• Әдебиет әлемі
  • 27 Қазан, 2011

Сурет

Әйгерім Сарсанова

Күз. Жаңбыр тоқтаусыз жауып тұр. Құдды бір Салтанат жүрегіндегі мұңға табиғат-ана қосыла зарланғандай.

Бұл – орталық аурухананың он бесінші палатасында жатқан, осыдан бірер күн бұрын жедел жәрдеммен жан сақтау бөліміне түскен – Күлпәш. Қатты ауыр халде болғасын жан сақтау бөлімінде екі күн болған. Бүгін жай палатаға ауыстырылды. Оның қасында күндіз-түні кірпік қақпай отырған  қызы – Салтанат. Оның бар байлығы, осы өмірдің гүлі де, нұры да, бақыты да осы – Салтанат. Оның жасы – он жетіде. Өзі – талдырмаш сұлу, нәзік. Салтанат – адамның жан-дүниесін тез ұғатын, түсінігі мол жан. Ешқашан мойымай, қандай қиындық болсын, табандылық танытады. Тек анасы аман болса, оның бар тілегі сол ғана. Күндіз де, түнде де анасының амандығын тілеп, кейде көзіне жас та алады. Ол қазір де анасының қасынан бір елі алыстаған емес. Ал анасы қалың ұйқыда жатыр. Беті, көзі, бәрі ісіп кеткен. Тамырынан әр түрлі дәрілерді үзбей құйып жатыр.

Бүгін түнде түс көрді. Аспанда қалықтап ұшқан құстар, жерде көк майса шөптер, әсем гүлдер иісі аңқиды. Әсем, бой көтеріле өскен ағаштар. Енді қараса, алма бағында жүр екен. Біреуін үзіп жеді. «Ммм... неткен дәмді!» – деді Салтанат. Үстінде – анасы туған күніне алып берген ақ көйлегі. Алыстан анасының даусы шықты: «Сал-та-нат!». Бірте-бірте дауыс алыстай берді. Бір кезде аспан түнеріп, нөсерлеп жаңбыр құйып кетті. Найзағай жарқ-жұрқ етеді. Құдды бір соғыс басталып кеткендей. Салтанат қасқырдан қашқан қояндай, жүгіре жөнелді. Аяғы тасқа шалынып құлап кетті. «Апа! Апа!»- деп жылап жіберді. Сол сәтте өз даусынан өзі шошып оянды. Оянса, көзінен жас парлап ағып жатыр екен. Бұл бес күннен бергі көзінің ілінгені еді.

«Бисмиллә! Бисмиллә! Бисмиллә!» – деп, қайта-қайта қайталап жатыр. Анасына қарап, еңкілдеп жылап жіберді. «Апатайым-ау! Ояншы! Тастамашы мені!». Күлпаш қызының даусынан оянды. Денесін ауыр сезінді. Үстінен ауыр жүк машинасы тапап өткендей.

Есін жиды. Керуетінің жанында жылап отырған қызын көрді. Қолын созып бауырына басты.

– Жылама! Айналайын, қы-зымм... Сен мықтысың ғой! Ботам! Алтыным-ау! – деп қызын аймалап сүйді. Мұны естіген Салтанат:

–  Апа! О не дегенің? Мен неге шыдаймын? Апа! Олай демеші! – деп анасын құшырлана сүйе берді.

– Апа! – деді біраздан соң.

–  Иә, ботам!

– Сен  ертең-ақ  сауығып кетесің! Екеуміз әлі талай өмірдің қызығын бірге өткереміз. – Анасы аз ғана жымиды. Осы сөздің өзі оның жүрегіне үлкен үміт берді.

Бір кезде олар ең бақытты отбасы қатарында болған еді. Ол кезде Сапарғалиевтер отбасы үш адамнан құралған болатын. Күлпәштың жан-жары – Сағындық бар өмірін отбасына арнады. Зәулім үй салды. Салтанат туғанда дүрліктіріп той жасады. Жұрттың: «Мынаның қатыны егіз ер бала туғандай құтырғаны несі?» – деген қаңқу сөзіне мән де бермеді. Ол үшін баланың бәрібір еді. Алла қыз берген екен, неге тойламасқа?

Салтанат бір жасқа толған кезде тұсау кесер тойын жасады. Салтанаттың тілі шыққан кезде тәп-тәтті боп кетті. Әкесі оны қатты жақсы көретін. Бәрінен артық санайтын. Қызын алдына алып отырып: «Қызым, өзіңді жұрттың он ұлына алмастырмаймын!» дейтін.

Өмір, иә, бұл өмір ғой. Өмірде бәрі біз ойлағандай болмайды. Қыстың бір бейуақ күнінде Сағындық жұмыс бабымен жол жүріп кетті. Кетіп бара жатып Салтанатқа: «Қызым, енді сені сағынатын болдым ғой!» – деген. Сонда Күлпәш: «Қойшы, бір аптадан соң қайта оралмаймысың!» – деген. Ол кезде Сағындықтың мәңгі сағыныш болып кететінін қайдан білсін?!

Жер тайғақ. Қыс мезгілі болса да, жерде қар жоқ. Жер-ананы жып-жылтыр мұз қаусырған. Сағындық автокөлікте келе жатады. Кенет ұялы телефоны шырылдап, хатшысы жиналыс межелі уақыттан ерте болатынын хабарлайды. Сағындық сағатына қараса, жиналысқа тура бір-ақ сағат қалыпты. Жер тайғақ болғанына қарамастан, машинасын қатты айдап келеді.

Бір сәт, бір ғана сәттің ішінде сол бір қателіктің кесірінен машина жолдан шығып кетеді. Сағындық сол жерде жан тапсырады. Артында үш жасар қызы мен жан-жары зар жылап қала берді.

Міне, содан бері қазір он төрт жыл өтті. Күлпәш Салтанатқа ана да, әке де бола білді. Оны үлгілі, өнегелі етіп тәрбиеледі. Бірақ шаңырағының бір бұрышы қирап қалғандай, Сағындықтың орны бос болып көрініп тұрды.

Анасы қайтадан ұйықтап қалған кезде, палатаға медбике кіріп, науқастың жағдайын қарап, Салтанатты бас дәрігер шақыртып жатқанын айтты.

Салтанат аурухананың ұзын дәлізінде келе жатты. Оған айналадағының бәрі суық көрінді. Дәрігер бөлмесіне жақындаған сайын жүрегі кеудесіне сыймай, енді, міне, тоқтап қалардай болып сезілді. Есігін қақты.

– Кіріңіз!

– Сәлеметсіз бе!

– Амансың ба, Салтанат!

Дәрігер мырзаның жүзінен анасының жайы мәз еместігін ұқты.

– Анаңыздың халі нашар. Жуырда операция жасау қажет. Оған үлкен қаражат керек. Сізден өзге туысқаны бар ма?

– Жоқ, менен өзге ешкімі жоқ... – Салтанаттың көзі қарауытып, басы айналды. Енді ешнәрсе естімейді. Көз алдынан өткен өмірі, әкесі, анасы лента секілді үзілді-кесілді өтіп жатты. Бұл әлемде өзін жалғыз сезінді. Қыршадай жас қыз, әлі тіпті бала, не істей алады?

Салтанат орнынан тұрып, есікке ұмтылды. Аурухана есігінен шығып, көзі түскен жаққа жүгіре жөнелді. Өзі жылап келеді. Ана өмірі жас баланың қолында. Салтанат өзін қыл иненің үстінде келе жатқандай сезінді. Аяғын шалыс басса, биік құздан құлайтындай.

«Енді қайтем? Қалайша? Жоқ! Алла, мені анамнан айырма!» – деп жылап келеді.

Сөйтіп келе жатыр еді, көзі бір жазуды шалып қалды. Шағын асхана сыртында «Ыдыс жуушы қажет» деген жазу ілініп тұр екен. Кенет Салтанаттың ойына бір ой келді. Ол енді оқуды тастап, жұмыс жасамақ. Мейлі, неге де болса көнеді, тек анасы аман қалса болғаны!

Асханаға кіріп, іштегі адамдарынан сұрастыра келіп, ертен сағат 800 –де келетін болып келісті.

Салтанат мектепті тастап, жұмысқа тұрды. Асханада ыдыс жуушы әрі еден жуушы болды. Екі адамның қызметін атқару қиынға соғатын. Әйтсе де, ол тапқаны да түкке жетпейтін.

Ол бір күні жұмыстан шығып, мектеп жанынан өтіп келе жатып, жылап жүрген бір қызды көрді. Жалма-жан сол қыздың қасына барады. Сөйтсе, ол анасын күтіп-күтіп, келмеген соң жылап тұр екен. Салтанат қыз есімін сұрады. Аты Айна. Ол бірінші сынып оқушысы екен.

– Неге жылап тұрсың, Айна? – деді Салтанат.

–  Апамды күткеніме көп болды, ал ол әлі келген жоқ, – деді Айна жылап тұрып.

– Жылама! Апаң қазір келіп қалар. Анаңды бірге күтейік, мүмкін жұмысы шығып қалған болар, қазір келер, – деп Айнаны ойната бастады.

Бір кезде алыстан асығып келе жатқан бір әйел көрінді. Ол Айнаның анасы болатын. Салтанат оны көріп: «Айна, қарашы, бұл сенің анаң ғой, иә?» – деді.

– Иә, апатай! – деп Айна жүгере жөнелді. Анасының қасына барып өкпесін білдірді:

–  Апа! Неге көпке дейін келмедің?

– Айна, ботам, кешір, дүкенде кейбір шаруаларым шығып қалды, сондықтан кешігіп қалдым.

– Ммм... апа! Қарашы, мына тәтенің аты – Салтанат! Ол екеуміз сені біраздан бері күтіп тұрмыз! – деді.

Салтанат Айнаның анасымен танысып, сөйлесті. Оның есімі Әсем екен. Енді үйіне кетпекші болғанда, Әсем Салтанаттан:

–  Қызымның қасында болғаныңызға көп рахмет! – деді.

–  Оқасы жоқ.

– Сіз өте мейірімді көрінесіз. Салтанат, менің сізге бір ұсынысым бар. Сізден бір нәрсе өтінсем, қалай қарайсыз? Айнаның қасында отыруға адам таба алмай жүр едім. Демалыс күндері Айна үйде жалғыз. Осы күндері Айнаның қасында отыруға қалай қарайсыз? Тиісті жалақыны төлеп тұрамын.

Салтанат азырақ ойланып, қосымша жалақының артық болмасын түсінді.

– Жарайды. Мен келісемін.

Салтанат қоштасар алдында Әсемнің үйінің мекен-жайын  жазып алды.

Осы күннен бері Салтанат дүйсенбі-жұма күндері асханада жұмыс жасайды. Ал сенбі, жексенбі күндері Айнаның жанында отырады. Кей күндері анасына мүлдем жете алмай шаршап ұйықтап қалатын. Қазіргі Салтанаттың баспанасы мынау көне бес қатар үйдің екінші қабатында.

Әкесі салған зәулім үйді әкесінің туысқандары тартып алған. Кейін оны сатып қаражатын өздеріне жұмсаған. Сағындық қайтыс болғалы Күлпәшты адам деп білмейтін болып кетті. Содан Күлпәш  аз-мәз ақша жиып, осы баспананы алған еді.

Жұмыстан қатты шаршап келген Салтанат еш нәрсеге зауқы болмай, төсегіне құлай кетті. Бұрынғы нәзікте аппақ алақаны  қазір тілім-тілім болып, ісіп кеткен. Бірақ Салтанат оны уайымдамайды. Ол тек «анамды аман алып қалуым керек!» –  деген бір ғана үміт үшін өмір сүріп келеді.

Бүгін сенбі. Салтанат бұл күнді анасымен бірге өткізбекші боп бір күнге сұранған. Палатаны жиыстырып, гүл әкеліп қойды. Тәтті тағамдар әкелді. Анасы ауырып зауқы болмаса да, қызының келгеніне қуанып, бір марқайып қалды. Анасы екеуі бұрынғы өткен бақытты күндерді еске алды. Осылайша кешке дейін он бесінші палата шаттыққа, бақытқа толы болды. Салтанат анасы ұйықтап қалған соң, жиналып үйіне қайтты. Көшеде келе жатып, аспанға, сансыз жұлдыздарға қарап армандап кетті. «Шіркін-ай! Осы жұлдыздар маған аспаннан ақша болып жауса ғой, шіркін!                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            Анама операция жасалса, анам сауығып кетсе... Біз бақытты болып өмір сүрсек...».

Кенет Салтанат болашақ жайлы ойлады. Ол, міне, бой жетті. Анасы аман қалса, содан кейін оқуға түссе, ал содан кейін өзін сүйетін, қадірлейтін бір жанға жолықса!

Жүрегім, нені сезесің,

Сенен басқа жан жоқ па?!

Дүниені, көңілім, кезесің,

Тиянақ жоқ па, қой, тоқта! – Салтанат Абайдың осы керемет өлеңін еске алды. Дәл қазір Салтанат осы өлең жолдарындағыдай қиялымен алысқа кеткен болатын. Иә, қиял! Неткен керемет ең! Егер қиялың шыңдыққа жанасса, бұл өмірде бақытсыз адам болмас еді-ау! Осылайша ойланып келе жатып, үйіне қалай жетіп қалғанын да білмей қалды. Пәтеріне кіріп, әдеттегідей орнына жантая кетті. Тек бұл жолы еш көзі ілінбеді. Таңертең ерте тұрып, таңғы асын ішіп, Айнаның үйіне аттанды. Күні бойы Айнаның жанында болды.

Бүгін дүйсенбі. Салтанат асханаға келді. Жалақы алатын күні еді. Осы күнге асыға жеткен. Алайда асханадағы айлығы да, күтушілік жалақысы да анасын емдетуге жетпейтін. Осынша көп қаражатты қайдан таппақ? Күні бойы осыны ойлаумен болды. Кешкісін мына алған ақшасына анасына қажетті дәрілер алып, ауруханаға келе жатты. Бұл орталық емхана Салтанат үшін екінші үйге айналды. Салтанат он бесінші палатаға келіп, есік әйнегінен сығалап қарады. Анасы ұйықтап жатыр екен. Салтанат кіруге беттемеді. Күні бойы мазасын алған сол ой әлі де есінде. Салтанат асханадағы жұмысынан шықпақшы болды. Жалақысы көбірек жұмыс іздеу үшін ол газет сатып алуға ұйғарды. Газет сатып алғаннан кейін үйіне келіп, бірден жұмыс іздей бастайды. Аздан соң ол: «Әйгілі «Гауһар» мейрамханасына жұмысшылар қажет» деген жазуды көреді. Бірден ойланбастан соларға хабарласты.  Олар Салтанатты ертең сұхбаттасуға келуін сұрады.

«Гауһар» мейрамханасында жұмыс жасап жүргеніне бір айдың жүзі болып қалды. Салтанат анасын емдету үшін әлі қанша тер төгу керектігін, әлі қандай күндерді басынан өткерерін білген жоқ. Ол тек үмітін үзбеді. Ертеңгі күнге сенді.

Осындай күндердің бірінде мейрамханаға көптеген қаланың бетке ұстар сыйлы азаматтары келетін болды. Мейрамхана күні бойы дайындық үстінде болды. Даяшылар тыным таппай жүгірумен, ал аспазшылар бар өнерлерін салып, көптеген дәмді тағамдар әзірлеуде болатын.

Кең, жарық, әсем мейрамхана кімді де болса таң қалдырар еді. Оның бүгінгі қонақтар келетін бөлмесінде ақ маржандай дастархандар үстел бетінің көркін келтіріп тұр. Әр түрлі тағамдар бірінен соң бірі үстел басынан өз орнын табуда. Сыңғыр-сыңғыр еткен, ұзын мойын фужерлер де келді. Әр адамның орнына олар да қаз-қатар болып лезде тұра қалды.

Міне, мейрамханаға қонақтар келе бастады. Бірі белгілі суретші, бірі жазушы. Сурет көрмесінде жұмыс жасайтын адамдардан гөрі бір-бір елбасы секілді. Жанына ерткен жұбайлары бір-бірімен кинофильмдегі бай әйелдер секілді, үлкен ілтипатпен амандасып жатыр. Әрқайсысы  бір-бірінің не кигенін, ол киімнің қандай фирмадан шыққанын көздерімен қарап-ақ танып жатыр. Бірінің жүзінде қызғаныш, бірінде мақтаныш. Бұның барлығын бақылап, сырттарынан қарап тұрған даяшылар өз-өздері мәз болып күледі. Олардың істеген істерін жасап, солар секілді жүріп, тіпті бірі үстіне жаман орамалды жауып, манағы қара құндыз тон киген әйелді мазақ қылып тұр.

Е,е,ей өмір-ай! Қызықсын ғой! Бұл адамдарды қарашы, бірі бай, ауқатты, ажарлы, бақытты, ал бірінде ақыл да, ажар да, көрік те бар, бірақ бақыт жоқ. Бір сәт Салтанат: «осы әйелдер секілді неге болмадым?» – деп ойлады.

Қонақтар өз орындарына жайғасқан. Даяшылар алма-кезек барып, сусын, шырындарын құйып беріп жүр. Салтанат бұрышта отыр еді. Кенет ойына бір керемет нәрсе келді. Қолындағы ақ қағазға осы отырған адамдардың суретін сала бастады. Айнытпай салды. Енді екінші қағазға анасының он бесінші палатадағы бейнесін, сол керуетте жатқан ауыр күндер азабын қыл қаламы арқылы сурет бетіне шебер түсіре білді. Сөйтті де  сурет астына «менің бір ғана үмітім, апа, өзінді аман алып қалу» деп  жазып қойды. Осы кезде Салтанатты отырған қонақтар шақырды. Даяшылық қызметін атқарып жүріп, ол сурет жайлы мүлде ұмытып кеткен. Кеш болды, мейрамханадан бірте-бірте қонақтар кете бастады. Суретшілер арасында киім киісі де, жүрген жүрісі де өзгеше, өзі сымбатты бір жас жігіт бар еді. Ол манадан бері Салтанатты бақылап отырған. Сурет салып отырғанын да, сурет сала отырып мұңға батқанын да көрген. Енді қазір сол Салтанатты таба алмай тұр. Манағы отырған жеріне барды. Салтанаттың суретін тауып алып, ұзақ қарап тұрып қалды. Бірінші сурет Салтанатты талантты суретші етіп көрсетсе, екінші сурет оны әрі суретші, әрі жазушы, әрі ақын да еткендей. Ақын ол суретке ақын көзімен қараса сурет бейнесінен астарлы өлең жолдарын табар. Жазушы мұңды шығарма табар.

–Бұл менікі еді, – деді кенет біреу (ол Салтанат еді).

– Керемет екен суретіңіз! Расымен, нағыз өнер!

– Рахмет, – деді Салтанат аз ғана жымиып.

– Менің есімім Нұрлан.

– Салтанат.

– Өте қуаныштымын.

– Бір нәрсе сұрасам бола ма?

–  Иә, әрине.

– Бұл суреттегі анаңыз ба?

– Иә, – (деді ауыр күрсініп) анам.

– Егер қарсы болмасаңыз, бір жерге барып, асықпай сөйлессек қалай қарайсыз? – деді жігіт.

– Жарайды, мен қазір тез киімімді ауыстырып келемін.

Салтанаттың қою қара шашы, мөлдір көздері, оның домбыраның әуеніндей әсем даусы жігітті баурап алды.

Салтанат киініп шығып, Нұрланның артынын ерді. Екеуі үлкен қаланың ұзын көшесінде жаяу келеді. Жүрегі мұңға толы. Көптен бері сырын айтатын жан таппай жүрген Салтанат жігітке өз басының оқиғасын толық баяндап берді. Әдетте, ол сырын кім көрінгенге айтпайтын, Нұрланға қалай айтып қойғанын да байқамады. Оған еш өкінбеді де. Себебі, Нұрланның жүзінен өзіне деген қамқорлық лебін сезінді.

– Салтанат! Сен (араласа келе екеуі сен деп сөйлесуге ұйғарды) өте керемет жан екенсің. Менің саған көмектескім келеді. Өтінем, көмегімді қабыл алшы!

– Қалайша? (күлді)

– Жуырда біздің көрмеде сурет байқауы өтеді. Жүлделі орынға ақшалай сыйлық беріледі. Қатысып көресің бе?

– Қатысып деймісің, тіпті білмедім, қатысайын.

– Керемет! Ендеше, міне, бұл менің ұялы телефонымның нөмірі. Байқау екі күннен кейін. Ертең мына мекен-жайға кел. Қатысушылар тізіміне тіркел. Бар өнеріңді салып, анаңның суретін әлі де әрлеп, салып бер.

– Жарайды, міне менің үйім. Біз келіп те қалдық .

– Рас-ау. Қалайша тез келіп қалғанбыз! Жақсы, сау бол. Ертең келуді ұмытпа.

– Нұрлан! Рахмет саған! Көп-көп рахмет! Келемін. Сау бол!

Ертеңіне Салтанат кеңсеге барып, тіркелді. Енді сурет салуға кірісіп кетті. Есіктің қоңырауы соғылды.

– Бұл кім?

– «Грент» дүкенінен. Тапсырысыңызды қабыл алыңыз.

– Сәлеметсіз бе! Бірақ мен...

– Нұрлан Арманұлының тапсырысы бойынша. Мына жерге қол қоя салыңыз.

– Ааа... қазір, рахмет!

Әсем шоқ гүлдер және сурет салуға барлық заттарды жіберіпті. Тушь, гуашь, бояу қыл қаламдар, қарындаштар, тағысын тағы...

Гүлдің жанында қағазға: «Сұлу қыз Салтанатқа» деп жазылған. Салтанат қуанып кетті. Көптен бергі көңілсіздік торынан жаңа босап шыққандай еді. Анасы ауырғалы қайғы-мұңға батқан оның жүрегі бүгін ерекше селт етті.

Нұрлан Салтанатқа Алланың берген сыйы, аты айтып тұрғандай нұры еді.

Дәл осы кеште Салтанат өз суретін бітірді. Мүмкін ол бір сыйқыр шығар, не де болса бұл сурет керемет болып шығады.

Өмір тек қайғы мен зардан құралмаған. Өмірде бақыт, қуаныш, шаттық атты адамның достары бар. Олар өз уақытында әрбір жанұяда болады. Өзіндік орнын табады. Тек қана сабырмен күту керек.

Міне, Салтанаттың көптен күткен арман-тілегі бүгін Алланың құлағына шалынды. Ол ұзақ уақыт бойы тыным таппай еңбек етті. Еш аянбады, анасын бәрінен қымбат санап, қалайда анасын аман алып қалудың жолын іздеді, тапты да!

Салтанатқа Алла көрікті де, жүректі де, ақылды да, бәрін қоса дарытқан, ал онымен қоса теңдесіз өнерді де берген. Сол өнер ана жанын аман  алып қалды.

Күлпәш әбден сауығып ауруханадан шықты. Барлық ауыр күндерді, азапты, бәрін-бәрін сол аурухана босағасына тастап, жаңа өмірге қадам  басты.

Арада он жыл өтті. Қазіргі таңда Салтанат үш баланың анасы, Нұрланның жан жары. Екеуі сурет көрмесінде қызмет етеді. Күлпәш басында ақ шашы көбейген, бетіне өткен өмір ізі іспеттес әжімдер түскен әже болды. Анда-санда сурет салады.

404 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы