгүл құрбысы Жамбыл облысына барып, ұстаздық қызметке орналасады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, отбасылық өмірдің қиындығына төтеп беріп, жас баламен отырған Күләш ақын досын сағынып, оны іздеп, өлең жазады.Бұл өлең арқылы ақын бар ішкі толғанысын, айта алмай жүрген сырын жеткізеді.

 

Бірде Айгүл Бажанова қойын дәптерін ақтарып отырып, құрбысы жазып кеткен тілектерге көзі түседі. Парақтың бір шетіне құрбысы Күләш Ахметованың «Жалғыз досым» өлеңін жазып қойған екен. Сазгер бірден өлең жолдарын оқып, ұнатып қалады. Бойын әлдебір сезім билей бастайды. Көп ұзамай «Жалғыз досым» әні дүниеге келеді.

Әнді сазгер, әуелгі баста, өзі шырқап жүрді. Кейін ол ел арасына таралып, біртіндеп таныла бастады. Бұл әнді өз әнқоржынына «МузАРТ» тобы мен Тамара Асар енгізіп, қалың көпшілікке жеткізеді.

«Жалғыз досым»

Сөзін жазған: Күләш Ахметова

Әнін жазған: Айгүл Бажанова

Жалғыз досым, алыстасың менен сен,

Жалғызсырап түсті бүгін өлең-сел.

Жас балаша қуанушы едім мен,

Көздеріңнің шуағына бөленсем.

Қайырмасы:

Қиналдым мен, бірақ сендей кім ұқсын,

Өзің ғана мейірбансың, тұнықсың.

Өмір - ащы, өне бойым,

Өне бойым сыздайды.

Өз жарасын жүрек қалай,

Жүрек қалай ұмытсын.

Ойлаймын мен, ой-мұң кейін шегінсе,

Иығыңа басым қойып егілсем.

Жұбатар ең, бір ақылды сөз тауып,

Тіршілікке талпындырар едің сен.

Қайырмасы:

Қиналдым мен, бірақ сендей кім ұқсын,

Өзің ғана мейірбансың, тұнықсың.

Өмір - ащы, өне бойым,

Өне бойым сыздайды.

Өз жарасын жүрек қалай,

Жүрек қалай ұмытсын.

 

684 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы